Ресей – ғарыш саласындағы басты әріптесіміз
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары
- 2013 жылы отандық ғарыш саласында қандай өзгерістер болады?
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары
- 2013 жылы отандық ғарыш саласында қандай өзгерістер болады?
- Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында ғарыш саласының маңызына ерекше көңіл бөлді. Елбасы мен Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында біздің ірі жобаларымыз Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына енді. Бүгінгі таңда біз осы жобаларды дәйекті түрде іске асырып келеміз. Осындай жобалардың бірі ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру болып табылады. Ол түрлі мақсаттағы ғарыш аппараттарын жобалауға, жинауға және сынауға мүмкіндік береді. Бұл ғылымды қажетсінетін өндірісі бар үлкен зауыт болмақ. Зауыт құрамына өндірістік ғимараттан басқа, ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы, ғарыш аппараттарының жекелеген компоненттерін жасайтын зертхана мен өндірістік учаскелер кіреді. Сондай-ақ біздің француздық әріптесіміз - EADS «Astrium» компаниясы Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін (ЖҚЗ) құрастыруда. Ғарыш мәліметтерін қолдануға негізделген осы технологияларды енгізу ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік, геодезия және картография үшін зор пайдасын тигізеді. Алғашқы қазақстандық дәлдігі орташа ЖҚЗ ғарыштық жүйесін 2013 жылдың күзінде, ал дәлдігі жоғары ЖҚЗ ғарыштық жүйесін 2014 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр.
Тағы бір басымды жобаның бірі - отандық «KazSat» байланыс және хабар тарату спутниктік жүйесін құру. Аталған жоба республика аумағындағы байланыс және хабар тарату мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік туғызады.
- 2011 жылы пайдалануға берілген «KazSat-2» ғарыш аппараты қалыпты жұмыс істеп тұр ма? Оның жүктемесі қанша пайызға жетті?
- «KazSat-2» ғарыш аппараты қазіргі уақытта қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Бүгінде «KazSat-2» ғарыш аппаратының жүктемесі 60 пайыздан асты. Спутниктің ресурсын Қазақстанның 9 байланыс операторы пайдаланып отыр.
Сондай-ақ «KazSat-3» ғарыш аппаратын құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жобалық-техникалық құжаттама әзірленіп, ғарыш аппаратын толымдайтын құралдарды дайындау аяқталды. Спутниктерді басқарудың резервтік жерүсті кешенін құру бойынша негізгі құрылыстық-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.
- «KazSat-3» спутнигін ұшырудың мерзімі белгіленді ме?
- «KazSat-3» спутнигінің ұшырылу мерзімі 2014 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр. Біз, сондай-ақ еліміз үшін тағы бір келешегі зор әрі аса тиімді жоба - Қазақстан Республикасының жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын құруға кірістік.
Бұл жобаны жүзеге асыру еліміздің аумағында жаһандық навигация спутниктік жүйесі қызметін тұтынушыларға кепілді және сапалы көрсетуді қамтамасыз етеді. Жоба шеңберінде Қазақстанның бүкіл аумағында базалық стансалар құрылады деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар спутниктік навигациялар технологияларын түрлі салаларға ендіру үшін қолайлы жағдайлар кешенін құру жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда құрамында 10 дифференциалды станса, өңірлік орталық және мобилді дифференциалды станса бар өңірлік дифференциалдық жүйе іске қосылды. Тәжірибелік-құрастыру жұмыстары шеңберінде дифференциалды стансалар мен арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің отандық нұсқасы әзірленді. Теңіз локалды дифференциалды стансасын, Дифференциалды түзету және сараптама орталығын, дифференциалды стансалар желісін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
- Жақында Ресей жағы Ақтөбе, Қостанай облыстарынан «Протон» зымырандары үшін біраз жерді жалға алғаны және жалдау ақы мөлшері де белгіленіп қойғаны анық болды.
- Рас, Ресейге Ақтөбе және Қостанай облыстары аумақтарынан жер телімін беруді қарастыратын үкіметаралық келісім жобасы әзірленіп жатыр. Аталған аумақтар «Байқоңыр» кешенін жалға беру келісімшартында көзделмеген жаңа құлау аудандары болып табылады.
Бірақ та осы жаңа аудандарға «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқан экологиялық зиянды «Протон» зымыран тасығышының бөлінетін бөлшектері емес, «Союз» зымыран тасығышының бөлшектері түседі. «Союз» зымыран тасығышы табиғи тұрғыдан таза жанармайды, атап айтқанда, оттегі мен керосинді пайдаланатыны белгілі.
- Мұндай келісімдердің күн тәртібіне шығуына қандай жағдайлар себеп болды? Егер ол біз үшін тиімді болмаса, не себепті келістік? «Протон» зымырандарын толық тоқтатылуына қашан қол жеткіземіз?
- Аталған Келісім жобасында барлық қажетті шарттар қарастырылған, оның ішінде жалдау ақысы да бар. Бұдан түскен қаражат жоғарыда айтылған облыстардың бюджетіне түседі. «Протон» зымыран тасығышын ұшыруды тоқтатуға қатысты айтатын болсақ, бүгінде осы зымыран тасығышты бірте-бірте қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, биылғы жылы олардың саны өткен жылмен салыстырғанда екеуге қысқартылды. Сондай-ақ біздің негізгі стратегиялық әріптесіміз Ресеймен ғарыш саласындағы ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеру мақсатында құрылған Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының ағымдағы жылдың 27-29 наурызы аралығында Байқоңыр қаласында өткен алғашқы отырысында екі тарап қыркүйекке дейін 2014-2015 жылдары ұшырылатын «Протон» зымыран тасығышының санын белгілейтіндігін мәлімдеді.
- Соңғы кездері Байқоңырдың мәртебесіне және «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты Қазақстан мен Ресей арасында бір-біріне кереғар пікірлер көп айтылып кетті. Ресей мен Қазақстан арасындағы Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға беру жайлы келісімшарттың бұзылуы мүмкін екендігі айтылған еді. Қазіргі жағдай қандай? РОСКОСМОС-пен белгілі бір мәмілеге келе алдыңыздар ма?
- «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай да түсініспеушілік болған емес. Кейбір ресейлік және отандық ақпарат көздері жұртшылыққа теріс мәлімет таратып, дүрлігуді қолдан жасады десе де болады.
Біз 2004 жылы Қазақстан мен Ресей басшылары қол қойған «Байқоңыр» кешенін жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімді сөзсіз ұстанамыз. Ресей біздің ғарыш саласындағы басты стратегиялық әріптесіміз болып табылады.
Қазақстан мен Ресей президенттерінің 2012 жылдың маусым айында Астана қаласында өткен кездесуі барысында ғарыш саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралған болатын. Сол кездесуде мемлекет басшылары «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдаланудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Соның нәтижесінде, Қазақстан мен Ресей үкіметі басшыларының орынбасарлары жетекшілік ететін «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссия құрылды. Оның бірінші отырысы наурыз айының соңында Байқоңыр қаласында өтті. Бұл отырысқа екі елдің мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, сарапшылар қатысты. Отырыс аясында комиссия «Байқоңыр» кешені бойынша барлық өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бойынша «Жол картасын», сондай-ақ «Байқоңыр» кешені бойынша жаңа мемлекетаралық келісім жобасын әзірлеу қолға алынатын болды. Жаңа мемлекетаралық келісім ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану тәртібін реттеуді, оның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуды, бірлескен зымыран кешендерін құруды, кадр даярлау және қазақстандық мамандардың ұшу қызметіне қатысуын тегіс қамтиды. Сонымен қатар бүгінде Қазақстан тарапы «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясына жалға беруден үзілді-кесілді бас тартуды көздеп отырған жоқ. Алайда «Бәйтерек» бірлескен жобасын жүзеге асыру үшін ғарыш айлағының кейбір объектілерін, оның ішінде «Зенит» ғарыштық зымыран кешенін жалға беруден шығару мәселесін қарастырып отыр. Айта кететін бір жайт, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев халық қалаулыларының алдында ел үшін түйткілді мәселелерді көтеріп жүр. Төрағаның бастамасымен «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы құрылып, батыл қадамдар жасалып жатыр. Талғат Амангелдіұлы - қазақтың мақтанышы. Ол батыр атағын БАҚ-тың қолымен емес, өзінің ерлігімен, табанды еңбегі мен отансүйгіштігінің арқасында иеленген азамат. Оның еліміздің мүддесіне жанашырлық танытуы заңды құбылыс деп есептеймін.
- Әлемде ғарыш державалары ғарышты мол қаржы алып келетін ғылым-ілім көзі деп қарайды. Бір ғана Ресейде ғарыш саясатын зерттеумен айналысатын ондаған институттар бар. Олар ғарыш агенттіктерін сараптамалық материалдармен қамтамасыз етіп отыр. Ал бізде бұл мәселе қалай шешілуде?
- Қазғарыш құрылғаннан кейін, оның жанынан Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы құрылды. Қазіргі уақытта табысты қызмет етіп отыр. Оның құрамына әлемде әйгілі ғалымдар, профессорлар, академиктер жұмыс істейтін академик В.Фесенков атындағы Астрофизика институты, Ионосфера институты, академик Ө.Сұлтанғазин атындағы Ғарыштық зерттеулер институты, Ғарыштық техникалар мен технологиялар институты сияқты төрт ғылыми-зерттеу институттары кіреді. Институттар астрофизика, Жердің ионосферасы, Жерді қашықтықтан зондтау салаларындағы ғылыми-зерттеулердің дәстүрлі бағыттарымен қатар, жаңа бағыттар бойынша табысты қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізеді. Атап айтатын болсақ, ұлттық ғарыштық мониторинг жүйесін және ғарыштық геодинамикалық мониторинг жүйесін құру, ғарыш техникасы мен технологиясының отандық үлгілерін әзірлеп шығару. Мәселен, Қазғарыш 2011 жылдың қорытындысы бойынша, ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамыту аясында 22 жоба бойынша қолданбалы ғылыми-зерттеулер орындалды. Кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметінде іс жүзінде 10 әзірлеме нақты қолданыс тапты. Сонымен қатар жоғары білікті мамандармен, заманауи зертханалық жабдықтармен жарақталған «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығы да тиімді жұмыс атқарып келеді. Орталық «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран тасығыштардың ұшуына экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін және ғарыш айлағы қызметінің аумағында тұратын халықтың денсаулығына сараптама жасау жүйесін әзірлеп шығарды.
- Байқоңырдағы қазақстандық үлестің өсуі тың міндеттер жүктейді. Оларды жүзеге асыратын білікті мамандар қажет болады. Елімізде ғарыш саласының мамандарын даярлайтын арнайы оқу орындары жоқ. Мамандарды қай елде оқытқан тиімді?
- Елімізде бұған дейін ғарыш саласындағы мамандарды даярлайтын оқу орны болмағаны рас. Агенттік құрылған күннен бастап осы мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Себебі әр салаға толыққанды жұмыс істеу үшін білікті мамандар қажет қой. Сондықтан 2010 жылы Қазғарыш бастамасымен Білім және ғылым-министрлігімен өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қойды. Соның нәтижесінде, ғарыш саласына арналған мамандарды даярлайтын базалық жоғары оқу орындары болып әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы белгіленді. Бүгінде аталған жоғары оқу орындарында 225 студент білім алуда. Сонымен қатар 1996 жылдан бастап Байқоңыр қаласында орналасқан «Восход» Мәскеу авиациялық институтында 205 қазақстандық азамат оқып жатыр. Бұған Білім және ғылым министрлігі жыл сайын 45 оқу грантын бөледі. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша да мамандар дайындалуда. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының 29 стипендианты 7 ғарыштық мамандық бойынша Ресей, Ирландия, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ және Канада мемлекеттерінде оқиды. Әрине, жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де Қазғарыштың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Осы орайда «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында ғарыш технологиялары мен техникалары бағытында білім алған алғашқы 23 түлек жұмыспен қамтамасыз етілді.
- «Айтпаса - сөздің атасы өледі» деген бар. Қазақтың №3 ғарышкерін күту тым ұзаққа созылып кеткен жоқ па? Қазақ баласы қашан ғарышқа ұшады?
- 1999 жылғы сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ғарышкерлерді ұшуға даярлау туралы» келісімшарт жүргізу мақсатында Ресей Федерациясына аттанған болатын. Бұл сапардың маңыздылығы сол - нақ осы кездесуде қазақ ғарышкерлерін ғарышқа ұшыру мәселесіне қатысты біраз жайттар шешілген еді. Ресей еліне ресми сапары кезінде екі елдің басшылары қазақстандық екі ғарышкерді ұшуға даярлау жөнінде келісімге қол жеткізген болатын. Осыдан кейін 2000 жылдың 7 қаңтарында Үкімет қаулысымен Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау мемлекеттік ғылыми-зерттеу сынау орталығына сол екі ғарышкерді оқытуға жіберу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан ведомоствоаралық комиссия құрылды. 2002 жылдың қараша айында сол комиссияның шешімі бойынша жаңағы екі кандидатымыз аталған орталыққа жалпы ғарыштық даярлықтан өтуге жіберілді. Олар даярлықтан өтіп, ғарышкер-сынаушы атағын иеленеді. Алайда бүкіл әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс салдарынан 2009 жылдың күзіне жоспарланған отандық ғарышкерлерді сапарға аттандыру бюджеттен бөлінген қаржының кесілуіне байланысты мүмкін болмай қалды. Ғарышкерлерімізді ғарышқа ұшырудың келесі мерзімі туралы айтатын болсақ, бұл мәселе мынадай тәртіппен шешіледі: негізінен, Халықаралық ғарыш стансасы - халықаралық маңызы бар нысан. Оның құқықтық мәртебесі Канада, Еуропалық одақ, Жапония, Ресей Федерациясы мен АҚШ елдері үкіметтерінің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі арнайы шарттармен реттеледі. Бұл шарт 1998 жылы 29 қаңтарда жасалған. Халықаралық ғарыш экипаждарын жасақтау мәселесін осы серіктестер реттейді. Сондықтан қазақстандық ғарышкерді Халықаралық ғарыш стансасының экипажына енгізу мүмкіндігі жоғарыда аталған серіктес елдермен келісімге келуді талап етеді.
Қазіргі таңда «Союз» ғарыш кемесі - Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) үш адамнан тұратын экипажды жеткізетін жалғыз көлік болып табылады. Ресейдің ғарыш қызметі туралы заңына сәйкес кеменің командирі тек Ресей Федерациясының азаматы ғана бола алады. Кемедегі екінші негізгі бортинженердің орны ХҒС-та үлкен сегменті бар АҚШ-қа тиесілі. Қалған үшінші орынға ХҒС-ты құру және пайдалану үшін көп қаражат бөліп отырған еуропалық (Еуропаның 11 елі), жапондық және канадалық ғарыш агенттіктері кезекте тұр. Олардың да ұшуға дайын ғарышкерлері баршылық. Қазақстан ХҒС жөніндегі келісімнің және оны құру туралы шарттың мүшелігіне кірген емес. Өйткені бұл қомақты қаржыны және ғарыш саласының нақты үлестерін талап етеді. Бұдан басқа, қазіргі жағдайда ХҒС-та жұмыс атқару мерзімі 4 айдан кем болмауы тиіс және оны қамтамасыз етуге әр ғарышкерге өте көп (100 млн АҚШ долларынан астам) қаражат жұмсау қажеттілігі туындайды. Оған қоса, Қазақстан ғарышта сынауды талап ететін отандық ғарыш техникасын жасауды әлі бастаған жоқ. Сондықтан мемлекеттік қаражат есебінен тек турист ретінде ғарышқа ұшу ысырапшылық деп есептеймін. Қазақстан үшін мұндай ұшудың уақыты алдымызда, отандық ғарыш техникасын сынақтан өткізуге қажеттілік туғанда келеді деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ
"Айқын" газеті