Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 4064 17 пікір 13 Сәуір, 2023 сағат 12:46

«Қара жорға биі»: Қазақтікі ме, қалмақтікі ме?!

Идеологиялық шектеуден құтылып, Той бизнесі Шоу бизнесін шаң қаптырған қазақ жұрты қандастар қайта жаңғыртқан «Қара жорға биін» әлі де жатсынып келеді екен. Зерттеушілердің тарихи деректермен «Қара жорғаның» «ер қанаты – ат» деп санайтын ұлтымыздың көшпенді өмірінен туған төл өнері екенін дәлелдегеніне қарамастан, «Жиһангез Марко Поло естелігінде жазып та, Затаевич ол туралы бір ауыз айтып па?!» деп тапа тал түсте шалықтайтындар да бар екен. «Қара жорғаның» қазақтікі емес, қалмақтікі екеніне Моңғолия мен қытайдан келген қазақтарды куәлікке тартатындар да шығыпты.

Кәсіби биші Перизат Омарова фейсбук парақшасында Моңғол елінен келген таныстарының «Қара жорға биін» қалмақтікі дегенін жазыпты. Оған үн қосқан журналист Ержан Әбдраман да: «Қара жорға – қазақтың биі емес» депті бір кісі. Мұны естіп есіме ауылдағы Жақаш әкеміз түсіп отыр. Жақаш аға біраз жыл бұрын дүниеден өтті. Иманды болсын, жақсы адам еді. Со жолы ма бір сұрағанымда, қалмақ биін Қытайда жүргенде көрші ауылға той-томалаққа барып сондағы «қалмақтардан» үйренгенін айтты» деп, бұрынғы жазбасын қайта салыпты. Оған әріптесі Нұртай Лақан алдымен: «Қалмақияда «қаражорғаны» ұлттық би ретінде билеп жүрген қалмақтар бар ма екен? Ендігі бір рет «Бұл біздің ұлттық би» деп шығатын еді ғой» деп сұрақ қойып, артынан: «Іш пысқанда Шыңғысхан мен Қаражорғаны талғажау ете беретін болдық қой» деп әзілдепті.

Бізде көңілдегі күдікті сейілту үшін Шынжаңның Моңғұлкүре ауданында туылып, қазіргі күні Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінде солис болып жүрген кәсіби биші Ернұр Қарқболұлының пікірін білуді жөн санадық.
Моңғұлкүре ауданы Біздің Нарынқол ауданымен шекаралас. Мұнда 19-ғасырда салынған Моңғолдардың үлкен бұтханасы бар. Аудан аты соған байланысты қойылған. Ауданда «Сағанусұн» моңғол автономиялы ауылы бар. Аудан орталығындағы мәдениет орталығында Моңғолдардың да әнші-биші өнерпаздары өнер көрсетеді. Ернұр жастайынан биге әуестеніп, сол ортада өсіп, әр ұлттың биіне қаныққан. Көркемөнер иниститутында оқығанда да, Іле қазақ автономиялы облысының ансамбілінде жұмыс істегенде де, әр ұлт өкілдерінің өнерпаздары қатысатын облыстық, райондық, мемлекеттік дейгейдегі мәдени шараларда моңғол бишілерімен бірге жүрген, өнер көрсеткен. Біздің оған таңдауымыздың түсу себебі де сондықтан. Сырт көзбен тон пішкеннен гөрі Моңғол биінің ерекшелігін, өзіндік бөгенайын бір кісідей біледі.

«Қара жорға – қалмақтікі» деген даудан шаршағаным сонша, қазір, тіпті назар аудармайтын болдым» деген Ернұр: «Бұл даудың бәрі биге деген кәсіби көзқарастың таяздығынан» деп санайды. Қалмақ биі мен Қара жорға биінің айырмашылығына тоқталған кәсіби биші: «Қара жорға биі қазақтың «62 қоңыр» атанған күйлері сияқты 62 тамыр иіп орындалады. Ал қалмақ биінде белден жоғары буындар қозғалады, қолды сыртқа серпіп билейді. Ал қара жорғада қол «қошқар мүйізі» сияқты ішке қайырылып, буын-буындар қозғалысқа келеді» дейді. Гостролдық сапарлармен талай елді аралаған талантты биші Башқұрттарда да, хакастарда да, қырғыздарда да қара жорға сияқты би қимылдарының бар екенін көргенін айтады. Оның себебін Еуразия даласын ен жайлаған киіз туырлықты, ат жалында ойнаған көшпелі халықтардың тұрмыс әдетінің ұқсастығынан туындаған деп түсіндіреді. Көшпенді халықтардың би өнері де тарихы сияқты бір жүйеге түссе дау-дамай өз-өзінен тиылады деп санайды.

 

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351