Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6107 0 пікір 21 Наурыз, 2023 сағат 14:56

Оспан батыр - ел жадында қалған тұлға

Сталиндік зобалаң жылдары еңбектеген жастан еңкейген қартқа дейін небір сұмдық оқиғаларды көзбен көріп, оның зардабын басынан өткізді.  

Елдің болашағына алаңдап, ұлттық мүддеге аянбай қызмет еткен  кісілердің өздері түгілі баласына дейін қудаланып, үлкен жапа шекті. Сталиндік репрессияға, мемлекет тарапынан қудалауға іліккен адамдардың балалары бастарынан өткізген қасірет пен қиындықтардыөзінен кейінгілерге айтуға да қорыққан. Үкіметтен қатты сескенгені сондай,бір жерге өтініш жаза қалса, тегін жасыру үшін «тегім кедей», «әкем орта шаруа болған», «өз ажалынан қайтыс болды» деген сияқты сөздерді қосып отырған. Большевиктердің ұлт болашағына қарсы қасақана жүргізген саясатының ұрпақтың тарихи жадысының сақталуына да тигізген зардабы көп болғандығы соншалықты,тіпті, әлі күнге дейін ата-бабасы туралы дерек іздеуші адамдар көп кездеседі. Себебі, 1930-37 жылдары ата-анасынан айрылып, немесе ата-ана баласынан бөлініп, тентіреп кеткен жағдайлар көп болған.

1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, одан кейінгі кеңес билігі құрылған тұстағы күштеп қазақ қоғамын түбегейлі өзгерту үшін жүргізілген саясат түрлі тарихи оқиғалардың орын алуына себепкер болғандығын да ескеруміз керек. Осы күнге дейін қасақана жүргізілген құйтырқы саясаттың салдарынан болған ұлт - азаттық көтерілістер туралы (себептері-автор)да нақты бір тоқтамға келе алмай жүрміз. Осы көтерілістерде қаза тапқан адамдар, елеусіз қалған тарихи тұлғалар қаншама?Халық көтерілістеріндеәулие адамдар, батыр адамдар, діни тұлғалар аз болмаған. Әулие кісілердің, үлкен діни адамдар ұлттық мүддені қорғау үшін болған көтерілістердеәрдайым алдыңғы саптажүрген. Яғни, тарихи уақыт, жаугершілік заман қоғамнан, өскелең ұрпақтан жауынгерлікті талап етіп,рухты шыңдаумен қатар, рухани қасиет үлгілерінде қоғам алдына шығарып, мәдениет пен тарихтың құбылысына айналдырып отырған.

Осындай тұлғалардың бірі - Дәрменұлы Оспан.Бұл кісі шамамен 1866-1931 жылдар аралығында өмір сүрген, батыр, әулие, діни адам болған. Көне көз кісілердің айтуы бойынша 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске қатысқан, Аманкелді Имановтың жасағына өздері ауылдан 15 адам болып барған. Әрине, бұдан бөлек Ырғыз ауылдарынан көтеріліске қатысқан адамдар көп болған. Бұл кісілер он бес адам (өздері тұрған ауылдан болуы керек) болып барған. Оспанның қасында көтеріліске қатысқан діни адамдардан басқа ұста кісілерде болған.

Ырғыз ауданының бұрынғы Тәуіп деген жерінде (қазіргі Құйылыс ауылынанТорғайға қарай 20 км жерде) Оспан тамы деген жер бар. Сол жерде осы кісінің ата-анасы, әйелі, көтерілісте қаза тапқан сарбаздарда жерленген болуы мүмкін.Оспан батыр 1931 жылы 65 жас шамасында қайтыс болған, сол жерге жерленген. Жергілікті адамдардың айтуы бойынша Оспан тамының қасынан өтіп бара жатқанда бұл жерді білетін адамдар көлігін тоқтатып, Құран бағыштап өтетін болған.

1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде Амангелді Имановтың жасағында Оспанменаттас басқа да кісілер болғандықтан, халық бұл кісіні мұртты Оспан деп атаған екен.Шағын бойлы, қара торы кісі болған.Оспан туралы аталарынан естіген кісілер: «Көтеріліс кезінде қолына айбалта, қылыш, беліне қанжар байлап сап алдындажүргені» дейді. Айбалта алып алдыңғы қатарда жүрудің себебі, көтерілісшілердің ішінде арқалы адамдардың да болғандығын білдірсе керек-ті. Қазақтың соғысу ережесінде осындай кісілер үнемі алда жүрген.

Байқауымызша, қазақ батырларының жаумен соғысуда өз тактикасы болған. Бауыржан Момышұлы соғыс адамнан екі нәрсені талап етеді, – деп жазған еді. Ол ақиқат пен шындық. Ақиқат қалың шайқаста тірі қалу, сол үшін жаумен күресу керек. Елдің амандығы үшін барынша өзіңді қорғау да ерлікті талап етеді. Ал, батырлық дегеніміз қиын сәттерде ақыл мен айла-тәсілді қатар іске асыра білуден көрінетін қасиет. Бойға дарыған, ел дарытқан ізгі қасиеттерді біріктіріп, оны елдің игілігіне жұмсап отыру үшінде үлкен ерік-жігер қажет. Қазақ батырларының тарихи бейнесі бүгін бізге осыны көрсетеді.

Кешегі ұлт азаттық көтерлістерге қатысқан қазақ батырларының барлығы да хандар заманындағы батырлардың рухымен тәрбиеленген адамдар еді. Оларды біріктірген де тарих тағылымы. Оспан Дәрменұлы сынды кісілерді халықтың ұмытпауы, есімін үлкен кісілердің айтып жүруінің өзі кездейсоқтық емес. Беделді адамды халық ұмытпайды. Өкінішке орай кешегі кеңес билігі осындай кісілердің бейнесін барынша санадан өшіріп, олардың ұлттық мүдде жолындағы қызметтерін, күресін кішірейтіп көрсетуге, тіпті болмаса жоқ қылуға ұмтылды.Жастары келсе де ұрпақ үшін, жастарға қамқор болу үшін соғысқа аттанған осындай  кісілердің рухы кеңестік солақай саясаттың салдарынан ұмыт бола бастаған. Байыппен қараған адам болмаса, кез - келген адамға алаш тұлғаларының, соның ішінде ұлттық мүдде жолындағы күрес алаңында қалған батырлар рухы бірден көзге түсе бермейді. Осындай ерекше құбылысқа ие дүниелерді ұлттың тарихи санасында сақтау үшін алаш зиялылары тарихи оқиғалар мен батырлар жөнінде көптеген өлеңдер, поэмалар жазып қалдырды. Алаш зиялыларының қазақтың батырлары мен әулие адамдарының тарихта алатын орны жөнінде жазған мұлалары бүгінгі біздерге ұлттық рухтың тұлғалық көріністерін жаңа биіктіктен сомдауды міндеттейді.

Батырды шығаратын ел-жұрт, яғни ұлттың, халықтың өзі. Ұлт, мемлекет болмаса, ұрпақ ұлттық мүдденің құндылығын, рухты ұғынып өспесе батыр адамдар қалай қалыптасады? Болашақтың талабы үшін талантты тани білудің, оны қоғам алдына шығарудың өзі жеке адамды да, тұтас елді де осындай дүниелерге жеткізіп отырған. Мағжан Жұмабаев жазғандай:

Алты алаш Абылайдай арғымағын,

Алаштың аруағына пар қылатын.

Бетіне Абылайдай ардагердің,

Келуді алты алашқа ар қылатын.

Яғни, ұлт болашағы жолындағы күресте қазақ батырларының барлығы да аруақты ер атанған. Батыр бабаларымыз - ұлттың тарихы мен мәдениетінің құбылысына айналған тұлға рухын, өсиетін ескергендіктен де, аруақты ер атанған. Атамекен, ана тілі, дін мен мәдениет кейінгі буынға қашан да аманат ретінде табысталып отыратын дүниелер. Осы аманатқа қиянат жасағандарға тосқауыл болу, ондайлар күшейіп бара жатса аянбай күресу, ерлердің елдік санасының негізгі белгісі екендігі даусыз.Осындай құндылықтардың барлығын тарихтан жасырғысы келген большевиктер 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісті, одан кейін кеңес үкіметінің солақай саясатына қарсы орын алған 1929-30 жылдардағы көтерілістерді де «шаруалар көтерілісі» деп бұрмалаған. Нәтижесінде, тарих шындығын зерделеуге үлкен қиянат жасалды. Соның салдарынан әлі күнге дейін халық көтерілістеріне қатысқанадамдардың барлығын толыққанды түгелдей алмай келеміз. Қазір осы қиын кезеңде орын алған оқиғалар туралы білетін адамдарқатары азайды. Кеңес үкіметі тұсында жазылған деректердің көбісі қасақана бұрмаланған. Сол себептен архив құжаттарын қайта қарап, салыстырмалы зерттеуді уақыт талап етуде.

Оспан Дәрменұлы Торғай-Ырғыз өңірінде өмір сүрген, сол кездегі елге қызмет еткен ауқатты кісілердің бірі болған. 1929 жылы мал мүлкі тәркіленіп, сайлау құқынан айырылған. Сайлау құқынан айрылып, мал мүлкі тәркіленген адамдардың не үшін қудаланғаны белгілі.

Оспан Дәрменұлы мешіт салдырған, ел оны аруақты адам деп құрметтейді.Сол кездегі Тәуіпке жақын жерде орналасқан Оспан салдырған мешітті 1930 жылдары кеңес үкіметі тартып алып, мектепке пайдалануға берген. Большевиктер жүргізген ұлтты жою саясатының басты принципі қоғамның ішкі құрылымын түптамырдан өзгерту  болды. Халықтың тұрмысын әлсірету, басқаға тәуелді ету үшін ең алдымен кедергі болатын дін, шаруашылық және осыларды сақтап, өрісін кеңейтіп отырған іскер адамдарды қоғамнан аластатты.

Оспан Дәрменұлы1931 жылдары қайтыс болған. Сол жылдары елде ашаршылық орын ала бастады. Әкесінен, анасынан айырылған Оспанның балалары нағашыларын паналау үшін Сыр өңіріне қарай қашады. Оспанның алты баласы: Қоңырбай, Мырзабек, Кенжебек деген ұлдары, Алтын, Таразы, Биязы деген қыздары болған.Биязы деген қызы аштықтың салдарынан әрі көтеріліске қатысқан адамдарды қуғындап жатқан кезде отбасымен Түркіменстанға қарай кетіп, сол жақта қалған.Қалған балаларынан тараған ұрпақтарқазіргі күні еліміздің өңірлерінде тұрады. Оспанның көзі тірісінде жақын араласқан адамдарының бірі Сапар деген ұста кісі болған.Бұл кісі көтеріліс кезінде қазақ сарбаздарына қару-жарақ жасаған. Бұдан бөлек Темірбаев Ермағамбет деген кісі болған. Ермағанбеттің әкесі Темірбай діни адам болған, өз қаражатымен қажылыққа барып келген. Бұл кісінің бейіті осы ескі Тәуіптің маңында. Ал, Темірбай қажының баласы Ермағанбет1929 жылдары мал-мүлкі тәркленгеннен кейін Сыр өңіріне қарай кеткен. Оспан Тәуіптен кетіп бара жатқан Ермағанбетке өзінің мылтығын берген екен (ұрпақтарының айтуынша).Бұл кісілердің барлығы өз заманында ауқатты адамдар болған. Ұрпақтарының айтуы бойынша, Ермағанбет кеңес үкіметі тартып алғаннан қалған (жасырып қалған) алтын, күміс бұйымдарын, дін мен ұлт руханиятына қатысты кітаптарынЫрғыздан кетіп бара жатыпжолда көміп кетеді.

Архивтегі 1917 жылғы жүргізілген бүкілресейлік ауылшаруашылық санағында, Оспанныңбаласы Оспанов Қоңырбай және Оспанмен бірге жүрген Темірбаев Ермағанбет сол кездегі Торғай облысына қарасты Ырғыз уезі Тәуіп болысының №7 ауылында тұрғандығы көрсетілген. 1931-1933 жылдарда орын алған ашаршылыққа дейін Тәуіп болысының №7 ауылында 247 үй болған. Осы тізімдегі үй иелерінің ішінде осы кісілердің де есімдері жазылған. Бұл деректер Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің 69-шы қорында сақтаулы.

Ел жадында батыр, әулие адам ретінде қалған Оспан Дәрменұлы сынды тұлғаларды туралы кешенді зерттеу қажет. Себебі,осындай кісілер елдің болашағына қызмет еткен. Ырғыз-Торғай өңірі - ірі тұлғалар жүрген, үлкен шайқастар орын алған тарихи жерлердің бірі.Осы жерлерде Кенесарыхан ауылы алты жылдай тұрғанда, оның армиясының саны жиырма мың адамға дейін өскендігі белгілі. Кенесарымен бірге жүрген небір тұлғалар осы өңірде де тұрған. Осы бір тарихи іздің орны болар,  бұл өңірлерде ұлт азаттық күрес толастамаған. Өңірдегі қазақтың байлары мен діни тұлғалары жөнінде деректер білетін жергілікті кісілердің айтуынша, Оспан Дәрменұлы кеңес үкіметінің солақай саясатына қарсылық танытқан. Осының салдарынан бұл кісінің де мал-мүлкі тәркіленіп, өзі қайтыс болғаннан кейін балалары да қуадалана бастайды. Оспанның қызы Алтын әжеміз «1931 жылы әкеміз қайтыс болғаннан кейін үйде ешқандай мал қалмады. Әкеміздің мал-мүлкін кеңес үкіметі көзі тірісінде өзінен тартып алды. Елді ашаршылық қыса бастады. Қармақшыға келген соң да оңай болған жоқ. Бәрімізді Тәуіпбай асырады. Заман өте қиын болды, әкеден де, шешеден де айрылдық, қолымызда ештеңе жоқ. Бізді осы қиындықтан шығарған, бәрімізді аштықтың кезінде аман алып қалған Тәуіпбай. Тәуіпбайдың әкелген нанын бөліп жеп, күнелттік» - деп балаларына айтып отырады екен.

Кешегі большевиктердің ұлт зиялыларын қуғындау саясатының салдарынан осындай кісілер аталмай қалды. 1916 жылғы, 1929-30 жылдары қазақ қоғамында орын алған көтерілістерді әлі детерең әрі жан-жақты зерттеу қажет. Тарих, ел ішінде қалған деректер сол кездегі қазақ көтерілісшілерінің ішінде небірдара тұлғалар болғандығын меңзейді. Олардың көбісінің есімі аталмай жатыр, жерленген жерлері уақыт өткен сайын ұмыт болуда. Сталиндік репрессия жылдарында көтерлістерді қасақана күшейтіп, ұлт тұлғаларын ұрпақтан жасыру мақсатында көптеген адамдардың ерлігін бұрмалап, есімдерді жасырудың арғы жағында жатқан үлкен саясатты да зерттеу қажет. Осының барлығы ескеріліп өңірлерде кешенді зерттеулер жүзеге асырылса дейміз. Большевиктер тарихи оқиғалардың орамындағы көзқарақты кісілерді қоғамнан аластатуға барынша күш салды. Елге беделді тұлғалардың балаларының да қудаланғандығын естен шығармау керек. Соның зардабынан (олар әкелерінің ерлігін айтпақ түгіл, есімдерін атай алмай) көптеген дерек бізге жете алмай қалды. Өздері қуғындалып, әділетсіздіктен халық жапа шегіп, ел аштыққа ұшырып жатқанда, партия комитеті жер - жерлерде халықтың малын тартып алып, ет, астық дайындау жұмыстарын күшейтуге қатысты бюро отырыстарын өткізіп жатты.Ата-анасынан айрылып, байдың баласы болғаны үшін паналайтын жер іздеп босып бара жатқан балалардың тағдыры большевиктердің ойына да кріп шыққан жоқ. Мәселен, 1931 жылы 5-наурызда Ырғыз аудандық партия комитеті бюро жиналысында ет пен етке мал дайындау жұмыстарын күшейту бойынша мынадай мәселе көтерілген: «Марттың 5-не дейін мал дайындық жоспарының 45% ғана орындалған. Бұл жағдай еш қанағаттанарлықсыз. Осымен қатар соңғы 5 күндіктен әрі әкімшілік ауылдардан ақпар келмеген. Байлардың міндетті жоспарды орындаулары әлі күнге дейін 35% ақ. Олардың малдарын сойып, сойып кемсітулермен қатты күресу жоқ. Қарабұтақ ізінен сотталған байлардың есебі жоқ. Ондағы халық соты байды соттауды бүтіндей жойып отыр. Ауыл кеңестерімен уәкілдер байларға қысым көрсету орнына байды орташа есебінде жасырып, жақтап отырғандары бар.... Осы кезге дейін ақ 41-ақ бай сотталған. Сот орындарымен ауылдық уәкілдік бұл жөнінде көбіне оңшылдық етіп отыр. Ендігі жерде мұндай оңшылдық түрлері мен қатты күрес ашылып міндетті жоспарды байлар шұғыл түрде көрнекті сотпен сотталсын...». Осындай қасақана жасалып отырған қысым түрлері халықты үлкен қиындыққа салып, аштықтың орын алуына себеп болған. Кеңес үкіметі байлардың рөлін 1928-29 жылдары-ақ жойып үлкерді. Одан кейінгі уақытта «бай», «байшылдық» пен күрес елге қажет адамдарды қоғамынан аластатудың құралына айналған.

Үлкен қасиетке ие адамдар қатысқан тарихи оқиғалар ешқашан аласармайды. Ұлттық мүдде талабынан туындаған тарихи оқиғалардың биіктей беретіндігі анық. Себебі, ұлттық мүддені қорғау жолындағы тұлғалар тағылымының өрісінің кеңеюі көтерілістің шындығын дұрыс пайымдауда жатыр. Ел жадында қалған әулие адамдар тағылымынан түйеріміз, ұлттық рухпен сабақтас ұлт - азаттық жолындағы көтерілістердің шындығы толықтай ашылып, ұрпақтан әділ бағасын алу үшін тұлғалық табиғат ұлттық мүдде шеңберінде пайымдалуы тиіс. Адам «тарихта қалайыншы» деп соғысқа аттанбайды. Ерлікке жетелейтін - ұлт тағдыры. Ұлт жолындағы қиындықтармен күресуде рух әрдайым алға шығып отырады ия болмаса батырдың өзін алға шығарады. Абылай «батыр болайын деп» шықтыма? Оны ата-баба рухы, қиындықпен шыңдалған ерік-жігер, тарихи сана,ар-намыс соғыс алаңына шығарды. Абылайдың Абылайлап, «аруақ» деп жауға қарсы шабуы кездейсоқтық емес.

Жаратушы ие адамзаттың, ұлтының болашағына қызмет ететін небір талант иелерін, тұлғаларды жаратып, олардың бойына небір жақсы қасиеттерді дарытатындығы анық. Осындай адамдар ұлт тарихының ішінде жүреді. Өкінішке орай, кеңес үкіметі осының барлығын халықтан жасырды. Адамзатқа, ел-жұртына орасан зор игіліктер әкелетін адамдарды күштеп, қолмен жойып жіберді. Бұлүлкен қиянат. Табиғатында ешкімге қиянат жасауды білмейтін халқымызға, жат ниет, жат күштер кешірілмейтін қиянат жасады. Оның зардаптары әлі күнге дейін сезілуде...

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы,

философия ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394