Дүйсенбі, 25 Мамыр 2026
Жаңалықтар 106 0 пікір 25 Мамыр, 2026 сағат 14:44

Ереуіл құқығы халықаралық норма ретінде мойындалды

Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.

Гаагадағы International Court of Justice қабылдаған соңғы консультативтік қорытынды халықаралық еңбек құқығы тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Сот жұмысшылар мен кәсіподақтардың ереуіл өткізу құқығы халықаралық құқықпен қорғалатынын нақтылап, оны еңбеккерлердің негізгі бостандықтарының ажырамас бөлігі деп таныды.

Бұл шешім ең алдымен International Labour Organization-ның №87 Конвенциясына қатысты ұзақ жылдар бойы жалғасқан пікірталастарға нүкте қоюымен маңызды болып отыр. Аталған конвенцияда бұған дейін бірлесу еркіндігі мен кәсіподақ құру құқығы бекітілгенімен, ереуіл мәселесі нақты жазылмаған еді. Соған қарамастан халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары ондаған жыл бойы ереуіл құқығы осы еркіндіктің табиғи жалғасы екенін айтып келген еді.

Алайда кейбір мемлекеттер мен жұмыс берушілер ұйымдары бұған қарсы болып, мәселе 2023 жылы халықаралық деңгейдегі дауға ұласқанын да БАҚ арқылы жақсы білеміз. Соның нәтижесінде сүрлеген аталмыш сауал БҰҰ-ның халықаралық сотына жолданған еді. Енді соттың қорытындысы халықаралық құқықтық тәжірибеде маңызды бағдарға айналмақ.

Еңбек құқығындағы тарихи бетбұрыс

Соттың 10 судья қолдап, 4 судья қарсы дауыс берген шешімі еңбек қатынастары саласында жаңа құқықтық стандарт қалыптастыруы мүмкін. Өйткені қазіргі әлемде ереуіл тек әлеуметтік наразылық құралы ғана емес, жұмысшылардың экономикалық мүддесін қорғаудың ең соңғы тетігі саналады.

Көптеген елдерде кәсіподақтардың әлсіреуі, инфляцияның өсуі, еңбек нарығындағы теңсіздік пен әлеуметтік қысым еңбек дауларының көбеюіне әкеліп соқтырып отыр. Осындай жағдайда халықаралық соттың аталған ұстанымы жұмысшылардың құқықтық позициясын күшейтеді әрі өз мүддесін жанын сала қорғауға жетелейді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім таяу болашақта ұлттық соттардың еңбек дауларын қарауына да ықпал етуі ықтимал. Әсіресе кәсіподақ қызметіне шектеу қойылатын немесе ереуілге қатысқаны үшін қысым жасалатын елдер үшін халықаралық құқықтық қысым арта түсуі мүмкін екендігі көңілді қуантады.

Біздің еліміз үшін бұл нені білдіреді?

Қазақстанда еңбек даулары тақырыбы соңғы жылдары бірнеше рет қоғам назарын өзіне аудартты. Мұнай-газ секторындағы, өндіріс орындарындағы және әлеуметтік саладағы наразылықтар жұмысшылар құқығы мәселесінің әлі де өткір екенін көрсетіп отырған жайы бар.

Kazakhstan International Bureau for Human Rights and Rule of Law мәліметінше, елдегі заңнамалық рәсімдердің күрделілігі заңды түрде ереуіл ұйымдастыруды қиындатып, оған шақырушыларға қол байлау болып келеді. Еліміздегі өмір тәжірибесінде жұмысшылар бітіп болмайтын төрешілідік (бюрократиялық) талаптарға тап болады, ал кей жағдайда еңбек дауына қатысушылар қысымға, жұмыстан шығаруға немесе әкімшілік жауапкершілікке ұшырайтыны ешкімді де таңқалдырмайтын шындыққа айналды.

Қазақстан халықаралық еңбек ұйымының негізгі конвенцияларын ратификациялаған мемлекеттердің қатарында. Сондықтан БҰҰ сотының бұл қорытындысы елдің еңбек заңнамасын қайта қарау туралы пікірталастарды күшейтуі ықтимал деуімізге негіз бар. Әсіресе кәсіподақтардың тәуелсіздігі, ұжымдық келіссөз жүргізу және ереуіл өткізу процедураларын жеңілдету мәселесі күн тәртібіне шығып жатса ендігі жерде оған шегімізді тартып таққөалмай-ақ қоялық.

Билік пен бизнеске жаңа дабыл

Бұл шешім тек Орталық Азиядағы алшаң басып келген үкіметтерге ғана емес, тайтаң басқан ірі компаниялар мен жұмыс берушілерге де маңызды ишарат белгісін сездіріп отыр. Өйткені халықаралық құқық жұмысшылардың ұйымдасқан түрде талап қоюын заңды әрі қорғалатын әрекет ретінде мойындайды.

Сарапшылардың айтуынша, бұдай былай ОА еңбек жанжалдарын бұрынғыдай күшпен немесе қысым арқылы басып-жаншу емес, әлеуметтік диалог арқылы шешу үрдісі бірте-бірте орын алып, күшеюі әбден мүмкін. Себебі халықаралық беделіне аса зор мән беретін мемлекеттер мен компаниялар еңбек құқықтарын бұзу фактілерінен сақтануға өте-мөте тырысады.

БҰҰ сотының қорытындысы міндетті шешім болмаса да, оның саяси және құқықтық салмағы өте жоғары. Бұл халықаралық еңбек құқығының жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді.

Ендігі басты мәселе — мемлекеттердің осы ұстанымды ұлттық заңнама мен тәжірибеде қаншалықты жүзеге асыратынына келіп тіреледі. Қазақстан үшін бұл еңбек қатынастары саласындағы реформаларды тереңдетуге және жұмысшылар құқығын халықаралық стандарттарға жақындатуға берілген маңызды дабыл деуге болады. Еліміздің бұл үдеден қалай шығатынын тек уақыт қана көрсетеді. Әрі алаштың мүддесін қорғайтын қазақ тілді кәсіподақтың құрылуына даңғыл жол ашылды десек асылық айтқандығымыз емес.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3143
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2230