Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 3278 25 пікір 10 Сәуір, 2023 сағат 13:38

Қара шаңырағын кім қиратады?!.

«Жазушылар одағы керек пе?» деген сауал қайта көтеріле бастады. Жақсы нәрсе емес... Неге? Жеткізуге тырысайын... Құптағандар құптар, құптамағандар көшке берген тайлағын қайтып алсын.

Тәуелсіздік алар-алмастан еліміздің рухани ордасы болған Қазақстан Жазушылар одағына қарсы жасырын шабуыл басталды. Мақсат – халықты рухани көшбасшысынан ажыратып, аздырып-тоздыру; бағыт-бағдарынан айырып айтқанын көндіріп, айдаған жағына жүргізу.

Біреулер қазір де бірінші президент, тойыс – НН басында дұрыс еді, кейін өзгерді. Бәрін бүлдірген отбасы мүшелері мен қасындағы алаяқтар деп ақтағысы келеді. Бос сөз. О баста-ақ Құдай атқан!.. Өз басым осының бәрін ойластырып, жоспарлы түрде жасағанына ешқандай күмәнданбаймын.

«Сатып алған тиімді болса, мал бағып, егін егіп қажеті не?» деп, ауыл шаруашылығын қиратып, жерді талан-таражға салды. «Ымды түсінбеген – дымды түсінбейді», «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда», «Байларымыз көбейсе бақуатты өмір сүреміз» деп ел байлығын бауырына басып, тексіздерді төрге шығарып, тектілерді көрге тықты. «Әуелі экономика, сосын саясат», «қазақстан халқы», «Еуразиялық Одақ», «көпвекторлы саясат» деп ұрандатып, мемлекетті ақыры осындай күйге жеткізді. Қарсы шыққандардың соңына шам алып түсіп, басымен қайғы етті. Атты, соттады, елден бездірді.

Кемеңгер көсемнің қырына іліккен алғашқы құрбандықтардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағы. Неге? Өйткені өзіне қарсы кеп, елді сөзіне сендіріп, соңына ерте алар күш солар еді. Сондықтан олардан тезірек құтылу керек болды. Және сол үшін не істемеді!?. Бұл жерде соның бәрін тізіп жатудың қажеттігі болмас; себебі, айтпағымыз – басқа мәселе.

«Құдай атқан оңалар, әруақ атқан оңалмас» деген... Қай заманда, халық басынан өткен қилы-қилы кезеңде ел сөзін сөйлеп, сертін ұстаған кім? Қазақ ақын-жазушылары. Кешегі – Алаш арыстары, бүгінгі – Шерхандар мен Мұхтарлар. Одан бұрын да солай болған. Сыпыра жыраудан бастап, Махамбетке дейін... Бұл – өшпес ел тарихы.

Енді сонша не көрінді?! Ел аман, жұрт тыныш. Тәуелсіз, әділетті жаңа Қазақстан...

Ал сендер басқа ештеңе қалмағандай, «Жазушылар одағы керек пе?» деген дауды тағы бастапсыңдар. Өз ойларың болса – өкінішті, біреу түртіп жатса – жөнге кел. Бізден қорықпасаң да, әруақтардан қорық.

Жарайды, Жазушылар Одағын жоқ қылдың. Не ұтасың? Өшкенің жанып, өлгенің тіріле ме? Жоғың табылып, бағың жана ма?..

Таланып тоналмаған нең қалып еді? Әлде соның орны тола ма? Бар байлығың, жеріңнің асты-үсті, өзі, кен орындары, зауыттар мен фабрикалар, халықтың табан ақы, маңдай терімен соғылған қаншама ғажап ғимараттар мен оқу орындары, сауықтыру мекемелері, кәсіпорындар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Санап тауыса алмайсың. Тіпті кешегі Үкімет үйіне дейін қолды бопты. Өзіңе бұйырса да мейлі ғой, ит пен құсқа жем болды. Көздеріңе көрінген сол сонша қырғыннан аман қалған жалғыз Жазушылар Одағы мен ғимараты болса – сөз басқа. Болмаса, бос сөзді қойыңдар. Одақ оты кеше де сөнбеген, бүгін де өшпес. Ел тізгінін ұстаған текті жігіттер дәл соған жеткізе қоймас. «Мешкей деген жақсы ат емес»...

Жазушылар одағы керек пе? Әрине, керек... Жазушылар Одағы – Ұлт Рухы. Одақ ғимараты – қаншама асылдарымыз бен алыптарымыз тер төгіп, еңбек еткен қазақ халқының Рухани Ордасы. Киелі қара шаңырақ.

Қара шаңырағын кім қиратады?!.

Рас, өзімізден де бар шығар... Айтқанға көніп, айдағанға жүрдік. Жоққа сеніп, сөзге ердік. Алдандық, арбалдық. Амал қанша, ел не көрсе, біз де соны көрдік. Көндік. Ит үреді, керуен көшеді. Көш түзелсе, біз де түзелерміз. Заман – басқа, заң – басқа. Құдайға шүкір, қазір жағдайы жаман емес. Жұмысы күн санап алға жылжи бастады. Ең бастысы – ниет түзу. Сондықтан көп созбай, сөз соңын осы ФБ-да жарияланған ақын Бақытжан Алдияр інімнің сөзімен аяқтағым келеді...

«Кім не десе де, Одақтың аты - Одақ! Қазақстан Жазушылар одағы! Бізге сонысымен қымбат!»

Тұрмағанбет Кенжебаев

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583