Ардагер энергетик: АЭС бойынша тездетіп қимылдау керек
Отандық энергетика саласына жарты ғұмырын арнаған ардагер энергетик Ахметкәрім Құрманғазин тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда бір де бір жаңа ГЭС-тің салынбауы, бұрынғы барымызбен ілдебайлап келе жатуымыздың өзі қауіпті екенін айтып, дабыл қағады. Ол, салыстырмалы түрде, мұны басқалар алға ілгерілеп, соны үлгідегі көлік мініп жүргенде сенің астында қақалып-шашалған ескі-құсқы «Запорождың» болуына теңейді. «Артта қалған» деген сөз жай бергі жағы, сол ескірген ГЭС-теріміз қыстағы Екібастұздың жылу жүйелері секілді сыр беріп жүрмесе десеңіз, әрине оның бетін аулақ қылсын», - дейді Ахметкәрім Құрманғазин.
«Көріп отырғандарыңыздай, жыл өткен сайын техника, технология қарыштап дамып, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге дендеп еніп жатыр. Адам тұтынысындағы барлық техника энергияны қажет етеді. Оны айтасыз, тіпті энергиямен жылынатын бүтін тұрғын үй кешендері де бар бізде қазір. «Жылы еден» деген де әлдеқашан сәнге айналған. Осының барлығы энергия тұтынысына деген салмақты арттырып жатыр. Бірақ, соған сай энергетика өндірісі кешені бізде мүлде жаңармаған. Салыстымалы түрде айтсақ, бұл қазір көп менсіне бермейтін ескі «Запорож» көлігімен жүрген секілді ғой. Негізінен, ақиқаты осы. Сондықтан осы сала маманы ретінде мен атом электр стансасы бар елдерге қызыға әрі қызғана қараймын», - дейді ол.
Ардагер маман өз заманында бұл салада өмір бұрқ-сарқ қайнап жататынын еске алады. Ол кезде оның пайдасы болғанымен, бүгіндері, өкінішке қарай, одан түк қызық жоқ.
«Бізді бір орнымызда көп тұралатпайтын. Сібірдің жарты ай, бір-екі ай күн болмайтын өңірлерінде де болып, тәжірибе алмасып жататынбыз. Оны әкеліп, өзімізде қолдануға қам жасайтынбыз. Әрине, Тәуелсіздік алған егемен елімізге алыс шетелдермен тәжірибе алмасу мүмкіндігі туған шығар. Бірақ, одан пайда не? Олардың тәжірибесін бізге әкеліп бәрін бірдей қолдана аламыз ба? Жоқ, әрине. Жаңаны ескіге қалай пайдаланасыз? Содан кейін де әсіресе техника мен технология бойынша мықты-мықты мамандардан айырылып қалып жатырмыз. Шетелге кетіп жатыр барлығы. Энергетика саласындағы қызметкерлер, әрине өзіне жүктелген жұмысты істейді, бірақ оның машақаты көп болып тұр. Олар да жаңа дүниемен жұмыс істегісі келеді, маман ретінде дамығысы келеді. Бірақ ескімен қайда барасыз?», - дейді ол.
Сала маманы АЭС құрылысы дегенде адамдар бойында ұялаған үрей - қоғамда кеңінен таралған жемқорлық мәселесіне де қатысты өз ойымен бөлісті.
- Жемқорлық – Қазақстанға ғана тән дүние десек жаңылысамыз. Ақ пен қара, жақсы мен жаман секілді қатар жүретін құбылыс қой ол қоғамдағы. Әрине, шек пен шекара болу керек. Бізде асыра сілтеуге жол берілген. Әсіресе, тәуелсіздік алған тұстарда, капитализмнің иісі мұрынға бармайтын кезде. Қазір заман дамып жатыр. Құндылықтар да жаңғыруда. Бірер он жыл бұрын «уақыт – ақша» десе, көбісі күлетін. Қазір уақыт валютаға айналған заман. Оның үстіне 4G, 5G деген келді бізге. Менің түсінігімде, бұл – ашық мемлекет, ашық қоғам, ашық экономика. Қазір болған нәрсе қолыңыздағы телефонда сайрап, көрсетіліп жатады. Бұрын жасырып, жамап-жасқауға болатын. Қазір ол жағы, өздеріңізге мәлім, қиындап барады. Бір сөзбен айтқанда, беделіңіз болса, жұмыс та ақша да келеді сізге. Ал бедел түссе, түк жоқ сізге. Соған ақырындап келе жатырмыз өзі. АЭС деген бір мезетте үй тұрғызған секілді салына салатын нәрсе емес, өкінішке қарай. Оған көп жылдар керек. Ашық қоғамға аяқ бастық қой, АЭС салынып бітеді дегенше, ол жағы да ілгерілей береді деп ойлаймын, - дейді А. Құрманғазин.
Сондай-ақ маман жемқорлық десе, Алматыда құрылысы басталып, бірақ жылдар бойы тұралап тұрған көпірлер, метро есіне түсетінін айтады.
«Кезінде елімізде көпірлердің құрылысы тұралап тұрды. Метро да сақалды құрылысқа айналды. Міне, осыларды жемқорлықтың көзі деп тоқтатып салсақ, не болар еді?.. Алматыда бүгіндері көліктер аласапыраны орын алар ма еді, қалай? Бұрынғыдай емес, қазір көпір құрылысы жылдам жүруде. Метро қаланың көрікті нысаны, адамдарға діттеген жеріне жылдам жетудің баламалы құралы болып, бізде даму барын өзгелерге байқатып қалып жатады. Сол секілді ғой, меніңше, жемқорлық бар деп АЭС құрылысын тұсауласақ, одан біз ұтылмасақ ұтпаймыз», - дейді ол.
Abai.kz