Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
2733 23 пікір 20 Наурыз, 2023 сағат 11:09

Сайлау 2023: Дауыс беру қалай өтті?

Өткен түні сағат 20.00-де Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлерге дауыс беру аяқталды. «2004 жылдан кейін арманға айналған мажоритарлы сайлау жүйесі қайта енгізілді, азаматтарға партиялық тізіммен ғана емес, жеке өзін ұсынуға мүмкіндік жасалды» деп мақтауын асырған кезекті саяси дода мәресіне жетті.

Түнгі 12-де «Еуразиялық интеграция институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 ден астам сайлау орынында 30 мыңнан астам адам қатысқан Еxit poll нәтижесін жариялады.

Олардың меже есебі бойынша:

«Amanat» партиясы - 53,46%

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 10,52%

«Respublica» партиясы - 8,90%

Қазақстан Халық партиясы - 6,25%

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы - 3,22%

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 7,87%

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 5,31%.

Азаматтар «бәріне қарсымын» деп 4,47% дауыс берген. Көріп отырғанымыздай жаңадан жасақталатын Парламентке баруға 6 партия қажетті дауыс жинаған. «Аманат» партиясы сайлаушылардың жартысынан астамының дауысын жинаған. Қатарында президентік додаға түскен 3 үміткері бар «Ауыл» партиясы «Ақ жол» мен «Халықты» артқа қалдырып, екінші орынды иеленді.

Сайлау қарсаңында «Ақ жол» қатарындағы Азамат Әбілдаев «Путиннің арнаулы операциясын қолдаймын» деп көптің наразылығын тудырып, партия қатарынын шығарылған еді. Үнемі бұрынғы билік партиясы «Нұр Отаннан» кейінгі сүбелі орынға жайғасып келген «Ақ жол» партиясының бұл жолы шаң қауып, төртінші орынға түсіп қалуына жоғарыдағы жағдай әсер еткен болуы мүмкін.

Құрылғалы бері Парламент төрінен орынсыз қалмай келе жатқан «Қызылдар» партиясының «Ауылды» алдына шығаруына да ұқсас жағдай әсер еткен – партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың  Ресейге айрықша «махаббаты» себеп болғаны анық.

Партияның бәрі алдын ала жарияланған ресми емес сайлау нәтижесіне дән риза. Тіпті көш соңында қалып қойған «Жасылдар» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртайдың сағы сынып тұрған жоқ. Ол әлеуметтік парақшасында «Сайлауалды үгіт-насихат кезінде көпшіліктің 500-ден астам талабын партия бағдарламасына енгізгенін», алған бағыттарынан айнымай жалғасты жұмыс жасай беретінін жазды. Оған қарағанда құрылғанына екі-ақ ай болса да, алдыңғы үштіктен көрінген «Республика» партиясы өкілдері орнын олқысынғандай кейіп танытты.

Сайлау мінсіз өтті деп айта алмаймыз. «Ескі Қазақстанның» елесі кезіп жүрді. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өз таңдауын жасады. Бұрынғыдай бір адам бірнеше рет дауыс беру, комиссия мүшелерінің сайлау бюллетендерін жәшікке топтап тоғытуы, бақылаушыларды дауыс санауға қатыстырмау сияқты «Елбасы дәуіріндегі» келеңсіздіктер тағы да қайталанды. Оны прокуратура өкілдері де растады. Сайлауға өзін ұсынған танымал журналист Ермұрат Бапи: «Б**ыңмен жастылармен жарыстырып қойған, Құдай-ай!» деп налыса, Дінтанушы Қайрат Жолдыбай: «Жаңа Қазақстанның «әділ» сайлауына да куә болдық» деп жазды.

Сайлау күні Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметтің отставкаға кететінін жариялады.

Тәуелсіз бақылаушылар әкімшілік кедергілердің көп болғанын жарыса жазуда. Журналист, қоғам белсендісі Дина Елгезек Алматы әкімдігінің сайлау учаскілеріне бақылаушыларға таңғы беске дейін сайлау хаттамасын бермеу туралы пәрмен бергенін жазды.

Жаңа жасақталатын Парламенттің алдында тұрған кезек күттірмейтін міндет – Үкіметті қайта жасақтау, президент ұсынған кандидаттарға дауыс беру екенін белгілі.

«Аманаттың» елу пайыздан астам дауыс алғанын ескерсек, жаңа Парламентте бұрынғы «Нұр Отандықтардың» үлес салмағы басым болары хақ.

Екінші орын алған «Ауыл» да, үшінші орын алған «Республика» да оларға оппозиция бола алмайды. Можоритарлық жүйемен Парламент партасына жайғасатындардың (29 орын, оның ішінде партия өкілдері де, қоғам белсенділері де бар) қарсылығы да ештеңе шешпейді.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1254
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2965
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3423