Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 4140 4 пікір 12 Сәуір, 2023 сағат 13:15

Біздің қазақ баяғыда жоңғардан неге жеңілді?

(Ер Жәнібектің 300 жылдық тойы кезінде Қалбатауда өткен
ғылыми коконференцияда сөйленген сөз)

Осындай мүшелтойлар кезінде кейбіреулер: «біздің қазақта батыр қандай көп» десіп таңғалады. Отан тарихынан хабары аздау адамға, сырттай қарағанда, солай көріндуі де ғажап емес. Ал тарихқа тереңірек үңілсеңіз, қазақтың батыр болмасқа лажы қалмағанын байқайсыз. Айнала-анталаған жау: орысы, шүршіті, жоңғары, қоқаны, қырғызы... толып жатыр. Егер тұлпар мініп, ту алған сол батыр бабаларымыз болмаса, жер көлемі жағынан дүниеде тоғызыншы орын алатын қазақтың байтақ даласын ашкөз жаулардан кім қорғап қалар еді? Қазақты бүгінге дейін асырап келе жатқан ұланғайыр жеріміз үшін, біз бүгін 300 жылдық тойы өтіп жатқан Ер Жәнібек секілді батырларға қарыздармыз.

Әрине, атыс-шабысы қанша көп болса да, халқымыз кім көрінгенді «батыр» демеген. Батыр атанудың да өз шарты бар. Ол кезде әскер ру атынан жиналады ғой. Батыр болатын адамның артында тіректі елі, соңына ерткен жүздеген сарбазы болуы өз алдына, жекпе-жекте жаудың кем дегенде бір батырын сайып түсіруі керек. Ал, мыңбасы,түменбасылардың жөні тіпті бөлек. Жаугершілікте қол бастаған, өз руына қорғаныс пана болған, нәтижеде ұлыстың ұранына айналған батырлар қазақта оншалық көп емес. Ал, біз бүгін ұлан асыр той жасап, 300 жылдығын атап өтіп отырған Ер Жәнібек – ұлысқа ұран болған  батырлардың бірі. Кезінде, Керей тайпасынан шыққан батырлар аз емес. Солардың бәрі де Ер-Жәнібекті пір тұтқан.

Мен өз кезінде Жәнібек батырдың өмір жолын біршама зерттеп, «Дарабоз» романына енгізгенмін. Менің қолымдағы дерек бойынша, Ер Жәнібек – Қабанбайдың Меруерт деген апайынан туған жиені. Ол қашан ел таныған батыр болғанша Қабанбай жасағында соғысады. Ал кейін жарияға шыққан Керей шежіресінде, жыр-дастандарда Жәнібекті біресе Сарыүйсіннің, біресе Қаздауысты Қазыбектің жиені етіп шығарады. Мен өз пікірімде қаламын. Сол кездегі өріс-қоныс жағын ескергенде, менің версиям шындыққа әлдеқайда  жақын екенін атап айтқым келеді.

Біреулер «бізде ас пен той кобейіп кетті» дегенде, олардың қандай тойды айтып жүргенін білмеймін, ал хандар мен қолбасы батырларды еске алуымыз өте сирек. Әсіресе, ұлт көсемдеріне арналған жиындар тым жұпыны, жетім қыздың тойындай. Сый-құрметтің ең жоғарғысы Абылай ханға арналса керек еді. Керісінше, біз үш жүздің ортақ ханы болған, батырларды маңына топтай отырып, қазақ жерін жоңғардан азат еткен Абылай ханның 300 жылдық мүшел тойын өз уақытынан екі жыл кеш (Абылай 1713-жыл емес, 1711-жылы туған), облыстық деңгейде, Көкшетауда зорға атап  өттік. Әсілі, Абылайдай ұлы ханның мерекесін көрші елдерге сауын айтып, ЮНЕСКО көлемінде өткізуіміз керек еді... Атсыз-аяқсыз өтіп жататын пайдасыз самиттердің орнына Абылай тойын халықаралық дәрежеде өткізсек, қазақ тарихын дүниеге танытқан болар едік қой... Ал, Ер Жәнібектің бүгінгі асы облысқа да жете алмай, аудан көлемінде, Жарма ауданының орталығы Қалбатауда өтіп жатыр. Әсіресе, бұл асқа облыс әкімі Сапарбаевтың, не орынбасарының төбе көрсетпеуін қалай түсінуге болады?

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы басшыларының тарихи тұлғаларға деген көзқарасы тым үстірт. Осыдан бір ай шамасы бұрын Өскемендіктер қолбасы Қабанбайға ескерткіш орнатыпты деп естігенбіз. Қабанбайдың өмірі мен жорық жолдарын алғаш рет зерттеп, ғылыми айналымға енгізген, қолбасыға арнап қос томдық роман жазған Жұмаділовты бұл ескерткішті ашу рәсіміне шақырмады. «Әй, осылардың құпиясы көбейіп  кетті, істерінде бір шикілік бар-ау» деп ойлағам. Расында да, солай боп шықты. Бүгін осы конференцияға келе жатып, самолеттен түсе салысымен, қарсы алушыларға бірден Қабанбай ескерткішіне апаруды өтіндім. Сөйтсем, ескерткішті осыдан екі-үш жыл бұрын бәріміз лайықтаған қаланың ортасындағы гүлзарға емес, қаладан он шақырымдай жердегі, Семейге баратын жылдың бойына, айдаладағы бір төбенің басына орнатыпты. Демек, тәуелсіздігімізге 23 жыл толса да, қолбасы Қабанбай Өскемен қаласына кіре алмаған...

Жоңғарға қарсы ақтық айқастар 1754 – жылы осы облыстың жерінде: Қалбада, Шорғада, Маңырақта өткені белгілі. Ол кезде жаңадан салына бастаған Өскемен қамалы бар болатын. Орыстар қазаққа емес, жоңғарға қол ұшын берді. Жоңғарлар жаны қысылғанда, осы қамалға келіп тығылатын... Кезінде қазаққа оң қабақ танытпаған, түсі суық тасқала әліде бедірейген күйінде тұр. Соған ерегескенде, қолбасы Қабанбайдын ескерткішін қаланың қақ ортасына орнату керек еді. Сөйтсе, бес қаруын асынған ұлы баба жасыған ұрпақтарына жігер беріп, ата жауына айбат шегіп тұрар еді-ау! Амал не, әкімдердің жалтақтығынан ұлы қолбасы айдалада адасқан жолаушыдай бір төбенің басында қалып қойған.

Ал енді аруақтарды еске алған осынау ас пен той кімдерге қажет деп ойлайсыз? Менің ойымша, мұндай салтанатты мереке өлі аруақтарға емес, тірілерге керек. Аты ұранға айналған қолбасы батырлар сенің жарнама жасауыңа зәру емес. Мәселен, Ер Жәнібек 300 жылға дейін ұмытылмай келді ме, бұдан кейін де ұмытылмақ емес. Керей баласы жаны қысылғанда, не аты бәйгеден келіп, мерейі тасығанда «Жәнібек!» деп ұран шақырады. Демек, ол бұдан кейін де өз ұлысының аузынан түспейді деген сөз.

«Аруақты еске алу – өліге емес, тірілерге керек» дедік қой. Тірілер дегенде, ең алдымен бүгінгі жас ұрпаққа керек. Жастар қазақтың мына байтақ даласын ешкім бізге сыйға тартпағанын, бұл даланы батыр бабаларымыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап қалғанын білуі керек. Патриоттық тәрбие дегеніміз – міне осы. Бабалардың ерлік еңбегін, туған жердің қадір-қасиетін бұл күнде қазақ даласын әркімге арендаға үлестіріп, ту-талақай сатып, пайда тауып жүрген билік басындағы шенеуніктер де біле жүрсе артық емес. Өйткені батыр бабаларымыз бұл даланы жемқор пысықтар көрінгенге сатып, пайда тапсын деп емес, игілігін ұрпақтарым көрсін деп, бізге мұра қып қалдырған ғой.

Әсілі, мүшелтой кезіндегі ғылыми-конференцияның мақсаты – бір-бірімізді қайталап, белгілі бір тұлғаны әспеттеп, мадақтай беру емес, сол батыр шыққан ортаға, заманға баға беріп, жан-жақты талдау жасау болса керек. Бүгінгі жиыннан да көпшілік қауым соны күтеді. Өйткені, жоңғарға қарсы азаттық соғысының себеп-салдары, қыры мен сыры әлі толық ашылған жоқ. Ол туралы көпшіліктің білетіні – «Ақтабан шұбырынды» кезінде жоңғарлар қазақты аямай қырыпты. Кейін, Абылай хан заманында қалмақты қазақ жеңіп, өз жерін азат етіпті. Міне, білетініміз – осы ғана. Ал, сол бір 1723-жылы қазақтар сан жағынан өзінен үш есе аз жоңғардан қанжоса болып неге жеңілді? Бұл сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап берілген жоқ.

Бүгінге дейін тарихшылардың айтатыны: жоңғарлар көктемгі көкөзек шақта, мал төлдеп жатқанда, ат-көлік арық кезде шабуыл жасапты-мыс. Қисынсыз әнгіме. Қазақ пен қалмақ тұрмыс-салты, тіршілік қалпы бір-біріне өте ұқсас, бір белдеуде қатар жатқан ел ғой. Көктемде қазақтың аты арық болғанда, жоңғардың атын біреулер қыс бойы сұлыға байлап, семіртіп қойып па? Сонан кейін бір айтатыны, «жоңғарлар соғыс жарияламай, қазақ жерін қапыда басып қалыпты-мыс». Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ бір белдің астындағы қас дұшпанның саған шабуыл жасап, басып кіргелі тұрғанын сезбесең, онда еліңнің обалына қалып, билік басында отырып нең бар? Иә, қазақтың қапы қалғаны рас. Бұл – басқа емес, Тәукеден кейін таққа таласқан тоғышар хандар мен салбөксе билердің кінәсі. Сенесіз бе, Абылайға дейін қазақ хандығында іргелес елдерге шолғыншы жіберу, барлаушы-тыңшы ұстау дағдыға енбепті ғой. Қазекең тұтқиылдан жау шапқанда, «аттандап» бір-ақ оянған. Көрші елдердің тыныс-тіршілігін байқап отыру алғаш рет Абылай заманында жүзеге асқан.

Ал қазақтың жоңғардан күйрей жеңілуінің басты себебі, сол тұстағы қазақ қоғамының күн өткен сайын құлдырап, әбден әлсіреуіне байланысты. Әз-Тәуке, сөз жоқ, өз заманындағы ақылман хандардың бірі болды. Халықты заңмен басқару мақсатында билерді маңайына жинап, «Жеті жарғыны» жаздырды. Өз заманында бұл да – бір адым алға басқандай еді. Бірақ Әз-Тәукенің мүлт кеткен жері – ол өзімен бақталас сұлтандарды билікке жолатпау мақсатында, үш жүздің тізгінін үш биге ұстатыпты. Бұл билердің де қазақ қоғамын жақсы білетін ақылман кісілер болғанына шәк келтірмейміз. Олардың жер дауын, жесір дауын әділетті шешкеніне күмән жоқ. Бірақ Әз-Тәуке де, маңайындағы басқа билер де соғыс ісіне жетік, жауынгер кісілер емес-ті. Билер өкім жүргізген тұста қазақ қоғамының қорғаныс қабілеті, жауынгерлік рухы қатты құлдырап кетті. Қазақтың әр қадамын аңдып отырған жоңғар қонтайшысы Сыбан Рабдан осы сәтті дөп басып, өте тиімді пайдаланды. Ол осының алдында қытайдың Маншың хандығы тарапынан шабуыл күтіп отырған-ды. Сол жылы Маншың императоры Канси қайтыс болды да, шабуыл кейінге қалып, Сыбан Рабдан дайын тұрған әскерін қазақ даласына шапты да жіберді. Нәтижесін білесіздер: қанды қырғын, Ақтабан шұбырынды...

Бізде, не үшін екен, тәуелсіздіктен кейін билердің «культі» қайта күшейді. Мұндағы ұстаным: хан-сұлтандар – Шыңғысхан әулеті, моңғолдар. Ал, билер болса – қара қазақ, өзіміз. Бір білгіштердің айтуынша, жоңғарға қарсы азаттық соғысын билер басқарған-мыс. 1726-жылы Ордабасында үш би: Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қатар отырып, бұдан кейінгі соғыс жоспарын солар жасаған көрінеді. Мұның бәрі сын көтермейтін өте үстірт түсініктер. Шындыққа жатпайтын жалаң ұран ғана. Әйтеке би содан жиырма жыл бұрын қайтыс боп кеткенін ешкім қаперге алып жатпаған. Тарихты көпе-көрінеу бұрмалау – халықты жалған ізге салып, шатастырғаннан басқа ештеңе емес. Ақиқатында, Бұлантыдағы, Аңырақай мен Алакөлдегі алғашқы теке-тірес ұрыстардың барлығы – Қабанбай, Бөгенбай, Саңырақ, Тайлақ, Малайсары, Елшібек секілді шаңырақ мүйіз батырларының еңбегі, одан қала берсе алдымен ес жинап атқа қонған Әбілмәмбет, Абылай, Әбілқайыр, Барақ сұлтандардың халықты төңірегіне топтай білуінің арқасы.

Жоғарыда айтқанымыздай, жоңғарға қарсы азаттық соғысы әлі күнге дейін егжей-тегжейлі зерттеліп болған жоқ. Мәселен, қазақ жерінің оңтүстік-шығыс қапталын 40-30 жыл бойы жоңғар басып жатқанда (бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы, Жамбыл, Шымкент облыстары) қай ру қайда болды? Елі-жерімен қоса жоңғар қоластында қалғандар кімдер? Ата қоныс жерін тастап, уақытша Арқаға ауып барған рулар қайсы? Бұл мәселе зерттеушілер тарапынан қолға алынбай, сол күйі қозғаусыз жатыр.

Мен «Дарабоз» романында Төле бидің Халдан Серен атынан Ташкент уәлаятына он екі жыл бойы бек болғанын жазғаным үшін біраз ағайынның қырыс қабағына тап болғаным есімде. Бұл – әсілі, Төле бидің осалдығы емес, жерін жауға тастамай, елін бостырмай, қонтайшы Халдан Серенмен тіл табысқан ұлылығын көрсетсе керек.

Кейін Әбілмәмбет пен Абылай таққа отырған кезде билерді (Бұқар жыраудан басқасын) Ордадан ығыстырғаны белгілі. Хан кеңесінде билердің орнын батырлар басты. Ақсақалдар билер кеңесінде жер дауы, жесір дауы секілді ішкі істерді қарайтын болған. Қаздауысты Қазыбек пен оның ұлы Бекболат би Абылайдың бұл қылығын хош көрмей, біраз уақыт ханға қарсы оппозицияда жүргенін білеміз. Олар енді Омбыдағы орыс ұлықтарымен жалғасып, Абылай ордасында не болып жатқаны жөнінде «донос» жазып тұрғаны Омбы архивында сақталған. Берген мәліметтері үшін кәдімгідей ақы алып тұрған... Бір жолы Омбыға хат апара жатқан Бекболаттың Жанай және Ботахан деген екі адамын Абылай ұстап алып, қаматып тастайды. Ботахан өте ызақор кісі екен. «Көрге түскен адам тірі шықпайды» деп өз ішін өзі пышақпен кесіп жіберіпті. Онсыз да сыныққа сылтау таппай жүрген Бекболат бес мың қолмен Абылайдың ордасын қоршайды. Абылай дауды өршітпей, Ботаханға құн төлеп құтылған.

Қысқасы, біз өткен тарихты сылап-сипап, әдемілемей болған оқиғаларды болған күйінде жазуымыз керек. Су басымен тұнады, тарихымыздың таза болғаны жөн. Осы тұрғыдан келгенде, бізде бірлікке келмеген ұғымдар қаншама. Мәселен, 1730 – жылдары туған Райымбек батыр 1706 – жылы туған болып жүр. Біреулердің жазбаларында, ол өзі тумай тұрған кездегі «Ақтабан шұбырындыға» қатысады... Енді бір пысықтар Астана маңында қолбасы Қабанбайдың жалған кесенесін орнатып, бизнес көзіне айналдырып алды. Естуімізше, кесененің жылпос шырақшысы туристердің урнаға тастаған қаржысынан байып алған деседі. Ал, шын мәнінде, ол кесенеде жатқан қолбасы Қабанбай емес, Арғынның қанжығалы руынан шыққан Қабанбай би.

Осындай жалған мәліметтерге жол ашып қойып, халықты қашанға дейін шатастыруға болады? Тарихқа елеусіз жіберілген бір өтіріктен жүз өтірік туындайды. Бұған жол беруге болмайды. Өйткені тарих – біздің іргетасымыз. Іргетас мінсіз әрі берік болуы керек. Қыңыр-қисық іргетастың үстінен түзу ғимарат қаланбайды.

21-маусым , 2014-жыл.

Қабдеш Жұмаділов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5352