Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3372 0 пікір 16 Сәуір, 2013 сағат 06:36

Аққали Ахмет. «Жат элемент» жаласымен жазаланған студенттер

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Кеңес өкіметі қоғамды қайта құрудың бағдарламасын жасақтағанда білім беру ісіне, мәдениет пен ғылымның мәселелеріне айтарлықтай көңіл бөлді. Сол тұста ел тұрғындарының басым көпшілігі не оқи, не жаза алмады, халық шаруашылығының барлық саласында маман кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілді. Білікті оқыған мамандардың тапшылығы барлық жерде, атап айтқанда, материалдық-өндіріс салаларында да, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымдар да ерекше байқалды.

Қазақстанда экономика мен мәдениеттің маман кадрларға сұранысының өсуі толыққанды жоғары оқу орнындарын ашуға ерекше ықпал етті. Сондықтан да 1928 жылы Алматыда педагогикалық институт, 1929 жылы Алматы малдәрігерлік, 1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылық, 1931 жылы медициналық, 1931-1932 жылдары Орал және Қызылорда педагогикалық институттары ашылды. Республиканың мәдени өмірінде ерекше орын алған  жағдай 1934 жылы  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ашылуы болды. Қазақстанның жоғары оқу орындары мен техникумдары олардың даму дәрежесі жоғары болғанымен, халық шаруашылығының кадр жөніндегі қажеттілігін қанағаттандыра алмады, өйткені олардың көпшілігі әлі қалыптасу сатысында, кейбіреулері мүлде шағын болатын. Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамында жергілікті халықтың өкілдерінің саны өте баяу өсті.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Кеңес өкіметі қоғамды қайта құрудың бағдарламасын жасақтағанда білім беру ісіне, мәдениет пен ғылымның мәселелеріне айтарлықтай көңіл бөлді. Сол тұста ел тұрғындарының басым көпшілігі не оқи, не жаза алмады, халық шаруашылығының барлық саласында маман кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілді. Білікті оқыған мамандардың тапшылығы барлық жерде, атап айтқанда, материалдық-өндіріс салаларында да, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымдар да ерекше байқалды.

Қазақстанда экономика мен мәдениеттің маман кадрларға сұранысының өсуі толыққанды жоғары оқу орнындарын ашуға ерекше ықпал етті. Сондықтан да 1928 жылы Алматыда педагогикалық институт, 1929 жылы Алматы малдәрігерлік, 1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылық, 1931 жылы медициналық, 1931-1932 жылдары Орал және Қызылорда педагогикалық институттары ашылды. Республиканың мәдени өмірінде ерекше орын алған  жағдай 1934 жылы  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ашылуы болды. Қазақстанның жоғары оқу орындары мен техникумдары олардың даму дәрежесі жоғары болғанымен, халық шаруашылығының кадр жөніндегі қажеттілігін қанағаттандыра алмады, өйткені олардың көпшілігі әлі қалыптасу сатысында, кейбіреулері мүлде шағын болатын. Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамында жергілікті халықтың өкілдерінің саны өте баяу өсті.

Бастапқы кезеңде жоғары мектептің ең өткір және шешілмеген проблемаларының бірі профессор-оқытушылар мен студенттер құрамында қазақтардың саны баяу өсті. Шындығында Кеңес өкіметі білім беру мәселесін бірсыдырғы шешті, алайда үрдістің маңызды жағын жойдасыз саясаттандырып жіберді.  Тәрбие мен оқудың басына партиялық-таптық приципті қойды.

Алғашқы бесжылдықтың  «Кадрлар бәрін шешеді» деген ұранды науқанның қызған кезінде жастар мен комсомолдар білім алуға ұмытылушылардың алдыңғы легінде болды.

Кезінде Жүсіпбек Аймауытов ұлт болашағы оқыған зиялылардың мойынында екенін айта келіп, оқыған адамның ұлтқа қызмет қылуын: «...Қазақты тура жолға бастайтын да, адастыратын да-оқығандар. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, қадірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті оқығанынан күтеді. Оқыған адам қара халықтың идеалы(шырағы), бұқарасы сонша қадырлегенін оқығаны түсіну керек, халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін қайтарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді»-дп көрсеткен-ді.

1925-1933 жылдары Қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекин тұсында республикада аласапыран қудалау науқаны басталды. Үкімет басында отырған қазақ зиялыларын әртүрлі «сәдуақасовщина», «меңдешевщина», «қожановщина» сияқты жікке бөлу, ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдардың шаруашылығын конфискациялау мен жер аудару, күштеп ұжымдастыру, қоғамға «жат элементтерді» іздеу сияқты науқандар өріс алды.  Сол науқаншыл қызыл ұранның аясында жүргізілген жоғары оқу орындарынан «жат элементтерді» іздестіру әрекеті де тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бірі.

Әкімшілдік-әміршілдік жүйе білім саласында идеологияландырды. Партия, комсомол және пионер ұйымдары, оқулықтар, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқына сталинизмнің жаттанды догмаларын сіңірді.

1929 жылы КСРО-ның барлық аумақтарындағы жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ студенттерін «жат элементтер» ретінде айдар тағып, оқудан шығару науқаны бір мезгілде жүргізілуінің өзі сан-саққа ойларға жетелейтіні де сөзсіз. Оқудан шығару мәселесі жоғары оқу орындары орналасқан қалалардағы қазақ жастарының жерлестік ұйымдарының жиналыстарында қаралған. Қазақ студенттерін оқудан шығару жөнінде құрылған комиссиялар жұмыс жасаған.

Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты қорындағы сақталған құжаттар соның айғағы. Мысалы, 141 қордағы сақталған №1 хаттамада көрсетілгендей, 1929 жылдың бірінші ақпанында Ташкенттегі Орта Азия университетінде оқып жатқан 263 студент қатынасқан жиналыс өткен.  Жиналысқа төрағалық еткен Қазанғапов, хатшысы Рамазанов болған. Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе Кеңес өкіметіне «жат элемент» студенттерді жоғары оқу орнынан оқудан шығару.

Жиналыстың барысында Орта Азия университетінен Х.Ақпаев, Х.Исатаев, И.Дусетов, А.Асанбеков, А.Сейдалин, Х.Қаратаев, Тұрсынов, Бөкейханов, Р.Қойайдаров, С.Қашқынбаев, Н.Султангереев, М.Буралкинев, Қ.Ақпаев сияқты студенттерді «жат элемент» өкілдері ретінде жоғары оқу орнынан шығару туралы шешім қабылдаған.

Комиссия бір қызығы, осы университетте оқып жатқан Х.Досмұхамедовтың қызын қалдыруға шешім қабылдаған. Бұл шешімге кейбір студенттер өз наразылығын ашық білдіргені хаттамада көрсетілген. Мысалы, оқудан шығарылған «жат элемент» Х.Исатаев жиналыста сөз сөйлеп: «Менің пікірім бойынша комиссияның біздерге қатысты  шығарған шешіміне және біздерді оқудан шығаруына келіспеймін. Келіспейтін себебім комиссия өз тарапынан Кеңес өкіметінің жауы болған, алашордашыларды қорғаушы, Алаш Орданың Батыс бөлімшесін басқарғандардың бірі Халел Досмұхамедовтың қызы  Рабиға неге оқудан шығарылмайды»,-деп өзінің пікірін білдірген. Бұл пікірді студент Бөкейхановта қолдаған.

Бұл кезде Рабиға Халелқызы Орта Азия университетінің медицина факультетінде оқитын еді.  Ол үшінші курста оқып жүргенде әкесі жұмыс бабымен Алматыға ауысты. Әкесі бір жылдан кейін оқудан шығарып, Алматыға өз қасына алдырады. Рабиға Алматыда медициналық арнайы оқу орны болмағаннан кейін Қазақ педагогикалық институтының биология факультетіне оқуға түсті.

Бұл науқан Мәскеу қаласында оқып жатқан қазақ  студенттерінде айналып өтпеген. Мұрағаттағы сақталған құжаттарды сараласақ төмендегідей жағдайдың куәсі боламыз.

1929 жылдың 22 ақпан күні «жат элементтер» ретінде Мәскеу қаласындағы жоғары оқу орнындарын қазақ студенттерінен тазарту, яғни оқудан шығару комиссиясының отырысы өткен. Комиссия құрамында Қ.Таштитов, Қожақаев, Мүсіралиев, Сизонов және хатшысы М.Дәулетқалиев болды. Қ.Таштитов кейін Қазақстан Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. 1930 жылы Москвадағы Свердлов атындағы коммунисттік университетін бітірген. М.Даулетқалиев қоғам қайраткері, 30-жылдардың басында ашаршылықтың қазақ халқына әкелген зардабын жеңілдету үшін тәуекелге бел буып, батыл әрекетке барған бесеудің бірі. М.Дәулетқалиев халық шаруашылығы институтын  1930 жылы бітірген.

Оқудан шығарылған студенттердің қатарында Батыс Алаш Орданың белсенді мүшелерінің бірі Б.Атшыбаевта бар.

Б.Атшыбаев 1923 жылы Тау-кен академиясына(қазіргі Губкин атындағы Мұнай институты) оқуға түскен. Бірінші курсты аяқтап, маман кадрлардың жетіспеушілігінен оқудан қол үзіп, 1923-1928 жылдары аралығында Мәскеудегі «Сантонин» тресінде Іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, «АРОСПО» акционерлік қоғамы тексеру комиссиясының мүшесі, «Казкрайсоюздың» Мәскеу өкілдігінде экономикалық тексеруші, РКФСР Жоғары сотында аудармашы болып жұмыс жасады. 1928 жылы Тау-кен академиясының мұнай факультетінің геология бөлімшесіне түсті. Комиссия Б.Атшыбаевты «өмір бойы студент» ретінде жүргенін атай отырып, ол 1923 жылдан осы оқу орнының студенті екендігін, қазіргі уақытта 2 курста әлі отырғанын ерекше атап өтеді. Қазақстанның оқыған маман кадрларға өте зәрулігіне қарамастан «алашордашы», «жат элемент» деген айыппен Тау-кен академиясынан шығарады. Оқудан шығарылған Б.Атшыбаев Гурьев(Атырау) қаласына келіп, «Ембімұнай» тресіне қарасты геология-барлау кеңсесінде геолог, кейін далалық геологиялық-картировка секциясынының меңгерушісі болып істеді.

Ал 24 ақпан күнгі комиссияның отырысының хаттамасы негізінде 3 курстан  М.Қалменов, С.Бөкейханов бастаған 18 студент оқудан шығарылған.

М.Қалменов халқымыздың қайраткер ұлдарының бірі, патшалық Ресейдің І Думасына депутат болған Алпысбай Қалменовтың баласы.  Кейін 1933 жылы Мәскеуден тау-кен инженері мамандығын алады, Қиыр Шығысқа жолдамамен жіберіледі. Осында өндіріс жұмыстары кезінде, үстіне тас құлап, қайтыс болады. Бұл әулеттің ұрпақтары ұзақ жылдар бойы қуғын-сүргін көріп, қудаланды.

Язязит (мұрағат құжатында осылай аталады, Баязит болуы керек) Өтеғалиұлы Ибрагимов  1927 жылы Тимирязов атындағы  ауыл шаруашылық академиясының агрономия факультетіне оқуға түскен. Комсомол қатарына өткен және мемлекеттік стипендия алып тұрған.  НКВД-ның қырағы қызметкерлері оның шын тегі Танашев екендігін анықтаған, әкесі патша заманында балық өнеркәсібіндегі ірі кәсіпкердің бірі болған. Кезінде Танашевтар әулеті Бөкей Ордасы аумағына ғана емес, Ресей империясына да атағы шыққан әулет. Қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі М.Шомбалов  әулетінен, осы академияның студенті Тайыр Шомбаловта оқудан алыстатылды.

1-ші Мәскеу мемлекеттік университетінен Тұяқ Қайбалдин, ал Сержан Шонанов халық шаруашылығы институтындағы оқуынан шығарылды.

Саратов ауыл шаруашылығы институтында оқыған Ш.Д.Күсепқалиевта «жат элементтің баласы» ретінде оқудан қуылды. Оның әкесі Дәулетше Күсепқалиев жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алаш Орда қайраткері. Атақты Нұралы ханның тұқымы болатын. 1928 жылы күз айында  «жартылай феодал»  ретінде тәркіленген. Тәркілеу туралы құжат жоғары да аталған мұрағат қорында сақталған.

«Жат элемент», «алашордашыл» деп айдар тағылып, қуғындалған бұл азаматтардың көпшілігінің тағдыры қайғылы аяқталды.

...Себебі, алда оларды қасіретті 1937-1938 жылдар күтіп тұр еді.

Аққали Ахмет

Х.Досмұхамедов атындғы

Атырау мемлекеттік университеті,

тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379