«Ауыл» депутаттары мандатын тапсыра ма?
Қоғам арасында «Ауыл» партиясының қос депутатына қатысты мәселе қызу талқыланып жатыр. Екеуі де былтыр Қазақстан президенттігіне үміткер болған. Азаматтық белсенділер бірін депутаттық мандаттан айыру үшін петиция жарияласа, бірін жауапты орында отыруға моралдық хақысы жоқ деп айыптайды.
Мәжіліске бара сала басы дауға қалған Қарақат Әбден президенттіке үміткер болған кезінде де шет ел азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарына салық салу туралы айтқан еді. Ол Мәжілістің алғашқы отырысында да осы айтқанын қайталады. Бұдан кейін белсенділер Қ.Әбден ҚР Конституциясының 39-бабын бұзды деп наразылық білдірді. Бұған кері дәйек келтіріп, депутатты жақтаған азаматтардың да қарасы аз емес. Соңғы шешімді Қарақат Әбден мен «Ауыл» партиясы айтады. Ал көзі ашық, көкірегі ояу, ойлы оқырман аталған жайдың ақ-қарасын өзі анықтай жатар.
Қоғам тарапынан қарсылыққа ұшыраған екінші депутаттың есім-сойы – Жигули Дайрабаев. Бұл азамат та былтырғы президент сайлауына түскен. Сол кезде оның ұлдарына қатысты алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Жақында Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы іс бойынша үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Оның екеуі Дайрабаевтың ұлдары – кәсіпкерлер Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық. Ол туралы ақпаратты Abai.kz сайтында бұған дейін жарияладық. «Ауыл» партиясының төрағасы Оралов Мейрамбай Әскербайұлы партияласының сүттен ақ, судан таза екенін, сондай-ақ мықты маман екенін айтып, аталған жайт оны депутаттық мандаттан айыруға негіз бола алмайтынын алға тартты. Ж.Дайрабаев болса, ұлдарын ес білетін азаматтар деп, қоғамдағы наразылықты әркімнің жеке пікірі деп білетінін жеткізді.
Abai.kz