Ел мүддесі басты орында
Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырыс өтті. Кездесуде Жиында 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру аясында қабылданған Ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алу жөніндегі іс-қимыл жоспарының орындалу мәселелері қарастырылды.
Қазіргі таңда әлемде геосаяси жағдайлар тұрақсыз. Көршіміз Ресей мен Украинаның қақтығысы, Армения мен Әзірбайжанның қарулы қақтығыстары, Орталық Азия елдерінің ішінде тәжік пен қырғыздың жауласуы болып жатқан уақытта еліміздің тыныштығын, бейбітшілігін сақтау өте үлкен жауапкершілікке айналғаны аян. Мемлекеттердің саяси, экономикалық, әлеуметтік, әскери, ақпараттық салалары сияқты маңызды бағыттарындағы геосаяси бәсекелестік заман ағымымен өзгеріп отыр. Сондықтан мұндай жағдайда Ұлттық қауіпсіздік мәселесі алға шығатыны сөзсіз.
Ұлттық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі талаптар республиканың экономикалық-әлеуметтік даму жолының негізгі бағыттары мен кезеңдерінің стратегиялық жоспары жасалған кезде, осы саладағы нормативтік құқықтық актілерді дайындау, қабылдау, іске асыру кезінде міндетті түрде назарға алынады.
Ұлттық қауісіздікті қамтамасыз етудің негізгі стратегиялық мақсаттары -Қазақстанның ұлттық мүдделерінің жүзеге асыру, қазақстандық қоғамның құндылықтарын және конституциялық құрылыс негіздерін қорғау, адам мен азаматтың құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету. Біздің ұлттық қауіпсіздік саласындағы саясатымыз, еліміздің халықаралық және қорғаныс саласындағы, әлеуметтік және ақпараттық саласындағы, экономикадағы, ішкі саяси, рухани өмір мен мәдениеттегі ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған.
Ұлттық қауіпсіздік бір-бірімен байланысқан үш бөліктен тұрады. Олар: жеке адамның қауіпсіздігі, қоғамның қауіпсіздігі және мемлекеттің қауіпсіздігі.
Олардың өзара байланысы саяси және экономикалық құрылымдармен, қоғамдық қатынастардың сипатымен, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның даму деңгейімен өлшенеді.
Ұлттық қауіпсіздік органдары 4 бағыттарда қызмет атқарады:
Лаңкестік пен экстремизмге қарсы әрекет ету;
Ақпараттық қауіпсіздік;
Экономикалық қауіпсіздік;
Мемлекеттік шекара.
Ұлттық Қауіпсіздік органдарының құрамына мыналар кіреді: ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, "Барлау" қызметі (сыртқы барлау), Әскери қарсы барлау органдары,ҰҚК лаңкестікке қарсы орталығы, Аумақтық органдар (ҰҚК облыстық департаменттері), Шекара қызметі, арнайы мақсаттағы бөлімшелер, оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері және басқа ұйымдар.
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі жөнінде пікір білдірген әскери ғылымдардың кандидаты, доцент Георгий Дубовцев «Қазақстанның ұлттық мүддесі, төңірегіндегі елдер мен ТМД мемлекеттерінің арасындағы өз ұстанымын нығайтумен байланысты. Сондай-ақ БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ сияқты ұйымдардағы, өзге де халықаралық ұйымдардағы рөлін күшейтуіне де байланысты болып келеді»,-деген пікір білдірген.
Жаһандағы және аймақтағы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында еліміз өзге мемлекеттермен әр түрлі деңгейдегі ынтымақтастық пен серіктестікті іске асырады. Бұл дегеніміз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігінің сыртқы құрамдас бөлігін қалыптастыруы. Сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету көпжақты дипломатиялық жолды ұстану және жүзеге асыру. Жақын және алыс шетелдермен диалог орнату Қазақстанның ұлттық мүддесіне сәйкес ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.
Георгий Дубовцевтің айтуынша, сөзінше Қазақстан әскери-саяси жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге келгенде, сонымен бірге елдің тұрақтылы мен бірлігін қорғауға келгенде өз міндеттемелерін толы орындап отыр.
«Әскери қауіптерден елді қорғау - Қорғаныс саласындағы ұлттық мүдденің бірі де бірегейі. Сондықтан республикада әскери ұйымдарды жетілдіру бойынша іс-шаралар, ҚР Қарулы Күштерінің алдында тұрған ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары атқарылып келеді»,-дейді ол.
Ұлттық қауіпсіздікке мақаланың басында айтып өткеніміздей, тек қана әскери қауіпсіздік кірмейді. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі, өмір сүру сапасының қауіпсіздігі ерекше маңызға ие. Бұл туралы экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков әлемнің дамыған елдерімен салыстыру үшін, ең әуелі елдегі адамдардың өмір сүру сапасы артуға тиіс.Түптеп келгенде әр азаматтың өмірі тыныш, жайлы, ертеңгі күніне деген сенімі болуы керек.
«Соғыстан көз ашпаған талай ел бар. «Тек қана бейбітшілікке жетсек екен» деп отырған мемлекеттер бар. Сондықтан Қазақстан үшін елдің тыныштығын сақтап, әлеуметтік бағдарламаларын, экономикасын, шикізат өндірісін, өнеркәсіптің әртүрлі салаларында жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер жасақтау өте маңызды»,-дейді профессор.
Шындығында бүгінде күштік органдарды қолданудың дәстүрлі принциптері мен тәсілдерін басшылыққа алу өте орынды. Бұл үрдіс ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерге қарсы тұру үшін де қажет. Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен Қауіпсіздік Кеңесі құрылған болатын.
Осы кеңестің жетекшілігімен республикадағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты жоспарлау, қарау және іске асыру сияқты міндеттер орындалады.
Abai.kz