Айдос САРЫМ: «Өз руханиятынан ажыраған адам – мәңгүрт…»
Жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Ашық әңгіме» атты жаңа жобаның тұсауы кесілген болатын. Осы айтулы оқиғаға орай төменде тележүргізуші, белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМмен болған тілші сұхбаты жарияланып отыр.
- Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым өткен аптада «Қазақстан» ұлттық арнасынан тележүргізуші ретінде танылды. Саясат пен руханиятты қатар алып жүру үшін адамға біліктілік, еңбекқорлық, табандылық... тағы да қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?
- Менің ойымша, кез келген адамға өмірге деген қызығушылық, күнделікті ізденіс пен зеректік қажет сияқты. Адам болдым, толдым деген күні өледі. Саясатқа келетін болсақ, менің ойымша, оның үш қағидасы бар: оқу, ойлану және ой бөлісу. Үшеуі де, қарап отырсақ, руханиятпен, адамның ойлау және пайымдау қабілетімен тығыз байланысты. Өз руханиятынан ажыраған адам - мәңгүрт, ал өз руханиятынан ажыраған саясаткер тірі өлікпен тең.
- «Қазақстан» ұлттық телеарнасында тұсауы кесілген «Ашық әңгіме» жобасының алғашқы қонағы - «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қаринмен болған әңгімеде қойып үлгермей қалған сұрақтарыңыз бар ма?
Жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Ашық әңгіме» атты жаңа жобаның тұсауы кесілген болатын. Осы айтулы оқиғаға орай төменде тележүргізуші, белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМмен болған тілші сұхбаты жарияланып отыр.
- Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым өткен аптада «Қазақстан» ұлттық арнасынан тележүргізуші ретінде танылды. Саясат пен руханиятты қатар алып жүру үшін адамға біліктілік, еңбекқорлық, табандылық... тағы да қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?
- Менің ойымша, кез келген адамға өмірге деген қызығушылық, күнделікті ізденіс пен зеректік қажет сияқты. Адам болдым, толдым деген күні өледі. Саясатқа келетін болсақ, менің ойымша, оның үш қағидасы бар: оқу, ойлану және ой бөлісу. Үшеуі де, қарап отырсақ, руханиятпен, адамның ойлау және пайымдау қабілетімен тығыз байланысты. Өз руханиятынан ажыраған адам - мәңгүрт, ал өз руханиятынан ажыраған саясаткер тірі өлікпен тең.
- «Қазақстан» ұлттық телеарнасында тұсауы кесілген «Ашық әңгіме» жобасының алғашқы қонағы - «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қаринмен болған әңгімеде қойып үлгермей қалған сұрақтарыңыз бар ма?
- Әрине! Болғанда қандай. Шынын айтсам, өмірдегі уақыт пен эфирдегі уақыттың ағысы екі бөлек дүние екен. Әңгіме қызған сайын сұрақтарды қоя бергің келеді, сұрақтан сұрақ туындайды. Ал эфирдің уақыты мен хабарды жазу уақыты түсінікті себептерге байланысты шектелген. Хабарға қонақ болып қатынасу мен хабарды жүргізіп отыру, теледидар деп аталатын өте-мөте күрделі шығармашылық, технологиялық үдерістің, механизмнің бір бөлігі болу - мүлдем өзгеше құбылыс екен! Осы тұрғыдан келсек мен өзім үшін бір керемет әлемді ашып жатқан сияқтымын. Бұл, сөзсіз, керемет сын.
- Көрерменнің көкейіндегі өзекжарды жайттар қозғалады деп күтілген жобаны дайындарда кімдердің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, танымал мамандардан кімдер тартылды?
- Әкем Әміролла Сарымов көп жылдар бойы осы «Қазақстан» арнасында жаңалықтар саласында қызмет етті. Сондықтан мен өзімді бұл салаға біршама жақын адаммын деп санаймын. Бірақ осы жұмысқа кіріскелі өзімді телевидениеде қызмет етіп жүрген әрбір қызметкердің шәкіртімін деп қабылдаймын. Әрине, менің де өз түсінігім, пайымым бар. Дегенмен, көп нәрсені түсініп, талай дүниеге үйренуім керек екен. Бұған толық көзім жетіп отыр.
- «Ашық әңгіме» жүргізушісінің басқа бағдарламаның авторларынан ерекшелігі мен өзгешелігі неде?
- Менің ойымша, бүгінгі күні ел теледидары көпшілікті ақпаратпен қамтамасыз ету, қызықтыру, көңілін аулау функцияларын орындап келеді. Бірақ, бүгінгі күннің бір ерекшелігі - теледидар бір кездегі өзінің көрерменді қамтудағы монополиялық мүмкіндіктерінен айырылып барады. Ғаламтор, әлеуметтік желілер жағынан қысым күн сайын артып жатыр. Әрбір телеарнаның жаңалықтар қызметі бар. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жақындағы тапсырмасынан кейін әрбір телеарна ізденіп, жаңа, тың хабарларды көрерменге ұсынып бағуда. Телехабарлардың, қойылымдардың рейтингі мәселесі де өткір қойылып отыр. Осындай артып жатқан бәсекелестік жағдайында әр телеарнаның өз ерекшелігі, ұтымды тұсы болуы керек. Тек осындай жағдайда біз отандық теледидарды басқа елдердің телеарналарымен бәсекелесетін деңгейге, дәрежеге шығара аламыз. Қазақ көрермені өзіне қажетті жаңалықты естіп-көру үшін ең алдымен, өз нарығына, өз телеарналары мен бұқаралық ақпарат көздеріне жүгінуі керек. Бұл үшін қыруар еңбек етіп, ізденіп, тер төккеніміз абзал.
Ал егер нақты «Ашық әңгімеге» келсек, менің пайымдауымша, оның тұрақты көрермені - еліміздің зиялы қауымы. Бүгінгі күні теледидарда көптеген талқы-шоулар жүріп жатыр. Онда барған адамдар бір-бірімен сөз жарыстырып, кейде өз ойындағысын толық аша алмайды. Бетпе-бет отырып, сұхбаттасатын хабарлар да жоқ емес. Осының арасынан өз орныңды ойып алу қиынның қиыны. Қолдан келсе рейтинг, мәртебе, ал келмесе «қарабет» болуға да болады. Хабарды бастаған кезде жарқ етіп шығуға, қатты-қатты сөздерді, ойларды айтуға да болар еді. Бірақ, менің табиғатым, ұстанымым бұны қабылдамайды. Жалпы, парасатты, терең ой айту үшін у-шу тек зиянын тигізетін сияқты. Сондықтан, басты ой сұрақтар мен сауалдардың тосындығы, оларды жаңа тұрғыдан қоюға, студияға келген қонақтың адами, кәсіби, тіпті, философиялық тұрғыдан ашылуына негізделеді. Өз басым ешкімді сөзбен тұқыртайын, мұқатайын деген ойым жоқ. Хабардың әрбір қонағы - танымал адам, өз ісінің майын ішкен маманы. Олардың барлығын дерлік білеміз, танимыз, сұхбаттарын оқимыз, көреміз. Басты мәселе сол тұлғалардың аузынан бұрын-соңды айтылмаған ой, сөз есту, жұрттың алдында отырып ойлану, ой бөлісу. Мысалы, композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджановпен болған екінші хабарды біздер 1 сағат 35 минут жазған екенбіз. Әңгіменің қызық болғаны сонша!
- Мұны аламан ойдың алаңына айналдыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Таза технологиялық, жарнамалық әдістерден бұрын хабардың зиялы, ойлы көрермен үшін қызық болуын қамтамасыз ету керек деп санаймын. Бұл үшін іздене түсу қажет. Басқа оңтайлы не оңай жолын көріп отырған жоқпын. Менің ойымша, бұл жерде мынадай бір гәп бар. Бүгінгі күні телеарналардың бәрі көрерменнің соңынан жүреді. Көпшілікке ұнайтын сериалдарды, ойын-күлкі хабарларды көптеп қоюға тырысады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, теледидардың санаткерлік функциясын естен шығармағанымыз абзал. Теледидар қоғамды тың тақырыптарды айтып-талқылауға итермелеуі, қажет болса, байқатпай күштеуі керек. Біздің қоғамда көпшілікке түсінікті, жағымды 5-10 тақырып аясынан шығып, мүмкіндігінше қоғамдық талқылардың сапасын жаңа деңгейге шығару қажет-ақ. Бүгінгі күні баспасөз бетінде талқылана бермейтін көптеген тақырыптар бар. Соларды айтуымыз керек.
- Студия қонақтары ішінен алдағы уақытта танымал тұлғалардан тағы кімдерді көруіміз мүмкін?
- Негізінен әрбір хабардың өлмейтін тақырыптарға арналғанын қалаймын. Бірақ, ағымдағы оқиғаларға да баға беріп, саралау керек. Қазақ қауымына осы тұлғалар қызық болады-ау, осы кісілердің ойы қызық екен деген талай азаматтардың тізімдерін жасақтадық. Мәселе студияға келетін адамдардың танымалдығында емес, олардың терең ой, тосын пікір айта білуінде болуы керек. Тіпті осы хабар арқылы қаймана қазаққа жаңа есімдерді, ғалымдарды, кәсіпкерлерді, сарапшыларды таныту, ашу бар жоспарда. Реті келіп жатса, Қазақстанға келіп жатқан шетелдік қонақтарды, елшілерді шақырып сөйлету де ойда бар.
- Жалпы, хабарға қатысушыны алдын ала тікелей өзіңіз таңдайсыз ба, әлде бұл ұжымдық мәселе ме?
- Екеуі де бар. Мен белгілі бір тұлғаны ұсынсам хабардың шығармашылық тобына оның көрерменге немен қызықты болатынын айтып дәлелдеуге тырысамын. Дәл сол сияқты продюсерлер: «Осы адам қалай, негізі керемет пікір айтып жүр» десе, мен де ондай ұсынысты қабылдауға дайынмын. Ортақ шаруа болғандықтан бір адамның өктемдігі болмағаны дұрыс.
- Шақырылған студия қонақтарының арасында мұндай ұсыныстан бас тартушылар кездесе ме?
- Болып жатады. Өкінішке орай, зиялы қауым өкілдерінің басым бөлігі Алматыда, ал хабар Астанадағы «Қазмедиаорталығында» жазылады. Хабардың түсірілу уақыты мен жаңағы кісілердің Астанаға келуі кейде сәйкес келмейтін кезі болады. Кейбір шенеуніктеріміз де сан алуан себеп айтып, тайқып жатады. Жалпы, біздің шен-шекпенділердің өз жұмысын халыққа түсіндіру, түйсіндіру тұрғысында шорқақтық танытатыны, ашық әңгімеден қашатыны өкінішті.
- Өткен хабарға байланысты ғаламторда өзіңізге түрлі сын-ескертпелер жазылған екен. Сынды қалай қабылдайсыз?
- Айдос Сарымның ең қатал сыншысы - Айдос Сарымның өзі. Интернетте, әлеуметтік желілердегі сындар менің ішкі сыныма ілесе алмай ма деп қорқамын. Студиядағы отырыс, жұмыс бір бөлек те, оның жарық көруі екінші бөлек дүние ғой. Жарық көрген екі хабарды эфирден де, интернеттен де 2-3 қайтара қарап, өзімді-өзім біраз аяусыз қажадым, ой түйдім. Қарапайым көрермендердің, осы сала мамандарының біраз пікірлерін қойындәптеріме түртіп алдым. Негізі, қарап отырсақ, бізге осы телевидение саласына арнайы дайындығы бар, кәсіби сыншылардың санын арттыру қажет сияқты. Бұл да телеиндустрияның бір құрамдас бөлігі.
- Саяси сахнада кімдердің ой-пікірімен санасасыз?
- Шынын айтсам, бүгінгі саяси сахнада жүргендердің ішінен ондай адамдардың саны аса көп емес.
- Соңғы уақытта телеарналарда саясаттанушы, актер, әнші-тележүргізушілер көбейді. Бұл Ресей телеарналарының әсері ме?
- Менің ойымша, осы кезге дейін бізде де, Ресейде де журналистика дағдарып келді. Осыдан 15 жыл бұрын, 10 жыл бұрын жарық жұлдыз деңгейіне жеткен журналистерді барлығымыз атай аламыз. Ал бүгінгі күні газет саласында, телевидениеде істеп жүргендердің ішінде аса танымал журналистер бар ма? Отырып тізіп бере аламыз ба? Менің ойымша, жоқ. Оның көптеген себептері бар. Баспасөздің қоғамдағы орны мен рөлі қатты әлсіреді. Баспасөз құралдары рухани күштен гөрі ақпараттық, саяси тоқпаққа айналып кетті. Ал тоқпақпен тоқпақтасып жатқанда оның ою-өрнегіне кім назар аударады? Ішкі цензура мен жабық тақырыптардың саны артты. Бұның барлығы журналистикаға теріс әсерін тигізіп, тұлғалық журналистиканы жоқ қылды. Ал журналистикадағы тұлға деген не? Ол сөз бен іске, жазылып жатқан мақала мен түсіріліп жатқан сюжетке деген асқан жауапкершілік, белгіленген межеден төмен түспеу. Бүгінгі әлем, қоғам мәдениеті, оның ішінде теледидары «жарық жұлдыздарды» қажет етеді. Сондықтан да болар баспасөз нарығындағы реформаны іске асыру үшін қазақ телевидениесі өзімен еншілес салалардан танымал тұлғаларды импорттап жатыр. Бұл уақытша үрдіс болар. Бұның өзі кәсіби журналистерге ұнамауы да мүмкін. Бірақ ішкі бәсекелестікті күшейту үшін бұның да пайдасы болады. Сіз айтып отырған тұлғалардың біразы түбі осы салаға икемделіп, шын мәніндегі майталман журналистке айналуы да ғажап емес. Шындап келсек, бүгінгі журналистика факультеттерінің түлектеріне ғана негізделген телевидение мен баспасөз аса қызықты бола алмайтын сияқты болып көрінеді. Заман өзгеріп жатыр, көптеген тың тақырыптар, бағыттар ашылып келеді. Олардың барлығына журналистік білім беру жүйесі уақтылы жауап бере алмайды да. Сондықтан дәл бүгінгі телевидениеге басқа салалардан көптеген азаматтардың келуін «қан жаңарту» деп түсінгеніміз дұрыс шығар. Бұл да бір ғаламат эксперимент. Түбі бағасын беретін қазақ көрермендері болуы керек, баға беру солардың қолында.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»