Бұрынғы қазақ ауылы
(Адольф Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар немесе Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар» кітабынан)
1846. Қыркүйектің 5-і.
Таң салқын болғанымен ауа райы тамаша еді. Хан* ұйқыдан оянысымен кәрсөн-кернейлерді* бетке алдық. Жолай қаптаған бейіттің тұсынан өткенбіз, кейбірі өңкиген алып екен. Көшке жолықтық, түйедегі әйелдер тізбектеліп келеді; әлдебір келіншек керемет шеберлікпен тігілген күреңқызыл шалбар киіп алыпты. Қара түсті селдір желбегей жамылған сұлу қыз саусағындағы сақиналары мен белбеуіндегі кілттері жалтылдап, кер бестісін сылаңдата жүйіткіп барады. Түйе үстіндегі кебежелерден бүлдіршіндердің маңдайы жылт етіп қалады; ал кішкене ұлдар атқа мініпті. Қырық шақырымдай жүрген соң Нұра өзенінің жағасындағы Қаражал жайлауына аялдадық. Ел билеушісі – Есберген. Он екі қанат киіз үй жайнап тұр: таза, жасау-жабдығы мол. Бізді Суханәлімов түстікке шақырып, алдымызға ыстық таба нан мен таңқурай шырынын тартты, әсіресе таң қалдырғаны – биылдыққа татып көрмеген картобымыз бар екен. Михал Тобылдан бізге деп бірнеше бөлке нан мен бір құты тосап жіберіпті.
Тек өзім үшін сәлем-сауқаттың ең бағалысы – анамнан, бауырым мен қарындасымнан және бірнеше достан жеткен хаттар еді. Осыларды оқыған соң біраз мызғып алуға тиіс едім, өйткені астымдағы жайсыз ат жол бойы берекемді қашырды.
Біраздан кейін Кенесарыға қарсы аттандырылған отрядтың бастығы, казак офицері Карбышев жетті. Кешкісін біз хан мен керней старшындарына арнап шай бердік. Жиын сәнін өлеңші Қожамжар келтіріп, сол еңбегі үшін көптеген сыйлыққа қоса бірнеше сом ақша алды. Құсбек те, басқалары да мұны Орынбайдан артық деп санайды. Ал өз ойымша бұл онымен басқасын былай қойып, дауыс жағынан да теңдесе алмайды. Орынбайдың бір жаман әдеті – бет-аузын тыржыңдатып, сыйлықтан дәметеді де отырады.
Құсбектің өтінішімен Виктор меймандардың бірінің шайына құстыратын үш ұнтақ дәрі сеуіп жіберіп еді, алайда анау қыңқ етпей, мыналардың өзін мазақ қып күлді; сөйтті де, әлгі ұнтақтан кейін төрт шыныаяқ шай ішіп, жайбарақат отырып, түн ортасы ауғанда жұртпен қатар бір-ақ шықты.
Қыркүйектің 9-ы.
Таң кешегіге қарағанда ызғарлырақ, алайда күн ашық және жаймашуақ. Түстен кейін тіпті ыси түсті. Біз Қаражалдан шығып, он алты-ақ шақырым жерде отырған қояншы-тағайларды* бетке алдық. Қоңыртөбеге жеткенде өзімізге арнап тігілген киіз үйдің үстінен шығыппыз.
Болыстың аты – Қадыр. Қазақтардың жайлары бірінен бірі өтеді. Есбергеннің киіз үйіне жібек қосып әралуан мәнермен тоқыған ши құрылса, мұндағы керегеге сегіз кілем тұтылыпты; еденге оның тоғызы төселіпті, көрпе-жастық – жібек, басқұр мен ұзын алаша сонша нәзік талғаммен тоқылып, тігілген. Казак майорына да алдыңғыдан сәл кішірек киіз үй даярланған; түскен жерінің бәрінде қол қусыра күтіп алып, нөкерлері мен түрлі шаруамен келуші кісісіне жаятын ашық дастарханына деп бие мен қой соятын ханға арналып тігілген шаңырақ та дәл осындай.
Мұндағы әйелдер шашын тек екі бұрым қылып өріп, төбесіне түйеді де, үстінен ақ орамал тартады; бойжеткендер жағы болса шашты бар өнерін салып бірнеше бұрым етіп өреді.
Біз келген соң ауа райы өзгерді; жаңбыр исі сезілген, алайда түн жаздың әрбір жайлы түніндегідей сондай жылы еді.
Орыс тілінен аударған Құлтөлеу Мұқаш
*Хан – жергілікті жұрт Қарқаралының аға сұлтаны Құсбек төрені осылай атапты.
*Кәрсөн-керней, қояншы-тағай – Қаракесек руының бүгінде, негізінен, Қарағанды облысының Шет ауданын мекендейтін тармақтары.
Abai.kz