Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 7025 1 пікір 28 Наурыз, 2023 сағат 13:27

Мағжан және қазақ поэзиясы

Қадірлі Abai.kz оқырмандары, назарларыңызға ұсынғалы отырған Мағжан ақын туралы бұдан 30 жыл бұрын қағазға түсіп 1994 жылғы «Жұлдыз» журналының 5-6 санында жарияланған көлемді зерттеу мақаламнан алынған үзінділер екенін  естеріңізге сақтаңыздар. Әрине, бұдан  30 жыл бұрынғы  жазғандарымның дәл бүгінгі талаптарға сай келмейтін тұстары да болуы мүмкін, соны ғана сырттай шола қарап мені  «Қазақ Совет әдебиетін»  жасасқан аты белгілі, атағы дардай  кейбір ақындар туралы  менің айтқан пікірлерімді жоққа шығару үшін теріс пайдаланатындарды да кездестіреміз, әсіресе, Мағжан туралы  70 жыл бойы «лағнет» жаудырып келген Әбділда Тәжібаев сияқты  жалақорларды айыптауымның негізгі себептерін солардың өз жазғандарынан бірқанша мысал келтіріп оқырмандарды хабардар еткім келді. Ол үшін әрине, алдымен сөзді  «Мағжан жәйлі бірер сөз» атты жазбамнан бастау керек деп ұйғардым.    

*****

Осыдан тұп-тура жетпіс жыл бұрын кемеңгер ойшылдарымыздың бірі -  Жүсіпбек Аймауытов «Басқа жұрт өз өнерпаздарымен мақтанса, қазақ әдебиеті де бір кезде суретшілік жөнінен Мағжанмен мақтануында сөз жоқ» деп батыл байлам сөзін айтып еді.

Бір сүйініштісі – Мағжан суретшілігімен тек қазақ халқы ғана емес, өзі өмір бойы асқақтата жырлап өткен Тұран даласы – түркі халықтары мақтан тұтып, оның жүз жылдық мерей тойын дүрілдетіп өткізгеніне әлем куә болып отыр. Біз, Мағжан ұлылығына бас иу арқылы, ұлы ақынымызды қайта танып бағалау, тұтас қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзия әлеміне қайта, жаңаша, Мағжанша қарап, бағалау мүмкіндігіне ие болдық. Ең негізгісі – мағжантану ғылымының ертеден қаланса да зорлықпен тоқтап қалған берік ірге тасы негізінде жаңа байсалды өрісін ашып алдық.

Ұлы Мағжан тануда бүгінге дейін қалыптасқан түрліше бағалар мен тұжырымдарға, әдеби құбылыстар мен жеке тұлғаларға сын тұрғысынан ой жүгірте отырып, Мағжан поэзиясының түпкі өзекті ерекшеліктерін тап қазіргі тәуелсіз таным тұрғысынан сөйлетуге талпындық. Егер Мағжанды тануымыз бен бағалауымыз әділ, тура ғылыми әрі ұлттық сипатта болсын десек Мағжан поэзиясының қазақ поэзиясына еткен және бұдан кейінгі жердегі ғаламат әсер-ықпалын дәл басып көре білейік десек, әулие тұлғаға періште көңілмен назар салуымыз, батыл да ашық болуымыз қажет деп таптық. Бұған дейінгі жетпіс жылдық «советтік әдебиетті» қияметтің қыл көпіріне санап өткізбесек те, әділеттің ақ таразысы құрылып, ар сөзі айтылуы керек деген пікірді басшылыққа алдық.

Зерделей ойласақ, мағжантану дегеніміз, қазақтану  ұлтты - өзімізді танып білу деген сөзбен пара-пар екен. Ал, ғылым ретінде даралап сөз етер болсақ, мағжантанудың ұзақ та тар жол, тайғақ кешулі тарихы  бар болар.

Бүгінге дейінгі Мағжан поэзиясын зерттеушілердің жазғандарына назар салсақ, оның екі даралық сипатын ашуға талпынысын байқаймыз.

Біріншісі, тек Мағжанға тән асқақ, күрескерлік рух –Алаштық, тұраншылдық рух. Бұл тұрғыдын өз замандастары да, одан кейінгі мықтымын деп кеуде соққан қайсы ақының  да оның шеніне жуи алмасы адамға да Аллаға да аян

Екіншісі, қол жетпестей ақындық таланты  тудырған табиғаттың өзіндей тылсым да әсем, адам жанындай терең де, сан қырлы құбылмалы, жайнақы, сыршыл поэзиясы еді. Ақынның соңына шырақ алып түсіп, ит қосып қуалаған оның жаулары да дәл сол екі ерекшелігіне, екі алтын тұтқасына мықтап жармасқанын көреміз. Олай болса бүгінгі мағжантанушы, мағжансүйгіштер де осы екі тұтқадан айрылмай, жас тәуелсіз Қазақстанның отаншыл, түрікшіл – алашшыл жаңа ұрпағын тәрбиелеп, өсіруде  жауынгер құрал етуі керек-ақ.

Қадірлі қауым, біз мағжантанудың төрт түрлі кезеңін атағанда не үшін оның тек 1961 жылдан бері ғана сара бағыт, даңғыл жолға түскенін атап айттық? Оған дейін Сәкен бастаған әдеби топ саяси айыптан азат болған, сол қатарда  Мағжан да ақталу керек еді ғой?.. Ал, Мағжан поэзиясы тағы қалайша отыз жылдан аса қапасқа қамалды?   Кім қамады?

Арашаға  түсіп, ардың сөзін айтар бір адам қазақтан табылмады ма? Неге табылмасын. Батырақ большевиктер  қаһарына мініп, қазақ әдебиетінің  екі тізгін, бір шылбырын қолдарында ұстап тұрған 1960 жылдың өзінде ардагер азамат, көрнекті әдебиетші Ілияс Омаров былай деп жазып еді: «Мағжан қазақ поэзиясының  жарық күні. Күн нұр шашса кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады. Осы бір кері тартпалардың қырсығынан күніміз әлі күнге дейін нұрын шаша алмай келеді»... Бұдан артық не айтсын-ау енді?

Қазан университетінің профессоры, ұлты татар, тілші ғалым Хайролла Махмұдовтың   Мағжанды  жарыққа шығару жолында  еткен еңбегі айрықша.

Ал, Башқұрттың ұлы перзенті, Мағжанның – сондықтан қазақтың да үлкен досы Сәйфи Құдаш 1969 жылы Қазақстан Жазушылар одағына жазған ұзақ хатында: «Адам ретінде, ақын ретінде Мағжан қандай болған? Ол ешкімге ұқсамайтын өзгеше, аса талантты біртума ақын, оның өзіне ғана тән үні, таңғажайып әуенді жыры бар. Бұның қайнар көзі халық поэзиясының тұңғиық тереңінде»,- деп бағалады. Ол және «Қазақ халқының    осынау талантты ақынының творчествосы қазақ әдебиетінен тыс қалғаны дұрыс па?» - деп төте де нақ сұрақ қояды.

Ал, ондай сұрақтарға коммунист «қайраткер», батырақ ақындары ешбір ойланып, толғанып әуре  болмай-ақ былай деп жауап беріп жатты: «Буржуазияшыл ұлтшыл жазушылардың ішінде ерекше көзге көрінгені, ақындық таланты мен өнерін түгел байшылдыққа жұмсаған Мағжан Жұмабаев». Бұл аз десеңіз, үлкен ағаларымыздың бірі Ә.Тәжібаев: «Мағжан деген тамаша лирик болыпты ғой, махаббатты, табиғатты ұшқыр жырлапты ғой» деп жаңа жаза бастаған жас ақындардың өзімізден талай сұрағанын білеміз. Демек, әлдеқашан күл-талқан болған буржуазияның шаңы аспанға ұшса да, оның жыршыларының көмейіне құм құйылса да, Мағжан әлі күнге дейін әр тұста бой көрсетіп қалып, піспеген бас, орнықпаған жүректерге зиян тигізіп жүрген көрінеді...»- деп қамқорсиды ағамыз. Сондықтан өлі аруақпен бітіспес күрес дабылын қағады: «Біздіңше Мағжан лирикасының барлық мерезін пышақтап отырып көрсету керек те, оның жұқпалы, зиянды «күштерін» әшкерелеу керек. Бұл әдебиетіміздің тарихы үшін де, болашақ үшін де қажет».

Ал, мұндай большевиктер қазақ әдебиетінде – Қазақстанда ондап, жүздеп өріп жүрмеп пе еді, жәй жүрген жоқ, табақтай мөрлерін оңды-солды басып жарлықтар жариялап, күндіз-түні жау іздеп, том-том кітап шығарып жүрген бір сүрекейлі заман еді.

Ой, заман-ай кері кеткен,

Мендей ерді еңіреткен,- деп  ақын Жәркен  жырлағандай бұл сайқал заманға, бұл қатігез саясатқа не айтарсың? Биікті аласартып, періштені сайтанға айналдырғысы, құбыжықтан құдай жасағысы  келетін бұл оспадарларға не дауа?

Жаман қатын бір келген қонағын кетпестей көреді,

Жаман адам бір күнін өтпестей көреді, - демей ме өнегешіл қазақ. Қанша қарғап-сілеп лағынет айтқанмен жойқын уақыт дауылы Мағжандай жарық күніміздің бетін жауып, нұрын тосқысы келген қара бұлтты түре қуып тастады. Мінеки, көгімізде көк ту, оның  зеңгірінде Мағжан бастаған ай-күніміз, сан жұлдыздарымыз самаладай жайнап шыға келді. Бәрі де өтті, кетті!.. «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс, қайда екен, қайда, Дариға сол қыз?» - деп аһ ұрған Қасым ақынша жоғалтқандарымызды түгендеп, жан-жаққа көз салудамыз.

Сондай бір назалы, қапалы бармақ шайнар тұста кешірімшіл, кеңпейіл болып көрінгісі келетін қазақы ұмытшақтыққа зығырданың қайнайды. Итің жаман десе намыстанғыш, аққан жалғыз көзге ердің құнын даулайтын, жаным-арымның  садағасы деп кектесетін қайран ер қазағым, сен неден сонша ез, ынжық, сүйексіз болып қалдың екенсің?

Ол «не дегенге»  – Олжас Сүлейменов: «Біз ғалымдарымызды соққылағанымыз, еліміздің миын шайқап есеңгіреткеніміз соншалық, халық құнарлы қыртысынан айрылып қалды», - деп жауап берген еді. Генетикалық жұттың ең басты айыпкері – коммунистік партия еді. Мағжанды көрге тығумен шектелмей, алпыс жыл бойы ақын даусын тұншықтырып тұмшалаған да сол.

*****

Ұлттық ақын қашан да ұлт игілігі, ұлт мақтанышы, сол  қатарда нағыз ұлттық ақын бола алған ол адамзаттың да, әлемнің де  ұлы перзенті бола алады.

Ұлтсыз «интернационал»-маргиналдар жөнінде сөз шығындаудың қажеті бар ма?

Олай болса, қазақта ұлттық ақын қанша, көп пе, аз ба? Біздің міндетіміз ол сұраққа саусақ санап жауап беру емес. Шынтуайтқа келгенде, ол он саусақты қайта-қайта санатып шатастыратындай сонша көп те емес екенін ашып айтуға болады.

Осы арада тілдік қорымызға талайдан еніп, орныққан «Алыптар тобы»деген сөз тіркесіне өз ойымызды білдіре кетсек дейміз.

Біздің басқа да астын-үстін болып, шат-шәлекей шыққан ұлттық ұғым-түсініктеріміз бен ойлау жүйеміз, санамыз сияқты әдебиет тарихында жеке тұлғаларға байланысты баға-пайымдарымызды да, сол қатарда  «Алыптар тобы» жайлы бағамызда да ұшқарылық көп сияқты. «Алыптар тобы» - тарихты, тіршілікті тек өзінен ғана  бастап, өзін-өзі әспеттеп, қолдан көсем, классик жасауға шебер большевиктік пиғыл мен қазақы жалпақ шешейлік тудырған көп жасандылықтың бірі деп атап айту қажет.

Олай болмаса, қазақ әдебиетіндегі «Алыптар тобына» кімдер жататынын, сол атауды аузынан түсірмейтін ағаларымыз білмеуші ме еді? «Би жоқта құл жүреді жораға» сияқты бір ащы шарасыз шындық шырылдай үн қатады уақыт деген қалың тұман арасынан.

Ендеше бүгінгі мынау ашық-жарқын сөйлей алатын үрей-үркінсіз азат заманда сол әділет үніне неге құлақ түрмеске? Неге әркімді өз шама-шарқына, еткен еңбегіне, төккен теріне қарай қайта бағалап, тарихи қателіктерімізді түземеске.

Ұлттық ақын ұғымын айқындап, орнықтыру үшін, ұлтсыз ақындар- советшіл. Одақшыл, партияшыл, тапшыл, батырақтар, көлгір интернационал белсенді ақындар жасаған «Қазақ совет әдебиеті» деген қампиған дөкейді қайта сарапқа, тарих таразысына тартуға міндеттіміз.

Онсыз тәуелсіз қазақ елінің, тәуелсіз жаңа әдебиетіне жол ашылмайды, әділет түпкілікті  орнамайды. Қорланған азаптанған әулиелер аруағы бізді кешпейді.

Онсыз тәуелсіз қазақ елінің, тәуелсіз жаңа әдебиетіне жол ашылмайды, әділет түпкілікті  орнамайды. Қорланған азаптанған әулиелер аруағы бізді кешпейді.

Ендеше, «Алыптар тобы» деген айбарлы атауға қалай қараймыз? Әрине, дұрыс қараймыз. Қазақ әдебиетінде нағыз алыптар тобы болды. Еуропаша, орысша айтқанда – классиктеріміз болды. Алайда, бүгінге дейінгі қалыптасқан аяға ол сыймайды және қалайда «Алыптар тобы» атауын біржола орнықтыру керек болса, батылдықпен ой бөлісуге тура келеді.

«Алыптар тобы» - классиктер ұлт әдебиетінің заңғар шоқылары, ұлы данышпан өкілдері,- деп ұғамыз. Ал, ол тізімге енбей қалғанның бәрі ақын емес, жазушы емес деген ұғым тумаса керек. Бұл араға пендешілік пен ағайынгершілік, мүдделестік пен партияластық сияқты әзәзілдік атаулы жол жүрмегені лазым.

                                                                      ****

Алыптар тобының қақ басында қасқайып (ХХ ғасырдағы деп біліңіз) ұлы Абай тұр. Оның айналасында бойлары мен ойларына қарай тізіліп Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбектер тұр. Ал, «Қазақ совет» дәуірінен тек қана Мұхтар Әуезов  пен  Ғ.Мүсіреповты қосар едік.

Бүгінге дейін «Алыптар тобын» құрап келген Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит,  Ғабиден қатарлы қаламгерлер өз үлестерінің шама-шарқына қарай тиісті орнын, бағасын ала береді. Бұрынғыдай  әспеттеліп «негізін қалаушылар» ретінде оқулықтан оқулыққа жөңкіле алмас, өйткені, сол құрғыр «негіз» дегеннің өзі – негізсіз болып шыққаны дәлелденген мынау заман бетіне тура қарау керек болып тұрған жоқ па?

Осы арада ұлылардан, онда да орыс пен батыс ұлыларынан үзінді келтіре уәжін, дәлелін нықтамаса, илана қоймайтын қазақылығымызға басып, В.Г.Белинскийге жүгінгіміз келіп отыр.

«Данышпандық дегеніміз (алыптар – данышпандар емес пе?-Ә.Д.) жеке адамның творчестволық дамуының ең биік сатысы. Талант – данышпандыққа қарағанда творчестволық кемірек дарындылық. Біріншілер – мезгілінде түсінілмей, танылмай, бағаланбай, көбінесе өз замандастарынан қуғын мен көре алмаушылыққа ұшырайды олардың даңқы келешекте өздерінің  сүйектері қурап қалғанда мәлімденеді. Екіншілері - өз дәуірінің сүйетін, беделін жүргізетін адамдары болады. Бірақ тірісінде құрметтеліп, мақтау мен бақытты болып өтсе де, өлген соң бұл маңызды ала бермейді. Ал, кейде көзі тірісінде де олар өз даңқының сөнгеніне куә болады». Ал, ұлы Оноре де Бальзак: «Талантты (Бальзак бұл арада Данышпан мағынасын меңзеп тұр - Ә.Д.) адам адамдардың бәріне ұқсай береді. Ал талантқа ұқсайтын бір де бір адам болмайды» - деп кесіп айтады.

Біздің саясиланған ұғым-түсініктеріміз бен буалдыр эстетикалық талғамымыз барлық адамға ұқсай беретін, ұлы таланттар (Данышпандар - Ә.Д.) мен ешкімге ұқсамайтын ұлыларды ажыратуға келгенде шатасқан сияқты. Көп жазып, көп кітап шығарған, биік мәнсаптарда ұзақ отырып, кеуде  толтыра орден, медаль алған таланттар мен «Даңқы келешекте, өздерінің сүйектері қурап қалған кезде мәлімденетін» Мағжан бастаған данышпандар – алыптар тобын шатастыруымыздың себебі енді түсінікті болар.

Ал, көзі тірісінде де, көзі жұмылған соң да барлық шығармаларында: «советтік сөзге қаламы мұқалып көрмеген» жазушылар өзі туралы, өзінің әдебиетіміздегі (тәуелсіз қазақ әдебиеті) лайықты орны туралы айтып кетті емес пе?

****

Мағжанның поэзиясы ой мен идеяның, терең мазмұн мен шебер, көркем түрдің Абайша айтқанда «Сырты алтын, іші күміс сөз жақсысы», сөз патшалығынан тұратын классикалық поэзия екендігіне сол заманда күмән қалмаған еді.

Данышпан Абайдың айналасындағы алыс-жақын талантты шәкірттерінің күш-қуаты, ақыл-парасатымен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ қазақтың ұлы да қасиетті, әлемдік талапқа сай поэзиясы жасалып қойған болатын.

Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі – Абай мен Мағжан өмір сүріп, ғажайып шығармашылық мұра қалдырып үлгерген ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі болатын. Ал, «Октябрь төңкерісі» сол гүлденген, мәуелі гүл бақшаны қара дауылымен соғып, қиратты. Қолына енді қалам ала бастаған талантты қазақ баласын ұстазсыз, өнегесіз мектепсіз қалдырды. Оның зардабын  жетпіс жыл тартып келді, тіпті күні бүгінге тартып келе жатқанымызды неге мойындамасқа?

Олай болса, қазақтың ұлы поэзиясы Абай, Мағжан дәуірінде, данышпан Толстой айтқандай: «Ұлы әдебиет өзінің адамгершілік қасиетін сезінген елдің тәуелсіздік қозғалысы кезеңінде дүниеге келетінін» дәлелдеп беріп  еді..

*****

Орыс империясының тас құрсауынан құтылу үшін азаттық туын көтеріп, «Оян, қазақ»-тап ұрандап жүріп Алаш орда мемлекетін құрумен аяқталған, бірақ қызыл империяның қанды қырғыны мен  шолақ белсенділердің сатқындығы салдарынан шаңырағы ортасына түскен Қазақстанның өрлеу, құлдырау дәуірі, жоғарыда  атап көрсеткеніміздей, халқымыздың шын адамгершілік қасиеті мен күш-қуатын сезінген әрі ұлы әдебиетін де жасап үлгірген жасампаз кезеңі еді.

Кешегі арыстандай айбыны зор,

Жүректі жолбарыстай қайраты мол,

Айырып ар-намыстан, күштен, естен,

Кім қылды, шала-жансар, бір қорқақ құл?

Мағжан ақын осылай шерлене толғаса – ол да тағдырдың басқа салғанын әрі мойындау, әрі тағы да шығар жол іздеп шарқ ұруы. Азаттық аңсау, бостандыққа ұмтылу көк бөрі – көк түріктің, алаштың, оның жалынды ақыны Мағжандардың қасиетті борышы емес пе?

Қазақ халқы тарих сахнасына қайта көтеріліп келе жатқан мына заман - өзінің ұлы әдебиетін дүниеге әкеліп әлемге танытатын нағыз тәуелсіздік қозғалысына жол ашқан заман. Зорлықпен, қиянатпен үзіліп тасталған қаралы 1929 жылмен 1989 жылдың арасын қайта жалғап, ескі-құсқыдан, қызыл империяның нағыз «Сарай ақындарынан» жалған жарық жұлдыздардан құтылып, поэзия бақшасын басып кеткен арам шөптерден тазаратын азат заман енді туды.

Жортуыл заманының жауынгер жыршысы Ақтамберді бабаша:

Жуылмай қастың қанымен,

Намысқа тиген кір кетпес,-

деп кек қумасақ та, Ахмет атамызша:

Асықпаңдар!

Артымызда қазы бар,

Тергеп талай сүйектерің қазылар!-

деген жан айқайына құлақ асу керек шығар. Егер оған құлақ аспасақ қызыл империя мен коммунистерді басқа ұрып тоқтатқан уақыт, әділет деген қатал құдірет маңдайға ұрып тоқтатары сөзсіз

****

Қадірлі Abai.kz  оқырмандары, мен жоғарыда Әбділда Тәжібаев туралы , оның Мағжанға істеген қиянаттары жөнінде ауыр сөздер айтқанда оның  1981 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан  бес томдықтың 4 томындағы төмендегі сөздерін оқығаннкан  кейін пайда болып еді. Мағжан ақын ақталып, 1989 жылы алғаш рет бір томдығы жарияланған сегіз-ақ жыл бұрынғы мына  сөздерін оқығанда мені дұрыс түсінеді деп сенемін. Ә.Тәжібаев былай дейді: Буржуазияшыл – ұлтшыл жазушылардың ішінде ерекше көзге көрінген, ақындық таланты мен өнерін түгел байшылдыққа жұмсаған Мағжан  Жұмабаев.... Мағжан орыс халқының озық ойы мен өнерін барынша құбыжық етіп көрсетуге тырысады.  Ол барлық құсығын орыс халқын сөгуге, оның қазақ халқымен достық бірлігін былғауға ғана жұмсаған ақын.

*****

Оның байшыл, ұлтшыл ақындар ішінде  ерекше көрініп, ерекше қауіпті саналанатыны да сондықтан. Осы Мағжанды байшыл, ұлтшыл сыншылар көпке дейін қазақ  лирикасының ең сұлу үлгісі деп Абайдан асыра мақтап келген. Тіпті әдебиетші коммунистердің ішінде де Мағжан поэзиясының мазмұнын сынай отырып, оның түр,  шеберлік жақтарын әлпештеушілер болған. «Мағжан деген тамаша лирик бопты ғой, махаббатты, табиғатты ұшқыр жырлапты ғой» деп жаңа жаза бастаған жас ақындардың өзімізден талай сұрағанын білеміз.

Демек, әлде қашан күл талқан болған буржуазия табының шаңы аспанға ұшса да, оның жыршыларының көмейіне құм құйылса да, Мағжан әлі күнге дейін әр тұста бой көрсетіп қалып, піспеген бас,  орнықпаған жүректерге зиян тигізіп жүргені сезіледі... Біздіңше, Мағжан лирикаларының барлық мерезін пышақтап отырып көрсету керек те, оның жұқпалы зиянды «күштерін» әшкерелеу керек. Бұл әдебиетіміздің тарихы үшін де, болашағы үшін де қажет..

...Мағжан лирикаларынан географиялық,  я  психологиялық шындық табуға болмайды. Жер –жаһан, барлық тіршілік жоққа тән. Тек қана ақынның  өз кеудесіндегі қараңғылық пен өмірге қабілетсіздікті көреміз. Жалған, жасанды дүниенің сасық  дымқылы еріксіз жирендіреді. Кесел ыстығынан күрсінген жанның сөздері де сандырақ: ухілейді, ахылайды, уланады, күйеді де жанады, өледі де тынады.

Сәкен Сейфуллин 1921 жылы дәл осы Мағжандар портретін айнытпай жасаған.

«Бальмонт, Блок жастығының астында ,

Ақ орамал күңгірттеңді  басында

Дай компресс, сал компресс,

Састы доктор қасында»

Бұл тамаша мінездеме. Буржуазияшыл  символистер қашан да осылай ауырады. Көздері бұлдырайды, дүние теріс көрінеді.  Сәкен Мағжанның  символизмдегі «ұлттық өзгешеліктерін» де ұмытпайды.

*****

Біз  осыған дейін  профессор-ақын Әбділданың  Мағжан ақын жөніндегі айыптаулары мен сынсымақтарын  молынан келтірген себебіміз,  оның 1989 жылы  «Жазушы» баспасынан  «Мағжан Жұмабаев» жинағына жазған алғы сөзімен салыстыру үшін  алғанбыз.

Қадірлі оқырмандар, 70 жыл бойы  Мағжанды   жерден алып, жерге салған Әбділданың  1989 жылғы төмендегі сөздеріне назарларыңызды салыңыздар:

«Біз Октябрь революциясы күшпен әперген бостандығымызды  жеке адамға табыну заманы мен  тоқырау дәуірінде тағы да бақытсыздыққа ұрындырып алып едік.  Енді, міне, сол бостандық жаңғырып, жаңарып, қайта туды... Мұндай ғажайып дәуірге жеткізген партия басшылығына біз мың-мың алғысымызды ғана арнауымыз керек... Біз басаымыздан кешірген сұмдық оқиғалардың  бәрін де жарық күннің астына жайып саламыз, кім кінәлі деген сұрақтарға  аттарын атап, кінәларын мойындарына қоя жауап береміз», -   деп жазған  профессор кімді, қалай жауапқа тартатынын  нақтылауға  бармайды.  Бірақ біз сол жалақорлар мен бәлеқорлардың нақ өзі  Әбділда Тәжібаев екенін, Октябрь төңкерісі мен компартиясына  мың-мың алғыс емес, мың-мың лағнет айтуға тиіспіз. Өйткені, Әбділда Тәжібаев ешқашан өз айыбын мойындап, Мағжан аруағынан кешірім сұрап көрген жоқ. Оның бар мойындауының түрі: «Аса қызулы, батыл да батыр сөйлегіш Мағжанның әсіре бой алған, кейде ұлтшылдық, түрікшілдікпен шектесетін қате өлеңдерін  жоғарыда айттық» дей келіп: «1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған Мағжан өлеңі  («Тоқсанның тобы»):

Жүзден тоқсан садаға,

Мен тоқсанмен біргемін, - деген сөзіне сенбедік. Сол кездегі 18-дегі бала, мен, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Ғаббас Тоғжановтың тапсыруы бойынша, «Тоқсанның жырын Тоқсанның өз ұлы жырлайды» деген өлеңмен жауап жаздым... Бұл менің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларымыздың да  тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді», - деп марқұм Ғаббастың құлағын шулатудан ұялмайды.

Олай болса, 72 жастағы  профессор  Әбділда 1981 жылғы кітабындағы 22 беттік  Мағжанға жапқан жалалы өкімін кімнің тапсырмасымен байқамай жазып қойыпты? Егер  адалдық, арлылық, тазару  жөнінде, өкініп, күнәсін мойындағаны рас болса 18 жасар Әбділданы емес, 72 жастағы профессор Әбділданының ақтық сөзі айтылуы керек еді ғой.  Сондықтан  біз Әбділда  ұсынған  «Біз халқымызға Мағжан жырларын қайта ұсынамыз. Қабыл етіңіздер поэзия достары!», - деген көлгір сөзіне  сондықтан сене алмаймыз. Біз мұндай жартыкеш, әрі-сәрі Мағжан Жұмабаевты, оның жырларын қабылдай алмаймыз. Сондықтан  1994 жылы «Жұлдыз» журналы №5-6 санында жарияланған «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді зерттеу еңбегіміз арқылы нағыз алашшыл, түрікшіл, нағыз ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевты  өз дәрежесінде жарқырата дәріптеп назарларыңызға ұсынғалы да 30 жыл болған екен. Мені  түсінбей Әбділда қатарлы советшіл, партияшыл ақындарды орынсыз кінәлап 70 жылдық «Казақ Совет әдебиетін» жоққа шығарғысы келеді дейтін жеңіл ойлы адамдарға осы айтылған еңбегіммен танысып барып, әділ сөздерін айтқанын қалар едім.

Әлімғазы Дәулетхан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052