Ел боламын десең мектебіңді түзе!
Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең көп министр ауысқан саланың – білім саласы екені жиі сөз болады. Бірақ Қазақстанды 30 жылдан астам уақыт билеген тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұрпақ тәрбиесімен айналысатын, ел ертеңі үшін аса маңызды саланы реформалауға құмартып басшыларын қайта-қайта ауыстырып, оларға ойына келгенін істеуге еркіндік берген әрекетіне шынайы баға берілген жоқ. Тоқаев билікке келгелі бері де бұл салада екі рет ауыс-түйіс болды.
Билік транзитінен кейін білім саласын басқаруға келген Асхат Аймағамбетовке президент Тоқаевтың «еститін үкімет» сияқты саяси бастамалары еркін қимылдауға мүмкіндік берді. Сапасыз білім ордаларын жауып, мұғалімдердің айлығын өсірді. Білім беру саласын ұлттық бағытқа бұрды. Оның бұл батыл қадамдары елдің бәріне бірдей жаққан жоқ. Әсіресе жекешелендіру кезінде мемлекеттік нысандарды өз атына жазып алып, шетінен жеке меншік білім орындарының қожайыны болып шыға келгендерге, оқулықты ай сайын өзгертіп қайта басып, бюджет ақшасына кекіргендерге, Ресей ғылымын теңдессіз санайтындарға ұнаған жоқ. Өкініштісі Аймағамбетов реформаларын аяқтауға үлгірмей орнынан ауысты.
Назарбаевтың кадр ауыстыру сынақ алаңына айналған білім саласының қордаланған мәселелері министр ауыстырумен шешілмейтінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Аймағамбетовтың орнына тағайындалған Парламент сайлауынан кейін жылы орнын сақтап қалған Ғани Бектайұлы да жаңа сынақтарға тап болуда. Елдің шығысында, оңтүстігінде оқушылардың қатігездік оқиғалары жиіледі. Арты өліммен аяқталып жатыр.
Мәселенің ауырлығынан Оқу-ағарту министрі амалсыздан шұғыл кеңес өткізуге мәжбүр болды. «Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында болған оқиғалар ешкімді бейжай қалдырмағаны белгілі. Алматы облысындағы екі баланың өліміне себеп болған қайғылы оқиға жаныма қатты батып отыр. Балалардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бір өкініштісі, жәбірлеу кең таралған құбылыстардың біріне айналып бара жатыр. Жасөспірімдердің жантүршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы - ақылға сыймайтын дүние. Бізге - педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, ата-аналар – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеттілігі туындап отыр», - деді алқалы жиында.
Білім ордаларындағы тәрбиенің жеткен жері осы болса, ал жемқорлықтан тіпті жаның түршігеді. Талдықорған қалалық білім бөлімінің 48 жастағы бас есепшісінің үйінен заңсыз иеленген 1 миллиард теңгеге жуық ақша, 14 пәтер, жеті коммерциялық үй, 2020 жылғы Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі және зергерлік бұйымдар табылғаны туралы ақпарат қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп еді. Бүгін тағы Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысының 543 млн теңге жымқырды деген күдікке ілініп, қамауға алынғаны мәлім болды.
Қоғамды түршіктірген мектеп оқушылары арасындағы оқиғаларға баға берілмей жатып, министр мырза онымен күресу жолын ұсынып та үлгіріпті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы кешенді жоспар әзірлеу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарды тізбелеп:
«Балалардың қауіпсіздігі ҚР Оқу-ағарту министрлігі жұмысының ең маңызды бағыты әрі басты назарында болып қала береді. Ішкі істер министрімен және әкімдікпен байланыс күшейтіліп, жергілікті жерде құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде, комиссия жұмыс істеуде. Министрлік заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын да жүргізіп келеді. Баланың жәбірленуден қорғануға құқығы бекітілді. Ол үшін балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, мектептердегі психология қызметінің жұмыс ережесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды. Балалар мен ата-аналарға жедел көмек көрсету үшін «Бала қорғау» телеграм-чаты жұмыс істеп тұр. Еліміздің әр өңірінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істеуде», - депті.
Хош делік. Министр мырза енді білім мекемелерін жегідей жайлаған жемқорлықпен қалай күреспек? Қалай исең, солай иілетін талшыбықтай жасөспірімдерді жөнге сала алмай отырып, дәніккендерді, тамыры тереңде жатқан жегі құрттарды қалай тазаламақ?!
Ғани Бектайұлы Егемен Қазақстан тарихындағы 17-министр. Кадр ауыстырғаннан бұл саланың көктемейтіні белгілі болды. Білім саласының түйінін биліктің басшы ауыстыру арқылы шеше алмайтынына көз жетті. Жалпы қоғам болып ұрпақ тәрбиесін қолға алып, оқу орындарына қоғамдық бақылау орнатып, жұмысын түземесек, мемлекеттің, елдің қауіпсіздігіне, болашағына тигізер салдары ауыр болмақ.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz