Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 1672 4 пікір 14 Наурыз, 2023 сағат 11:25

Министрлердің саяси сауаты неге төмен?

Менің айтайын деп отырғаным, біздің Үкіметтің құрамындағы министрлер туралы. Мен, он жеті жыл Ақмола облысының аумағындағы Есіл аудандық әкімшілігінде қызмет еттім. Ол кезде, әрине заманның ауыр кезі еді. Еліміз тәуелсіздік алған, алғашқы жылдары болатын. Осы  ауданда  қызметте  жүргенімде, 1995 жылы Ата заңымызға біраз өзгерістер енгізген референдум өтті. Тай-тұяғымыз қалмай, бәріміз қатыстық.

Осы, республикалық референдумда қабылданған Қазақстан  Республикасының Ата заңы, тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне  жол ашқан акт болып табылды.

Жаңадан қабылданған Ата заңымызда, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілі - мемлекеттің барлық аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында, тікелей қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі деп көрсетілді. Осыған орай, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әр азаматының парызы екендігі түсінікті түрде, нақты айтылған.

Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. (Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабының 2-тармағы). Дегенмен, қазақ тілі секілді, Ата заңымызда  орыс тілі арнайы тармақпен ресми тіл деп көрсетілмеген. Тек қана,  ресми түрде ғана пайдаланылады, деп жазылған. Сондықтан, биліктегілердің  және барлық мемлекеттік қызметте жүргендер  осыны түсінуі керек.

Сонда, неге біз осы орыс тілін, бұл күнге дейін мемлекеттік деңгейге көтеріп, іс жүргізіп келеміз? Қазіргі жоғарыда жүрген министрлердің мұны түсінетін саяси сауаттылығы неге жоқ?! Бұған кім  жауапты? Әлде, елімізде этнос болып саналатын   орыстардан қорыққандықтан  ба?! Немесе, іргеміздегі Ресейге жалтақтаймыз ба?!

Сол тұста, бізге, мемлекеттік қазақ тілі мен бірге орыс тілі, орыс тілді тұрғындары басым облыстарда ғана бірдей қолданылады деп түсіндіретін. Мен қателеспесем, республика деңгейінде тек қана қазақ тілі заңдық тұрғыда үстемдікке ие деп айтылатын еді. Бізге солай түсіндірілетін. Ал, егер мен қателессем, айып етпеңіздер!

Осыған орай, өзім жұмыс жасаған аудан, сонымен қатар, бүкіл Ақмола облысының аумағы тұтас іс жүргізгенде қазақ тілі мен орыс тілін қатар пайдаланатынбыз. Бірақ, қазір ол жақтың да орыстары мен қалған-құтқан неместерінің, қазақ тілін меңгеріп алатындай уақыты әлдеқашан болды ғой. Отыз жылдан аса уақыт өтті.

Бұл арада, мемлекетіміздің талап ету деңгейі өте төмен. Тіпті, тіл білмесе, әсіресе мемлекеттік органдарда қызметшілерге қазақ тілін оқытатын  курстар ашуды неге ұйымдастырмайды?! Яғни, жоғарыдағыларда жауапкершілік жоқ.

1996 жылы 4 қарашада сол кездегі ҚР Президентінің Жарлығымен, «Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасы» мақұлданып, ел аумағындағы  барлық ғылым-білім, мәдениет, техника салаларын мемлекеттік тілге көшіру кезеңін басталып кеткен болатын. Содан бері талай жылдар өтті. Қазір енді, бүкіл осы аты аталған салалар мемлекеттік тілге ауысып болды деуге негіз бар. Солай шығар.

Енді айтарым, мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты. Неге біз әлі күнге дейін, елімізде этнос болып саналатын орыстың тілін мемлекет деңгейінде ұстап тұрмыз. Мысалы: Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Алматы, сонымен қатар, көпшілігі қазақтар болып келетін батыс облыстарға және Абай облысына, сонау Ұлытау мен, өзге де қазақтары басым кейбір облыстардың аудандарына орыс тілінің керегі қанша, мемлекеттік тіл тұрғанда! Біздің республика, ол Қазақ мемлекеті. Негізін салған қазақ халқы. Сондықтан, заңды тұрғыда барлық үстемдік қазақ тіліне берілуі керек емес пе?! Соны неге ұқпаймыз!

Енді, мақаланың жоғарғы тұсында айтқанымдай, неге осы күнге дейін министрліктерге осы жағдай түсіндірілмейді. Әлде, бұл саяси сауатсыздық па! Мысалы: осыдан біраз уақыт бұрын, Президентіміз жаңадан бес министрді тағайындады. Жас келсе іске деген. Біз қуандық. Дегенмен, осы министрлердің кейбірі мүлде саяси сауаты төмен екені көрініп тұрады. Мысалға айтқанда, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өзі Өзбекстаннан екен. Алайда, журналисттердің қойған сұрағына үнемі орыс тілінде ғана жауап береді. Дегенмен, орыс тілінде оңшалықты дұрыс сөйлей алмайтындығы көрініп тұр.  Айтқан сөздеріне көңілің толмайды. Әрине, бұл азаматқа кір жаққымыз келмейді. Бірақ, қазақ мемлекетінде жүрген соң, Ата заңымызда мемлекеттік тіл қазақ тілі болып табылғаннан кейін, осы тілде  жауап беруі тиіс.  Бұларға тұтас қазақ халқы қарап тұр ғой. Айып етпесін, аты аталған министрдің, саяси  сауатының  және  түсінігінің  төмен екендігі көрініп тұр.

Ескертейін дегенім, жоғарыдан министрлерді тағайындағанда, әрдайым, олардың саяси  сауаттылығының  деңгейіне де, қарау керек шығар!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446