Сенбі, 27 Ақпан 2021
Жаңалықтар 3186 0 пікір 9 Сәуір, 2013 сағат 04:02

Нұраддин Садық. Мұсылман болу үшін араб болу міндетті емес

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде «машаллаһ», «сұбханаллаһ», «иншаллаһ», «намазхан», «Аллаһ» сөздерінің қазақ тілінің тілдік қоры мен әдебиетінде жиі қолданылып, тілдік қорымызға еніп бара жатқанына қатысты дау-дамай өрши бастады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгелі, бірқатар діни топтардың аптығы басылып, белсенділігі төмендеп қалғандай көрінген осынау өліара шақта көтерілген бұл дау - аталған мәселенің әлі күнге де күн тәртібінен түспегендігін аңғартты. Осыған орай, біз де бұл мәселеге үн қатып, шама-шарқымызша талдау жасап көруге тырыстық.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде «машаллаһ», «сұбханаллаһ», «иншаллаһ», «намазхан», «Аллаһ» сөздерінің қазақ тілінің тілдік қоры мен әдебиетінде жиі қолданылып, тілдік қорымызға еніп бара жатқанына қатысты дау-дамай өрши бастады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгелі, бірқатар діни топтардың аптығы басылып, белсенділігі төмендеп қалғандай көрінген осынау өліара шақта көтерілген бұл дау - аталған мәселенің әлі күнге де күн тәртібінен түспегендігін аңғартты. Осыған орай, біз де бұл мәселеге үн қатып, шама-шарқымызша талдау жасап көруге тырыстық.

Әуелгі сөз «машаллаһ», «сұбханаллаһ», «иншаллаһ» секілді одағайларға қатысты. Қазіргі таңда, дін ұстанған жастар арасында болсын, солармен араласатын адамдар арасында болсын, осы сөздер жаппай «модаға» айналып бара жатыр. «Машаллаһ» сөзі қуанған, таңданған сәттегі көтеріңкі көңіл-күйді білдіретіндіктен, бұған дейін айналымда болып келген «бәрекелді!», «паһ, шіркін!», «ой, пәлі!», «жарайсың!» секілді көңіл-күй одағайларын айналымнан шығарса, екінші «сұбханаллаһ» сөзі «Құдай сақтасын», «айтылған жерден аулақ!» тіркестерін қолданыстан шығарып келеді. Ал, үшінші «иншаллаһ» сөзі «Құдайға шүкір», «Құдай қаласа», «бұйырса», «сәтін салса» секілді баламаларын ығыстыруда. Меніңше, қазақша бірнеше түрлі сәтті баламалары бола тұра, араб тіліндегі одағайларды жаппай қолдану - өтпелі кезең тұсында жастар арасында модаға айналған батыстық тұрпатты «йес!», «шет!», «о, ноу!», «окей!», «бай!» сөздері секілді тілді шұбарлайтын қауіпті құбылыс. Сонымен қатар, өздерін дін ұстанбайтын өзге қауымнан ерекшелеу үшін, бір-бірін жазбай тану үшін де қолданылады десек, қателеспейміз. Мұны бір деп қоялық.

Екіншіден, діндар қауым арасында «намазхан» деген сөз жиі қолданылады. Бұл да қазір айқындауыш мүше қызметін мүлтіксіз атқарып жүрген сөздердің бірі. Яғни, әлгіндей «діни жаргондар» арқылы өзіне бір табан жақын адамдарды анықтап алған діншіл қауымның бір-біріне екінші қояр сұрағы «намазхансың ба?» болады. Қарсы тараптан «әлһамдулиллаһ!» деген сенімді дауысты естіген сәтте, разы болған дауыспен «машаллаһ!» деп жауап беру «уәжіп» болады. Бұл - танысу, табысу рәсімінің алғашқы бөлімі сәтті аяқталды деген сөз. Біз бұл жерде белгілі бір діни топтардың қалай әрекет ететінін, көбею, таралу жолдарын зерттейін деп отырғанымыз жоқ. Біздікі - олардың лексиконындағы сөздердің мән-мағынасына бажайлау. Ел арасында бұл сөзді елімізде ең алғаш Рәтбек қажы мүфти боп тұрған кезінде мешітке келген жастардың «әсіредіншілдігін» мысқылдап, «намазхандар» деп атағанынан бастап таралды деген сөз бар. Содан бері, кешегі мүфтиіміз Әбсаттар Дербісәліден бастап, жер-жердегі имамдарымызға дейін мешіттердегі «намазхандар» санының қаншалықты өскендігін айтып есеп бергеніне куә болдық. Қала берді сол имамдар өз уағыздарында осы сөзді әлі күнге дейін тілге тиек етсе, сол «намазхандар» бұл сөзді өзге намаз оқымайтын қауымнан бөлектейтін «әлеуметтік статус» деңгейіне жеткізіп алды.

Енді осы белгілі бір топтардың «әлеуметтік статусына» айналған «намазхан» сөзіне тоқталып көрсек. Құран Кәрімді қанша ақтарсақ та, бұл сөзді таба алмадық. Онда қаратпа сөз ретінде «иман келтіргендер» немесе «Мұхаммедтің үмбеттері» деген секілді тіркестер көбірек қолданылған. Сонда, бұл сөз қайдан пайда болған? Бұл туралы әлгінде сөз болған әлеуметтік желілердегі тартыстардың бірінде дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай былай деп пікір білдіреді: «Намазхан» сөзі парсы/фарси тілінен шыққан. Мұнда екі түбір сөз бар, біріншісі «намаз», ал екіншісі «хан». نماز сөзі парсышада дұға, жалбарыну, тілек дегенді білдіреді. Ол көне санскрит тіліндегі "намасте" сөзінің өзгерген формасы. "Намасте" үнділердің екі қолдың аясын ұстап беретін сәлемі, ол "саған бас иемін" деген мағынаны білдіреді. «Намаз» және «намасте» сөздері Құранда кезікпейді, Құранда "әс-Салаат" сөзі пайдаланылған (ол жеке әңгіме). Ал «намазхан» сөзін құрайтын екінші сөз «хан/хван» (خوان) туралы бірер ауыз сөз: парсы тілінде «хван/хуаан» сөзінің мағынасы көп, ол жеке өз басына және басқа сөздерге жұрнақ ретінде жалғанып қолданылатын көп мағыналы сөз. «Хван/Хуаан» сөзінің мынадай мағыналары бар: кішкентай үстел/дастархан, саты, пайдалану, серуен, оқу, өлең айту, ән айту. Бізге қатыстысы соңғы екеуі, байқасаңыздар қазақ тіліндегі «ән» сөзі де осы парсының хан/хван/хуаан сөзінен шыққан. Қорыта айтқанда намаз+хан сөзі (نمازخوان) намаз оқитын адам дегенді білдіреді. Түріктерде және қазақтарда бұл сөз кең қолданыста болмаған, кейбір жамағаттардың (суфи тариқаттарын айтып отырмын) мүшелері қолданған болуы мүмкін, бірақ жаппай жұрт айтып жүрген деуге негіз жоқ. Өз басым «намазхан» деген сөзді Қазақстанға келген соң молдалардан естігем, қазақта ондай сөздің болғанын бұрын білгем жоқ, үлкен кісілерден естіп көргем жоқ еді». Дінтанушы ғалымның әлеуметтік желіде білдірген пайымы осындай. Бұл пікірден түйгеніміз - «намазхан» сөзі Құран Кәрім түгіл, біздің діндарлар арқа сүйейтін араб тілінің өзінде жоқ. Сонда, бұл «кастаға» кірмейтіндерді сонда қалай атауымыз керек? Біздің дінбасыларымыздан бастап, молдаларымызға дейін неліктен көпшілікті алалауға «бейілді» осы сөзге құмар екені түсініксіз...

Ендігі бір қызу пікірталас он сегіз мың ғаламның иесі, жалғыз жаратушымыз Құдай тағаланы «Алла» немесе «Аллаһ» деп атаймыз ба деген пікірдің айналасында өрбіді. «Аллаһ» деп атайық дегендер Құдайдың өзі жіберген қасиетті Құран Кәрімде «Аллаһ» деп жазылған, сондықтан оның есімін бұзбай, қателеспей, солай атауымыз керек деп дәлелдеп бақты. Араларында «даулы мәселелер туындағанда Ата Заңға сүйенесің ғой, сол секілді бұл мәселеге келгенде Құран Кәрімге сүйенуіміз керек!» деп табандап тұрып алғандар да болды.

Жалғыз жаратушымыз Алла Тағаланың (Аллаһ емес, әнші Пугачева да емес) қалай аталып, жазылуы туралы айтпағымыз мынау. Біздің түсінбейтіміз жаратушымыздың есімін «Алла» емес, «Аллаһ» деуге құмар «жаңашылдарымыз» «ақылды» да,

«Алла деген жүректерден бал ағылды,

Ахиретте Алла ілімін пана қылды» деген Қожа Ахмет Яссауи,

«Бай-кедейлік бір Алланың ісі ғой,

Деме «кемдік» пайда, мүлік жоқтығын» дегенАхмет Иүгінеки,

«Кімге Алланың түссе пейіл, назары,

Күллі тірлік, аңсағанын алады!» дегенЖүсіп Баласағұн аталарымыздан бастап,

«Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа» деген Бұқар жырау Қалқаманұлы,

«Еркекке әйел, әмбемізге иман парыз,

Жаратқан бір Алланы есіңе алып,» деген Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы,

«Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы,» деген Тілеуке Құлекеұлы (Шал ақын),

«Алланың иланамыз бірлігіне,

Көңілдің күйінеміз кірлігіне,» деген Абыл ақын Тілеуұлы

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас!»

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас,» деген хакім Абай Құнанбайұлы

«Бір Аллаға сиынып,

Кел балалар оқылық!» деген ағартушы Ыбырай Алтынсарин

«Баланы оқуға бер жас басынан,

Алланың құр қалдырмай олжасынан» дегенМәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды абыздарымыз, ақын-жырауларымыз «ақымақ» болғаны ма? Бұл пікір турасында осы ұлыларымыздың еңбектерін зерттеуші әдебиеттанушы-ғалым, аға буын ғалымдардың өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мекемтас Мырзахметұлы ағамыз да «Егемен Қазақстан» газетiнде 2008 жылдың 08 қазанында жарияланған «Сөздi қазақы қалпында қолданайық» атты мақаласында: «Мың жылдан астам уақыт бойы қолданып келе жатқан дәстүрлi дiнiмiз - исламды суниттiк жолымен ұстанып келемiз. Бұл жол ислам қағидалары мен ұлттық қазақы дәстүрiмiздi, әдет-ғұрып, салт-санамызды ғажап үйлестiре бiлген рухани құбылысқа айналды. Мың жылдан астам мұны қазақ халқы (барлық түрiк халықтары сияқты) араб тiлiндегi «Аллаһ» сөзiн өз тiлiнiң дыбыстық табиғатына орай «Алла» деген сөз түрiнде қолданып келдi. Бұл сөзге бүкiл дәстүрлi поэзиямыз бен бүгiнгi әдебиетiмiз де мән берiп, «Алла» сөзi түрiнде жазылып, жырланып келедi.

Хакiм Абай өзiнiң «Алланың өзi де рас, сөзi де рас» деген философиялық өлеңiнде «Алла» сөзiн қолдануы - халық тiлiнiң табиғи болмысынан туған дәстүрлi құбылыс болатын.  Ал бүгiнде «жер астынан жiк шықты, қос құлағы тiк шықты» дегендей, Қазақстанға сыртан келген бүгiнгi ислам дiндарлары тiлiмiздi сындырып, «Аллаһ» сөзiнiң арабша қалпын бұзбай айтыңдар деп мешiттерде уағыз айтып, баспасөзде жарияланған насихаттарында «Аллаһ» сөзiн қолданысқа түсiрiп, қалыптастыруда. Олардың бұл қылығы - ғылыми негiзi жоқ бүкiл тiлдерге тән ортақ заңды белiнен басу. Тiл ғылымында мойындалған ортақ заңдылық - әлемдегi халықтардың бәрi де сырттан, бөгде тiлден сөз қабылдағанда өз тiлiнiң табиғи өзiндiк дыбыстық ерекшелiгiмен сөйлеу тiлiнiң дыбыстық қалпына (моделiне) байланысты қабылдайды. Мысалы, қазақтар орыс тiлiндегi «Москва, Санкт-Петербург, Оренбург, ящик, трактор», т.б. сөздерiн өз тiлiнiң жатысына қарай «Мәскеу, Петербор, Орынбор, жәшiк, тiрәктiр» деп қазақыландырып қабылдайды. Орыстар да қазақтың «қымыз, қуырдақ, сексеуiл, бүркiт» т.б. сөздерiн өз тiлiнiң жатысына қарай «кумус, кавардак, саксаул, беркут» деп айтуы заңды құбылыс. Бұл - барлық тiлдегi ортақ заңдылық. Мұны филолог ғалымдардың бәрi де бiр сөзге келмей мойындайтыны анық» - дейді. Яғни, қазақ тіл білімінің емлесінде «молла», «Алла», «үммет», «Мұхаммед» деген секілді сөздер мен атау сөздер кірме сөздерге жататынын, ол сөздердің құрамындағы қосарлы «лл», «мм» дауыссыз дыбыстары сингармонизм заңына сәйкес, соңғы «л» дыбысы «д» дыбысына айналып, соңғы «м» дыбысы «б» дыбысына өзгереді деп оқытпап па еді? «Алдаберген», «Алда жарылқасын», «Алда разы болсын», «Үмбет», «Мұхамбет», «Махамбет» «молда», «алда» деген есімдер мен тіркестер соның жемісі емес пе? Сонда біздің қазақ тілінің тілдік нормасына сәйкес, «Аллаһ» демек түгілі, тіпті «Алла» дегеніміздің өзі қалай болар екен?..

Кейінгі кездегі дін ұстанушы қауым мен солардың ықпалындағы жалпы жұрттың қазақ тілін араб тілінен келген сөздер арқылы шұбарлауына алаңдаушылығын білдірген кейінгі буын ғалымдарымыздың өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы ағамыз да өзінің «Алаш айнасы» газетіне 2010 жылдың 30 қаңтарында берген сұхбатында «Сөз жоқ, арабтың, парсының тілін мойындаймыз, ол - мәдениетіміздің бір қабаты. Бірақ олардан келген атауларды қазақтың табиғи дыбыс үндестігіне, тіл заңдылығына салып жіберуіміз керек қой. Мәселен, арабтар «китабун» дейді. Біз олай айтпаймыз, «кітап» дейміз. Негізі, «кітәп» болғаны дұрыс. Араб тілін жетік білген Абай «Алла» дейді, біздің бүгінгі мықтылар тіл табиғилығын менсінбей, «Аллаһ» дегенді шығарды,» - деп, тілдік нормалардың бұзылып отырғанын сынайды.

Аталған ұғымдар мен сөздерді жазу турасындағы пікірталастар кезінде кейбір тараптардан «Белгілі бір діни сөздер мен есімдерді тілдік заңдылықтарға икемдеп қолдану дұрыс па? Бұған дінтанушы мамандар қалай қарайды екен?» деген секілді пікірлер білдірілді. Менің ойымша, бұлай жалтақтаудың қажеті жоқ. Себебі, оған тілдік нормаларға сүйене отырып, тұжырымды уәж айтатын - филолог мамандар мен тілші ғалымдар болмақ. Өйткені, бұл арада дінтанушы мамандарға жүгінетіндей, ол сөздерге, ұғымдарға сену (ақида) мәселесі немесе ол сөздерді діни рәсімдер (намаз, құран оқу, т.б.)  кезінде қалай атауға болатыны талқыланбайды. Қазақ тілінің тілдік заңдылығына сәйкес, қалай қолдану керек (аударыла ма, баламасы пайдаланыла ма, жоқ әлде фонетикалық өзгерістерге ұшырап, кірме сөздің өзі қолданыла ма), сол айтылуы керек. Ал, діни ритуал кезінде, сол рәсімді орындаушы қалай атаса да өз еркі. Осы екі арасын ажыратып алған жөн. Олай дейтініміз, исламда  діни рәсімді орындаушы адам оны Құран түскен араб тілінде орындайды. Ал, күнделікті өмірде қазақ тілін қолданушылар қазақ тілінде сөйлейді. Сондықтан, сол мемлекеттік тіл - қазақ тілінің нормалары сақталуы тиіс. Бұл ешқандай да діни принциптерге қайшы келеді деп ойламаймын. Себебі, сол Алла тарапынан келген ақырғы кітап Құран Кәрімнің өзінде «Ей, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шындығында,Алланыңқасындаең ардақтыларыңтақуаларың.Күмәнсіз,Аллатолықбілуші,әрнәрседенхабар алушы..» («Хужурат» сүресі, 13-аят) делінген. Зер салған адамға осы аяттан-ақ, Алланың әу баста-ақ, араб пен ажамды тілдік, ділдік, дүниетаным, т.б. тұрғысынан бір-бірінен ажырату үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлгендігі көрініп тұр. Демек, бұл аят біздің мұсылман болуымыз үшін араб болуымыз міндетті емес екендігін айғақтап тұр десек болады.

Қорыта келе айтарым, сырттан келген қандай кірме сөз болсын, теологиялық маңыздылығына қарамастан, күнделікті тұрмыс пен ресми әдебиетте қалыптасқан қазақ тілінің тілдік нормаларына сәйкес жазылып, айтылуы тиіс. Яғни, «Аллаһ» сөзіне қатысты айтатын болсақ, «Һ» әрпі қазақ тілінде ешбір сөздің соңында келмейді. Осы арада Иса пайғамбардың атақты «Кесарево - Кесарю, Божие - Богу» (қазақшасы «Цезарьдікін - Цезарьге, Құдайдікін - Құдайға») деген сөзі ойға оралып тұр. Бұл дегеніміз, «Цезарьдің, яғни мемлекеттің бұйырғанын - мемлекетке бер, соның тәртібімен жүр. Құдайдың бұйрығын - Құдаймен жеке қалғанда қыл, екеуін араластырма» дегенді білдіреді. Біздің жағдайда, мемлекеттің қалағаны - мемлекеттік тілдің нормалары, соның орындалуы болса, соны мүлтіксіз қыл. Ал, Құдайдың бұйрығын - Құдаймен жеке екеуара қалғанда қалағаныңша қыл деп отыр. Түсіне білген адамға мәселенің «дипломатиялық шешімдерінің» бірі осы  болар деп ойлаймын.

Abai.kz

0 пікір