Сәтқалиев: Елбасымен құда да, туыс та емеспіз...
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қызы туралы әлеуметтік желілерде пайда болған видеороликке министрлік түсінік берді.
«Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратқа қатысты біздің жауабымыз мынадай: Энергетика министрінің қызы бейнежазбадағы сыныптасымен жеке қарым-қатынаста емес. Алмасадам Сәтқалиевтің Тұңғыш Президентпен ешқандай туыстық байланысы жоқ, бұрын болмаған», - делінген мәлімдемеде.
Ведомство заңнамаға сәйкес көрінеу жалған мәліметтерді таратуға қылмыстық жаза қарастырылғанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қызы мен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 17 жастағы «ұлы» делінетін Тауманның үйленетіні туралы бейнежазба тараған. «Тауман Нұрсұлтанұлы – Нұрсұлтан Назарбаев пен оның ресми емес үшінші әйелі Әсел Исабаеваның перзенті», - деп көрсетілген ақпаратта.
Алмасадам Сәтқалиев 4 сәуірде энергетика министрі болып тағайындалған. Бұған дейін ол «Самұрық-Қазынаны» басқарған. Оның 5 баласы бар.
Abai.kz