Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Әне, көрдің бе? 2617 12 пікір 23 Ақпан, 2023 сағат 14:07

Демократия мен диктатураның айтысы

Орыс әскерінің Украина жеріне басып кіргеніне жыл толуына санаулы күн қалғанда әлемдік геосаяси жағдайға тікелей ықпал ететін екі жүйенің: демократия мен диктатураның тартысы шарықтау шегіне жетті.

Сейсенбі күні демократия сақшысы Америка президенті Байден Польша астанасы Варшаваның дүниежүзілік екінші соғыс кезінде қирап, артынан қайта қалпына келтірілген патша қорғаны гүлзарында, қар аралас жаңбыр астында, ал Путин Кремльдің салтанатты сарайында әдеттегідей алқалы топтан арқан бойы алыс жерде баяндама жасады.

Кремль қожайыны Украина мәселесіне азғындаған Батысты айыптап, АҚШ пен оның одақтастары «соғысты өршітіп, жаһандық қақтығысқа айналдырғысы келеді» десе, Ақ үй басшысы «Путиннің Еуропаны жаһандық екінші соғыстан кейін болмаған қантөгіске ұшыратқанын, соғысқа оның билік пен жерге болған ашкөздігі себеп болғанын» айтты

Кремль қожайыны «Америка Украина нацистерымен бірігіп, биологиялық зертхана ашып, орыс халқын қырмақшы» десе, Ақ үй басшысы орыс халқына достық пейілде екенін, қастандық ойламайтынын жеткізді.

Кремль қожайыны: «Біз Украина халқына жау емеспіз» десе, Ақ үй басшысы орыс әскерінің Украинада қанқасап жасағанын нақты фактімен келтірді. Әлеуметтік нысандарды, мектеп, балабақша, ауруханаларды бомбылағанын, балаларды барымталағанын, бір ғана Мариупольде 20 мың бейбіт тұрғын опат болғанын тізбелеп берді. Онымен қоймай бірнеше ай Украинаның астық экспортының жолын кесіп, әлем халқын аштан қырмақшы болды» деді. Украинаға болысуын «Тәуелсіздік пен демократияны қорғау» деп түсіндірді. «Украина – мәңгі Ресейдің жеңіс олжасы болмайды» деп нық сеніммен айтты. Сөз соңында бір жарым миллион украин босқындарын паналатқан Польша билігімен халқына шын жүректен алғыс білдірді.

Путиннің аталмыш «арнаулы соғыс операциясы» мен моблизациясынан кейін, жанын күйіттеген миллиондаған орыстардың Қазақстанға ағылып келгені белгілі. Кремль қожайыны ол туралы тіс жарған да, қазақ елін аузына алғанда жоқ. Президент Байденнің Киевке жасаған суыт сапарында шіркеуге барып, соғыста мерт болған бейуаз жандармен қаһармандардың рухына дұға бағыштағаны мәлім. «Өлі разы болмай, тірі байымайтынын» Путинге ескертуге тиіс орыс патрихатының жолдауға ұйығаны сонша, қол шапалақтаумен болды.

Кремль қожайыны елдің күйі енді есіне түскендей «азғындаған, сенімсіз Батысқа» жасырған байлықтарынан айырылған оллигархтарды ақшасын ел әкеліп русьтің игілігіне жұмсауға үндеді. Ресейдің білім жүйесін, технологиялық әлеуетін реформалауға ат салысуға шақырды. Еуропа қақпасының жабылғанын, Қытай мен Қазақстан шекарасынан басқа шығар жолы қалмағанын мойындады. «Қырып-жойғыш қаруларды азайту келісімінен» күні бұрын шығатынын айтқаннан басқа, Украинаға берілетін жаңа әскери көмектің тізімін ұсынған Байден сияқты алдағы күнге арналған ешқандай әскери-стратегиялық жоспар көрсете алмады.

Польшадан Украинаға ел қатарлы пойызға отырып келген Байден азанда Киевтің темір жол вокзалынан шығып, үрей құшағындағы Украина астанасында орыстың әуе шабуылын елемей, құдасының үйіне келгендей еркін жүрсе, Путиннің күйі белгілі. Оны қойып, оның генаралдарының қиян кескі соғыс жүріп жатқан ұрыс майданына барғаны туралы ақпарат кемде-кем. Путин соңғы кезде ұшақпен жүруден де қорқып, брондалған пойызбен сапарлайтын болған. Демократ басшы мен диктатор басшының қайсысының сөзінің шындыққа, халыққа жақын екені айтпаса да түсінікті.

Abai.kz

12 пікір