Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3446 0 пікір 8 Сәуір, 2013 сағат 06:40

Тұрсын Жұртбай. Қазақ сөз өнерінің бақытына Мұхтар тiрi қалды (жалғасы)

2.

Шындығында да Мұхтар өзiн-өзi қалай ұстауға мiндеттi едi? Мұндай сұрапыл аласапыранның тұсында қандайда бiр мiндеттi мойнына алуға қақысы болды ма? Соның өзi мүмкiн бе едi? Өте маңызды және заңды сауал. Бiрақ оған кiм жанын жалдап, адалдығына ант-су iшiп жауап бере алады? Кiм? Және сол адам сөзiнiң растығына иландыра ала ма? Сол бiр «қилы заманның» бұлжытпас деректерiнiң ХХ ғасырда қолға түсiп, айғақтың ашылуы неғайбыл. Түптiң түбiнде екiнiң бiрiне белгiлi болатын жағажайлы күндер де туар. Алайда оған дейiн қаншама ұрпақ ауысып үлгерер екен? Ол - болжаусыз болашақтың еншiсi. Ертеңге қол жайып, қарап қалу да әдiлетсiздiк. Мән-маңызы, қасiрет уайымы, өкiнiш-ренiшi күнтiзбенiң жаңа бетi парақталған сайын алыстан мұнартатын сағымға айналар. Мүмкiн, бүгiнгi ұрпақ орта ғасырдағы инквизиция сотына қалай немқұрайлы, болуы мүмкiн емес шындық деп қараса - ертеңгi ұландар да иығын қомдап қана қояр. Таңданатын құбылыс емес. Тарих тағылымы солай. Бiрақ, Галилейдiң отқа өртенгенi рас. Ол - ұмытылмайды.

Ал отыз жетiншi жылы адамзаттың ақыл-ойының даму жолындағы өсу кестесiне аты жазылуға тиiстi қаншама зерделi перзенттер жазықсыз құрбан болды?

Әрине, қазақ сөз өнерінің бақытына Мұхтар тiрi қалды. Бұл - рухани өмiрiмiздегi сәтiн салған несiбелi бақыт. Ондай «олжатай» сәттiлiк халқымыздың маңдайына сирек бiткен.

2.

Шындығында да Мұхтар өзiн-өзi қалай ұстауға мiндеттi едi? Мұндай сұрапыл аласапыранның тұсында қандайда бiр мiндеттi мойнына алуға қақысы болды ма? Соның өзi мүмкiн бе едi? Өте маңызды және заңды сауал. Бiрақ оған кiм жанын жалдап, адалдығына ант-су iшiп жауап бере алады? Кiм? Және сол адам сөзiнiң растығына иландыра ала ма? Сол бiр «қилы заманның» бұлжытпас деректерiнiң ХХ ғасырда қолға түсiп, айғақтың ашылуы неғайбыл. Түптiң түбiнде екiнiң бiрiне белгiлi болатын жағажайлы күндер де туар. Алайда оған дейiн қаншама ұрпақ ауысып үлгерер екен? Ол - болжаусыз болашақтың еншiсi. Ертеңге қол жайып, қарап қалу да әдiлетсiздiк. Мән-маңызы, қасiрет уайымы, өкiнiш-ренiшi күнтiзбенiң жаңа бетi парақталған сайын алыстан мұнартатын сағымға айналар. Мүмкiн, бүгiнгi ұрпақ орта ғасырдағы инквизиция сотына қалай немқұрайлы, болуы мүмкiн емес шындық деп қараса - ертеңгi ұландар да иығын қомдап қана қояр. Таңданатын құбылыс емес. Тарих тағылымы солай. Бiрақ, Галилейдiң отқа өртенгенi рас. Ол - ұмытылмайды.

Ал отыз жетiншi жылы адамзаттың ақыл-ойының даму жолындағы өсу кестесiне аты жазылуға тиiстi қаншама зерделi перзенттер жазықсыз құрбан болды?

Әрине, қазақ сөз өнерінің бақытына Мұхтар тiрi қалды. Бұл - рухани өмiрiмiздегi сәтiн салған несiбелi бақыт. Ондай «олжатай» сәттiлiк халқымыздың маңдайына сирек бiткен.

Егер соған шүкiрлiк жасап, тәубеге келетiн болсақ, онда бұл жылдардың көрпесiн жылы жауып қойып: «Аман қалыпты ғой. Ендi қазымырланып, түбiн қазып қажетi қанша?»,- деп аттап өтiп кетсек те, айып тағылмас едi. Мүмкiн, әлдекiм қуанар, әлдекiм өкiнер. Кiмнiң көңiлiнен шыққандайсың? Анығы - шымырлаған шымқай шындық әр ұрпақтың жүрек сүзгiсiнен өтiп, келесi толқынға жетуi керек. Ол - келесi ұрпаққа аманат етсiн. Азаматтық парыз, қасиеттi борыш. Мұхтар сияқты ұлы адам өмiр сүрген дәуiрдi түсiну үшiн де қажет. Дәуiр - Мұхтарды сынады. Мұхтар - дәуiрдiң аңдысын бақты.

Кiм күштi? Қайсысы дұрыс? Тiптi әр пенде, ол кездi есiне алғанда өзiнше ақталып қалуға тырысады? Не үшiн?

Оны ешкiм де ашып айтпайды. Бiрақ жорамалдап түсiнуге, болжауға болады.

Адамзат тарихындағы қасiреттiң барлығы - саналы түрде өршiткен белгiлi бiр кесiрлi-кесепат топтың өлермендiк әрекетiнен ушығады. Сол сияқты халықтық репрессияның да өз «жалдамалылары» мен арандатушылары болды. Бұлтсыз күнгi найзағай сияқты шатынаған жай оғынан үрейлену - жалпы елдi сескендiрдi. Көңiлдi күдiк билеп, күбiрткiдей жей бастады. Он үш адамды ату жазасына бұйыру туралы үкiм - дауыл алдындағы көкжиектен күркiрi мен жарқылы ғана көрiнiп-естiлген қара дүлей - смерчьтiң төнiп келе жатқанын сездiрдi. Адамдардың оған қарсы күресуге дәтi шыдамады. Сондықтан, шарасыз жанталас басталды. Әркiм өз басын қорғауға тырысты. Бiрiн-бiрi айыптады, күмән тудырды, қауесет таратты, арандатты да, қысқасы, кiмнiң кiм екенi ашыла бастады. Мұндай аласапыран шақтағы жан арпалысы Мұхтарға да тән едi. Ол осындай апат алдындағы қарбаласты:

«Шынайы күрделi, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезiмiнiң, талайының, талабының, мiнез-нәрiнiң, тағдырдың барының баршасы түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналды... Адам мен адам арасындағы терең жардай, өткелсiз шыңырау қарсылықтарды, әр жаратылыстың барынша терең шыңын түгел ашады. Сол шыңнан: шынайы көздiң жасы да, сағыныш, өкiнiш те, қам-қайғы, қасiрет те, трагедиялық айрылыс, үзiлiс те және неше алуан моральдық жан-тән катастрофасы қаза да, саза да туады»,- депбейнелей жеткiздi.

Мұндай сынаққа шыдайтын пенде атаулы сирек едi. Адамның жүйкесi тозып, көрiнбейтiн зерде жiбiне iлiнiп тұрды. Апат ұзақ күттiрмедi. «Жалмауыз - тағдыр» басын көтердi. Мемлекеттiк қауiпсiздiк машинасы iске қосылды. Мұхтар оны сезген. Сезген соң барып секемшіл тартқан. Бойын үрейге жеңдіргені сондай, өзінің рухани пірі Әлихан Бөкейхановтың жолдаған хатын почтадан кері қайтарып жіберіпті. Оған Әлкей Марғұланның:

«Бірде барғанымда Әлекең: Мұхтар менің хатымды алмай қойыпты, - деп қоңырайып отырды»,- деген естелігі дәлел.

Мұның шындығын Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың:

«Мұхтар ағаны көрмегеніме 5-6 жылдай уақыт өтіпті. Отызыншы жылдары ұсталып, түрмеде отырғанын білетін едім, босап шыққанын естімеппін. Екеуміз аяңдап қатарласып келеміз, менен үй-ішімнің амандығын сұрады. Бұрынғыдай еркелете сөйлейтін жылы лебізін бұл жолы ести алмадым. Өзім туралы қысылмай бәрін баяндай бастадым... Сөзімді үндемей тыңдап келе жатқан Мұхтар аға кілт тоқтады, мен де бетіне қарадым, өңі сұрланып, қабағы түсіңкі, денесі бір түрлі еңкіш тартып, кішірейгендей көрінді. Менің бетіме тура қарамастан қарлығыңқырап, булыққан дауыспен жайлап: «Қарағым Гүлнар, енді келешекте кездескенімізде бір-бірімізді танитын кісілерше амандасып, сөйлеспейтін болайық»,- дегенін естігенімде денеме суық су құйылғандай өне бойым мұздап, шошып кеттім. Сөзін әрі қарай жалғастыра бергенінде қолымды бір сілтеп, тыңдамай, тез бұрылып жүріп кеттім»,- деген жазбасы да растайды.

Жалпы репрессия кезеңiнiң науқандық әрекетiне байырқалай қарасақ, ол өте тереңнен, жан-жақты ойластырылған, үлкен-үлкен құрбандықтарға барып, асаулардың басын жерге тұқыртып иетiндей айла-амалмен, пәрменi күштi үгiт-насихаттың желiгiмен және темiр тәртiппен - күшпен жүзеге асырылғаны байқалады. Арғы-бергi тирандардың барлық жазалау, арандату, үрей тудыру, күш көрсету, ұрып-соғу тәсiлдерiн меңгерген. Атом жарылысының iркiлiп соғатын толқыны тәрiздi - бiр науқанның күшi әлсiреген сәтте екiншi толқын керi қарай соққан. Алғашқы Пятаков пен Радектiң компаниясы - дүлейдiң ядросы, тұтандырғыш шақпағы едi. Оларды «мойындатып», «қаралап алған» соң, халықты сендiрген соң нағыз науқан басталды. Бұл - тоғыз айға созылды. 1938 жылғы қаңтарда:

«Бiздiң адал адамдарымыз да ұсталып кеттi. Соларды ұстап бергендердiң өзi - «халық жауы»,- деген желеумен екiншi «соққы» берiлдi.

Бұл куәларды құртудың ең тиiмдi «тәсілі» едi. «Қырағы нарком Ежов» та, «ежовшылар да» аман қалмады. Ең соңғы, шешушi, қауiптi толқын - отыз сегiзiншi жылдың көктемiнде «ұрды». Бухарин туралы үкiм шықты. Бұл - партияның басшыларына шабуыл едi. Солардың қатарында Мирзоян да кеттi. Орджоникидзе кабинетiнде өзiне-өзi қол салды. Өзге-өзге, бұл адамның адалдығына Сталиннiң жеке басының күдiгi жоқ едi. Бiрақ ол тым шыншыл, беделдi коммунист-тiн. Демек, Сталин үшiн аса қауiптi «қарсылас» едi. Олардың кезектi пленумда сөз алуы - өзiнiң әшкереленуiне әкеп соғуы мүмкiн. Бұл арада Ежовтың орынына келген Берия да «қырағылығын» көрсетiп бақты. Сол үшiн де сенiм көрсеткенiн ол бiлдi. Нәтижесiнде тиран - тиран күйiнде «кабинетiнде» қалды. Ендi «бас көтеретiн асаулар да» бiтiп едi. Тiрiлерi онша қауiптi емес-тiн. Сондықтан iле тыныштық орнады.

Ол жай тыныштық емес, сырты жап-жадағай, бiрақ iшiн күбiрткi жеп, сыздап тұрған тыныштық едi. В.И.Лениннiң:

«Сталин тым дөрекi, өз ортамызда, өзiмiздiң, коммунистердiң арасындағы қарым-қатынаста әбден төзуге болатын бұл кемшiлiк бас секретарь қызметiнде төзгiсiз болып келедi. Сондықтан мен жолдастарға Сталиндi осы орнынан ауыстырудың жолын ойластырып көрудi және бұл орынға басқа адамды тағайындауды ұсынамын, басқа жақтарының бәрiн алғанда ол адамның Сталин жолдастан тек бiр ғана артықшылығы болатын болсын, атап айтқанда, неғұрлым iлтипатты болсын, қыңырлығы аз болсын, т. т.»,- деп берген мiнездемесi дәл шықты.

Пролетариат көсемi бұл қауiптi тым ерте көрiптi. Өкiнiшке орай, көсем өсиетiнiң орындалмаған жалғыз тiлегi бұл ғана емес болатын.

Мұның барлығы қазiр әбден жария етiлген шындық. Бiрақ сол шындықтың зардабы толық ашылып бiттi ме? Араға уақыт салып барып төрелiк жасау оңай. Одан жеңiл не бар? Бiрақ сол аласапыранда, ендi ғана саяси және мәдени аренаға көтерiлген, мәйегi ұйып келе жатқан қазақ интеллигенциясы өзiн-өзi қалай ұстады? Ақыл-ой иелерi қандай күйiнiштi күй кештi? Санадағы феодалдық, рулық сарқыншақтарды жеңе бiлiп, таза идея жолындағы күреске түстi ме? Рухани бiрлiктi, мәдени тұтастықты сақтай алды ма? Өзгенi былай қойғанда, Жазушылар одағындағы қас-қабақтың қағысы қалай едi? Мұны бiлмей Мұхтарды да, оның жан күйзелiсiн, қуанышын да тани алмаймыз. Бiр өкiнiшi, сол кез туралы күнделiктердiң, жазбалардың сақталмауы. Iшiнара қағазға түсiрген арамдардың өсиет-хаттары кейде мәжбүрлiктен пештiң көмейiндегi күлге айналған. Сондықтан да баспасөздегi тасқа басылған «таңбаларды» қанағат тұтуға тура келедi.

Сонымен Жазушылар одағы бұл науқанды қалай өткiздi?

Алғашында оқшау, тосын оқиға көрiнген, ешкiмнiң ойына «дауылға» ұласады-ау деп күтпеген қауiп-қатер Сталиннiң 1937 жылғы наурыз айының 3 күнi БК(б)П-ның Орталық комитетiнiң пленумында жасаған баяндамасынан кейiн нақты шындыққа айналды. Сталин социализмнiң жетiстiгiнiң өзiнен «халық жауын» iздедi. Сөздiк қоры аз, бiрақ әр буынын нығарлап, қайталап, бұйыра айтатын, логикалық тұрғыдан өте нақты, түсiнiктi етiп жеткiзетiн мақамымен:

«Әңгiме мынада: партиялас жолдастарымыз шаруашылық науқандарға, шаруашылық құрылыс майданындағы орасан зор табыстарға берiлiп кеткендiктен, большевиктердiң ұмытуға правосы жоқ аса маңызды кейбiр фактiлердi ұмытып кеттi. Олар СССР-дiң халықаралық жайынан туатын бiр негiзгi фактiнi ұмытты, партия беделiн бетке ұстап, большевик болғансып көрiнген қазiргi зиянкестерге, шпиондарға, диверсанттарға, қанiшерлерге тура қатысы бар аса маңызды екi фактiнi байқамай қалды және қазiргi троцкизм - дұшпандық, күрес әдiсiн өзгертiп... қазiр шет мемлекеттердiң шпиондық орындарының тапсырғанын iстейтiн зиянкестердiң, диверсанттардың, шпиондардың және кiсi өлтiрушi жауыздардың принципсiз қанiшер бандасына айналғанын сезбедi»,- деген сөзі бүкiл халыққа үкiм боп естiлдi.

Тиранның тирандығы сол - оларға ешкiм де қарсы шығып көрген емес. Ол - күрделi, қайшылығы мол тұлға. В.И.Лениннiң «Съезге хатындағы» Сталинге берген:

«Бұл жағдай болмашы ұсақ нәрсе боп көрiнуi мүмкiн. Бiрақ менiң ойымша, жiктелiстен сақтандыру тұрғысынан қарағанда және Сталин мен Троцкийдiң жоғарыда мен жазған өзара қатынасы тұрғысынан қарағанда, бұл ұсақ нәрсе емес, немесе мұның өзi шешушi маңыз алып кетуi мүмкiн ұсақ нәрсе»,- дегенмiнездемесi дәл келдi.

Троцкийдiң саяси платформасының талқандалуы Сталиннiң алдына орасан зор мүмкiндiк ашты. Оған қарсы тұрған теңдес қайраткер жоқ едi. Ол - жалғыз. Ол - көсем. Ол - құдiреттi күш. Оны мұндай сый-сияпатқа, қошеметке көтерген - халықтың өзi. Луи Наполеонның (император Наполеонның немересi - Т.Ж.) президенттiкке сайлануына бар қуат-күшiн жұмсаған, бiрақ шаhзада Республиканы, халық мүддесiн сатқан кезде:

«Бiз Наполеонға дауыс бергенде бұрынғы Наполеонның атақ-даңқына табынғамыз жоқ, бiз түрмеде жатқан, кедей таптың мүддесiн қорғап тамаша кiтаптар жазған адам үшiн, зерделi саясаткер үшiн дауыс бердiк... Бiз оған үлкен үмiт арттық. Бiздiң сол үмiтiмiз ақталмады, алданып қалдық»,- депмiнбеден айқай салған Виктор Гюго сияқты шындықты Сталиннiң бетiне тура айтқан, айтқанда да дауысы жететiндей ғып, сендiре айтқан азамат табылмады.

Керiсiнше бар дауыспен: «Арамыздағы халық жауын әшкерелейiк!»,- деп ұран тастап, адамдардың бiр-бiрiн мүйiздеуі басталды. В.М.Молотовтың «Троцкий басқарған зиянкестерге, диверсанттарға, шпиондарға қарсы күресуге мiндеттерiмiз» деген мақаласы газеттердiң үш бетiне тұтас басылды. Онда халық жауларын анықтаудың әдiс-тәсiлдерi, жолдары айтылды. «Кадрларды тәрбиелеу», «Қызметкерлердi iрiктеу», «Басшылық етудiң әдiстерi туралы» деп берiлген тараулардың аттарынан-ақ не туралы әңгiме болғандығы оңай аңғарылады. Нұсқау берiлдi. «Күрес теориясы» жасалды. Кешiктiрместен, ойланып-толғанбастан жаппай iске кiрiсiп кеттi. Сырт көзге елуiншi жылдардың соңында Қытайдағы торғайлар мен тышқандарға қарсы «табиғат зиянкестерiне соғыс ашқан», «шаруашылықтың үнем шараларын» еске салғанымен де, бiр ұлы державаның өмiрiндегi трагедия, рухани апат басталды. Мұнда, торғай емес, адамдарды аулауға тиiстi болды.

Бұрын да жiгi ажырап, әзер ұстап тұрған қазақ интеллигенциясының арасы, оның iшiнде ҚазАПП-тың тұсында «жерiне жете жiктелген» жазушылар ортасы кiлт бұзылып, қиюы тез қашты. Саяси қайраткерлердiң iшiндегi сәдуақасовщина, ходжановщина, сейфуллинщина, меңдешовщина iспеттi «щиналар» қайтадан тұтанып шыға келдi. Тiптi, саяси науқан - жүздiк, рулық бәсекенi де қоздырды. Әдебиет төңiрегiндегi пiкiр таластары ендi «арзан ұлтшылдыққа» ауысты. Естiп-бiлмеген «жапон империализмiнiң шпиондары» шықты. Қазақ жазушыларының iшiнен сынның найзасына ең бiрiншi iлiнген адам - Бейiмбет. «Большевиктiк сын және өзара сынды биiк сатыға көтерейiк» - деген мақала тiкелей соған арналып:

«1936 жылы Қазиздат басып шығарған Бейiмбеттiң» «Ел мектебi» деген пьесасының iшiнде халық дұшпаны, жауыз Троцкийдiң жексұрын атының жүруi оны көре тұра редактор Әлiбаевтiң баспаға жiберуi барып тұрған контробандалық»,- деген үкiм шығарылды.

Ғабит Мүсiрепов ол кезде Орталық комитеттiң насихат және үгiт бөлiмiн басқаратын. Мақаланы қарап шығып, басылуға қарсы болды. Ақыры тоқтата алмайтынына көзi жеткен соң, өз жауапкершiлiгiне алып, «қол тигiзiп, жұмсартқан». Жоғарыдағы үзiндiден соң газет бетiнiң бiраз жерi ашық қалған. Бұл - баспасөз тәжiрибесiнде кездеспейтiн әдiс. Зады, кейiн Ғабиттiң «сызып тастаған» жерiн көрсету үшiн әдейi қалдыруы да ғажап емес.

Редакция атынан жазылған бұл мақаладағы әңгiме негiзi мынада. Сол жылдары Бейiмбеттiң көп томдығы жарияланды. Соның iшiнде 1935 жылдары жарияланған «Ел мектебi» пьесасындағы оқиға өткен тұстағы партия қайраткерлерiнiң бiрi Троцкийдiң аты кейiнгi басылымда сызылмай кетiптi. Сыныққа сылтау оңай табылды және сол есiм оның түбiне жеттi.

Екi иығынан дем алған белсендiлер бұған да қанағаттанбады. Сол мақаламен қатар орналасқан «Көркем әдебиеттегi қаталар және сапасыздықтар туралы» атты редакциялық ескертуде бұл:

«Әлдеқалай, жеңiл-желпi қате емес, iрi қате. Ол пьесада халықтың дұшпаны Троцкийдiң аты Лениннiң атымен қатар жазылады. Мұны көре отырып, партиядан қуылған алаш ордашыл Әлiбаев Абат қасақана әдейi жiберген»,- дегенкiнәнiң батпан бояуын қалыңдата түседi.

Ал сол газетке қол қойып отырған редактор Б.Майлиннiң тағдырының әрi қарай қандай күйге түскенiн айтпай-ақ түсiнуге болады. Бұған қоса Сәкеннiң «Қызыл сұңқарлары», Iлиястың «Жолдастар» романы «қара перде» жамылып шықты.

Сөйтiп, алғашқы соққы Би-ағаңа берiлдi. Байқаусызда сызылмай қалған Троцкийдiң есiмi екi-үш ай бойы баспасөз бетiнен түспедi. Қайырылып келiп басына қамшы боп үйрiлдi де тұрды. Әрине, «жалғыз ағаш - орман емес». Отаған соң бәрiн де қамтыған дұрыс және «жығылсаң - нардан жығыл» деген. Арандатушылар тәуекелге бекiнiп, «басты жазушыларға азуын бiлейдi. Кезек Iлиясқа, Мұхтарға, Сәкенге келдi. «Социалистiк Қазақстан» газетiнде «Жинақтар туралы немесе алашордашы контрабанданың тағы бiр түрi туралы» мақала жарық көрдi. Ол «Қазақ әдебиетiнiң» 1937 жылғы 14-шiлде күнгi санында екi бетке көшiрiлiп басылды. Түгелдей келтiрудiң мүмкiндiгi жоқ, қажетi де шамалы. Бiрақ та аласапыран шақтағы оқиғаның даму бағдарынан, оттың еселей қаулауынан хабардар ету мақсатымен және Мұхтарға тiкелей қатысы болғандықтан үзiндi келтiремiз. Мақала авторы белгiсiз. Шындық үшiн ол есiмнiң анықталғаны лазым. Бiр есептен бiлмегенiмiздiң өзi дұрыс та шығар деп ойлайсың. Расында, кiм болуы мүмкiн? Ешкiмдi жаманатқа қиғың келмейдi. Ал, ол кімдердің басын бәйгеге тiккен десеңшi! Былай деп жазудан именбеген:

«Социалистiк Қазақстан» бұдан 3 ай бұрын Майлин Бейiмбеттiң толық шығармаларындағы, әсiресе, оның IV томы туралы, онда үлкен сорақы қаталықтар кеткенiн жазып едi. Оның немен аяқталғаны оқушыларымызға мәлім. Қарастыра келгенде, «Толық шығармалар жинағын» бастыру басты жазушылардың арасындағы салт екендiгi анықталып отыр. Жақсы нәрселерiн жинастырып басса бiр сәрi-ау, алғашқы кездегi брактарын да, идеология жағынан мүлде жат, саяси жағынан қата, көркемдiк жағынан құнсыз шығармаларын да жинап шығаруды әдет қылып алған. Бұл жөнде төменгi үш жинақты алуға болады. Бiрi - Мұхтар Әуезовтiң «Ескiлiк көлеңкесiнде» деген әңгiмелер жинағы. 1935 жылы басылған. Екiншiсi - Сәбит Мұқановтың толық жинағы. I том. 1934 жылдың аяғында басылған. Үшiншiсi - Iлияс Жансүгіовтің толық жинағы, II том. 1933 жылы басылған.

Әуезов беташар сөзiнде былай дейдi: «Өткен уақыттағы жазушылық жолың қандай сатымен, қай кезеңдердi басып өттi, оны бүгiнде өзiң қостамайтын, ақтамайтын болсаң да, шашылып, ұмытылып қалмай, сол кездегi өз тұлғаңды жұртшылықтың анықтай отыруы үшiн болса да, бiр топтап, жарыққа шығару терiс болмай ма деймiн... Сондықтан, өз ескiлiгiмдi бүгiнгi жас буынға ұсынғанда, көбiнесе сол бұрынғы қалпынан өзгертпей, өзiнiң сол күнгi тұлғасымен көрсетудi дұрыстыққа тән болар деп бiлдiм».

Мұқанов өзiнiң шығармаларындағы бет ашарында: «Кейбiр өлеңдер маңызсыз болса да, менiң өсу, өркендеуiмдi көрсетуге материал болатын сықылды болған соң енгiздiм»,- дейдi.

Жансүгiров өзiнiң беташарында: «Жазылған өлеңдер әр мезгiлдiң кезiнде жазылғаннан түзетiлмей, өзгертiлмей, басылған күйiнде қалдырылды. Өлеңдi оқушыға, жазушыны сынауға мүмкiн қатар материал беру үшiн жазушының бүгiнгi бағытына, пiкiрiне қарсы келетiн, көркемдiк жағынан нашар өлеңдер де кiргiзiлдi»,- дейдi.

Сөйтiп, бұл жазушылардың қай-қайсысы болса да жинақтарын баспаға берерде қарап тексерген, мұнда өзiнiң бүгiнгi бағытына, саяси жолына қарсы келетiн зиянды шығармалар бар екенiн әбден бiлген, бiрақ, бiле тұра жұртшылыққа пайдасыз, зиянды шығармаларды баспаға жiберген. Қата, залалды шығармаларды жинаққа кiргiзудегi бұлардың бiр-ақ дәлелi бар, ол - өздерiн жұртшылықтың о жақ-бұ жағынан толық сынауға жеткiлiктi материал беру. Бұлардың «теориясы» бойынша советке қарсы, ұлтшылдық идеялы, iрiк-шiрiк пiкiрлi барлық шығармаларды әдейi басып шығарып, соны сынау керек көрiнедi. Бұл нағыз зиянды «теория», зиянды пiкiрге жол бергендiк, жат идеологияға трибуна бергендiк деп осыны айтады».

Мiне, мәселенi қайда әкеп тiреп отыр. Ол өзiнше «контрабанданың» жаңа түрiн әшкерелеп, науқанға барынша пайдалы болуға тырысады. Әдебиетке жаны ашығансығанымен, оның көздегенi мүлдем басқа нысана. Яғни, Iлиястың, Мұхтардың, Сәбиттiң өмiрiн қарауылға iлiндiрген. Шүрiппенi басатындар басқалар ғой. Әрине, Бейiмбеттiң тағдырының «немен аяқталғаны» сол кездегi оқырмандарға ғана емес, кейiнгi ұрпақтарға да мәлім. Яғни, осы шiлде айында Би-ағаң «қолды болған». Белгiсiз сыншы пiкiрiн одан әрi былай жалғастырады.

«Әуезовтің жинағына 1921-25 жылдардың арасындағы жазған әңгiмелерi кiрген. Қай әңгiмесiн алсақ та, қазақтың, ескi ауылдың ақсақал, байлар билеген рушылдық тұрмыс-салты өзгермеген қалпын суреттегенiн көресiң. Осы ескi ауылды суреттеп жазғанда, Әуезов өткеннiң азғын, жауыздық, әдiлетсiздiк қылықтарын әшкерелеп, бүгiнгi күннiң сотына тартып, бүгiнгi жұртшылықты сол өткеннiң оңбағандық қылықтарынан жирендiре жазбайды, әңгiменiң барлық жерiнде сол ескiлiктi көксейдi, арман етедi, қазақ байларының феодалдық тұрмыс-салты, олардың салтанаты Әуезовке өмiрдiң ең бақытты «ұжмағы» сияқты. Әуезовке совет тұрмысындағы жаңалықтың бәрi жат, совет заңының сәулесi қазақ даласына жетпеген, дала жынданған, құтырған боран астында жансыз өлiк сияқты. Әуезов ол кезде даланы былай таныған:

«Дала жайылған кебiнге ұқсайды, алыстағы биiк жота жұмырланған пiшiнмен тiршiлiктi көмген молаға ұқсайды... Ақ дала меңіреу болып түнеруде. Қайғылы сары бел боран әкелiп тұрған ақ киiмiн қымтай түсiп жата бердi» (58-60 бет)».

Бұл арада мақала авторы Мұхтардың бұл әңгiмелерiнде революциядан бұрынғы қазақ даласы суреттелгенiн «ұмытып кетедi». Көркемдiк талдауда шаруасы жоқ. Өйткенi бұл үзiндi мына пiкiрдi айту үшiн керек болып тұр ғой:

«Қазақ даласын совет келгеннен берi қара пәле қаптаған деп суреттеу, ақ боран астындағы өлiктей етiп суреттеу ұлтшыл жазушының шығармаларындағы негiзгi идеялық мотивi болатын. Әуезовтің бұл әңгiмесiнiң сарыны да сол iзбен кеткен сарын. Совет үкiметiнiң жолына, саясатына қарсы жазылған бұл әңгiмелердiң бүгiнгi жұртшылыққа қаншалықты керек екенiн автор Әуезов те, кiрiспе сөз жазған Мұқанов та, редактор Жаманқұлов та түсiнсе керек едi. Бiрақ практикада бұлай болмай шықты, ұлтшыл бағыттағы әңгiмелердi басып шығарды.

Әуезовтің бұл жинағына кiрiспе сөз жазған Мұқанов жолдас былай дейдi: «Олай болса идеология жағынан пролетариаттық болмағанымен, Мұхтардың бұл әңгiмелерi арқылы ескi ауылдың кейбiр шындықтарын, даналықтарын, еңбекшiге iстеген зорлығын аз да болса көремiз... Осы басып отырған әңгiмелер болсын, басқа еңбектерi болсын, идеологиясын былай қойғанда Мұхтардың iрi суретшi екенiне айқын дәлел (5-бет). «Өзi идеология жағынан жат, зиянды болсын, сүйтсе де, ол бiзге пайдалы, керек нәрсе»,- дейдi. Осындайда жауапсыз, сүрiнiп жығылған пiкiр бола ма екен? Мұқановтың бұл сөзiнiң баяғы Сұлтанбек Қожановтың алашорда ақыны Жұмабаевтің контрреволюцияшыл өлеңдерi жинағына жазған сөз басынан несi кем?

Егер, шығарма пiкiр, идея жағынан бiзге қарсы, залалды болса, ол шығармада ешбiр шындық жоқ, ондағы көркемдiк жат идеяға бағынулы болады. Идеясыз, пiкiрсiз ешбiр көркемдiк - көркемдiк болып танымайды. Мұқанов жолдас Әуезовтің шығармаларының зиянды пiкiрлерiн ашып, алдын ала жұртшылыққа ескертiп айтамын деп, өзi терiс пiкiрлер ұсынып отыр. Мұқанов шын қырағы болса, Әуезовтің бұл әңгiмелерiн бастырмауы керек едi. Бiрақ, бұған Мұқановтың да, Жаманқұловтың да большевиктiк батылы жетпеген. Жазушылар ұйымы бұл сорақылықты да көрмедi, бұл жайында жұмған аузын ашпай отыр».

Мынадай айыптаулардан кейiн «жұмған ауыздар» ашылмай қоймады. Сыншы-идеолог өзiне қажеттi сөздердi де дәл тауып, логикалық тұрғыдан сондай шебер қиыстыра бiлген. Бұл да «мақсат жолындағы күрестiң» бiр оңтайлы тәсiлi. Ең пасық, опасыз түрi. Әуезовтің «шаруасын бiтiрiп» алған соң, Iлиясқа, Сәбитке ауысып, Р.Жаманқұловтың сыбағасын бердi. Оларға тағылған айыптың құны тым қымбатқа түстi. Iлиястың өлеңдерiнiң идеялық «контрабанда» екендiгiн дәлелдей келiп:

«...»Жау» деген өлеңiнде, Әуезовтің әңгiмелерiндегiдей, ескi феодалдық ауылды көксеп, арман қылды»,- дептұжырым жасады.

Бұл мақала - Iлияс пен Рахметолла Жаманқұловтың қылмысын әшкерелеген, олардың «жапон империализмiнiң агенттерi» екендiгiн дәлелдейтiн «үш айғақтың» бiрi ретiнде тiркелiп, үкiм есебiнде қабылданды. Сәбит Мұқановтың партиядан шығарылуына «септiгiн» тигiздi. Бұл да аздық жасап, «үшеуiнiң» кесiрлi кеселiнiң себептерiн:

«Үш жинақтың кескiнi, мiне, осындай. Бұл жинақтарда болып отырған қаталықтардан қандай қорытынды шығаруға болады? Қорытынды сол - бұлар өсiп, iргелi жазушы болу дегендi кiшiпейiлдiлiк деп түсiнбейдi, менменсiну, өр көкiректiк деп түсiнедi. Олар өздерiн өлген Гейне, Гете, Пушкин, Толстой санайды. Соның үшiн достарына жазысқан хаттарына дейiн бастырып шығаруға асығады. Бұлар өздерiнiң атағын зорайтып, өздерi жайында жұрт ылғи айтып жүруiн сүйетiн сияқты... Бұлар көсемшiлдiк ауруына ұшыраған...»,- деп, даңққұмарлықтан iздейдi.

«Үшеуiнiң» даңғойлығына езу тартып, әжуә еткiсi келедi. Мысқыл - өнердегi ең уытты, құрметтi, қажеттi қасиет. Ол - алдаспан тәрiздi сұлу да суық қару. Кейде жарасып, жайнап кетедi. Кейде орны толмас өкiнiшке қалдырады. Мәселе, мысқылда емес, сол сөз алдаспанды ұстаған адамның тектi, тексiздiгiнде. Ал арандатушының қолындағы қарудан қауiптi нәрсе жоқ. Әйтпесе:

«Кейбiр жазушылар, әсіресе, осы жолдастар, жұртшылық сынына, газеттердiң сигналына құлақ қойғысы келмейдi. Өйткенi осы жинақтағы көп жеке шығармалардың нашар екендiгi кезiнде баспасөз бетiнде айтылған»,-депесепсiз еркiндемес едi.

Кемшiлiксiз, кем-кетiксiз пенденi ұшырату қиын. Таланттардың да тағдыры - бәйге аттың тағдыры. Бiрде аққан жұлдыздай зымырайды, бiрде тосылып қалады. Не бабы келмейдi. Мұхтар мен Сәбиттiң өз шығармаларын өңдеуге кейiн мүмкiндiк туды-ақ делiк. Ал Ілияс сол шығармаларымен классик, туған әдебиетiнiң көсемi болып қалды. Сонда, барды жойғысы келген адамның өзi «көсемшiлдiктен» дәме етпедi ме екен? Оның өзiнiң шығармасын оқыр ма едi? Әрине, ол оған бас қатырып жатпаған. Пiкiр - үкiмiн сенiммен:

«Қысқасы: бұл сияқты зиянды ұлтшыл контрабанданың сол уақытқа дейiн конфескеленбей елiмiзде таратылып жүргенi әдебиет майданында сақтықты көтерген үстiне көтере түсудiң керек екендiгiн көрсетедi. Большевиктiк сынды, өзара сынды барынша өрiстете отырып, әдебиет майданында алашордашыл контрабандаға жол берiлмей, бiздiң жазушыларымыздың бүкiл творчестволық инициативасын ұлы отанымыздың игiлiгiне жұмсауымыз керек. Жоғарғы айтылғандар сияқты зиянды «жинақтардың» түке керегi жоқ»,- дептүйiп тастады.

Иә, бұл адам - өзiне өзi сенген адам. Ақыры айтқанын iстетiп тынды. Кiтаптар конфискеленiп, сөрелерден алынды. Олар жертөледе шiрiдi, не отқа өртендi. Ол үкiм жиырма жыл бойы күшiн сақтады.

Зады, «халық жауларын» табан астында: шұғыл түрде «әшкерелеп» қауырт кiрiскенiне Сталин жолдас сүйсiнген болуы керек. «Үкiмет тапсырған жұмыстарды орындау жөнiнде НКВД орындарына басшылық ету iсiндегi асқан iрi табыстары үшiн» Н.И.Ежов, (17-шiлде де) және «революциялық заңдылықты және прокуратура орындарын нығайту жұмысын ойдағыдай жолға қойғаны үшiн» А.Я.Вышинский (20 шiлдеде) Ленин орденiмен наградталды.

«Бас чекист» пен «Бас прокурор» тың «шабытпен» науқанға белсене кiрiстi. Ол «шабыт» миллиондаған адамның өмiрiне балта шапты.

Бұл екi адам қақында талай-талай шындықтардың тарих бетіне қалқып шығып, Талейран сияқты арандатушы саясаткерлердiң «мираскерлерi» ретiнде әшкереленiп, кiтап та жазылар. Жазылады да. Себебi: өткендегi қатерлi асулар мен қасiреттi кезеңдер келер ұрпақтың алдынан шықпауы тиiс. Адам зердесiндегi «ақтаңдақ» әмәнда мәңгүрттiкке жетелейдi. Қандай да қайраткер болмасын арының алдында тағзым етедi.

Мемлекет және ар. Бұл мәселе тек бүгiн ғана көкейкестi мәнге ие болып отырған жоқ. Бiз, Цезарь, Едiл - Атилла, Ескендiр Зұлқарнайын, Шыңғысхан, Грозный, Темiр, Наполеон туралы ойлағанда да олардың өз арының алдындағы кiрiптарлығын еске аламыз. Сол арқылы баға беремiз. Бүкiл Француз Республикасының тағдыры қыл үстiнде тұрғанда Виктор Гюго бар даусымен жанұшыра айқайлап:

«Бiз әр жолы ар-ождан деген сөздi қолданғанымызда, бұл ұғымның ең қасиеттi мәнiне салмақ сала ишара жасаймыз, бiрақ өкiнiшке орай бұл сөз аса iрi саяси қайраткердiң езуiне мысқыл үйiредi. Алғашқы кезде осынау ұлы қайраткерлер бiзге үмiттене қарайды, олар бiз ұшыраған ар-ұят деген дерттен жазылып кетедi деп жаны ашығансиды, өйткенi мұның барлығы мемлекеттiк қажеттiлiктен туды деп сендiредi. Ал, егерде бiз табандап жатып алсақ, онда зығырдандары қайнап шыға келедi; бiздiң мемлекет iсiнен ештеңе түсiнбейдi, саяси түсiнiгi жетiлмеген, дәйектi ойдың адамдары емес және... қалай айтсам екен... несi бар, айтайын. Олар бiздiң бетімізге түкiрiп, аузына келген сөзбен қарғап-сiлеп, балағаттайды: олар бiздi ақындар деп кемсiтедi»,- деген еді.

Мемлекеттi басқара бiлу де - өнер.

Байсалдылық пен шешiмталдық та, ақыл мен ерлiк те, парасат пен iскерлiк те бiр адамның бойынан табылуы тиiс. Ең бастысы - адамгершiлiкке суарылған ар тазалығы. Азуын айға бiлеген әкiмнiң жеке басындағы жағымды-жағымсыз мiнездерiне осы екi қасиет тоқтау салып отыруы тиiс. Қазақ ертегiлерiндегi Аяз би сияқты тәубесiн ұмытпағаны жөн. Сталинге дәл осы қасиет жетпедi. Барлық сыпайылық сырт қалып, Гюго айтқандай, тек қана «балағаттау», «қарғау» әдетке айналды. Оған да тоқтамай жазалау саясаты басталды. Мемлекеттiк айыптаушы А.Я.Вышинскийдiң аузынан шыққан: «контрабанда», «қан iшерлер», «сiлiмтiктер», «адам кейпiндегi шаяндар», «сұрқия жөлiктер», «Жапония мен Германияның белсендi шпиондары, итаршылары», «ұлтшыл - фашистер», «есуас», «фашист - күшiктер», «сүмелектер», «азғындардың қойнына кiрген», «ит құсап ауыз жаласқан», «жалдамалы төбеттер», «кiсi өлтiргiш сұмырайлардың қарғыс атқан күшiктерiнiң шiрiк ұясы», «зұлым иттер», «баскесерлер» - деген анықтамалар мен қарғыстар мемлекеттiк терминге айналып, баспасөздiң үйреншiктi сөздiк қорынан берiк орын алды. Сондықтан да төменде келтiрiлген үзiндiлердегi шенеулер мен теңеулерге пәлендей таңдана қараудың райы жоқ.

Бұл «қарғап-сiлеудiң» барлығы да ол кезде заңды тiркестер боп есептелдi. Зиялы оқырманнан кешiрiм сұрай отырып, оғаш тiркестер мен сөлекеттеу сөйлемдердi сол қалпында қалдырдық. Қайтемiз, уақыт зауалы солай.

Сонымен... Мұхтар өзiн-өзi қалай ұстады? Қалай ұстау керек? Ол да пенде. Әшкереленiп жатқан, немесе әшкереленуге тиiстi жазушылар қатарында қалайда пiкiр бiлдiруi заңдылық. Үндемесе - «халық жауының қамқоршысы» боп шыға келедi. Мәселенi, жағдайды, сол сәттегi Мұхтардың көңiл күйiн жан-жақты әрi тереңiрек бiлу үшiн көзге шалынып, қолға түскен деректердiң барлығын назарға ұсынамыз. Әрбiр жиналыс сайын халқымыздың маңдайына бiткен перзенттерiнiң тағдырына «қарғыс таңбасы» басылды. «Шпиондардың», «ұлтшыл - фашистердiң» тiзiмiне қосылған тың есiмдi оқысаңыз, бұл адам «қырағы нарком Ежовтың сақшыларының» темiр құрсауына iлiндi деп есептей берiңiз. Бұл хабарларды жазықсыз жандар туралы берiлген «некрологтың» бiр түрi деп те қабылдауға болады.

Газеттi ашып жiбергенде түнде ғана құшақтасып айрылысқан досыңның «халық жауы» екенiн бiлесiң. Iле өзiңе қарсы шабуыл басталатын. Бейiмбет Майлиннiң «мәселесi шешiлгеннен соңғы» аз уақыттың iшiнде Әдiлбек Қоңыратбаев, Темiрбек Жүргенов, Айсарин, Рахметолла Жаманқұлов ұсталды. Сондай жиналыстың бiрi төмендегiдей: әңгiме - ақын Әбдiлда Тәжiбаев туралы. Мақаланы толық келтiруiмiздiң себебi - мұнда Мұхтардың да сөзi басылған. Талқылау - Әбдiлда ақынның шығармашылығына қарай ойыса берген екен. Екiншiден: сол уақыттың салқын лебi анық есiп тұр. Әрине, бұл талқылаудағы адамдарды кiнәлай қарап, жазғыру ағаттық. Олар «айыпкерге» саяси жарлық тағудан гөрi, әңгiменi шығармашылығына қарай бағыттауға тырысқан. Ол - белгiлi дәрежеде өз мақсатына жеткен. Зады ақындық қасиет деп шындыққа тура қарауды айтсақ керек. Әбдiлда Тәжiбаев та «Жылдар, ойлар» туралы толғанысында сол бiр қиын сәттi жасырмай еске алыпты. Арқасыз - ақын болмайды. Өз буына өзi бусанған жастық шақтың қызуы шыдата ма және тетелес ақындардың бiр-бiрiне қызыға, қызғана қарауы да сирек ұшырасатын құбылыс емес. Оны да түсiнуге болады. Бiз газет мақаласы мен Әбдiлда Тәжiбаевтiң естелiгiн жарыстыра беремiз.

«Қазақстан Жазушылар ұйымында» («Қазақ әдебиетi», 14-шiлде 1937 ж.): «Маусымның 24 күнi Қазақстан Совет жазушылары ұйымының правление жиылысы болды. Бұл жиылыста «Лениншiл жас» газетiнiң 24 июньдегi номерінде жарияланған «Тәжiбаев Әбдiлда және оның достары» деген мақала талқыға салынды. Жиналысқа қатысушы ақын-жазушылар Тәжiбаевтiң қателiктерiнiң түп тамырының қайда жатқандығын айқын ашуға тырысты. Шынында да Әбдiлданың көптен бергi жазған өлеңдерiнiң темасы «өз үйiнiң төңiрегiнде» тар көлемде болып, саяси темадан қалып қойғандығы айқындалды.

Әбдiлда бұл жиналыста сөйлеген сөзiнде қатасын мойнына алудың орнына, өзiн-өзi ақтай, «осы бетiм дұрыс» деуге тырысты. Өзiнiң қате позициясын мақұлдап қасаруы былай тұрсын, немiстiң қуғынға ұшыраған атақты ақыны Генрих Гейненiң творчествосына жала жауып: «оның лирикасын - саяси лирика емес едi, мен де сондай лирикпiн» - дегiсi келдi. Гейненiң творчествосының ең күрделi жағы саяси лирика едi, сондықтан да ақынның өткiр тiлдi өлеңдерiн сол дәуiрдегi бүкiл буржуазия боп жек көрiп, қатты өштестi. Кейiннен шығармаларын фашистердiң қазiр отқа жағып жатқаны да сондықтан. Контрреволюцияшыл-алашордашылардың ықпалында кетiп, советтiк шындықтан, советтiк ұлттық идеядан, советтiк таза мiнез-құлықтан кейiндеп кеткендiгiн Әбдiлданың ұғынғысы келмедi. Жазушылар ұйымының жиналысында «Лениншiл жас» газетiнiң көрсеткен фактiлерiнiң бәрi де дұрыс екендiгi ашылды».

Мәселе неден ушықты, авторы кiм едi? Бұл араға түсiнiк беру артық. Ең дұрысы «кiнәлi» адамның өзiне беру:

Әбдiлда Тәжiбаев: «Басылған бiрiншi мақаланың авторы «Лениншiл жаста» менiң лирикама жақсы баға бердi. Оны әдебиеттегi «жаңа леп» деп таныды. Мұндай мақаланы Исмаиылов, әсiресе, Өтепов Құлмырза көп жазды. Мен осыларға сүйенiп әжептәуiр еркiнсiп кеттiм. Өзiммен құрбы, тетелес ақындарға қораздана қарайтынды шығардым. Сөйтсем, осының бәрi дерлiктей бекершiлiк екен. «Лениншiл жас» газетiнiң сол жылы 24 июньдегi номерiнде «Тәжiбаев Әбдiлда және оның достары» деген атпен ақын Саин Жұмағалидың газеттiң бiр бетiн түгел алған мақаласы шықты. Бұл мен үшiн бомба жарылғандай әсер еткен оқиға болды. Сол күнi түсте Қазақстан Жазушылар ұйымында газет материалын талқылайтын арнаулы жиналыс өттi. Онда мақаланы ұйым хатшысы Қаратаев Мұхаметжан дауыстап оқыды да, редакция пiкiрiн қуаттайтын пiкiрiн айтты. Одан өзге Мұқанов Сәбит, Әбдiқадыров Қалмақан, Әуезов Мұхтар, Сыздықов Жақан, Саин Жұмағали тағы басқалар сөз сөйледi. Маусымның 29 күнi осы жиналыстың материалдарын «Лениншiл жас» тағы басты. Өзiнiң бас мақаласын осы оқиғаға арнады. Бiрсыпыра жолдастардың сөздерi түгел дерлiктей жарияланды».

Ал енді «Қазақ әдебиетiндегi» есепке жүгiнеміз. Кiм не айтты?

«Мұқанов жолдас жиылыста сөйлеген сөзiнде Әбдiлданың мұнан екi-үш жыл бұрын тым тәуiр жазып, қоғам тұрмысынан қашықтап, көпшiлiктен сырттай бастағанын, партия жұмысынан алыстап, өндiрiстен қол үзiп, «өзiндiк-жекелiк» жолға түсе бастағанын айта келiп, соның бәрi кемшiлiктi кезiнде қатты сынамағанымыздан,- дедi. Жаман адамдармен, бiзге жат адамдармен жақындасып, ауыз жаласып, сондай аса үлкен кiнәсін бiреуге жаба салам деуi - дұрыс емес. Алдағанға көнетiн ол бала емес. Сондықтан, Тәжiбаевтiң ондай қылықтарының зор қате екенiн ашық айтуымыз керек. Әбдiлдадан мен үмiт үзген адам емеспiн. Бiз оны сынай бiлсек, ол сынды көтере бiлсе, өз қатесiн мойнына алып түзей бiлсе, өсуiне мүмкiндiк бар. Ол - кедейдiң баласы, совет мемлекетiнде оқып, жоғары дәрежелi бiлiм алған совет жiгiтi. Кемшiлiгiмен бiрге аздап еңбегi де бар. Әбдiлданың большевизмге үйренбей жүргенi рас, ол классиктердi оқығанмен, соны өз басының елегiнен өткiзе бiлмейдi. Партия жиылысына, саяси сабаққа қатыспайды. Егер, осы бетiн түземесе, оның жау болып кетуiне мүмкiншiлiк көп. Сондықтан Әбдiлда түзелемiн десе, ең алдымен большевизмге жетiлудi алдына ең басты мiндет етiп қоюы керек. Ол үшiн большевиктiк сынды түсiнсiн. Қоғам, әлеумет жұмысына белсене қатыссын, актуальный темаға көңiл көбiрек бөлсiн»,- дедi.

Әбдiлда Тәжiбаев: «Сәбең менi сыбаған боп жатты. Бiрақ «Әбдiлда өзiмiздiң адам» дегендi әлденеше қайталады... «Социалистік Қазақстандағы» бiр сыншы жолдас: «Сәбе, мұныңыз сын емес, мақтау боп шықты,- дедi. - Мен айта алмасам өзiң айт!»,- деп Сәбең оған шытынай бiр қарап қойды».

Жалпы, кез-келген жағдайда тiкелей үйiрiле кететiн, кiнәлi-кiнәсiз болса да, бар пәленiң бәрi соған жабыса кететiн өнер адамдары болды. Қазақ топырағындағы ондай тұлға - Сәбит Мұқанов. Кiмнiң шығарғаны, кiмнiң айтқаны белгiсiз, әйтеуiр, ымдап-жымдап өз ойын күрмеп, емеурiнмен жеткiзген талай сыбырды естiдiк. Естiп те жүрмiз. Бiрақ ол кiсiнiң адалдығына Әбдiлда ақынды арашалағаны көз жеткiзедi. Өзге-өзге, Сәбиттiң бiр ауыз сөзi кiмдi де болса, «ұшырып жiберуге» жетiп жатыр едi ғой ол тұста. Ал ол қорғап қалды. Әрине, амалын тауып барып орайын келтiрдi. Ол жақсылықты Әбдiлда ақын да ұмытпаған.

«Қалмақан жолдас Тәжiбаевтiң кемшiлiгi әлдеқандай жай кемшiлiк емес екенiн, оның тап жауларымен ауыз жаласып отырғанын, соның салдарынан соңғы кезде қоғам жұмысындағы және әдебиеттегi белсендiлiгi жойылып, үйiнен шықпайтын болғандығын айта келiп:

- Уалиахметовтер жапонның шпионы болып кетiп отыр. Уалиахметовтен iргенi аулақ салу керек екенiн мен Әбдiлдаға да, өзге жолдастарға да ескертiп едiм. Бiрақ ол сөздi Әбдiлда ескермедi. Әбдiлда жазушылар ұйымында тұрғанда Қоңыратбаев оны билеп, сыртынан қол қойып, 10 мың сомды банкеден алған. Осы сияқты жаулармен Әбдiлданың ауыз жаласып келуi кешiрiлместiк ауыр қылмыс. Қателiктерiн мойынына алып, өз басындағы былықты ашып, мойындап, оны түзеуге тырысуы керек,- дедi».

Әбдiлда Тәжiбаев: «Ендi кезек Мұхтар Әуезовқа тидi. Ол өзгелер сияқты газет мақаласын «тұтас алғанда» қостап шықты. Тәжiбаевқа жақсы қараудың бiрден бiр жолы сын жолы болу керектiгiн де ескерттi. Бiрақ Мұхаң менi «жаулармен байланысты» деген сөздерге аялдаған жоқ. Кiрiспе сөзден кейiн тура Тәжiбаевтiң оқу-үйренудегi кемшiлiктерiн, творчестволық мiндеттерiн талдауға көштi».

Шындығында да - үлкен сын. Жалтара алмайсың. Жан-жағың жар. Айналаңда аңдыған көз. Ақынға тән, мүмкiн қажет еркiндiктi кiм түсiнер? Мұхтардың түсiнбеуi мүмкiн емес.

«Мұхтар жолдас жазушылар ұйымында, комсомол ұйымында Тәжiбаевқа өте жұмсақ қараған, қатесiн кезiнде көрсетпеген, көрсе де ескермеген, бейқамдыққа, өзi бiлерлiкке салынған: Тәжiбаевқа жұмсақ сөзге семiрiп, өзiн-өзi ұмытқан, өзiн-өзi көрмеген, - дей келiп:

- Әбдiлда классиктердiң жазғандарын көп оқығаны рас. Бiрақ оқығанда және солардан үлгi алып жазғанда, механикалы жолмен кете бередi. Дұрыс түсiнуi жеткiлiктi емес. Классиктердiң лирикасын Әбдiлда солар көрсеткен түр, мазмұнда ғана алады. Ол совет ақынына лайық жол емес. Бұлай кеткен соң, жазушылық еңбегiннiң құр ғана елiктеуге, терiс жолға кеткенi. Әбдiлда бүгiнгi күннiң саяси өткiр, мазмұнды тақырыбына ат салмай, ескi ақындар үлгiсiне жалтарғанда, бiрiншi - өзiн өрлетiп, өсiретiн соны жаңалықтан қалып қойып отыр; екiншi - ескiге барғанда да керексiз iздердi қайта басып, өзiне залал келтiретiн шиырларды аралап кеттi. Осы ретте дарашылық, «меншiлдiк» сияқты сары жұрттарға қонақтап барады. Әбдiлданың өлеңдерiнiң iшiнде Мағжанның өлең жолдары да кездесiп қалатыны сондықтан. Барлық ой-сезiмiнiң кiндiгi үнемi «меннен» шығып жатқаны қоғамдық баға, сапа тудырмайды. Қоғамдық лирика болмай, мынандайға салынған лирика осы күнде жүрек айнытады. Мұның жұртшылыққа да зиян келтiретiн жағы да бар. Әбдiлда ақынның жастарға әсерi болмай қоймайды. Колхозда, ауданда жазып жүрген жазушының кейбiрiнiң байқауынша - Әбдiлданың осы жағынан терiс үлгi алып, бiраз елiктеушi болып та бара ма деймiн. Классиктен үлгi алып, меңгерудi интеллигенттiк, өз басындық күйлерге салмау керек. Шиллер, Гейненi, әрине, оқу керек. Бiрақ олардың сол заманға лайықты боп құрылған мазмұн, жөндерi бар, оны байқау керек. Сен өз қоғамыңа олар атынан зиянды әсер әкелме. Оқуың, өсуiң керек. Бiрақ оқып алған бiлiмiңдi сыртқа шығара бiлудiң көп мәнi бар. Бүгiнгi айтылып отырған сынның барлығын достық сын, түзеушi, жәрдемшi сын деп қарсы алуың керек. Сенiң алғашқы сөзiң мойындау емес, қиялаған дау боп шықты. Оған қанағат қылуға болмайды»,- дедi.

Мұхтардың басқаша сөз айтуға амалы бар ма едi? Жоқ. Иә, жоқ болатын. Бiрден-бiр түзу нысана сол. Тым құрығанда «Гейне мен Шекспирдiң жаласынан» арашалап қалуды көздедi.

Әбдiлда Тәжiбаев: «Менiң екi ағам осылай сөйледi. Олар кейбiр ащы сөздi де пайдаланды. Өйтпеске амалы да жоқ едi. Бiрақ әдiл сөйлеуге, сынаған күнде де өздерiнiң сенiмдерiн айтуға тырысты, менiңше, Сәбит пен Мұхтардың «классиктерден қалай оқу керек едi? « - деген пiкiрлерi бүгiн де жастар үшiн пайдалы, ақылды кеңес деп бiлемiн. Мұхаң «меннiң» өзiмшiлдiк тұрғыдан айтылған түрiнiң зиянды екенiн баса сөйледi, менiң солай қарай ауып кетпеуiмдi қатал ескерттi. Бiрақ маған пәлен өлеңi зиянды деп атап көрсеткен жоқ. Мұхаң да, Сәбең де «жауабыңа қанағат қылмадық» деп бiтiрдi сөздерiн. Олары өзгелердi (менi тек кiрлеу, кiнәлау үшiн келген сөзуарларды) шамдандырмас үшiн айта салғандары ғой деп түсiндiм. Қазiр де солай ойлаймын».

Ақынды «тәубесiне түсiрдi» демейiк. Бiрақ шүкiршiлiк етуге толық татитын пiкiр. Мәжiлiс:

«Бұлардан басқа Мәжит, Өтебай, Тайыр, Сыздықов Жақан тағы басқа ақын-жазушылар шығып сөйлеп, Тәжiбаевтiң қателерiн қатты мiнеумен бiрге, бұл бетiнен қайтпай шеттей берсе, тап дұшпандарының батпағына жығылатынын қатты ескерттi. Жазушылар ұйымы Тәжiбаевтiң қателерiн мойындап қана қоймай, тез түзетуiн, түзелгендiгiн iсiмен көрсетуiн талап еттi».

Әбдiлда Тәжiбаев: «Сол жиналыста мен де сөйледiм... Осыдан соң Саин Жұмағалимен дауласамын деп, дәл сол жиналыста айтылмаса да болатын сөздердi айтып кеттiм. Өткен жылғы көктемде екеумiз Жазушылар одағында ерегiсiп қалғанда, оған: - Мен не жазсам, соны жазасың, сөйтiп жүрiп менi жақтырмаған боласың, - дегенмiн. Мына жиналыста сол дауды қайта қозғаған, үлкен принципиальды мәселенi жеке әңгiмесiне айналдыруды ойлаған болып шықтым. Әлгi Мұхаңның маған «сөзiң мойындау емес, қиялаған дау болып шықты» дегенi де сондықтан едi. Жиналыс соңындағы көлемдi де салмақты ойларды менi әшкерелеген бiрiншi мақаланың авторы Жұмағали айтты. Оның бұл сөзi де «Лениншiл жастың» осы нөмiрiнде түгел жарияланды».

Мiне, ойыннан от шықты деген осы. Екеуi де халық қадiрлеген ақын. Олардың өлең өлкесiнде өз орны бар. Жұрт сыйлайды. Ал бiр-бiрiн жоққа шығаруға тырысқандарын қалай түсiнемiз. Кәдiмгi қызғаныш па? Оны да жоққа шығармайық. Құрбы-құрдасының «тым еркiнсiп кеткенiн» көтере алмағандық па? Бұл - бiз төрелiк ететiн iс емес. Олардың өздерi кезiнде жауап берген. Ол жауапты ешкiм де өзгерте алмайды. Әдiлдiк үшiн Жұмағали Саинның сөзiн толық келтiремiз.

«Жұмағали жолдас - Тәжiбаевтің адамдық бейнеден айрылған тап жауларымен дос болып, ауыз жаласқандығын, олармен ерiп маскүнемдiкке салынғандығын, жексұрын жаман мiнездерге түскендiгiн, халық жауы Уалиахметовтiң екi рет соның үйiнен ұсталғандығын, Тәжiбаевтiң оны қорғауға тырысқанын, Жазушылар үйiнiң биылғы пленумында да сондайлармен бiрге арақ iшiп мас болып келiп, тәртiпсiздiк iстегенiн айта келiп, оның шығармаларындағы саяси iрi қателерге тоқталды: «Ұлы пролетариат жазушысы М.Горькийдiң өлiмiне арнап жазған өлеңi совет идеясымен жазылмай, зиянды, терiс боп шықты. Бұл Тәжiбаевтiң шығармалық бетiнiң терiс кетiп бара жатқандығын көрсетедi. Оның тағы бiр қатесi - ақын, жазушы болған адамға саясат пен заманның игiлiктi iсiмен, өмiрiмен танысып араласудың керегi жоқ, тек, Гейне, Шекспир, Шиллер, Сервантес, Пушкиндердi жастанып, үйiнде жата берсе болатын сияқты. Мұнысы адасқандық, саяси соқырлық. Совет ақыны, совет жазушысы өмiрмен, саясатпен араласа отырып, өз дәуiрiнiң алдыңғы қатарынан орын ала отырып, өсуi керек, шығармасы социализм өмiрiнiң сыры болуы тиiстi. Тәжiбаев осыны ұмытты. Ол қазiрдiң өзiнде де қатесiн түгел мойындамай, көпшiлiк сынынан бас тартып отыр. Тәжiбаевтан: қатеңдi мойныңа ал, тап жауларының сырын ашып, зұлымдық iстерiн жұртшылық алдында жайып сал; өзiң - өмiрмен, саясатпен тығыз байланыс, қатеңдi жөндегенiңдi, совет ақыны екендiгiңдi көрнектi iспен көрсет»,- дедi.

Жүректi ауыртатындай ашты сөздер. Бұл «пайымдаушылардың пiкiрлерiнiң кермек дәмi жуықта таңдайыңнан кете қоймайтыны белгiлi! Ұзаққа созылғаны да түсiнiктi. Бiрақ шын таланттар өз тағдырын өзара шешедi.

Әбдiлда Тәжiбаев: «Саин Жұмағалидың да маған жасаған «сындары» үшiн өкпелеуге болмайды. Ол сол шақтың тұрғысынан қарағанда менi шын көңiлмен, шын сенiммен кiнәлады. Жұмағали майданнан жаралы болып келген соң қинала жүрiп, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Мен оның жақсы жырларын көрсем, шын көңiлден қуандым. Қасымдар қатарлы оның да тәуiр өлеңдерiн мақтап жазатын болдым... Бұл мақалаларды «Қазақ әдебиетiнен» оқыған Жұмағали телефон соқты. «- Әбдiлда, - дедi ол жарқын дауыспен еркелей сөйлеп, - бiз Катя екеумiз өмiрде есiгiн ашпаған бiр үйге барғалы отырмыз. (Катерина - әйелi) Түсiндiң бе?,- дедi күлiп. «Түсiндiм, келiңдер»,- деп мен де күле жауап бердiм. ...Жұмағали туралы мақалалар жазғаныма, оның бiздiң үйге келiп дәм татқанына, қайтарында құшақтасып қоштасқанына, ең ақырында ауруханада жыласып, сүйiсiп айрылысқаныма осы күнге дейiн қатты қуанамын. Арыздасар, айырылысар себеп көп. Кейде күннiң жарығы, мұхиттың суы жетпестей жағаласып жүремiз. Өзi бiреудi жамандап сөйлегенi жетпейтiндей, тағы бiреудi жамандасуға әзiрлейтiндер де аз емес. Татуласар, достасар себептер iздеген жөн ғой, ағайын».

Кешiрiмдi болғанға не жетсiн. Бiрақ сол кешiрiмнiң құны тым қымбатқа түссе қайтедi? Өтiрiк өрге баспайды. Жала жерде жатпайды. Дәл нықтап айтылған нақыл. Нақыл емес - шындық. Қаhарын төгiп, қатал басталған қауырт iстiң арты «тәттi» аяқталды. Әбдiлда ақын тiрi қалды. Ал жала ше? Жала жабу оңай да, жаланың «iсiн жабу» қиын. Кiбiртiктемей ашығына көшейiк, өз өмiрiндегi ауыр кезеңдi ашық айтқан ақын түсiнуге тиiстi, мынадай дүдамал бiлдiргендер де кезiктi. Неге бiрiншi боп Жұмағали хабарласады? Демек оның да өкпесi болғаны ғой. Ол да кешiрiп отыр ғой? Ендеше...

Тiлдi қышытып тұрған сол баяғы «еруліге қарулы» қайтарды ма, жоқ па, деген түртпек сөз. Бұл - жанбай жатқан су қурайды отқа ысырып, бықсыта үрлеу. Оған жауапты әр азаматтың ар-ожданы бередi. Ал Саинның соңынан сумаңдаған суық хабар естiлген емес. Мұндай пiкiрдi әркiм айтты. Тiптi, Әбдiлда ақынның өзi 1937 жылы 2-қараша күнгi мәжiлiсте сөйлеген кезiнде оның да аузынан: «Бiздiң драматургтерiмiз Әуезов, Әбiшев, Сағыр Камалов жолдастар мешеулеуден шыға алмай жүр», - деген сөздер шығып кетiптi. Тере беру табандылыққа жатпайды. Ол - негiзгi мақсаттан ауытқытып жiбередi. Мүмкiн, күнделiктi тiршiлiктiң бiр күйбеңiнен аспайтын пендешiлiк шығар. «Бiрақ бұл - перiште боп туып едiм, бүгiн де перiштемiн» - деген сөз емес, нәрестелiктен кәрiлiкке дейiн жеткен адамды уақыт өзi билеп, өзi басқарады, тоңдырып сынайтын да, жандырып сынайтын да осы уақыт», - деген Әбдiлда ақынның толғанып қиналуының да өзiндiк себептерi бар екен. Ол:

«Мен 1930 жылы «Еңбекшi қазақта» Iлияс Жансүгiровті пролетариат жазушысы емес, «жолбике ақын» деген етектей мақала жаздым». «Тiптi, сонау 1930 жылдың өзiнде-ақ Бейiмбеттiң «Жасырын жиылыс» деген пьесасын сынап, «Әдебиеттегi ауа жайылушылықтарға қарсы» деген айқай атпен көлемдi мақала жариялағанмын («Еңбекшi қазақ», 1930 жыл,13 қазан). «Бейiмбеттiң бұл пьесасында, - деппiн мен мақалада, - пролетариат үстемдiгiн дұрыс ұқпаушылық, тап тартысын ойламаушылық бар. Бейiмбет партия басшыларын да бүркеп тастап кеткен. Партия басшылығындағы қолқанат комсомол, жәрдемшi мұғалiмдердi де жiптiң ұшынан сыққан бұзықтар қылып қойған. Мәселенiң бәрi жалғыз өкiлге байланысты болған. Жоғарғы партия орындары мен өкiметтiң халықпен байланысын нығайтатын жалғыз өкiл. Партия ұялары, ауылдық кеңес орындары атымен жоқ. Қысқасы оңшылықтың (байшылдық) тасын өрге домалатқан да отырған». Мiнеки, көрiп отырсыздар, мен осындай мақалаларды әлдеқашан жазған адаммын»,- депағынан жарылды.

Мойындау да - ерлiк. Жұмағали Саин да жалақор емес. Тура, кiрпияз мiнезiнiң салқыны бұл. Әдетте, арандатушы ойын айқайлап айтпайды емес пе.

Әрине, дәл осындай қағаз жүзiнде беттестiру - әдептiлiкке де жатпас. Бiрақ шындық. Шындықты да бетке айтып үйрене бiлуiмiз керек. Онсыз тарих таразыланбайды. Ал ақындар ақиқаттан қашпайды. Өйткенi олай болған күнде - ол ақын емес. Жай пенде ғана.

Ой толғағы осылай иiрiлiп, иiрiмделiп шыңырау шұңғылына тарта бередi, тарта бередi. Сонда да өмiр - иiрiм емес. Ертеңінен дәмелi адамға қалайда бұлқынып шағатын күш табылады. Ол үшiн сәл ғана нәрсе жетiп жатыр. Қапасқа қамалатынын, өзiнiң бүкiл өмiрi зынданда өтетiнiн бiлiп, күйiнiштен жарыла жаздап келе жатқан Виктор Гюгоның көңiлiн әрi көңiлдесi, әрi өмiрлесi Жюльетте Друэнiң жалт еткен жанары жадыратып жiберiптi. Осы ару ажалдан да алып шықты емес пе? Әбдiлда ақын да «жолсыз» болмапты. Ару емес, ағалары шығыпты алдынан.

Әбдiлда Тәжiбаев: «Бұл жиналыстан қызық тарқастық. Әсiресе, маған iш тартып жүрген кiсiлер орындарынан үндеспей тұрып, тiлдеспей шыға бастады. «Ал жүрiңдер. Бiрге қайтайық», - дейтiн әдеттегi сөздер естiлген жоқ. Кәдiмгi жаназадан тараған жұртқа ұқсадық та қойдық. Мен оны-мұны сылтауратып, барлығынан кейiн шықтым. Өзiмнен үркiп, терiс бұрылатындар болса, көрмейiн деп ойладым. Жазушылар одағынан шыға берiсте, оң жақта темiр скамейке болатын, сонда Мұхаң мен Сәбит отыр екен. «- Ой, сен неге шықпай қойдың? - деп Сәбит түрегелдi, - Ленин көшесiмен бiрге көтерiлейiк»,- деп Мұхтар шегiп отырған шылымын лақтырып жiбердi».

Адам мен адамның, талант пен талантың тағдыры қанша ұқсап тұрса да, бiр-бiрiмен мүлдем қабыспайды. Тағдырды салыстыру арқылы ақиқатты дәлелдей алмайсың. Әрқайсысының жiгi басқа. Дегенмен де, қуаныштың аты - қуаныш. Бұл ретте Гюгоға қарағанда Тәжiбаевтiң бақ-талайы ырыстырақ тәрiздi. Қанша iзет сақтағанмен, Сәбит - Сәбит, Мұхтар - Мұхтар емес пе.

Сол бiр лақтырып жiберген шылымының түтiнi қандай ащы әрi тәттi болды десеңiзшi! Өйткенi өмiрдiң сыйы да күн мен түн сияқты алмасып отырады ғой.

Кейде жаныңды ауыртатын күйiнiштер мен қоса тағдырдың тосын сүйiнiш сыйлайтыны да бар. Сондай сирек кездесетiн оқиға күтпеген жерден Мұхтардың еншiсiне бұйырды. Өзiнiң терiс көзқарастарын драматургия жанрындағы шығармаларында да «түзету үшiн» зауалды кезеңнiң қарсаңында жастардың өмiрiнен «Тартыс», «Тастүлек», «Алма бағында» атты пьесалар жазған болатын. Олардың денi жоғары оқу орындарындағы студенттердiң арасындағы таным тартысын, өзара таптық күресiн, махаббаттарын бейнелейтiн. Әрине, өзiн-өзi әшкерелеудi қатты мақсат етiп қойған Мұхтар бұл пьесаларда ұлтшылдықты да бiр қырына ала сынайды. Тiптi, «Тартыста» ол оқиғаның негiзгi мәйегiн ұйытты. Көркемдiк қуат-күшi жағынан соншалықты биiк дәрежеде, әйгiлi Әуезовтің деңгейiнде тұрмағанымен, белгiлi мөлшерде қажеттiлiктi өтедi. Оның творчествосына деген саяси сенiмдi туғызды. Дүние буырқанып, театрдың репертуарының шаңын сiлкiлей қағып жатқан тұста сахнада қойылатын шығарма қалмады. Бейiмбеттiң, Сәкеннiң, Iлиястiң, Ғабиттiң де пьесалары сызылып қалды. Олардың атын атаудың өзi адам өмiрiне қауiп төндiре бастады. Осы мезетте Мұхтардың аталмыш дүниелерi еске түсiп, сахнаға шықты. Iле, сол кезде тура жиырма жасқа толған бозбала Қапан Сатыбалдиннiң: «Алма бағында» кiмдердi көремiз?» деген шағын мақаласы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 1937 жылғы 30 шiлде күнгi санында жарияланды. Бұл - Мұхтардың қабағындағы кiрбiңдi жадырататындай жылы леп боп естi.

«Мұхтар өмiрдi терең түсiнiп, кеңiнен толғап жазатын ойы өрiстi, бiлiмдi жазушылардың бiрi. Мұхтардың басқадан гөрi көбiрек күш жұмсаған, өзiнiң әдеби күшiнiң салмағын көрсететiн жанры - драматургия. Ол қазақтың советтiк драматургиясына көп еңбек сiңiрдi: «Түнгi сарын», «Тастүлек», «Еңлiк - Кебек», «Айман - Шолпан», «Алма бағында» сияқты мазмұнды пьесалар Мұхтардың қаламынан туды. «Тастүлекте» де, «Алма бағында» да Мұхтар өркендi өмiрдегi мәдениеттi, бiлiмдi қазақ жастарын көрсетедi. Олардың өмiрiн осы күнгi жалпы қазақ жастарына үлгi қылуға тырысады. «Алма бағында» пьесасындағы жастардың бет ажарынан күлкi көремiз. Тұйықтық, ренiш, қайғы оларға мүлдем жат. Бәрi де өмiрiн сүйген зерделi жастар»,- депҚапан Сатыбалдин тiлекке тiлек, ниетке ниет қосты.

Мұхтардың өзi теңей айтқан «Жетi басты жалмауыз» басын көтерiп, «тиiстi сыбағасын» шетiнен тырнағына шеңгелдей iлiп жатқан тұста, мұндай шуақты пiкiр есту, жағымды баға алу - бақыт, зор бақыт. Ұзақ жылғы созылған қақпайлаулар мен көрген қағажулардың қарымтасын қайтара алатындай шұрайлы несiбе едi. Жеке кейiпкерлерiнiң жүрiс-тұрысына, мiнез-құлқына, олардың моральдық бет-бейнесiне қаратыла бiлдiрiлген ескертулер көңiлге қаяу салмайтын. Өзiнiң адалдығын, жастық отын, өжеттiгiн байқатқан жеткiншек Қапан Сатыбалдин осы мақаласы арқылы исi қазақ әдебиетiнiң келешегi үшiн үлкен жақсылық жасағанын, «саяси сенiмсiз адамға» сенiм бiлдiргенi үшiн өз өмiрiн де қатерге тiккенiн бiлдi ме? Бiлмеуi мүмкiн емес. Жетелi адамның түсiнiгi алдамайды. Бұл пiкiрдiң маңыздылығы сонда, ол: «Мұхтардың шығармалары жастарды тәрбиелеуге белсене қызмет етiп жатыр. Бағыт-бағдары дұрыс. Оны алдыңғы қатарлы студенттер қауымы қолдайды»,- деген пiкiр қалыптастырды. Қапанның мақаласының соңынан Кәрiжан Дәукенов дегеннiң пiкiрi берiлiптi. Жалпы ниетi дұрыс. Ол:

«Пьесаның сөздерiнде де оғаштық бар ма деймiн. Дәукең бiр сөздiң ретiнде Раяға қарап: «Сен комсомолдың уставына тиемiсiң?»,- дейдi. Тап осы сөздi айтқызбаса да болады»,- деп кiбiртiктеп сыни пiкiр бiлдiредi.

Несi бар, сүйiндiретiн сөз. Жас жiгiтке пьеса ұнаған. Пiкiрiн де жасырмаған. Бұл да белгiлi дәрежеде тәуекелге бел буған. Бiрақ сол тәуекел өзiн-өзi ақтады ма? Қайдам. Әдебиетте, өнерде есiмi ұмытылып кеткен осынау адамға ұрпақтардан айтылар алғыс шексiз болар едi-ау, әттең... Газеттiң сол санының үшiншi бетiндегi (реплика 4-бетке берiлген - Т. Ж.) «Жансүгiров Iлиястың жинағы туралы» «Барып тұрған зиянды контрабанды» - деген атышулы мақаланың соңындағы «Кәрiжан Даукенов» деген қолдың қойылғанын көргенде жүрегiң мұздап сала бередi. Iлиястiң «көзiн жою үшiн» Мұхтарға араша түсудiң, не керiсiнше, Әуезовті аман сақтау үшiн Жансүгіровті оқтың ұшына байлаудың қандай қажеттiгi болды екен? Осы мақаласыз да жыр дүлдiлi Құлагердiң тағдырын құшар, құшпас. Алайда, аз әбiгер әкелген жоқ. Қаралауға, тергеуге мұрындық беретiн «үш айғақтың» бiрi ретiнде iске тiркелмегенiне кiм кепiл. Iлиястың өзiне тiкелей бағытталған баспасөздегi екiншi материал бұл.

Ал үшiншi куә кiм? Ол адам да «көп күттiрмептi». Себебi, келесi санда Iлиясты «халық жауларының» қатарына қосып, әшкерелей бастады. Демек, ол «Қақпанға» iлiккен. Бейiмбет екеуiнiң тағдыры орлайлас. Тамыз айының ортасынан былай олар көз жаздырып кеттi.

Мәңгiге.

Адамның тағдырында да кездейсоқ құбылыстар жиi кездеседi. Iлиясты көзi тiрiсiнде ең соңғы рет көрген жазушы - Мұхтар Әуезов екен. Ол екеуiнiң қылаусыз достығы қос семьяның арасындағы тосын да күрделi байланыстың жалғасуына, дос адамның үй iшiне деген қамқорлықтың өзге арнамен де дамуына ықпалын тигiзген сияқты. Әрине, оның әдiп-астарына төрелiк айтуға ешкiмнiң қақысы жоқ. Заман байлаған түйiншектiң жiбiн тек сол заман ақиқатының үкiмi ғана шешедi.

Фатима Ғабитова - ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясына тиiстi бақыт пен сорды қатар басынан кешкен ер мiнездi әйел. Осынау адамның тағдыры өзiнше жыр. Дара тақырып. Бiз көкейкестi ойымызға дәйек ретiнде Фатима Ғабитқызының балаларының рұқсатымен ол кiсiнiң күнделiгiнен үзiндi ұсынып отырмыз. Мұнда бiрталай тағдыр тауқыметi ашық айтылған. Белгiлi себептермен кей жерiн, кiсi аттарын қысқарттық. Шындықтың барлығы әдебиеттiң, адамдар арасындағы қатынастың бiрлiгiн нығайтпайды. Екiншiден: сол ақиқатты айту үшiн де жазушы болу аз, заң жүзiнде де тиiстi мұрагерлiк баптарға сәйкес құқың болу керек. Ондай өкiлдiк бiзде жоқ. Ең бастысы Iлияс Жансүгiровтің бимәлiм тағдырынан мағлұмат аламыз. Бiзге қажетi де сол.

Фатима Ғабитова: «1937 жылы жазғы демалысымызды екiге бөлiп, алғашқы кезде Алматы мен Фрунзе аралығындағы Дегерес жайлауында болып, қалған уақытта Тәжiкстанның Орджоникидзеабад ауданында өткiзбек едiк. Өйткенi, жыл сайын жазда демалатын орнымыз Алматыға жақын болғандықтан қонақтан-қонақ болып, еркiндеп демала алмайтынбыз. Және жұмыс iстеуге де қолайсыз едi. Iлиясқа мұндай жағдай, тiптi, ұнамайтын.

Октябрь мерекесiнiң 20 жылдығына арнап қазақ драма театры «Исатай - Махамбеттi» дайындауы себептi, Iлияс жайлауға кешiгiп, бiзден 20 шақты күннен соң, тек июльдiң орта кезiнде ғана келдi. Ол бiрнеше жылдар бойы жазып жүрген «Бақытты Жамал» дейтiн поэмасын өзiмен ала келген болатын. Сол Дегерес жайлауында «Бақытты Жамалды» баспаға дайындадық.

Августың он бiрiнде Жазушылар Одағының парторгi Әбдiқадыров Қалмақанның Iлиясты Алматыға шақырған «бұйрығын» алдық. Августiң 13-i күнi, таң қылаң бергенде, Алматыға балаларымызбен тұтас көшiп келдiк. Жол соқты боп барлығымыз да шаршап қалған екенбiз. Жайлаудан қайтқан жүктердi түсiре салып, төсегiмiзге құладық.

Бiраз демалған соң бөлмемнен шыққанда Iлияс үйде жоқ едi. Ол өзiнiң бұрынғы әдетiмен сағат төртте ғана қайтты. Жанында Мұхтар бар едi. Тамақ алдында үшеумiз жайлаудан алып қайтқан қымызды iштiк. Түскi тамақтан соң Мұхтар мен Iлияс өз бөлмесiне кеттi. Мен балалардың жанында болдым. Кешқұрым шайдан соң Iлияс екеумiз Мұхтарды бiраз жерге шығарып салдық. Үйге қарай беттегенiмiзде мен Iлиястан: «Қалмақанды көрдiң бе, неге соншама тығыз шақырыпты?»,- деп сұрадым. Ол: «Ғаббас алыныпты (ұсталыпты - Т. Ж.), сол туралы шақырыпты», - дедi. Тағы бiрталай алынғандардың аттарын атады. Үйге жақындағанымызда бiздiң есiктiң алдында қараңдаған бiрнеше кiсiнiң тұлғасын байқадық. Үйге кiргенiмiзде олар да бiзге iлесiп iшкерiге кiрдi. Шикiл сары бiреуi Iлиясқа ордерiн ұсынды.

Барлық бөлмелер түннiң жарымы ауғанша тiнтiлiп, Iлиястың кабинетiндегi барлық қолжазбаларды, кiтаптармен бiрге алып кеттi. Тек террассадағы архивтер сақталатын үлкен сары шкаф жайлаудан қайтқан жүктермен жабылып, көрiнбей, тiнтiлмей қалыпты»,- дейдi.

Сондай зауал шақта:

Қара түн дүние тұман басқан,

Албасты тұншықтырып уын шашқан.

Күркiреп, көк жөтелiп жасын атса,

Шарт етiп сатыр - күтiр жарылды аспан,-

деп 1937 жылы булыққан жыр дүлдүлi Iлиястың Құлагердiң тағдырын құшқан күн - 13-тамыздың түнi, 14-тамыздың таңы екен.

Бұл зауал таңы қазақ поэзиясы үшiн де қаралы таң едi. Кейiнгi өмiр жолының ауыр-ауыр белеңдерiнен өтiп, бес бiрдей баланы бетiмен қаңғытып жiбермей, басын қосып адам ғып тәрбиелеуiнiң өзi осынау батыл тұлғалы әйелдiң өжеттiгi ғана емес, ерлiгi де едi. Ананың ерлiгi. Осындай қасiреттiң дәмін татқан ананың азап арқалап, уайыммен кешкен ғұмырының «себепкерлерi» туралы ашына есiне алуы да заңды. Төмендегi естелiгiн он ойланып, тоқсан толғанып адам аттарын өзгертiп барып жариялауға бел будық. Мәселе - жекелеген адамның күнәсiнiң ауыр-жеңiлдiгiнде емес. Мүмкiн, күдiк пен жан ашуының екпiнiмен өзiн-өзi тежей алмай, артық-ауыс сөздердi қосып жiберуi де. Басты мәселе - сол ауыртпалықты абзал ана, нәзiк жанды әйел қалай жеңе бiлдi, гәп сонда. Алпысыншы жылдары Қазақстан Жазушылар одағы «ар алдында тазару» мақсатымен ашық партия жиналысын өткiздi. Сонда Фатима Ғабитова да сөйледi. Бiз күнделiкке жазылған сол сөздi қысқаша келтiремiз. Iлиястың семьясының бұдан кейiнгi тағдырынан, Мұхтардың өмiрiнен мағлұмат бередi.

Фатима Ғабитова: «Мен бұл мәжiлiсте халықтың шын ұлдарына, партияның айнымас мүшелерiне жала жауып, ардақты, ғазиз жандардың жазықсыз жаза тартуына, үй-iштерiнің жәбiрленулерiне, тiптi, жазықсыз сәбилердiң көшеге лақтыруларына себепшi болған және Iлиястың қолжазбаларының жағылуына, орны толмайтын асқақ үндi ғажайып «Көбiк шашқан», «Құрманғазы», «Мақпал» дейтiн поэмалардың рәсуа болып жұлмалануына себепшi болған, сталиндiк зорлық-зомбылықтың аса рақымсыз арандатушысы туралы сөйлемекпiн.

Мен - Iлияс Жансүгіовтің әйелiмін, отыз жыл мұғалiм болдым, осы күнi дербес пенсионермiн. 20 жыл «халық жауының әйелi» деген жексұрын атпен өмiр сүрдiм. ХХ партия съезiнен кейiн ғана менiң семьям ол жексұрын аттан азат болды.

Мына бүгiн ХХII партия съезiнен кейiн көрген (бұрынғы - Т.Ж.) жәбiрлерiмдi айтуға, жәбiрлеушiлердiң атын атауға мiнбеге шығып отырмын. Өйткенi Майлин, Сейфуллин, Жансүгiровтердің ажалына себепшi болғандар жаза тартпай, әлi де жауапты қызметтерде болғандықтан, бiздiң граждандық правомызға қол сұғып, бiзбен есептеспей келедi. Мысалы: ерлерiмiз ақталған күннен бастап алатын пенсиямызды үш жылдан соң әрең алдық. Сыртымыздан заңсыз түрде Қазақ Совет Министрлiгi авторлық правомызды сатып алды. Тағы-тағы сондай көргендерiмiз толып жатыр. Бiрақ мен бұл мәжілісте пенсиялар, авторлық праволар жайлы айтпақ емес едiм, тек ыңғайы келген соң айтылып кеттi. Менiң бүгiнгi айтарым - түлкi терiсiн жамылған қорқау қасқыр туралы.

1937 жылдың 13/VIII - сында Iлиясты НКВД алып кеттi. Iлияс алынған соң бiр-екi күн өтiсiмен ...евтiң Iлиясты қаралаған мақаласы газет бетiне жарияланды. Мен, әзір осы мәжілiсте ...евтың Iлиясты қаралап жазған мақаласын қандай материалдарға сүйенiп жазғанын естiгiм келедi. Ешбiр материалға сүйенiп жазбай, тек НКВД: «Қаралап, жала жауып жаз!» - деген соң жазса, бұл адам бейнесiндегi жыртқыш неге сталиндiк зорлық зомбылықшылар қатарында жазасын тартпайды?!. ...евтiң екi жүздi, табансыз, адамгершiлiгi өте төмен адам екенiн дәлелдейтiн мына бiр жайларды да бұл мәжілісте айтып кетудi лазым көремiн.

Iлияс алынысымен ...ев менiң квартирама көшiп келдi. Төрт бөлмелi квартирамның үш бөлмесiнде ол, бiр бөлмесiнде 4 баламен, ауру анаммен мен қалдым. Күнде ...ев: «Квартираның ордерi менде, басқа жаққа көшiңдер» - дейтiн болды. Мен ол күндерде аяғымды әзер алып жүремiн, босанар мезгiлiм де таяп қалған кез едi. Өзiмнен басқа көшiп-қонуға жәрдемдесетiн жан жоқ. ...евты бала күнiнен бiлушi едiм. Алғашқы оқуға орналасарында жетпегенiн жеткiзiп, өзiм нағашысы Мұстафаға жәрдем берiп, оқуға орналастырып едiм. Бұл 1925 жылы Қызылордада болған жай.

...евтан: «Мен босанып больницадан қайтқанша балаларым осы бiр бөлмеде тұра тұрсын. Больницадан келiсiмен бiр жерге көшермiз, тiлеуiң берсiн...», - дедiм. Сонда ...ев: «Сiздің балаларыңыз бен бiздiң балалар бiр есiктен қалай кіріп-шығып жүредi?»,- деп, бетiме ежiрейе қарады. Және сол күнi союздың жүк таситын машинасымен Гүлжамалдың ауыз үйiне көшiрiп тастады. (Гүлжамал Бейiмбеттiң әйелi). Ауыз үйге өзiмiз алты жан ептеп сыйсақ та, жүгiмiз сыймады. Заттарымыз далада шашылып жатты. Гүлжамал екеумiз төсенiштердi екiншi этаждағы ауыз үйiмiзге шығардық. Менi ұйқысыз толғақ қысты. Гүлжамал екеумiз босанатын жерге жаяулап бара жатырмыз. Больницаға жетпей көшеде босандым. Алматыға бiрiншi қар жауған едi. Врачтар он күн бұрын босанғанымды айтты.

Больницада он күн жатып, ұлымды алып қайтып келемiн. Үйге жете бергенде есiгiмiздiң алды қағазға толғанын көрдiм. Байқап қарасам, Iлиястың қолжазбалары. Есiм шықты, ептеп жиыстырып алдым, көбi су болған, жыртылған. Мен больницада жатқанда ...ев террасада қалған бiрнеше қолжазбалармен толы ящиктердi де есiгiмiздiң алдына төктiрген екен. Сонда «Мақпалдар», «Құрманғазылар» рәсуа болды.

1947 жылы, жаз айларында жанында үлкен ұлы бар ...ев Меркеде 10 жылдық қазақ мектебiнде завуч болып тұрғанымда маған келдi. Тiлi соншама майда: «Менiң сiзге көрсеткен жәбiрлерiмдi кешiңiз, мына балаңызды алдыңызға алып келдiм», - дедi. Тағы менiң қара басымдағы қасиеттерiмдi тiзiп, ендi менiмен бiр туыстай болып өмiр сүруге бел байлағанын айтты. Ғажап, бұл маған не үшiн келдi екен деп ойландым. Есiме Мұхтар түстi. Бұл сұм менiң Мұхтармен жақсы екенiмдi бiлiптi де, Алматы барып Мұхтардың қанатының астына кiру үшiн алдымен менiмен татуласуды ойластырғанын сездiм. Сол күндерде өзiмнiң күнделiк дәптерiме мына бiр сөздердi жазып қойыппын. «Кешiрiлмейтiн кiнә»:

Жаралы жолбарыстай, мен амалсыз.

Отырмын Iлияс кеттiң, сен хабарсыз.

«Алдыңызға кеп тұрмын, кешiр», - дейдi,

Қара иттей ...ев неткен арсыз?!

Iлияс ақталғаннан кейiн ...ев Iлиястың комиссиясына кiрмек болды. Мен Ғабитке айтып комиссияға енгiзбедiм. Бiрақ Мұхтарға «Эпопея, эпопея» деп жалынып жүрiп Академия шығарған сборникке Iлияс жайлы жазуға рұқсат алыпты. Мұны бiлген мен, Мұхтарға қатты ашуландым. Сонда маған Мұхтар: «Фатима, осы өте саяз жүзесiң, жазсын. Iлиястың бiрiншi қаралаушысы да ...ев және бiрiншi мақтаушысы да ...ев болсын. Келешекте тарих өзiнiң әдiл бағасын шығарар!», - дедi.

Сөзiмнiң соңында айтарым: соншама екiжүздi, арам, өзiнiң қара басының ғана қамын ойлайтын, асыл жандардың өлiгiн таптап мақсатына жететiн адам партия қатарында қалай жүре алады?!».

Жартылай айтылған шындық - жабылған жаладан да ауыр. Сондықтан, Фатима апайдың тағы бiр естелiгiн келтiрудi жөн көрдiк. Ол - Iлиястың бұл өмiрден көрген соңғы қызығы, көшеде дүниеге келген Болат Iлиясұлы Жансүгіровтің белi бесiктен шықпай жатып түрме есiгiн ашқан «сәбилiк тағдыры». Ілиястың ерінi соңғы рет тиген, әкелiк мейiрiмiн соңғы рет егiлдiрген де осы Болат. Және бұл үзiктен Iлиястың соңғы сөзiн де естимiз. Сол тұстағы Мұхтардың көңiл күйi де аңғарылады. Өйткенi оның өмiрi осы семьяның тағдырымен тiкелей сабақтас.

Фатима Ғабитова: «1937-iншi жыл. Апрельдiң аяқ кезi. Iлияс Совнаркомның таудағы демалыс үйiнде «Исатай» дейтiн пьесасын жазып жатқан кез. Мен 12-iншi мектептiң 5-7 кластарына тiл және әдебиет пәнiнен сабақ беремiн. «5» а класының жетекшiсiмiн. Және мектеп бойынша әдебиет үйiрмесiн басқарамын. Тағы да алдағы сайлауға депутаттыққа ұсынылған кезiм едi. Газеттерден тiлшiлер келiп, менiмен әңгiмелеседi. Суретiмдi түсiрiп алады. Сөйтiп, халқыма қадырлы оқытушы болып, арымай қызмет еткен күндерiмде Болаттың бойыма бiткендiгiн байқадым. Алдында ағалары (Жәнiбек, Азат, Саят), тәтелерi (Үмiт, Ильфа) бар. Мен босанғанда әрдайым Iлияс қатты қуанатын. Сонда ол: «Мен - баламыз болды деп қуанбаймын, сен аман қалды деп қуанамын»,- дейтiн.

Бiрiншiден, қызметiмдi қимағандықтан, қызықты болғандықтан; екiншiден, бала соншама таңсық та болмағандықтан, мен Iлиясқа телефонмен барлық жайды айттым... «Тiкенiмдi алдырсам қайтедi?»,- дедiм. Ол ұзақ жауап бермей тұрып: «Жоқ жаным, алдырма! Өзiңе зиян келуi мүмкiн»,- дедi. Және: «Топ баланың ортасында ол да өсер»,- дедi. Сонымен Болат дүниеге келетiн болды.

1938-жыл. Февраль. Күндiзгi сағат екiде (мектептен қайтқанда) НКВД-ға соқтым. Телефонмен Iлиястың тергеушiсiмен сөйлестiм. Ол: «Сағат үшке келiп үлгiрсеңiз бүгiн тамақ та алайын және көрiстiруiме де болады»,- дедi. Менiң арманым - туғалы көрмеген Болатымды Iлиясқа көрсету. Жүгiре басып үйге келе жатырмын. Жолда Гүлжамал жолықты. Гүлжамалды ерте сала үйге келдiм. Болатым бесiгiнде тәттi ұйықтап жатыр екен. Iлиясқа деп дайындап қойған заттарымды Гүлжамалға берiп, Болатты өзiм алып НКВД-ға қарай желе жортып келе жатырмыз. Жол бойы тыныш ұйқысы бұзылған Болатым айқайлап жылап келедi. Оны уатуға уақыт жоқ...

Комендатураға келiп жеттiк... Болатымды Гүлжамалға бере тұрып, өзiм тергеушiмен сөйлестiм. Ол: «Тосып отырмыз, жылдам кiрiңiз! Пропускаңыз дайын», - дедi. Болатымды жөндеп орап та ала алмай, емiзiп тыныштандыра да алмай, бақырған бойымен алып кiрiп кеттiм.

Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:

- Бiздiң тарихи алғашқы кездесуiмiз осындай орында болды ма?, - дедi. Болат айқайын қоймады. Мен, киiмiмдi шешiп, Болатты емiзбек болдым. Тергеушi:

- Шешiнбеңiз, бес-ақ минут уақытыңыз қалды, - дедi.

Мен, көкiрегiмдi ашып, сүтi ағып бара жатқан емшектi Болаттың аузына салдым. Күн ұзын ашыққан жас нәресте қомағайланып еме бастады. Iлияс мен отырған орындықтың артынан келiп, Болаттың шашалып, қоймағайланып емген түрiне қарап тұрып:

- Бұл ұлымыз етiкшi болсын, етiк тiгуге үйрет бұл ұлды, - дедi.

Тергеушiнiң: «Өзiңiздей жазушы болар», - дегенiне Iлияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етiкшi болып еркiн өмiр сүрсiн», - дедi.

Бес минут болды ма, болмады ма, тергеушi маған: «Ендi шығыңыз», - дедi. Пропускаға қол қойып, қолыма ұстатты да, Iлиясты НКВД-ның қорасындағы түрмеге айдай жөнелдi... Болатты емiзген қалпымда бауырыма басып, НКВД-ның үлкен есiгiнен шығып, комендатураға келдiм. Гүлжамал тосып отыр екен: «Жөндi сөйлесе де алмадық»,- деп Болаттың жылағанына ренжiп, Гүлжамалдың қасына отыра кеттiм. Гүлжамал сықылықтап күлiп: «Болат жарайды, жылағаны жақсы, өскенде жайларыңды табамын деп тепсiнгенi ғой ол Болаттың»,- деп, әлденелердi сөйлей жөнелдi...

Мен, Iлиястың Болат жайлы бiрiншi айтқанын орындадым. Ал, екiншi тапсырмасын орындай алмадым... Ендi Болаттың өз еркi. Геолог бола ма, етiкшi бола ма? Өмiр алдында...».

Болат әке арманын орындап етiкшi де, геолог та болмады. Өнер жолын қуды. Бұл өзге әңгiменiң арнасы. Тек Iлиястың соңғы бейнесi көз алдыңа елестеп, жүрегiң сыздап сала бередi. Шындық осы. Ащы да аянышты. Мұндай әдiлетсiздiк қалай туды?

Ақиқат - айтыс, пiкiр таласы арқылы анықталады. Ал айтысты тудырған ақиқаттың өзi ақиқат па? Лысенковшылардың «жалған ғылымын» ақиқатқа балап, дәлелдемейтiн шындық деп түсiнудiң өзi адастыру емес пе? Солай. Ендеше, жоқ нәрсенi бар, жаланы шын деп неге қабылдамасқа. Өкiнiшi сол, «зауалды жылдары» жағдай дәл осылай болды. Мәселе тура бүйiрiнен қойылды. Шындық - әдебиетпен, соның төңiрегiндегiлердiң таласымен ашылмайды. Әрине, нағыз жазушы бүгiнгi өмiрдi талдайды, сол арқылы пiкiр қорытып, ертеңгi күндi болжайды. Халыққа тура жеткiзбесе ыммен, ишарамен меңзейдi. Әйтеуiр үндемей қалмайды. Андре Моруаның:

«Кез келген билеушi үшiн ең қауiптi адам - жазушы»,- деуi сондықтан.

Алайда, отыз жетiншi жылғы қасiрет тұманы ешкiмдi мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға жалпағынан төндi. Солардың қатарында қазақтың адал перзенттерi, оның iшiнде Ленинмен бiрге қызметтес болған Тұрар Рысқұлов iспеттi большевиктер де қоса iлiндi. Алғашқылардың бiрi боп жауапқа тартылды, яғни тұңғыш құрбандардың легiнде кеттi. Бұлар - сол кездегi интеллигенцияның қаймағы едi. Олардың ұсталуы жазушылардың көңiл күйiне тiкелей әсер еттi. Күйiндiрдi де, өкiндiрдi. Және бұлардың ұсталуы Сәкен мен Iлиясқа, Сәбитке, Мұхтарға тiкелей қауiп төндiрдi.

Алғашқыда «Социалды Қазақстанда», iле 13-тамыз күнi «Қазақ әдебиетiнде» басылған «Ұлтшыл фашистерге өмiр сүргiзбеймiз» деген мақала баршаның төбе шашын тiк тұрғызды. Бұл - жаңа өрттiң, апат өртiнiң лап ете қалғанының белгiсi едi. Қарғысқа лайық сөздiң бәрi сол азаматтарға бағытталды. Бас-бастарын түгендеп тұрып:

«Ұлтшыл-фашистердiң басшылары - Рысқұлов, Қожанов, Нұрмақов, Құлымбетов және олардың артынан ерген ат төбелiндей бiр топ қана сұрқия жөлiктер партия билетiн тек өздерiнiң екi жүздiлiк бетiн бүркемелеу үшiн пайдаланып жүрдi. Олар еш уақытта да адал ниетiмен большевик болған емес. Рысқұлов - рысқұловшылар жауыздық арам iстерiн пантюркистiк контрреволюциядан бастады. Қожанов - қожановшылар алғаш шыққанның өзiнде-ақ ұлт буржуазиясы мен интервенттердiң туын көтере шықты. Садуақасовшылардың, нұрмақовшылардың көздегенi де осы. Бұлардың қай-қайсысы болса да ұлтшылдықтан бастап, бара-бара троцкизммен, оңшылдармен ым-жымын бiрiктiрiп, Жапония мен Германияның ең белсендi шпионына айналып кеттi»,- депүкiм шығарды.

Қайдағы Германия, қайдағы Жапония? Оларға бұлардың қандай қатысы бар? Ол елдердi көрдi ме? Оған ешкiмнiң шекесi қызған жоқ. Интеллигентi аз, әлi толық ұйып болмаған халықтың ең жанды жерiне қылбұрау салып, осал тұсынан ұстады. Жабылған жаланың бiр тармағы дәлелденген күннiң өзiнде өмiрмен қош айтысуға мәжбүрлiгiн сезiнер едi. Айғақ табылмаса ше? Оны кiм iздейдi? Мәселе айғақта емес, мүлдем басқа кiлтипан едi. Социализмнiң күш алып келе жатқан кезiнде Қазақстандағы жергiлiктi халықтың миллиондап аштан қырылып қалуы Сталин үшiн жақсы атақ әкелмейтiн. Бүгiн ол туралы ауызды аштырмағанмен, ертең бәрi бір ашыларын бiлдi. Сондықтан да оған кiнәлi адамдарды iздедi және тапты да. Бадырайтып тұрып:

«Бұл ұлтшыл - фашистер, өздерiнiң фашист қожайындарының разведка орындарының тапсырғандарын орындап Қазақстанда кулак-байлардың көтерілiсiн ұйымдастырды. 1929-1932 жылдары арасында болған перегибтердi, көшпендiлiктi осылар ұйымдастырғандығы қазiр әбден айқындалып отыр»,- деп жазғырды.

Жұртшылық бұған сендi ме? Бәрi емес, бiрақ, нанушылар да кездестi. Себебi оба ауруынан да қатты зардап шектiрiп, түңлiгi ашылмай қалған мұқым ауылды көзiмен көргендердiң өксiгi басыла қоймаған едi. Демограф, академик Бромлейдiң СССР халықтарының дамуы туралы монографиясындағы кестесiнен қазақ халқының 1939 жылғы саны 1926 жылмен салыстырғанда 26 процент кемiп кеткенiн көруге болады. Ал бұл осы он үш жыл iшiнде бiр де бiр сәби тiрi тумады. Ересектерi тек өлумен болды деген сөз. Ендеше мақаладағы:

«Совет халқы, оның iшiнде қазақ халқы, бүкiл Қазақстан еңбекшiлерi өзiнiң большевиктiк қырағылығын бұрынғыдан да күшейтiп НКВД орындарына көмектесiп, ұлтшыл-фашистердiң бiрiн қоймай әшкерелеп, көзiн құртады»,- деген үндеуге кiм иланбайды.

Қайта, «қара ниеттi қарақшылардың» ақыры табылғанына қуанып, жазалауды талап етпей ме? Логикалық жағынан алғанда «қиыннан қиыстырылған» саясаттың «сарасы» ғой. Ешқандай ақау жоқ. Халық ойланбастан сенетiн-ақ сылтау. Сендi де. Iле, сол «сұмырайлардың сыбайластары» әдебиетшiлердiң де арасынан табылды. Бейiмбет пен Iлияс мақала жарияланысымен-ақ Тұрардың «етегiнен ұстап» кеткен болатын.

Жоғарыдағы үндеудi келесi беттегi: «Әдебиеттегi троцкист-бухариншiл-фашист зиянкестерiн жерiне жете құрту керек» деген мақаланы жазған белгiсiз автор (жалпы кiм екенiн жорамалдап бiлуге болатын сияқты) одан әрi дамытып, әдебиетке жақындатып:

«Көркем әдебиетте троцкист-бухариншiл фашист агенттерi - Авербахтың iстерi ашылып жатқанда, жазушылар ұйымы, оның кейбiр бастықтары (Мұқанов, Сейфуллин, Жансүгiров) қазақ әдебиетiндегi авербахшылдықты жерiне жете ашуға өте шабан қимылдайды... Сәбит өзiнiң шығармаларында: «Адасқандарында» байды мақтап, 1932 жылы басылған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетiнде» халық жаулары алашордашылардың объективтi революцияшылдық ролi бар деген қателерi үстiне, соңғы кезге шейiн халық жауларына (Уәлиахметов, Айсарин, Жұмабаев, Асылбековтерге) көрiне ымырашылдық жасады. Өзiнiң шығармаларын халық жаулары Досмұхамедов, Малдыбаевтарға аудартуға бердi, Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгенi, тағы басқалары - Сәбиттiң жай ғана қатесi емес, үлкен саяси қателескенiн Сәбит те, оны «аяушылар да» уақытында түсiнiп, толық мойындап, ол қатесiн жоюға батылдықтары жетпедi»,- депқалшылдап уытын төктi.

Ашынған жылан шақпай қоймайды. Қапысын табады, оңтайына келтiредi. Белгiлi партия қайраткерi Абдолла Асылбеков тергеу кезiндегi қорлыққа шыдамай «тағылған барлық айыпты мойындаймын» деп қол қойды. Ол тергеудiң есебi «Сәкен - бiздiң басшымыз» деген атпен Қарағанды газетiнде жарияланған. Қол қойдыру - Вышинскийдiң заң ғылымына қосқан «үлесi». Егер де, «халық жауы» қолын қойса, онда сол сұрақ-жауаптың iшiнде аты аталған адамдардың барлығы да «шпион» боп шығады. «Үш айғақтың» бiрiне жарайды. «Сәкеннiң аманаты» атты пьеса жазу барысында Сейфуллиннiң ең соңғы сәттерi жөнiнде көптеген тың деректер жиған жазушы Әлжаппар Әбiшев:

«Сәкендi айыптауға себепшi болған «айғақтың» бiреуi - осы Асылбековтың Қарағанды газетiнде жарияланған тергеу iсi. Екiншiсi - «Сәкен - жапон империализмiнiң агентi» деген мақала. Үшіншісі өзінің ауыл жағынан келген хат. Тергеу осы үшеуiне сүйенiп жүргiзiлiптi. Тергеу iсiнде солай жазылған»,- деп едi оңаша бiр сырласқанда.

Сәбит те Абдолланың досы едi. Ал Мұхтар жиырмасыншы жылдардың басында бiрге iстеген үзеңгiлес, ниеттес, ескi көз көргендердiң бiрi-тiн. Яғни, сыншының қамшысының ұшы оған да тиiп жатқан.

Расында да, ол тұста баспасөзде пiкiрiн ашық бiлдiргендердiң бәрiне «қоңырау тағып», күмбiрлете қағу - әбестiк. Әбестiк емес - әдiлетсiздiк. Соның бiрi - Қалмақанның хаты. Ол барлық кiнәнi өз мойнына ала отырып, өзiн де қарауылға iлiндiре отырып, мойнын iлгерi созады. Жазаға өз еркiмен бой ұсынады. Сол 13-тамыз күнгi жарияланған: «Бiзде болған қателер» деген «Қазақ әдебиетiнiң» редакциясына жолдаған хатында Қалмақан:

«Мен, екi жылдан аса партия ұйымының ұйымдастырушысы болып келсем де, осы былықтың ортасында отырып алдын-ала қателiктiң бетiн аша алмадым, подхалимдiк, ымырашылдыққа белшемнен баттым. Шынында, бiздiң жазушылар ұйымының айналасында партия ұйымының жұмысы жәй ғана қосалқы ұйым тәрізденiп келдi. «Бiздiң мiндетiмiз жазу, бiзден партия жиналыс, саяси сабақ қалай жүрiп жатқандығын сұрамайды, роман сұрайды, поэма сұрайды», - деу ұйымның бастығы Сәбиттiң екi сөзiнiң бiрi болды, екi жыл бойында жүрген пропагандистiк мiндетiн орындамады... Ақырында, Жұмабаевтi шақырып алып, оған аударуға кiтап бергiздi... Екiншi, бiр айта кететiн сөз, Мұхтар совет жазушыларының қатарына кiргелi 5 жыл болды. Совет жазушысына iстелетiн жәрдем, оған түгел берiлдi де, Мұхтар үш-төрттеген тәуiр еңбек те бердi. Сонымен қатар ескi уақытта ұлтшыл, алашордашыл пiкiрде жүрiп жазған зиянды шығармаларын жинақ қып бастырып отыр. Ол туралы өзi жұмған аузын әлi ашқан жоқ. Сонымен қатар, бұрынғы алашордашыл ұлтшылдар фашизмнiң агентi болып бетi ашылғанда солардың сырын ашарлық iс iстемей, үндемей отыруының өзi күдiк. Бетi ашылған жаудың тамырын қопара ашуға Мұхтар ат салысуы керек едi. Бiрақ, оны Мұхтар атқармай отыр»,- депжалғастырды.

Бұл пiкiрде жала, қасақана арандату жоқ. Өзiнiң «кiнәсiн» шын мойындаған адамның және сол «жазықты боп қалғанына» сенген аңғал жанның ойы. Басқаша құбылтамын десе, қолында тұр едi.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354