Бейсенбі, 6 Ақпан 2025
Аласапыран 144 1 пікір 6 Ақпан, 2025 сағат 14:05

Трамптың бейбіт жоспары қандай?

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

Bloomberg-тің жазуынша: Трамптың бейбіт жоспары - соғысты уақытша тоқтату. Яғни, тараптар майдан даласында қай жерге дейін жетті, сол жерде тоқтайды.

Одан бөлек:

* Ресей оккупациялаған территориялар Мәскеудің бақылауында қалады. Бірақ, ол жерлердің статусы белгіленбейді;

* Украина Ресейдің қайта шабуылдауын мүлде болдырмайтындай қауіпсіздік кепілін алады;

* Ұрыс қимылдары аяқталған соң, Украинада президенттік сайлау өткізіледі.

Қосымша: Бейбіт жоспарды ресми түрде Трамптың Украина-Ресей бойынша арнайы өкілі Кит Келлог таныстырмақ! Егер Ресей келісімге көнбесе, АҚШ жойқын экономикалық соққы жасайды!

АҚШ-тың бейбіт жоспарына қатысты Ақ үй шенділерінің пікірі қаққа жарылған. Кит Келлог бастаған бір топ Ресейге қысымды күшейту керектігін алға тартса, екінші тарап бұған қарсы пікірде.

Британ журналисі Пирс Морганға сұхбат берген Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Путинмен жүзбе-жүз жолығып, келіссөз өткізуге кетәрі емес екенін айтқан.

Президент Зеленский: «Егер бұл бейбітшілікке қол жеткізудің, соғысты тоқтатудың, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болса, сөзсіз, мен Путинмен жүзбе-жүз келіссөз өткізуге дайынмын! Мен оған жылы емеспін. Оны жауым деп есептеймін. Ол да мені жау санайды. Бірақ, бұл мәселеде менің оған көзқарасымның қалай екендігі маңызды емес», - дейді.

Ресей атынан бұл жолы РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сөйлеп: «Владимир Зеленский іс жүзінде легитимді президент емес. Соған қарамастан, Ресей Зеленскиймен келіссөз жүргізуге дайын. Зеленскийдің президенттігінің заңдылығы жағынан бірсыпыра мәселе бар. Оны біздің президентіміз Владимир Путин де бірнеше мәрте айтты. Солай болса да, біз келіссөздерге ашықпыз», - деді Песков.

Abai.kz

1 пікір