Қазақстан авиациясы «қара тізімнен» қашан шығады?
Көлік һәм тасымал - экономиканың күретамыры. Осы саладағы сапалы әрі тынымсыз қозғалыс - елдің әлеуетін арттыруға бірден-бір септік. Ендеше, Батыс пен Шығыс арасында орнығып, екі әлемді бір-бірімен жалғастырып отырған Ұлы даланың келешек транзиттік әлеуеті де зор болмақ. Алайда дәл қазіргі көлік инфрақұрылымы тағдырдың өзі алға тартып отырған транзиттік дамуға жауап бере ала ма? Кеше Мәжілісте көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев депутаттар алдында есеп беріп, сала дамуының жай-жапсарын баяндаған болатын.
Көлік һәм тасымал - экономиканың күретамыры. Осы саладағы сапалы әрі тынымсыз қозғалыс - елдің әлеуетін арттыруға бірден-бір септік. Ендеше, Батыс пен Шығыс арасында орнығып, екі әлемді бір-бірімен жалғастырып отырған Ұлы даланың келешек транзиттік әлеуеті де зор болмақ. Алайда дәл қазіргі көлік инфрақұрылымы тағдырдың өзі алға тартып отырған транзиттік дамуға жауап бере ала ма? Кеше Мәжілісте көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев депутаттар алдында есеп беріп, сала дамуының жай-жапсарын баяндаған болатын.
Тоқтала кететін жайт, осыдан біраз бұрын депутат Серікбай Нұрғисаев елдегі жолдың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан жол сапасы жағынан 144 елдің ішінде 117-орында тұрғанын айтып дабыл қаққан-ды. Бақсақ, жол саласында бәсекелестікке еш төтеп бере алмасымыз анық екен. Жолы жол болудан қалып, жолсызын қайраң басқан шалғайдағы шенділердің күні түсе бермейтін ауылды қойыңыз, республикалық маңызды делінетін жолдардың өзі кейде сын көтермейтіні айқын. Сонда қалай, әлемдегі озық 30 елдің қатарына кірудің қамында жүрген Қазақстан үшін жол сапасы ең төменгі сатыға сырғып отыр ма? Дегенмен олай айтуға да келмейді. Өйткені қазір басқасын айтпағанда, халықаралық дәліз саналатын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мегажобасының қарқыны қызу. Ал жалпылама автожолдар туралы айтсақ, жол жөндеу қарқыны да кеміген емес. Дегенмен сапасыз жолдарды жасап тауысу да мүмкін болмай отыр. «Былтыр 5,5 мың шақырым жол жөнделді. Тұтастай алғанда, барлық жол 4 пайызға жақсарып, нәтижесінде транзиттік тасымал 20 пайызға артты. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізі бойынша биылғы жылы 806 шақырым жол салынады. Сөйтіп, бұған 40 мыңға тарта адам жұмылады», - дейді көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев. Дегенмен өңір-өңірдегі жол сапасы күннен-күнге құрдымға кетіп барады. Ауылдағы ағайынның айтары да - сол. Астанадағы депутаттар да аймақтағы ахуалға алаңдаулы. Дегенмен жолдар мен жолсыздарға қатысты министр Жұмағалиевтің жауабы әзір: «Қаражат қолбайлау. Қазір елімізде бетін асфальт көрмеген жолдардың өзі 10 мың шақырымды құрайды. Соны түгел жасап тастау үшін қыруар қаражат керек, оны бюджет көтермейді. Сондықтан біз біртіндеп жол жасауды қолға алмақпыз, сосын кешенді бағдарлама қабылдауға тырысамыз», - деп ақталды министр.
Әйтсе де көлік пен коммуникация саласын басқарып отырған білікті басшының мұнысымен қалаулылар келісе бермейді. «Жергілікті жол желілерінің болмауы әлеуметтік тұрғыдан келеңсіз әсер етіп, жұмыссыздыққа себеп болып отыр, ал жергілікті тұрғындар өздерін өркениеттен қол үзіп қалғандай сезінеді», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов. «Сонымен қатар саланың басты проблемасы - жол төсемдерінің көтеру мүмкіндігі. Бұған объективті себептер де бар. Елдегі жолдардың 86%-ы өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған. Ол кезеңнің нормативтік талаптары да басқа. Өйткені өткен ғасырда жолдардағы рұқсат берілетін жүктеме 6 тоннадан аспайтын», - дейді С.Әйімбетов.
Сапаға сай келмейтін авиакомпаниялар жұмысы тоқтайды
Баяндама барысында министр Асқар Жұмағалиев ерекше тоқталған сала азаматтық авиация мен ұшу қауіпсіздігіне қатысты болды. Мәліметтерге сүйенсек, 2008-2013 жылдар аралығында 21 авиациялық оқиға орын алған. Оның 15-і ұшу техникасын бұзу, яғни адам факторының салдарынан орын алып отыр. «Осыған орай, ұшуларда адам факторынан болатын жағдайларды төмендету мақсатында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік жұмысын қадағалау үшін былтыр Үкімет басшысының өкімімен ИКАО аудитінің ескертпелерін жою жөнінде ведомствоаралық жоспар бекітілген. Сонымен бірге ИКАО-ның (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы-авт.) Техникалық ынтымақтастық бюросымен техникалық және кеңес беру туралы келісім жасалды», - дейді Асқар Жұмағалиев. Айтпақшы, өткен жолы министр Мәжіліске көлік саласына өзгерістер енгізетін заң жобасын тапсырып кеткен болатын. Айтуынша, әлгі өзгерістердің бір парасы да дәл осы авиациядағы ұшу қауіпсіздігіне, ондағы талаптардың ИКАО халықаралық стандарттарына сай болуын қарастырады. «Ең бастысы, биыл еліміздегі авиакомпаниялар мен әуе кемелері ИКАО стандарттарына сәйкес, аталған ұйым өкілдерінің қатысуымен қайта сертификатталады. Сертификаттар бойынша жолаушы тасымалымен тұрақты айналысатын авиакомпаниялар міндетті түрде IOSA-ның аудитінен өтеді. Ал ИКАО-ның болжауы бойынша қайта сертификаттау нәтижесінде кейбір авиакомпаниялар өз жұмысын тоқтатуы ықтимал. Бұл ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қазақстан авиациясының «қара тізімнен» шығуына зор ықпалын тигізетін болады», - дейді Асқар Жұмағалиев. Дегенмен депутаттар «қара тізімнен» шығу үшін бір ИКАО-ға күні қарап қалмауын ескертеді. Бұл мақсатта қалаулылар ең әуелі әуе кемелерінің техникалық жай-күйін бақылауды күшейтуді талап етеді. «Әуе тасымалы қауіпсіз болуға тиіс. Бұл авиакомпаниялардың және әуе кемелері меншік иелерінің кез келген экономикалық негіздемелерінен басым болуы шарт», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов.
Тоқтала кететін жайт, қазір мемлекеттік тізілімде 497 азаматтық әуе кемесі тіркелген көрінеді. Ал сарапшыларға сенсек, әуе кемелері паркінің тозығы 80%-дан асқан. Олардың басым бөлігінің пайдалану мерзімі 20 жылдан асады. Кемелердің қызмет етуінің белгіленген мерзімі 30 жылдан аспауға тиіс екенін ескерсек, отандық азаматтық авиацияның үлкен кемшілігінің бірі сол - тозу. Ал қалаулылар «қара тізімге» қатысты проблемаларды бұнымен шектемейді. Ал жалпылама алғанда, авиабилеттердің қымбат болуы, бәсекеге қабілеттіліктің дамымауы, қанағаттанарлықсыз сервис, рейстердің жүйелі кешігуі және отандық авиакомпаниялардың «қара тізімге» ілінуі - осы саланың өзектісі.
Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстан әлі де болса транзиттік әлеуетті аз көлемде, негізінен аймақ елдері арасындағы (аймақтық транзит) сауда-экономикалық байланыстарды қамтамасыз ету кезінде ғана пайдаланып келеді. Көлік-коммуникациялық кешеннің дамуы Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір болып табылатын елдің геостратегиялық тұрғыдан орналасу артықшылығының толық көлемде пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Мысалы, сараптама ұйымдарының деректері бойынша тек қана Еуропа одағы мен Қытай арасындағы сауда көлемі 2009 жылы 296,3 млрд евроға жетті. Бұл миллиондаған тонна жүк тасымалданып жатқанын білдіреді. Егер қолайлы жағдай жасалса, олардың бір бөлігін Қазақстан арқылы өтетін құрлық және теңіз жолдарымен тасымалдауға болар еді.
Тақырыпқа тұздық:
Мамандардың пайымынша, бүгінгі таңда Қазақстанда қозғалыс жылдамдығының азаюы, жолаушылардың жолда болу және тауарларды жеткізу уақытының ұлғаюы, көліктік пайдалану шығыстарының артуы және ең сорақысы, жол апатының көбеюі орын алуда. Мәселен, 2011 жылмен салыстырғанда 2012 жылы жол-көлік оқиғаларының саны 18%-ға өсіп, 14 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 3 мыңнан астам адам қайтыс болды. Ал соңғы бес жылда еліміздегі көлік саны көбейіп, 4 млн бірлікке жетті. Олардың 80%-ынан астамының пайдаланылу мерзімі жеті жылдан асқан. Бұл ретте жолаушыларды автокөлікпен тасымалдау үлесі 99,1%-ды құрайды.
Қанат ҚАЗЫ, Астана
"Алаш айнасы" газеті