Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3142 0 пікір 8 Сәуір, 2013 сағат 05:16

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

4

Бүгін Қапалбай Керімбекке аз бұйымтай шаруамен келген. Матайлар әзір өздеріне берілген Екіашада: ер-әйел, бала-шаға, кемпір-шалы демей, тұяқ серпер адамы қауырт іске кірісіп, алдағы қысқа қыстамақ қора-жай салуға жұмылып жатқан. Соған адам күші, көлік майын сұрайды. Өздері осыдан он бес-жиырма күн бұрын Керімбектер Гүлназым әуресімен кеткенде көшіп келіп орныққан-ды. Шеру үлкендері бұдан екі күн ілгері бас қосып барып «коныс құтты болсын» айтып қайтқан. Сонда бұлар:

- Адам күші, көлік күшінен қанша көмек керек болады? Ойластырып айтарсыздар деп кеткен. Енді осы қоныста олардың еруліктерін де беріп, таныстық, білістікті бастамақ болатын.

4

Бүгін Қапалбай Керімбекке аз бұйымтай шаруамен келген. Матайлар әзір өздеріне берілген Екіашада: ер-әйел, бала-шаға, кемпір-шалы демей, тұяқ серпер адамы қауырт іске кірісіп, алдағы қысқа қыстамақ қора-жай салуға жұмылып жатқан. Соған адам күші, көлік майын сұрайды. Өздері осыдан он бес-жиырма күн бұрын Керімбектер Гүлназым әуресімен кеткенде көшіп келіп орныққан-ды. Шеру үлкендері бұдан екі күн ілгері бас қосып барып «коныс құтты болсын» айтып қайтқан. Сонда бұлар:

- Адам күші, көлік күшінен қанша көмек керек болады? Ойластырып айтарсыздар деп кеткен. Енді осы қоныста олардың еруліктерін де беріп, таныстық, білістікті бастамақ болатын.

Керімбек оларға деген жәрдемін ішінен ойлап отырған екен. Тегінде, Керімбектің елге атағы болғанымен, малды кісі емес-ті. Сондықтан ат майы, көлік күші дегендер туралы өзгелермен ертерек ақылдасып қойыпты. Ал адам жөні болса өзінің малға-жанға иелік ететін баласы - Қанапияны бас етіп, ішіне Көбекті қосып, әзірше жиырма-отыз жігіттің басын құрып берді. Көлік жағынан ағаш таситын басбілгі, даңғыл өгізден дәл отыз өгізді іріктеткен. Қызай-Шеру жері таулы болғандықтан көші-қонға түйені көп ұстамайтын ел. Тау-тасқа тырмысып, өгіз мықты келеді. Он жылдан бері ешқайда орныға алмай «қашқын» атанып келген Матайдың бұл Қаптағай руы өзі қырық-отыз үйдей ғана еді. Сондықтан бұларға Тайлақбай мен Керімбек Шерудің әл-ауқатты деген ауылдарына хабар беріп, биылша үй басына ат майын да тауып беруді ақылдасып, оны да ерте шешіп қойған. Сол бұрынғы келісілген лебізбен қазір жан-жаққа кісі жөнелтілді.

Қазір күн еңкейіп қалған мезгіл. Бұл күнгі кешкі қонақасы Керімбек үйінде болмайды. Кеш қоналқыға қарай тағы талай кісі келмек. Соның бәрі Ахмадидікіне түспек. Керімбек аулында «үлкен үй», «қара шаңырақ» аталатын сол үй. Айтбай, Әнекежаннан қалған босағаны бәйбішенің кенжесі - Ахмади басып отыр. Бүгін сол үлкен босағада айтылған «көк-қасқа» бар. Ел-жұрт әлдене пәтуа үшін дақпыртты мәжіліске бас қосса, тегінде сондай белгілі қара орында қосады.

Мына Молтандай рулы ел ішінде қажылық жолын өтемек болған адам да Мекеге сапар тартарында сол «аруақты от орнынан» дәм татып аттанады. Немесе жаугершілік заманда ұрысқа аттанатындар болсын бір сүзіп шығатын дәстүр бар.

Керімбек бүгінгі бұл сырды осындай жақсы ниет үстіне келіп қалған Қапалбайдан жасыра аямай, Тайлақбай еқеуі оны сыртқа алып шығып, өзіне жеке білдірген. Оңаша сездіріп, ішке ала ақылдасып еді. Қапалбай мұны өз жанындағы екеуге аңдатпауды жөн көрді. Оларды өз қасынан қайтарып жібермек болды.

Бүгін кешке дейін үлкендер ортасындағы осындай әр түрлі қиын түйін сырлардың ішінде тапжылмай отырып шыққан Мақсұт, бұл үйден енді ағасы Ахмадимен бірге ертерек аттанып, өзеннің арғы бетіндегі текшеде отырған сол кіші әкесінің үйіне қарай кеткен-ді.

Ахмадиді ауылдың барлық ұл-қыздары «Тәте» деп атайтын әдет бар. Мақсұт алдында кетіп бара жатқан ағасына жете жүріп, оған өзінің бүгінгі бір ойын айтты: - Тәте! Мен ертең Құлжаға жүрмекпін ғой. Ақтөренің жайы туралы сол Мұхабай дегеннің өзіне жолығып көрмек ойым бар. Қалған сөз не болары сол жерде шешіледі, - деп еді.

Ахмади ойланып көрді. Үндемеді. Мақсұттың өзіне салғаны. Керімбектей ағаның қадір-беделін ойласа да, шындығында, Мақсұт айтқан бұл сөзге онша қарсы болмаған сыңайы бар тәрізді.

Бұлар келіп үлкен ақ үйдің сыртында мама-ағашқа түсіп жатқанда Мақсұтты есіктен көрген Ақтөре үй ішінде боп-боз бола, қозғалмай тұрып қалған. Жүзі ыстық туысқанына көзі түскенде ол өз басының жайын үстемелеп еске алған-ды. Жақсы бауыр, ағаға қапалығын шаққандай. Ақтөре үйге кірген бұл ағасымен қазір сүлесоқ қана амандасты. Үй ішінде әзір екеуі ғана еді. Мақсұт төрге шығып, Ақтөре салған сырмаққа отырып, енді қайта қарағанда, қарындасы көзінен мөлт-мөлт жас төгіп, есікке таман беттей берген екен. Соны көргенде Мақсұттың көңілі астаң-кестең болды. Қыз шығып бара жатқанда, соңынан түйіліп қарап отырып қалды. Бұнымен біраздан бері жүздескені осы еді. Мақсұт көрмеген аз уақыт ішінде мүлде өзгеріп, шөлмектей боп қалғаны білінді. Мұнан кейін Ақтөре үйге бірер кіріп шыққанда, Мақсұт оның бетіне қарай алмай, көзін басқа жаққа аударумен болды. Қолынан ешнәрсе келмеген әлсіздігіне қорланып, осының бәріне өзі кінәлі кісідей болды.

Бұл екеуі бұрын бір-бірін көрсе, біріне-бірі сақтап жүрген әлдебір әңгімелерін айтысып, өздеріне ерекше жан-қызуымен сөйлесетін. Туысқан ішінде боларлық анық қимас көңілдерімен бес күн кездеспесе бір-бірін сағынтқандай ететін бір пәк, жақындық екеуін де тартып тұрушы еді. Ақтөре өзінің Мақсұттай тәрбиелі бауырының барлығын бел тұтып, бұны сыртынан жиі еске алып, оның тілеуін шынайы тілей аларлықтай, ең басты туысы бір өзі болып жүруші еді. Мақсұт Қамар жайын бір шақта өз ішіне сыйғыза алмай, жалғыздықтан басы қатып Ақтөреге шағып айтқанда, бұл қарындасы өзінің кішкене басымен-ақ: «Сол қызға мен өзім барайыншы» деп Мақсұтты нандыра, құлшынғаны бар... Әсіресе, бұл дегенде жаны қалмай тұратын сондай мінезі үшін жақсы қарындасына Мақсұт та жанын үзгендей болушы еді.

Бүгін Мақсұтты өз өмірінде тағы бір шешімі жоқ қиын-құрсаумен дем тартуға шамасын келтірмегендей етіп қамаған да осы - Ақтөре жайы болып отыр. Бүгінгі кештің бір тұсында, әредікте Ақтөре Мақсұтқа өз қайғысын аз ғана сөзбен жеткізіп:

- Өмірдің өзі шынымен-ақ аяғысы келмесе, ойын-күлкіңнен айыруы бір-ақ күн екен ғой, Мақсұт! - деп тұрып, айтарын анық аяусыз дерт тілімен жеткізіп:

- Мені бар екен, алдымда тұр екен демей-ақ қойыңдар! Менің орным құлазыған қу дала болып қалды. Әлі талай уақыт тірі басым емес, аңырайған бос орным да бұл елді зар етіп өтер! - деген.

Егіле жылап тұрып айтылған сол сөздің тұсында Мақсұттың кеңсірігі қақ жарыла ашып кетті.

 

5

 

Бұл кеште Ахмадидің үйіне бірталай кісі түсті. Дербісалы, Жайнақтың белгілі кісілерімен ілесе бірге келген тағы бірталай қонақ бар. Мұның көбі ел ішінің Абдолла, Бурабай сияқты тек ығай мен сығайы дейтіндері емес. Көбінесе жай бұқара, қарапайым халық сабағы. Аты-жөнін айтқанда, Айтбай ауылымен туысатын Мамыштан кісі Молаң. Көмекбай ауылынан - Манақтар, Мырза-Ыбекеңнен жалпақ Қызыл Есіркенің - Сыдығы бастаған «қызыл көздің ауылы» атанғандар тобы.

«Қыстаубай-Ауаң» деген бір қауғындап өскен мол атаның сабағынан, жай шаруа саналатын білікті ақсақалдар: Орыс, Бидайшы, Ысқақ, Бершімбек деген адамдар бастаған бірталай кісі келіп түскен.

Ахмадимен құрбы, орта жастағы: Бабағұмар, Әпсемет сияқты момын туыстар да бірге келіпті. Бұл елде талай заманнан бері мұндай «көк қасқа» айтылмаған-ды. Елдің елдігін жоқтаған бұл нышана - даурығы жоқ, тұйық жиын еді. Өзге күн, өзге кездей шешендікті де керек етпейтін, дақпыртсыз ғана - тастүйін сыбыр жиыны.

Тайлақбай жай дауыспен сөйлеп отырып, бас қосудың не жөнде екенін мол жиынды аң-таң ете білдіріп өткенде, бүгінгі бұл келгеннің барлығы-ақ өзгеше бір толқынның суық түсін көргендей болған. Бәр-бәрінің көз шарасы үлкен ашылып, қиял кезгендей, бір сәтте-ақ толғанысып қалған. Басқа шақтай, қылп еткен қояберсіні жоқ, айбынды қабақтарымен жайын күнде мың іздесе таппайтын тұтастық сұстарына өткен. «Иә, сәт!» дескендей айбарланып, заманнан бері кәдіржай тыныштықты көздеп «береке-береке» деумен ықтап келген, жұрт бір-ақ өзгеріп салды... Өзін-өзі бейғам беріктікке, бекімге зорлап айдап әкелген аңғарлы, бейбіт жүздері енді бүгін бір-ақ сәтте бедірейіп алды... Іштегі ноқат түйінмен аңырып қалған суық көздер бет алдарына аңтарыла қарап, қадалып ойлап, түктерін сыртқа шығарды. Өткен-кешкен тарихы бар ағымымен естеріне түскендей. Кек айналын ұрғандай. Баршасының да «ет құлағын созылтып, еметайын езілтіп» келген бір ағыс. Бағасыз теңсіз бір сәтте сол ағыс ат жетпес алыстан өз хабарын салғандай.

Қанаты талып, аңсатып жеткен хош-хабар! Осындай тас түйілген жиынға бұл жолғы сөз қару... Тек қару жағы еді. Ел ішінде жасырын жатқан мылтық бар. Үкімет «Бірін қоймай өткіз» деп бұрын қанша дегбір салған болса да, көп жасырын құрал ұстаған ел гоминдаң билеушілеріне білдірмей, бермей қалған қару-жарақ бар. Жақын жылда қатаң әмір шығарылып, бүкіл Шыңжаң елінен мылтық жиналған. Замандар бойында Жаң қай ши өкіметімен неше қақтығысып, бір бірің әлмек-сәлмек тойтарумен келген Шыңжаңның аз ұлтына қытай отаршылдары ең аяғы қара шиті болса да мылтық сақтау керек екенін жақсы үйреткен. Бергісін айтқанда, Шыңжаң халқында Қожанияз көтерілгенде пайда болған мылтық пен «дүңген қозғалаңындағы» түскен құралдың өзі-ақ бір шама болып еді. Ұйғыр, қазақ, қырғыз, қалмақтар мылтықты қырылған гоминдаң әскерінен бір алса, тәсілім болған дүңгеннен екі алып олжалаған. Әсіресе, дүңген генералы Махосан бүкіл Щыңжаң дүңгені үшін қамдаған қару аз емес-ті. Соны білген Шың шы сай алғашында үндемей отырда да, «Шыңжаң тағдырын жақсарту» үшін әйгілі «алты саясатын» жариялап, бұл өлкеде енді ғана «сенімді заман орнатқандай» болған. Сол «еркіндікпен» бірнеше жылды өткізіп барып, «енді мәңгі бейбіт өмір сүру» үшін Шыңжаң елін мылтық жиюға шақырған. Бірақ мұнысы жалтақай балаға өгейлігін әбден өткізіп қойған қытымыр «анадай» кешен туған шарт еді. Алғашында тонын теріс аударып «келісім шарт» деген болса да, кейіндей келе оның шын аты «жарлық» екенін жасыра алмаған.

Ел басы деген адамдарды, дүркін-дүркін шақырып, соларды салыстыра, жарыстыра өткізген мылтық санымен тексеріп, елдің әбігерін шығарған. Әрбір уездік үкіметтің үлкен ұлығы, Ма шяньгондай ояздары аз ұлттың көп-көп адамдарын мұрындықтап тізгендей етіп, оларды дәл өз алдарына шақырып отырып, «Бәлен ел пәлендей санды құрал өткізді. Сенен неге сол шығып, сол табылмайды» деп сезікті құрал өткізді. Сенен неге сол шығып, сол табылмайды» деп сезікті деген кейбіреуін дүремен жазалап, қаматып та тексерткен. Сол мінезді бір емес, екі емес, әлденеше қайталап аз ұлт халықтарының қан-сөлін алғандай еткен. Қызайдың бір-екі болысы ұлық алдында өз маңдайларын ұрғылап жылапты деген қауесет те тараған. Шерудің: Тайлақбай, Керімбек, Абдоллалары да «шын ада болып, тазарған» адамның қалпына жетіп қол қойып құтылған-ды. Бірақ Керімбек, Тайлақбай, Қарымсақтар өзара «қару-жарақ табылса, қарманып мінер табылар» деген ескі тағылымды есте ұстап көп мылтық, оқ, дәріні киізге орап құндақтап көміп сақтаған.

Енді осы отырған адамдарға тән туысқан-туған, құда-тамыр, көңіл жетер дос-жар, ағайын дегендерде сол мылтық атаулыдан қанша-қаншасы бар. Соны білу, ұғу керек.

Шеру жиыны мына ниет жөнін амалсыз зіл салмақпен тартпақтап ойлап, бәрі де іштен түйіліп, қадалғандай күйменен зауық етісті. Сөз де, ой да, тілеу де суық түс, шапшаң қағып өткен қас-кірпік қимылдарынан-ақ аңдалғандай. Екі жерден қойылған шамды айнала кең жайғасып қоралай отырған үй толы жиын Әкбар-Сейіттің ісін естігенде, бір сәт қаптаған тілек жаудырып:

- Иә, сәт!

- Иә, ақсарбас!

- А, бере гөр! Қолда, қолдай гөр! - десіп жамыраса шуласып кетті. Тұтас үн төбе құйқаны шымырлатқандай назалы еді.

Төрде оң жаққа таман отырған, Қыстаубай ауылынан келген, жасы жетпісті алқымдаған, ожырайған сары кісі - Құрманбай, Шеру ішінде Керімбекке ерте күннен үлкендік жол көрсеткен қарияның бірі. Ол дәмесінің далаға кетпегенін тап бүгін осы арада көріп өктегендей болып, көпке екпін тастап;

- Уа, әлі іштеріңде жүр ме еді, бұл пиғыл мен бұл құлық? Бедерің таусылған-ау деп жүрсем, алмас егеуім жатырмең әлі, тотқа бастырмай! Қызай анам, қолда! Қолда, Әлет! - деп жіберді. Осы сияқты сөздерді буырыл тартқан мол сақалды, жалпақ қызыл Мырза-Ыбырайым Сыдығы бастап, тағы бірнеше кісілер «жан садаға», «бас құрбан» бейілдерін білдіргенде, Тайлақбай бір нәрсеге көз жеткізгендей шоқтықтана түсті.

- Бәсе! Қазақпын-қазақпын, дегенім болмаса қолыма сырық алып атқа бір мініп, айызым қанғанын көрген емес ем. Бала күнгі естіп жатқанның бірі жоқ. Жау жаман ба, біз жаман ба? - деуші едім. Баяғыдағы құба-қалмақ шапқынынан қай жерің артық боп жатыр? О да бір ғана шауып, еліне қайтып кететін. Ел едім деген атыңа осыныкі қас-қорлық болмады ма? Өлсек бір өлім, неғып мұнша кәрі бүркіт шау тұяқ біз болдық деп сөйледі. Осыншаның ішінде бір өзін жау алардай жалғыз ғана Әменнің көзі бақырайып, үрейде отыр. Затынан қорқақ адам өткен күздегі қамалғанын есіне мықтап сақтаған тәрізді.

Қапалбай Шеруге өз ішінен қатты таңырқап, қыбы қанып, айрықша сүйсінгендей болын отырды... «Қызай - елдің серкесі. Жорықшы - Шеру еркесі» деуші еді. Жорықшы дегені рас екен-ау» деп Шеру тайпасының көшумен өткен ғұмырын, қалмақпенен жауласумен Жоңғар таудан бері асып, ауып кеткен шежіресін еске алды. Шеру кісілерін сонау қиғаштан қарап сынады.

Рулы елдің бүгінгі жиынына жаңа қонақ болып еншілескен Қапалбай сөз білетін кісі екенін байқатып, әр-әркімнің түр-түсін, айтқан ойын даралай салмақтай барлап келді де, жұрт бір тоқтаған кезде көтеріле отырып, аз ырғалып:

- О, Шеру ата? Адамның үрейі біреу, үміті мың болсын, дейді дана елің. Мың үміт бір үрейге құрбан емес, қу үрей құрбан болсын! Ажал алса, құнсыз үрейіңмен емес, қымбат үмітіңмен алсын!

 

«Жаулассаң арқа-иелі,

Сертті жүрек киелі.

Тепкілі батыр тиелі,

Лашын құстай шүйелі,

Қазақ дейтін бір ел бар»

 

деп қалмақпен соғыс кезінде атаң Әлет батыр жырлаған екен. Соның ұрпағы анық осы отырған өзіңсің бе деп қалдым! «Құс көк сеңгірге бір қонады» деген осы. Шерулігіңді істедің, тек қолдасын-ақ! - деді. Сөз аяғын шолақ тастап сөйледі. Мақсұт аңдап қалған. Қапалбай бағана, күндіз де, сөз соңын осылай алыс тастап еді.

Бұл сөзден кейін Тайлақбай да өзі заманнан бері дәмдес болған Шеру елі үшін бір-екі ауыз мадақ жігер білдірді. Сөзге маман адамдар әдетімен жаңағы Қапалбай қозғаған «құс» сөзінің сарынымен үдетіп:

- Жерде жатқан жұмыртқа аспанда ұшқан құс болады, - деп тап осы Шеру атаңның ұрпағын айту керек. Қырғидың жұмыртқасын тауыққа бастырсаң, өзімен бірге шыққан шөжесін алып жеп кетеді дейді... Тегі теңбіл бояған соң, соған тартпай тұра ма. Ту сырттан келмей, тура шабар, ор-тарғылдың баласы бетті ықтырмай қоя ма! - деп тоқтағанда ендігі сөзді Керімбек құптап:

- Қасиын десең қан шығып, қасымасқа жан шығып отыр. Жер дүниені су алса өзі құрғақтағы жетесіздің қызыл асығына жете ме! Көп көптігін жасаса, азға амал таптырады. Өзі мейірімсіз өзгеден мейірім де күтпейді. Сенісуге жол қалып отырған жоқ. Атаң сені кімнен кем, кімнен қор етіп туды?! Аз болғаның болмаса, аруағын осынша қорландырарлық ата-бабаңның не жазығы бар еді!? Сан ұлық емес, сапа ұлық. Көп ұлық емес, көргенді ұлық. Ұлт-ұраның кімнен кем ең, сен қазақ!?.. Сыдырғы таңба бетіңе айқара басылып, мұрындықталған қосақбасты - нартайлақ болғандай ездігіңнің атын айтшы! Жылқының шобыры, жігіттің тобыры неғып бізге жиналды!? Ердің жаны бір, ездің жаны мың болып, біз бұл түрімізде қазақтың ертеңгі ұрпағын аздырамыз! Қорқа-қорқа мың өлгенше, қоғамың бол да бір өл! Ендігі сөз: тірі болсаң бір төбе, өлсең бір шұқыр орның болады. Ертең былай аттап шыққан соң, түс көргендей аң-таң боп жүрмей, осы табалдырықтан буыныңды бекітіп шық! Нанып шық! Босаған тіс қайтып бекімейді. Енді осы қозғалғаның қозғалған. Ал осыған күңіренген атаң аруағы мен күйзелген елің рухынан ант етеміз бе, ағайын?! - деді.

- Етеміз, етеміз!

- Ант! Ант!

- Серт! Серт!

- Өлсек шейіт, қалсақ қазы, ант! - десіп үйдің іші ұлан-азар шу салып жіберді. Өзі кемерлеп толқындамаған өзгені толқындата алмайды. Керімбек, Тайлақбай сияқты жетекшілер бүгінгі күн тайпы жұртты толқытты.

Бұл жиын жаздың қысқа таңын осындай, серпін, пәрменмен атқызып, жан-жаққа аттанысқанда, аттарын ширақ қамшылап, елді-еліне өр қайратпен тарасты. Топ-топ болып әр тарапқа гу-гу әңгімемен кетті. Жазғы таңды осылайша атырып аттанған Шерулермен қатар сайларда ерекше ащы үнмен бөдене де «бытпылдық» қағып, кейде шаңқ етіп «ма-маңқ» деп қойып, тып-тыныш әсем таңға жар беріп жатты.

 

6

 

Ахмади үйінде Жайнақтан келген сыйлы қонақ, кұдалар жағы іркіліп, қонып қалған. Енді сәске кезінде олар ат ерттетіп, дәл жүрер жерге тақағанда Абдолла Ахмадиді сыртқа оңаша шығарып, бір жайды сөйлесіп көрді. Үйде Абдолладан басқа Мүтен деген Ахмадидің туған қайнағасы бар-ды. Аболланың айтпағы өзі мен сол Мүтенге жақын туысқан, қазір осында, үйде отырған Базан дейтін жігіт жайы екен... Түндегі келелі топқа Мақсұттан өзге жастан келіп қосылған Базанды осы елдің бозбаласының алды десе болатын. Сол Базанның ерте күннен Ақтөреде көңілі бар. Өзі жиен, Ақтөрені он төрт-он бес жасынын бері сыртынан баққандай болып, өз ішінен «көз жазбай» жүретін. Бұл уақытқа дейін Ақтөренің өзінен дәлді жауап алмағанмен, іштеп келсе жігіттің басынан Ақтөре де онша әрі кет емес сияқты көрінетін. Сонымен Базан өз ойын өз ішіне жұтып, осы уақытқа дейін құпия күрсініп келгендей еді...

Ақыры Базан Абдолладай аға туысқанына осы ниетін ашқан-ды. Әкесі кешегі Көбекті ажалдан құтқарып қалған жортуылшы Сағат Базанның жастау күнінде өлген. Сондықтан Ақтөре жөніндегі қиын тілегін жігіт жасы үлкен беделді туысқандарына білдіріп сүйенгісі келген.

Бұлар болса Ахмадидің қайнағасы Мүтенге туысқан. Бірақ мына шаруадан өзінің басын сағаттап, араласпай отырған Мүтенге екі жақтың көңілі бірдей. Мүтен дейтін Шерудегі мырза атанған өзі сырға берік, түкпірлі адамның бірі. Көп сөйлемей білгенін ішіне сақтап, жібектей майда мінезді, өз кадірін өте күтіп жүретін кісі. Ол өзінің жақсы туысқаны Базаннан сүйкімді жиен қызы - Ақтөрені жақын көрмесе, шет көрмейді. Ал дәл сондай болған екі жақ бірігіп қосыла келсе, онда тап осы екеуінің «арманы болмады-ау» дейтін, екі жаққа да шын тілектес бір дос адам осы. Бірақ, бұл үйдегі қарындасы - Базархан мен Ақтөренің көңілдеріне өздігінен тимек емес. Бұндай жіңішке, шетін іспен жанасқысы келмейді, Мүтенді «жақсы» атандыратын да оның осындай іштілігі еді.

Абдолла өзіне күйеу жолы бар Ахмадиге осы жөнді жағалатып айтып шықты. Ахмадидің туған қайнағасы Мүтенді де дәл бағалап: «Кежімдеген сұлу торы аттай боп, қадірін сынап ол отыр» деп сөйлеген. Тағы бір жерінде «Мүтеніңе сөз айту бойжеткен қызға уәж айтудың өзінен қиын» деген. Бұл сөзді сонда мен бастамай, кім бастайды дегені. Ахмади Аболланы көп сөз айтып әуре еткен жоқ. Өзгені қозғап, ана Мұхабай жөнінен де сылтауратқандай болмай, тоқ етерін қысқа білдірді:

- Қыз баланың еті ата-ананікі, сүйегі ағайындікі ғой. Алдымызда аға бар, мен солардан асып, бұ тілеулеріңізге не айта аламын?.. Осы ниетіңізді Кекеңе айтсаңыз, сол кісі не десе де тегі мен қарсы болмай-ақ қояйын, - деп жолға салды.

Түнде өзге бір туысқанның үйінде болып, өз үйіңе осы қонақтар жүрер алдында ғана келген Ақтөре нағашылары аттанар жерде, бұларды қатты таң етіп үй-ішінде үнсіз тұрып жылай бастады. Ақтөре келіп кіргенде, үйде Мүтен мен Базан отырған. Есіктен кіре беріп сол екеуін алғаш көзі шалған сәттің өзінде жиен қыз амандаспас бұрын қабағын шұғыл шытынып қалған... Жүрегі шаншып кеткендей болған Ақтөренің соңғы күндері өз басы жөнінен естігені анау хабар болғалы бері іштей бірден күйреген қызға көп нәрсе ойлатқан-ды... Сондай ойдың негізгі бірі болған осы отырған Базан жайлы сыр еді. Жылдар бойы бір бұл үшін ұзақ, үнсіз тілекпен тілсіз байланып келген Базан орнын Ақтөре енді анық жете бағалап ойлаған. Бар қымбат қиялымен бір өзінің шырмауынан шыға алмай, іштей болса да бір сәт алыстап, сырттап кете алмай буылып келген теңдессіз көңілін шын бағасына, құнына толық жете осы уақытта еріксізден ұғынған. Және Базанның осыған дейін ынтызарлық қамауда тек жабық қабақпен, үнсіз күтумен болып, кісі салып айттырмағанын да Ақтөре енді ескеріп, соны айықпас өкініш еткен. Өзінің мәңгілік мерзімсіз, өкініші осы болғанын болжаусыз білген. Сонан бергі Базанның бұған деп үзіліп келген сүлдері өз уын бірақ сәтте у жұтқызғандай еді. Енді бүгін Базанды сондай халімен келіп бірден көргенде өз күйінің нендей сиықта, не қарғыста тұрғанын өзі білмей тұрғандай болған. Ақтөре бүгін әкелер мінезін ойлай түсіп, өз туған жұрты мен нағашы жұртын алғаш рет салғастырғандай да болды. Сол шағында өзіне бала күннен сонша ыстық болған Мүтендей қадірлі нағашысы мен Базан да бұның тынысын тарылтып аттанып кеткелі жатты. Ақтөренің шын бір іші тынған сәт осы еді. Кең үйдің ішінде оң жақтағы төсек алдында ару бойжеткен бір сәттен бері түсі қашқандай боп, қуарып тұрып, ақырында көзінің жасы бұршақтап жылап жіберген  жіңішке үні тығыла, қыстығып шығып кетті. Бұл мінезге түсінбей оқыс таңданған Мүтен беліне кемер белдігін салып жатқан қалпында қыз шешесі Базархан мен Ақтөре екеуіне кезек жалтақтап қарай берді. «Бұлары не еді» дегендей. Мүтен қарағанда қарындасы Базархан үндемей жабырқап тұрған соң, ол енді жиен қызына алғашқы қатты үркіп қалған сол жүзбен:

- Ой, қалқам, Ақтөреш! Неғылды, шырағым! - дей берді: - Бүйтпесең керек еді ғой? Апырай неге бұлай болды, қарағым?! - деп өзгеше таңырқап тұрып қалды. Кешелі бері қарындасы - Базарханның жабырқау қабақпен жүргенін бауыры Мүтен әлденеше рет байқаған-ды.

Мүтен мөлдіреген қара-қоңыр көзі бар, екі беті ұшынан және қыр мұрнының ұш жағынан да тарамдап, жіңішке күрең тамырлар көрініп тұратын шырайлы, нұрлы адам.

Орнынан түрегеп алған Базан да аң-таң шұғыл халде аңтарылып, қалт тұрып қалған екен. Мақсұт осы үйде еді. Бұ да Ақтөре жайын ұғынған күйде орнынан үнсіз түрегелген. Қыз шешесі төркіндерін шығарып салып тұрған: сырты жуас, байыпты ақсарылау әйел мынадай боп қысылып қалған бауырларына:

- Е, құдай, әйел затын от пен суға түсуге жаратқан екен!.. Он балаң болса он күйік тартумен өтесің!.. Ата-ана қызды обалына қалуға туады екен! - деп кідіріп қалып: - Әшейін ғой, сіздерді қия алмай тұрғаны шығар, біреудің жұрты болып кеттік қой, қайтесіздер, аттана беріңіздер, - деді жабығып. Айтқандай-ақ, төркіндер кісі үйінің сырына араласа алмай, Мүтен Ақтөреге таман жақындап келді де, көзін басын, дыбыссыз бұралып жылап тұрған жиен қызының шашынан сипай, кеудесіне қысыңқырап қалып:

- О, не, неге бұлай болды, шырағым?! Япыр-ай, неге қамықтың?! - Қоя қойшы, тоқталшы!... Қабырғамды қайыстырдың-ау, қарғам! - дегенде қыз шешесі лажысыздан жылап, Мақсұттың да көзінен жас ыршып шықты. Бұдан артық сөзге Мүтеннің өз ауызы да бара алмады. Артынан бұлар аттанып кеткенде, Ақтөре оң жақ іргеде құс жастықты кеудесіне құшақтап тоқтамай жылап жатты. Өз дегені болмай, ешкімге мұрындықтатпайтын қиракезік тағдыр, түндегідей үлкен әрекетке қолай табылған осындай үйден өздерінің қаршадай перзентіне пана болып, арашалап қаларлық мүмкіндік бермеген. Өмір түйген түйінді ешкім шеше алмаушы еді.

Қыз әкесі Ахмади үйге кіре алмай киімдерін сыртқа алдырды да қасына Мақсұтты ілестіріп, даладан аттанды. Түнде Керімбек Ахмадиге Мақсұтты Құлжаға аттандыру жайлы ақылдасар шаруа барын айтып кеткен.

Базан Ақтөренің жылау себебін, Мұхабай жайын Мақсұттан сұрап, ұғынып аттанды.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3503