Қарызға батқан Қазақстан: Қайтпек керек, Смайылов?
Қаржы министрлігінің ресми мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарыздары 54 миллиард доллар немесе 25 триллион теңгеден асады.
«Бұл қаржының 47 миллиард доллары (22 триллион теңге) үкіметтік қарыздар. Оның ішінде 7 триллион теңге (16 миллиард доллардан астам) сыртқы қарыздар», – дейді ведомство өкілдері.
Үкіметтік қарыздардың басым бөлігі ішкі қарыздар, оның сомасы 14 триллион теңгеден асып жығылады.
Министрлік ұсынған мәліметтерге сәйкес, ішкі қарыздардың 10,9 триллион теңгесі мемлекеттік ұзақ мерзімді қазыналық міндеттемелер. 1,2 триллион теңгеден астамы – орта мерзімді қазыналық міндеттемелер. Тағы 1 триллион теңгесі – мемлекеттік ұзақ мерзімді жинақ қазыналық міндеттемелер. Ал TONIA ставкасы бойынша индекстелген мемлекеттік қазыналық міндеттемелер 814 миллиард теңгеден асады.
Ал сыртқы қарыздардың көбі халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған несие екен. Мысалы, Халықаралық жаңғырту мен даму банкіне 1,6 триллион теңге, Еуропалық жаңғырту және даму банкіне 54 млрд теңге берешегіміз бар екен. Сондай-ақ, Азия даму банкінде 908 млрд теңге, Ислам даму банкіне 38 млрд теңге қарызбыз. Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкіне 326 млрд теңге, Қытай Халық Республикасының экспорт-импорт банкіне қарыз 56,8 млрд теңге берешекпіз. Сонымен қатар, еліміз шетелдік коммерциялық банктерге 92,5 миллиард теңге қарыз.
Ресей нарығында орналастырылған мемлекеттік бағалы қағаздардың жалпы құны 514 миллиард теңгеден асып жығылады.
Сыртқы мемлекеттік қарыздардың қатарында шетелдік коммерциялық банктер мен өзге мемлекеттердердің үкімет ұйымдарына берешектер бар. Олардың ішінде Кувейттік Араб экономикалық даму қорына 852 млрд теңге, Жапония халықаралық серіктестік агенттігіне 115 млрд теңге, Германия үкіметінің несие агенттігіне 3 млрд теңге қарыз.
Жалпы сыртқы қарыздың 4 триллион теңгесі еуррооблигациялар екен.
Ұлттық статистистика бюросының дерегіне сүйенсек, биыл наурыз айының бірі күні Қазақстанның халық саны 19 808 430-ға жетіпті. Демек, бұл – Қазақстан азаматтарының әрқайсысының мойнында 1 262 088 теңге немесе 2793,5 доллар қарыз бар деген сөз.
Abai.kz