AMANAT-тың ескі құрамы қатарға жаңа қосылған Бақытжан Базарбекпен синхронды жұмыс істей ала ма?
Мәжіліс сайлауының дүркіреп өтіп, халық қалаулыларының жұмысқа кіріскеніне айға жуықтап қалды. Депутаттық мандатқа ие болғандар Мәжіліс мінберінен алғашқы депутаттық сауалдарын Үкімет мүшелеріне жолдап, Парламентке келген бірлі-жарым министрлерді қағып-сілкіп алғанына куә болдық, деп жазады Dalanews.kz.
Әзірше Мәжілістің жаңа құрамының қарқыны жаман емес. Осы бағыттан айнымаса болғаны.
Жалпы, үлкен саяси реформадан кейін жасақталған Мәжілістің қазіргі құрамына қарап, қазақ тілі саясаттың тіліне айналғанын анық байқауға болады. Бүгінде өзекті, өткір дүниелердің көпшілігі қазақ тілінде айтылып, қазақ тілінде сөз болып жатыр.
Мәселен, осыған дейін “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорын басқарып, шалқып-тасып күн кешкен су жаңа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті депутаттар қазақ тілінде сөйлеуді талап еткеннен кейін ол көпшілік алдында 6 айда қазақ тілін үйреніп, депутаттар мен журналистердің сауалдарына қазақ тілінде жауап беретінін айтып, ант-су ішті.
Енді 6 айдың өткенін күтеміз.
Сәтқалиевтің халық алдында уәде беруіне бірінші кезекте депутаттар, одан кейін журналисттер қауымы да ықпал еткені сөзсіз.
Осы ретте Жаңа Қазақстанның депутаттары қоғамдық өмірде қаны тамып тұрған қандайда бір мәселелерді жасқанбай айтатын болса, оны журналистер іліп әкетіп, әлгі мәселе оң бағытта шешілмейінше, қоғамдық пікірді күшейтетін күше ие екенін осы жолы тағы да көзіміз жетті.
Мұндай сәттерде журналистер қауымы да өздерінің қоғамдық-саяси өмірде төртінші биліктің өкілі екенін сезінері анық.
Осы тұрғыдан алғанда депутаттардың өзекті мәселелерді қаузап, қоғамдық ойдың генераторына айналуы маңызды екенін байқайсың.
Рас, Парламент қабырғасында қоғамдық ойдың генераторына айналатын депутаттар бар. Олар – Бақытжан Базарбек, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Абзал Құспанов және Ринат Зайтов.
Осылардың арасында Бақытжан Базарбектің қарқыны көпшіліктің қуантып отырғаны анық.
Бүгінде ол өзі жылдар бойы көтеріп жүрген жерді заңсыз басып алу мәселесі жоғары деңгейде көтеріп қазақ жерін бауырына басып алған латуфиндисттердің ішкенін ірің, жегенін желім қылуға тас түйін бекінгендей… Бәкеңнің осы бағытта жұмыс істегенін халық та қолдайды.
Бұдан басқа Respublica партиясынан депутаттық мандатқа ие болған қыз-жігіттер де өз партияларының қоғамдық-саяси өмірде танымалдығы артуы үшін өзекті мәселелерді көтеріп саясаттың көркін қыздыратынына сенімдіміз.
Сонымен қатар “Ақ жол” партиясы да саяси бәсекеден қалмай батыл бастамаларды қолға алып, сайлаушылардың көңілінен шығуға барын салатыны анық.
Парламенттегі осыдай әрекеттерді көргеннен кейін бойына артық салмақ жинаған AMANAT партиясы да салмағынан айырылып, ылдым-жылдым шұғыл әрекетке бейімделуіне тура келеді.
Осыған дейін қалғып-мүлгіп отырған AMANAT-тың ескі құрамы қатарларын жаңадан қосылған Бақытжан Базарбек сынды әріптестерімен синхронды түрде жұмыс істеуге мәжбүр.
Сондықтан жаңадан жасақаталып жұмысын бастаған Мәжілістен күтеріміз көп.
Abai.kz