Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1447 0 пікір 9 Наурыз, 2023 сағат 17:03

Ана мен баланың құқы қорғалған ел - бақытты ел!

Еліміздің мемлекеттік әлеуметтік саясатының маңызды бағыты - ана мен баланың құқығын қорғау десек қателеспейміз. Ана мен бала құқығы мемлекеттің халықаралық ынтымақтастығының да өзекті саласы болып келеді. Қоғамда ерекше қорғауға мұқтаж топ ана мен балаға қатысты саяси бағыттың мән-маңызы халықтың репродуктивті деңгейі, мемлекеттің еңбек, зияткерлік әлеуеті, жас ұрпақтың физикалық, рухани және адамгершілік дамуы әйелдер мен балалардың денсаулығы, әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты екендігін көрсетеді. Сондықтан өзін құқықтық-демократиялық, әлеуметтік деп айқындаған елде ана мен балаға деген қамқорлық, қолдау көрсету ұдайы әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек.

Қазақстанда 6 миллионнан астам кәмелеттік жасқа толмаған бала бар. Олардың бәрінің тегін орта білім алуына, тегін медициналық көмек алуына құқығы бар. Бұл заңмен бекітілген қағида. Соған қоса, әр баланың өзі қалаған спорт түрімен шұғылданып, өзіне жақын дінді ұстанып, мәдени демалуға құқығы бар. Баланың өз ар-ожданын қорғауға құқығы бар. Кәмелеттік жасқа толмай, ата-анасының, не қамқоршысының қарауында болғанына қарамастан, ешқандай баланың біреуден зәбір көріп, соққыға жығылуына заң бойынша жол берілмейді. Ондай жағдай болған кезде, құқық қорғау органдары баланың құқығын қорғайды.

Қазақстан  «Бала құқықтары тура­­лы халықаралық конвенцияға» қосылған. Сондықтан құжатта жазылған бала құқығын қорғау туралы барлық ережелерді бұлжытпай орындауға, өз аумағында оның талаптарын қамтамасыз етуге міндетті.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің жанынан балалар құқығын қорғау жөніндегі Комитет құрылды. Осыған орай, еліміздің бүкіл өңірінде балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ететін, яғни заңдық, моральдық, психологиялық, ақпараттық тұрғыда көмек беретін Департаменттер жұмыс істей бастады.

Өкінішке орай, өмірде әртүрлі себептермен балалардың бәрі толық отбасында дүниеге келмейді. Бүгінде Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 23 мыңға жуық бала бар. Олардың 4 мыңға жуығы балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.

«Бірақ бір қуантарлығы балалар үйлері жыл сайын азайып келеді. Соңғы он жылда жетім балаларды тәрбиелейтін ұйымдар саны 114-ке қысқарды. Бүгінде жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған бала­лар тұратын 96 ұйым бар. Кейінгі он шақты жылда осы ұйымдардың тәрбиеленушілері 10 мыңға азайған»,-дейді Балалардың құ­қық­тарын қорғау комитеті төраға­сының орынбасары Юлия Овечкина.

Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі республикамыздың басты құндылықтарының бірі екенін мақаламыздың басында айтып өткеніміздей, ел президентті балалардың болашағы жалпыұлттық міндетке екенін еске салып, 2022 жылды «Балалар жылы» етіп бекіткен еді. Мемлекет балалардың қаржылық-материалдық жағынан қамтамасыз етілуін басты қажеттілік санайды. Сәйкесінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жылдық табысының 50 пайызын кәмелеттік жасқа толмаған балалардың есепшоттарына аударылып отыру керектігін айтты. Бұл қоғамда үлкен қолдауға ие болды.

Қазақстан Республикасы бала құқықтары жөніндегі тағайындалған уәкілі Аружан Сайынның айтуынша, мемлекет басшысының бұл ұсынысыбалалардың болашағына үлкен кепілдік береді. Ол Қазақстан азаматтарын өскелең ұрпақтың келешегі үшін жасалып жатқан әр реформаны іске асыруға атсалысуға шақырды.

«Бала кәмелетке толып, жиналған ақшаны пайдалану құқығы берілгенше олардың әдепті, дені сау, білімді болып өсуін қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ олардың құқығын бұзатын кез-келген іс-әрекеттен қорғауымыз керек»,-деді ол.

Аружан Сайын ана мен балаға қатысты жасалып жатқан шараларға тоқталды.

«Биыл 1 қаңтардан бастап бала күтіміне берілетін қаражат 1 жарым жасқа дейін ұзартылды. Бұл ата-ана үшін үлкен көмек. Әсіресе, бұл шара жетім балаларды тәрбиелейтін ұйымдарда сәбилер санын азайтуға септігін тигізеді. Себебі, көптеген ата-ана балаларын материалдық қамтамасыз ете алмаған соң, шақалағын сондай ұйымдарға апарып тастайды»,-деді омбудсмен.

2020 жылғы деректер бойынша республикада 37,5 мың адам 14,7 млрд теңге шамасында жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылғандықтан төлем алған. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқа алған аналарға бюджеттен 47,5 млрд теңге бөлінген. 2020 жылғы мәліметтер бойынша декрет демалысындағы жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауға 434,4 млн теңге бөлінген.

Қазақстанда да өзге өркениетті елдердегідей аналардың, әйелдердің жоғары білім алып, қызмет істеп, мансап жолында көтерілуіне жол ашық. Бірақ қоғамның шындығы басқаша сөйлейді. Мемлекет тарапынан бақылаудың болғанына қарамастан, көп жағдайда әйелдердің, аналардың құқығы мен бостандығына қатысты өткір мәселелер туындап жатады. Соның бірі отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелдерге ерлер тарапынан жасалатын моральдық, психологиялық қысым туралы естіп, көріп жүрміз.

Осындай отбасында болатын келеңсіз, тіпті кейде арты өлім-жітімге апаратын жағдайлардың себебі әртүрлі. Мысалы: жұмыссыздық, материалдық жетіспеушілік, маскүнемдік, ойынқұмарлық тағы да басқалары. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жылда 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады екен. Қорқынышты статистика. Мұның артында ойран болған отбасы, жетім қалған бала, түрмеге тоғытылған әкенің тағдыры жатыр. Ресми деректерде кейінгі 5 жылда отбасында денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру фактісі 2 есе өскен екен. Бұл, әсіресе әйелдердің, басы жарылып, қол-аяғы сынған жағдайлардың көптігін көрсетеді.

2022 жылдың өзінде құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 157 884 фактіні тіркеген. Оның ішінде 61 464 жағдай отбасылық әлімжеттікке жатқызылған. Әлемдік пандемия кезінде бұл көрсеткіш өсіп, жоғары шекке жеткен.

Осы тұста Қазақстанда мұны реттейтін нақты механизмі жолға қойылған. 1999 жылы еліміз посткеңестік елдер ішінде бірінші болып Ішкі істер органдары жүйесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы жұмысты үйлестіріп, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау туралы  арнайы лауазымдық қызмет бірлігін белгілеген болатын.

Сол кезден бері мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жіті қадағалап отыр. Мұндай заң бұзушылық әрекеттер көп жағдайда заңды органдарға жетпей жатады. Себебі, әйел адамдар отбасында әлімжеттік көргені туралы арыз жазбайтын жағдайлар жетерлік. Оған салт-дәстүрге салып, отбасындағы ұрыс-керісті сыртқа шығармау деген секілді сенімдер себеп болып жатады. Кейінгі уақытта әлеуметтік желінің дамуымен зорлық-қорлық көрген әйелдердің видеолары мен фотолары таралып, мұндай сұмдық жағдайлар қоғам назарана шығарылады.

Отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар үшін елімізде көмек алудың жолдары қарастырылып, арнайы алгоритмі жасалған. Мысалы, зәбір көрген адам мүмкіндігінше 102 нөміріне хабарласуы керек. Сол жерде арыз бере алады. Сондай-ақ «Qamqor.gov.kz» порталы арқылы онлайн арыз беруге болады. Жараланған жағдайда 103 нөміріне хабарласып, медициналық көмек шақыруы керек. Осыдан кейін полиция қызметкерлерінен сот-медициналық сараптамаға жолдама алуы қажет болады. 150 нөміріне хабарласуына немесе «www.telefon150.kz» уеб-сайтына жазуға зорлық көргені туралы арыздануға да болады. Тәулік бойына қызмет көрсететін сенім телефондарына хабарласуға, осылайша құқықтық және психологиялық көмек алуына мүмкіндік бар. Одан бөлек жергілікті учаскелік инспектордан және дағдарыс орталықтары мен басқа да қажетті ұйымдардың байланыс нөмірі туралы ақпарат алуға болады. Мұндай кезде хабарласушының аты-жөні, жеке деректері, болған жайдың анық-қанығы құпия сақталады.

Ана мен баланың құқығын қорғаумен республикада көптеген орталықтар мен ұйымдар айналысады.

Соның бірі – Дағдарыс орталықтары. Қазіргі таңда республиканың біршама өңірінде жемісті жұмыстар атқарып отыр. Орталықтардың басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, барар жері қалмаған әйелдерге құқықтық, психологиялық , материалдық жәрдем беру. Бір өкініштісі, аталған орталықтарға кәмелет жасына жетпеген жасөспірімдер көптеп хабарласады екен.

Елімізде қазір 44 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл жерге 150 сенім номері арқылы балаларға көмек көрсетілсе, 1415 номері арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге қолдау көрсетіледі.  11616 номеріндегі «сенім телефоны» адам саудасы қылмысы бойынша қызмет көрсетеді.

Отбасылық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілер де, тәртіп бұзушыларды жауапқа тартатын заң талаптары қатаңданып келеді. Мәселен, отбасында зорлық көрсетушіні әкімшілік кодекстің 73-бабы бойынша қамауға алу мерзімі 3 күннен 5 күнге дейін ұзартылды.

Қылмыстық кодекстің 110-бабы «Қинау» қылмысы  жеке айыптау ісінен мемлекеттік іс санатына өзгертілді. Бұл жерде әлімжеттік туралы дәлелдерді зәбір көруші емес, құқық қорғау органдары жинайтын болады.

Қылмыстық кодекстің 110-бабымен қылмыс жасаған адам 4 жылға дейін сотталады. Ең аз деген мерзім 3 жыл.

Елдегі отбасылық-демографиялық ахуал, отбасындағы ана мен бала қауіпсіздігі мен құқығын қорғау, отбасылардың бала сүйе алмауы, соңғы кездері ажырасу санының артуы, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесімен Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан құрылған «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi Ұлттық комиссия» айналысып келеді. Ұйым басшысы Аида Балаева һз сөзінде еліміз үшін отбасы институты мемлекеттің маңызды тірегі және отбасы саясаты ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі дегендей,  Үкіметке жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқаты саласындағы заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойып, нәтижеге жетіп келеді.

Түптеп келгенде әр отбасында баланың өміріне ең алдымен ата-анасы жауапты. Ата-ана өмірге әкелген баласының болашағына жауапкершілік алып, оның денсаулығының жақсы болуына, біліміне, тәрбиесіне, баланың қоғамның сапалы мүшесі болуына қолынан келгенше жағдай жасауға міндетті. Ал мемлекет болса, жалпы әлеуметтік саясат аясында олардың қоғамның тең құқылы мүшесі ретіндегі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жағдай жасауға міндетті.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385