Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 11741 0 пікір 7 Мамыр, 2013 сағат 08:44

Азаттық туын алғаш көтерген ардақты тұлға (Басы)

СЫРЫМ ДАТҰЛЫНЫҢ  ТУҒАНЫНА - 270 ЖЫЛ

«АЗАТТЫҚ ТУЫН АЛҒАШ КӨТЕРГЕН АРДАҚТЫ ТҰЛҒА»

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ МАТЕРИАЛДАРЫ

 

 

 

Бүркітбай Аяған. СЫРЫМ ДАТҰЛЫ - ХVІІІ Ғ. ОРАЛ-КАСПИЙ АЙМАҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

СЫРЫМ ДАТҰЛЫНЫҢ  ТУҒАНЫНА - 270 ЖЫЛ

«АЗАТТЫҚ ТУЫН АЛҒАШ КӨТЕРГЕН АРДАҚТЫ ТҰЛҒА»

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ МАТЕРИАЛДАРЫ

 

 

 

Бүркітбай Аяған. СЫРЫМ ДАТҰЛЫ - ХVІІІ Ғ. ОРАЛ-КАСПИЙ АЙМАҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

Осы тақырыптың зерттелуіне келсек, алдымен ХІХ ғ. 30-40 жж. ресейлік авторлар (А.И.Левшин - «Описание киргиз казачиьих и киргиз кайсацких орд и степей», М.Красовкий - «Область сибирских киргизов. Материалы для географии и статистики России», Л.Мейер - «Киргизская степь Оренбургского ведомоства», А.И.Добромыслов - «Тургайская область», А.П.Чулошников - «К истории феодальных отношений в Казахстане ХVІІ-ХVІІІ вв.», А.П. Рязанов - «Батыр Сырым Датов» зерттеу мақаласы) аталады.  Солардың ішінде кеңестік тарихшы Михаил Порфирьевич Вяткиннің есімін ерекше аталады. Сырым қозғалысының тарихын терең зерттеген тарихшы туралы профессор Н.В. Алексеенко «М.П. Вяткин және оның Сырым Датұлы көтерілісі туралы еңбектері» атты кітабын да шығарды.
Мамандардың айтуынша, 1943 жылғы Қазақ КСР тарихының Сырым көтерілісі туралы 11 тарауын осы автор жазған. 1947 жылы «Батыр Сырым» атты монографиясы жарық көрді. Одан кейін 5 томдық Қазақ КСР тарихында академик А.Нүсіпбеков жазған, бұл академиялық еңбектің материалдары маркстік-лениндік метология тұрғысынан жазылғаны белгілі.

М.П. Вяткиннің Сырым туралы зерттеуінде «Туған елі Сырымның жанқиярлық ерлігін, кемеңгерлігін, шешендігін ерекше қастерлеген. Оның ел ішіндегі дау дамайға жасаған әділ төрелігі турасында халық жадында көптеген аңыздар сақталған. Соның бәрінде  ХVІІІ ғасырда өз халқын қаһармандық күреске бастаған ұлт көсемі дәріптеледі... Хиуа ханына қашып барған кезде ол: қарақалпақ, өзбек, қазақ, түрікмен өзара күш қосып, орыс патшасына қарсы шығайық. Жападан жалғыз күресіп мен оны жеңе алмаймын. Мені құртқан соң орыс патшасы сендерге ауыз салады» деп ағынан жарыла тілек айтқан. Алайда Хиуа ханы оған құлақ аспағаны» жазылды.
Сондай-ақ, М.П. Вяткин мынадай қорытынды жасайды: «Тарих мынаны айқын көрсетеді. Ол - Сырымның өз халқына білдірген асқан сүйіспеншілігі; өз халқын сатқан ел басшыларымен ешқашан ымыраласпайтындығы; өз Отанының бостандығы үшін, оның мемлекеттігі нығайып, дамуы үшін жан аямай күрескені... Қазақтар халық қамы үшін күрескен осы бір батырды ешқашан естен шығармақ емес». Оның бұл тұжырымы бүгінде өзектілігін жойған жоқ.

1783-1797 жж. Кіші жүз қазақтарының жергілікті езгі мен отаршылдыққа қарсы күресінде Сырым Датұлы ерекше көзге түсті: Кіші жүзде хандық билікті жойып, оның орнына басқарудың жаңа формасын енгізді;  ел билеуде оның демократиялық идеялары басым болды; Кіші жүз бен оған шекаралас елдердің көшбасшысы бола білді.
Сырым батыр тек көтеріліс басшысы болмай, қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға күш салған, отырықшылықты жақтаған. Қазіргі Ақтөбе облысында «Сырым бөгеті» су қоймасы сақталған. Осы жерде Ойылдың суын көрші ауылдарға жіберу үшін 500 адамға канал қаздырған. Сондай-ақ, О.Игельстромның император ІІ Екатеринаға жазған хаттарында «Сырым батыр мен басқа да старшындардың Ордаға жақын маңайдан мешіттер мен балалар үшін мектептер салу туралы тілектері болғаны» жазылады. «Сырым 90-ға қараған шағында Хиуада бақилық болған», ел арасында батырдың «ажалым қай жерден келсе, мені сол жерге қойыңдар деген» аманаты сақталған. ¬Қазіргі Хорезм облысына қарасты Үргеніш қаласынан 60 шақырым жерде «Ғайып ата» қорымы бар, оны зерттеушілер батырдың есімімен байланыстырады.     

Аяған Бүркітбай Ғелманұлы - Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы

 

 

Қажығали Мұханбетқалиев.  СЫРЫМ ДАТҰЛЫНЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ

Қағазға түсіріліп, хатталған  құжаттар қалмағандықтан, қазақ тарихындағы ірі-ірі тұлғалардың   туған, өлген  жылдары жайында, сондай-ақ  қайда туып, қайда жерленгендігі  туралы  кесімді пікір айту - уақыт  озған сайын тіпті  қиындай беретіні  сөзсіз. Қазірдің  өзінде бірқатар тарихи тұлғалардың  ғұмырнамалары  алуан саққа жүгіртіліп  пікір қайшылығын тудырып отыр. Солардың бірі - Сырым Датұлының ғұмырнамасы десек, артық айтқандық болмас деп ойлаймын. Өйткені  1992 жылы осы  бір ірі тарихи тұлғаның  туғанына 250 жыл толуы Республика  көлемінде тойланып өткеніне  қарамастан, әлі күнге   оның туған жылы туралы алыпқашпа, әрқилы пікірлер   шаң беріп қалады.

Әрине, батыр  Сырымның, би Сырымның 250  жылдығы  1992 жылы Республикада тойланды деген сөз - С.Датұлы үзілді - кесілді 1742 жылы,  пәлен айдың пәленінші күнінде, пәлен сағат, пәлен минутта туды  деген  уәжіміз емес.  Бірақ негізсіз де пікір емес-ті. Осындай ойды бірінші рет айтқан - біз (яғни, сол жылы  22  ақпандағы «Егемен Қазақстан»  газетінде «Сырым Датұлы» деген мақала  жазған Қажығали Мұханбетқалиұлы), - өз  пікірімізді дәлелдеу үшін біраз қисын келтірген де едік. Қазір оның бәрін  қайталап жатудың қажеті болмас. Керек еткен кісі «Егемен Қазақстанның» 1992  жылғы 22 ақпандағы санынан оқып алуына әбден болады.
Біз сонда өз ойымызды дәлелдемес бұрын, мәселенің мән-жайы  оқырманға түсінікті болу үшін, ең әуелі Өзімізге дейінгі Сырым  қозғалысының тарихын  зерттеушілердің пікіріне тоқталғанбыз. Сондағы  қорытындымызды қазір түйіндей айтсақ, Сырым  тарихына қатысты пікір білдірген: А.И.Левшин де, М.Красовский мен Л.Мейер де,  Ф.М.Лобысевич пен А.И.Добросмыслов та, А.П.Чулошников пен  А.П.Рязанов та, тіпті Сырым қозғалысының тарихын егжей-тегжейлі зерттеген бірден-бір адам М.П.Вяткин де батырдың  туған жылын дәл айта алмаған. Дәл айта алмағандықтан да:  «Сырым турасындағы 1783  жылға шейінгі документті биографиялық мәліметтер өте үзінді-үзінді болып  және толық емес болып келеді. Бұл мәліметтерге маңызды толықтырулар -  қазақтардың Сырым атына байланысты халық аңыздары»,- деген. (Қараңыз: М.П.Вяткин «Сырым батыр», Қаз.мем.баспасы., А - 1951, 199-бет). Бұл - адал да, ағынан жарылып айтқан пікір екеніне оқырман  күмәнданбас деп ойлаймыз.  
Қазақ тарихына қатысты  мәселелерге, соның ішінде Сырым қозғалысының  тарихын зерттеуге  ұзақ жыл өмірін арнаған  ғалым осылай деп отырса, әйгілі қаламгер Сәбит Мұқанов та: «... Оның (Сырымның - Қ.М.) нақты  қай жылы туғанын тарих әлі анықтаған жоқ», - дейді. (Қараңыз: С.Мұқанов, «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер»., Алматы, 1942 ж.)

Ал, оқырман жұртшылық табан тірер бірден-бір дерек көзі - «Қазақ совет энциклопедиясына» қарасаңыз, - (фактіні қайдан алғанын Өздері білсін), -  Сырымды 1712 жылы туып, 1802 жылы опат болды деп көрсетеді. (Қараңыз: ҚСЭ., 10 том, 497 бет).

Сырым батырдың өмірі мен  қоғамдық қызметін, әсіресе оның шешендік  өнерін көп зерттеген ғалым  Б.Адамбаев өзінің «Шешендік өнер» дейтін  кітабында тіпті  қиғаш-қиғаш пікірлер келтіреді. Біріншіден, оралдық  Үмбет Ыбыраев дейтін  қарттың: «Сырым Дат баласы 1750-1760 жылдардың арасында туған...» - деген пікірін тілге тиек етсе, екіншіден, Сырымның ағасы Адамбайдың ұрпағы, кезінде Шымкент  пединститутының доценті болған Әділ Ермековтың:  «Әкей марқұм: «Шынтекем (Сырымды - Шынтемір дейді (???) 60 жасында ту тігіп ханға қарсы аттанған екен, жетпіс тоғыз жасында Хиуада қайтыс болыпты» деп отырар еді»  деген  пікірін келтіреді  де, соңғы тұжырымды «тарихи деректермен толық сай  келеді» деген қорытынды жасайды. (Қараңыз: Б.Адамбаев., «Шешендік өнер»., Алматы, 1969, 52, 53, 54-беттер.)
Қысқартып айтқанда,  Сырым Датұлының туған жылы туралы  осындай-осындай  алуан пікірлер бар. Біз қандай да   бір болмасын зерттеушілердің пікірін үзілді-кесілді жоққа шығармақшы емеспіз.  Бірақ «Ханға  қарсы ту  тігіп аттанғанда 60  жаста екен», «Жетпіс тоғыз жасында Хиуада   қайтыс болған» деген тұжырыммен де; «Сырым Датұлы 1712 жылы  туып, 1802  жылы опат болды» деп көрсеткен ҚСЭ-нің қорытындысымен де келісе  алмаймыз. Осындай  мәлімдеме жасаған авторлардың өздері де мойындағандай: «Сырым  өзі ақылды кісі, өзі саясаткер кісі» екені рас болса, Б.Адамбаев   версиясы  бойынша: бірі кем 80 жаста, ал  ҚСЭ-нің көрсетуі бойынша:  90 жаста қаруы қайтқан қарт адам  жер түбіндегі Хиуаға атпен сапар шегуі  де, сондай-ақ  мұндай жаста саяси аренадан кетуге тиіс кісінің мемлекеттік үлкен  шаруамен - мәмілегерлікпен - жолға шығуы да көңілге сенім ұялата алмайды. Солай болған деп иланайын десеңіз  де,  мәужіреген кәрі кісінің сөзіне сеніп, Хиуа ханы  самсаған сары қол әскер береді деп дәмеленудің өзі - ақылды адамның ісінен гөрі, аусар адамның әрекетіне көбірек  келіңкірейді.

Бұл жерде екі дерек көзінің  де пікірі тоғысатын тұс - Сырымның   Хиуа жақта  (дәл Хиуаның өзінде емес, сол жақта! Жалпақ тілмен сілтейсалды айтылған сөзді тура мағынасында қабылдауға  болмайды. - Қ.М.) қайтқаны ғана. Расында, Сырым Датұлы Хиуа жақта 1802 жылы өлді деуге де негіз жоқ емес. Бұған дәлел - 1803 жылы Қазақ жері арқылы Бұхараға сапар шеккен  патшаның әскери  қызметшісі,  поручик Я.Гавердовскийдің (және оның жолдастары Иванов пен  Богдановичтің) күнделік іспетті журналы. Осы  қолжазбада қазақтардың ас беруін суреттей келіп, Я.Гавердовский былай деп  жазады: «...осының қаншалық шығынға ұшырататынын  түсіндіру үшін,  біз қазақ даласына келіп  кірерден бұрын қайтыс болған Сырым батырға  берілген асты мысалға  келтіреміз... Сырымның асы оның балалары мен  туысқандарына  оңайға түскен жоқ: 3 мың қой, 100 жылқы сойылды, таратылды; 600 саба қымыз ішілді; бұған қоса, бәйгіден келген  аттардың иелеріне, мергендер мен балуандарға  бірнеше киіз үй, сауыт-саймандар, т.б. бағалы бұйымдар үлестірілді»... (Я.Гавердовский.,  Обозрение киргиз-кайсацкой степи., часть  ІІ, стр.95.). Кейін А.Левшин де,  М.П.Вяткин де осы  қолжазбаға сүйене отырып, өз ойларын дәлелдеуге  тырысқан. (Қараңыз: Материалы по ист.Каз.ССР., ІҮ том, 15-бет; А.Левшин., «Описание Киргиз-Казачьих, или Киргиз-Кайсацких Орд  и степей»., Алматы  Санат.,  1996., 342 бет.)

Я.Гавердовскийдің керуені Қазақ даласына 1803 жылы ақпанда келіп кірген; демек, ас 1803 жылы беріліп жатса, Сырым (иманды болғыр!) 1802 жылы  опат болған деуге толық негіз бар.

Енді... неше жасында   дүниеден озған?  - деген  мәселеге қайта оралар болсақ,  ел ішінен біз естіген бір әңгіме де құлақ қоярлықтай. Ол  әңгіме бойынша,  Сырым жастайынан ел аралап, үлкендерден ақыл-кеңес сұрап,  көпшілігінен  бата алған екен. «Үлкендердің сол батасы, - тіпті неше жасында  өлетініне шейін, - айнымай келіпті, алпысқа  жетер-жетпесінде дүние  салыпты», - дейді қариялар.
Соны естігенде, баяғы Есентемір Бөкен бидің Сырымға берген батасы  еріксіз еске түседі:
«Арқаң қара нардай  жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ - бауыр болсын,
Сыртыңнан дүбір кетпесін,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың алпысқа жетпесін» - деген ғой кәрі би.
Осы бір соңғы ауыр сөз Сырымның ойында  өмір бойы өшпестей боп  қалып қойғанға ұқсайды.  Өлерінен бір жыл бұрын: «Япырай, келер  жылы алпысқа келер ме екем, әлде жұртым асымды берер ме екен?!.. » деген  сөзі содан  қалыпты-мыс деседі.

Енді осы әңгімені ойша негізге ала отырып, Сырым өмірінің хронологиясына зер салсақ,  яғни 1802 жылы алпысқа  жетер-жетпесінде  дүниеден озды десек, 1742-1743 жылдары туған болып шығады және мұндай  жағдайда  оның ғұмырнамасы тарихи фактілердің ешқайсысына да  қайшы келмейтінін көреміз. Мысалы, ел аузынан жиналған аңыздарға қарап, М.П.Вяткин: «Сырым жас басынан-ақ ақылды және адал  болған. Жиырма жасында байбақты руының биі болып, ел аралайды» десе  (М.П.Вяткин., Сырым батыр., 199-бет), мұнда асырып айтқандық жоқ.  1760  жылдары Қазақ  даласынан пайдалы кендер іздеуге шыққан  Тимашев дейтіннің партиясына кірген башқұрттар, Нұралы ханның  елшілері болып Орынборға  барып келе жатқан Мәмбеталы сұлтан мен оның  қасындағы қазақтың 20 биін  жолда ұстап алып,  қырып тастағаны  белгілі. Бұл бір - ұлы дау, ұзақ әңгіме... Бірер жылдан соң Нұралы хан әлгі   опат болған билердің орнына ел ағалары етіп кілең бір қылқандай, жас  жігіттерді тағайындаған. Солардың бірі - Сырым болған. Мұнан соң,  ұзақ уақыт Сырым батыр  Нұралы ханның  саптағы батыры, санаттағы билерінің бірі болып жүргені  тағы белгілі...

Сырымды «отызында Орда бұзып,  қырқында қамал  алды» деседі. Отыз  жастың о жақ, бұ жағында Е.Пугачев көтерілісіне қатысқаны рас.  Бұл - 1773-1775 жылдардың  шамасы. Қырықтың қырқасына шыққанда -  1783 жылдан бастап, халқынан ажырап қалған ханға да, оның үстінен  қарап отырған орыстың озбыр отаршылдарына  да қарсы күресті бастағаны -  тағы да тарихи нақты факт. (1785 жылы Таналық қамалына шауып,  казак-орысты тас-талқан қылғаны; қамал бастығы майор  Рештейнердің  өзін және бірнеше адамды байлап әкеткені мәлім). Бұл туралы А.Левшин  анық жазған. Бәлкім, ол Сырым жайлы: «Он был человек с диким, беспокойным, мстительным, но сильным характером и с редкой  предприимчивостью» десе, осындай істеріне  қарап та айтқан шығар.

1783 жылдан  1797 жылға дейін созылған 14 жыл бойғы күрестің  ақырында, Сырым елдің дүмпуін өзі тежеп, Хан Кеңесіне мүше болып, бірақ  артынан қуғын көргендіктен Хиуаға қарай ауып, 1802  жылы сол жақта  дүниеден озса, 60 жастың шамасы екені тағы  шықпай ма?!

Осы айтылғандарға сүбелі бір толықтыру - соңғы жылдары жарық көрді.  Ол - қандай толықтыру?

Тарихтан  жақсы  мәлім, Сырым қозғалысын  әу бастан қатты қолдаған: Тіленші Бөкенбайұлы мен  Барақ Сатыпалдыұлы. Оралдағы казак әскерлерінің уәйіске кеңсесіндегілер 1785  жылдың 8 көкегінде Г.А.Потемкинге жазған рапорттарында: «... Сырымның қасында 2700, Барақтың қасында 2000, Тіленшінің қасында 1500-ге тарта ұры-қары  қырғыз-қайсақтар жиналған...» деп көрсетеді.  (Қараңыз:  Материалы по  ист.КазССР., ІҮ-том, 47- бет). Осындағы табын  Барақ батыр Сатыпалдыұлы туралы ұрпақтары  да, елдегі есті қариялар да: «Қанды көйлек жолдасы Сырымнан Барақ  батыр бір-ақ жас кіші екен» десетін. 1993 жылы  Барақ батырдың  басына әсем кесене  тұрғызыларда құлпытасын оқыған  Алматылық ғалым, экономика ғылымдарының докторы, марқұм Нұрдәулет Күзембаев, оның, - Барақ батырдың, - 1743 жылы туғанын анықтаған. (Қараңыз: «Жасыл тулы ер Барақ»., Алматы, «Ғылым» баспасы., 1994 ж. 30-бет). Демек, біз айтып  жүргендей, Сырым 1742 жылдардың  шамасында туғанына бұл да бір үлкен  айғақ болды.

Бұған қоса, соңғы жылдарда  Сырым қозғалысын, оған қатысқан ерлердің  ғұмырнамасын зерттеумен айналысып жүрген атыраулық Аманғали  Әміржанов  та; тарих ғылымының  докторы Әлсейіт Мұхтар да; Қостанай   әлеуметтік академиясының  оқытушысы Серікжан Ысмайылов та  біздің пікірімізді толық қуаттайды. Осы соңғы екі автор  «Сырым бастаған  қозғалыс» атты  мақалаларында: «Қорыта келгенде, біздіңше,  Сырым Датұлының балаларының  туылған жылдарын есепке ала отырып, батыр  бабамыз 1740 жылдардан кейін дүниеге келген деп түйіндейміз, яғни  бізге 1742 жылды  Сырымның  туған жылы деп анықтаған пікір...   (бұл пікір - бірінші рет Қажығали Мұханбетқалиұлы айтқан және  дәйектер  келтірген пікір еді деп авторлар айтпай кеткен! - Қ.М.) шындыққа жақын  деуімізге толық негіз бар», - деп көрсетеді. (Қараңыз: «Сырым Датұлы»., «Арыс» баспасы., 2004 ж., 23-бет.)

Кесіп-пішіп ешкім де нақты  айта  алмайтын, бірақ жанама дәйектер мен  деректерге сүйене отырып біршама  дәлелденген осы пікірді ұстана  алсақ, әркім әр саққа жүгіртуден арылып, белгілі бір орнықты көзқарасқа тоқтар едік деп ойлаймын.

***
Екінші бір күрделі мәселе - Сырым Датұлының  қайда  дүниеден озғаны және қай жерге жерленгендігі туралы пікірге байланысты  туындап отыр...
Шындығына келгенде, осы уақытқа дейін Сырымның қайда  жерленгені туралы  әртүрлі  қиғаш пікірлер болғанмен, қайда дүниеден озғаны туралы талас-тартыс жоқ секілді  еді. Өйткені, батырдың қазасы туралы аңыз-әңгімелердің бәрінде де ол Хиуа,  Үргеніш жақта жүргенінде, сол жақтың хандары улап өлтіргені айтылатын. (Қараңыз: М.П.Вяткин., Сырым батыр.,  А., 1951., 365-бет). Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанында ханның аузымен  айтылатын: «Үргеніште қалған Сырымдай, Сүйегіңді шетке  көмермін»  деген сөзде де (Қараңыз: Шөреков Ы. «Исатай-Махамбет»., 1941, 16-бет), Ғ.Қараштың «Сырым батыр» деген толғауындағы:
«Патшадан келген жарлықпен,
Ұсталатын күн болған.
Бұ себепті батырым
Хиуа деген қалаға
Орыстан қашып барыпты», - дей келіп, сонда опат  болғанын  баяндағанда да қайшылық жоқ болатын. (Қараңыз: Ғ.Қараш., «Сырым батыр» (толғау). «Сырым Датұлы» атты жинақ., «Арыс» баспасы, Алматы, 2004 ж., 151-бет.)  Бұл туралы  біз де  «Сырым Датұлы» (Қараңыз: «Егемен Қазақстан».,  1992 ж. 22 ақпан), «Азаттық туын алғаш көтерген» (Қараңыз: «Саясат»  журналы., №2., 2003 жыл.) атты мақалаларымызда біраз әңгімелеген едік. Және  өз пікірімізді бірқатар  дәйектемелер арқылы дәлелдегендей де болғанбыз.

Айта кетерлік бір жайт  - біз әлгі мақаламызда өзімізге дейін  талай пікір айтқан тарихшыларға ұқсап, жалпылама түрде «Хиуа, Үргеніш жақта» қайтыс болған дей салмай, осы жолы ертеректе  өзімізге мәлімет берген,  Атырау облысы, Балықшы поселкесі, Қызыләскер көшесі, №13 үйде, 10-пәтерде  тұрған Жағыпаров Бақыт деген 1899 жылы туған қарияның: «Сырым бейітін 1964 жылы Үргенішке барғанда көрдім.  Қарақалпақстанда. Нөкістен 60-70  шақырым, Маңғыстауға қарай шығатын жол бойында...» - деген сөзін; сондай-ақ  1985 жылы Алматы облысының Күрті ауданына сол жақтан көшіп келген  Абылай Елубаев деген қарияның: «Сырым бейіті Үргеніште... Қожеліден 80  шақырым  жердегі «Қайыпбаба» деген қорымда жатыр. Сырымның ғайыптан  (ойда жоқта) қаза тауып, сүйегі қойылған жер кейін «Ғайыпбаба» («Қайып баба») аталып кеткен», - деген нақты сөздерін келтірген болатынбыз. Пікір обьективті болу үшін, 1991 жылы 11-17 көкектегі «Дала дидары» газетінде «Сырым батырдың сүйегі табылды» деген Ө.Оралбаевтың (оған Маңғыстаудан хабарлаған белгілі жыршы Ізбасар Шыртанов ағамыз) материалын  да қоса берген едік.  Өйткені,  бұл материалда Сырым бейіті - «Қайыпбаба» зиратында емес,  «Қарақалпақстанның «Қыпшақ» совхозындағы «Гежекбаба» қойылымында  (қорымында)»... делінген екен. Дәлірек айтсақ, «Қожакөл мен Қыпшақ  деген екі ауылдың ортасында. Нөкістен 60 шақырымдай жерде. Табылған  жердің аты - Бестөбе». Тапқан - Нөкіс қаласының қасындағы Қызкеткен елді  мекенінің тұрғыны, 85 жастағы Қалмахан деген қария.

Әлқисса, әліміз келгенінше әділетке жүгіне  отырып жазған әлгі  мақаламыздан кейін, Сырым Датұлының 250 жылдық  мерейтойын Республикада  өткізуге шешім қабылданып, даярлықтар жасалынды.  Сырым батырдың  портретіне  бәйге жарияланды. Қазір канондық сурет ретінде қабылданып  жүрген  портретке - Алматы көркемсурет-театр институтының сол тұстағы кафедра  меңгерушісі, профессор, белгілі маман суретші Мұхит Қалимов марқұмның  шығармасына Бас бәйгі берілді. Әділқазылар  алқасының мүшелігіне Алматыдағы мемлекеттік  жобалау институтының президенті, сәулетші Сұлтан Баймағанбетов,  академик Манаш Қозыбаев, халық суретшісі Қанапия Телжанов, жазушылар Қажығали Мұханбетқалиұлы, Мереке Құлкенов, батырдың ұрпағы Хамит  Ұлықпанов  (бұл күнде марқұм), сондай-ақ бірқатар шығармашылық одақтардың, Батыс Қазақстан және Маңғыстау, Атырау облыстарының өкілдері енген бұл конкурстың ұйымдастырушысы, жанашыры - сол кезде Республикалық Жастар ісі  жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов  болатын.

Конкурс қорытындысы шығарылып болғаннан кейін, ендігі міндет -  Сырым Датұлының   қайда жерленгенін  анықтау, бейітінің басына ескерткіш тұрғызу  болды. Соған байланысты, «Халық Кеңесі» газетінің 1992 жылғы 18 маусымдағы №118 (269) санында: «Маусымның екінші онкүндігінде жазушы  Қажығали Мұханбетқалиев бастаған, құрамында Қазақстан  Ғылым  Академиясының  Ш.Уәлиханов  атындағы Тарих  және этнология институтының  ғалымдары бар ғылыми  экспедиция Сырым бейітін іздеу үшін Нүкіске  аттанады», - деген хабар басылды. (Қараңыз: «Халық Кеңесі».,  18.06.1992., №118 (269)., 1-бет.)

Өкінішке қарай, нарық қыспағының  күшейе бастаған  тұсына тап  келген бұл сапарымыз (ұшаққа билеттеріміз алулы болса да, жанармай  жоқтығынан)  жүзеге аспай қалды. Ал, Атыраудан, автомобильмен жолға  шығып кеткендер... Қарақалпақстанға  барып қайтыпты. Ішінде қаламдас  ініміз Ө.Әлімгереев т.б. бар.
Сол жылы күзге салым, баспасөзге жазылу науқаны кезінде, Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз екеуіміздің Атырауға жолымыз түсті.  «Сабақты  ине де сәтімен» дегендей, Өтепбергеннен сапарлары жайлы әңгіме сұраудың сәті түсті.  Таспаға түсіріп әкелген екен, бәр-бәрін көрсетті. Рахмет! Бірақ  таспаны түгел көріп болған соң, көңіліме түйткіл болған бір сауалды қоймай  тұра алмадым.

- Ал, «Ғайыпбабаға» барып қайтыпсыңдар... Өте орынды болған! Енді  «Гежекбабаға» барған  сапарларыңызды көрсетші!? - деп ем.
Өтепберген бауырым:
- Ой, Қажеке! Онда барудың не қажеті бар... Көріп те отырсыз, мұндағы  кісілердің сөздерін естіп те отырсыз. Бәрі бір ауыздан: «Сырым бабамыз  осында жатыр» деп отырған жоқ па? - деп, бет қаратпады.
- Дұрыс қой! Мен олай емес, былай деп отырғаным жоқ... Бірақ «Гежекбабаға» барсаңыздар, ондағылардың да дәл мыналарға ұқсап: «Сырым  бабамыз осында жатыр» демесіне кепілдігің бар ма?! - дегенмін.

Өтепберген бауырым орнықты ештеңе айта алмаған. Арада  аз-кем  уақыт өткен соң, жаңа жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетінің 1993 жылғы  22 қаңтардағы санында, «Сырым денесі - Ғайып бабада» деген үзілді-кесілді  материалы жарқ ете қалды.

Бұлтартпайтын дәлелі болса, ең құрығанда кісіні иландырарлық жанама  дәйектері болса, құба-құп қой. Дау туғызбайтын нәрселерді дауға айналдырып  (мәселен,... «Сырымның өлген жылын шамаласақ та (оның өзіне де шәк келтірушілер көп)...» - деп, 1802 жылы опат болғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденгеніне  қарамастан, күмән-күдікті көбейтіп); екіншіден, барлық  тарихи құжаттарда  Сырымның Хиуа жақта қайтқаны расталса да, «...бірақ кейінгі кездегі біреулер (?)Сырым денесі (?) дүниенің бір шеті Өзбекстанда емес, осы өзі туып-өскен  Жымпиты, Қаракөл мен Қарабаудың ар жақ, бер жағында және өзге емес, өзінің  бәйбішесінің қолынан опат  болыпты (?)» дегенді де шығарды», - деп, авторы  белгісіз, иесі жоқ сөзді көңірсітіп жіберді. Ол - ол ма, 22.02. 1992 ж. «Егемен Қазақстанда» Сырым жерленді-міс делінетін екі жерді де: «Ғайып баба» қорымын да, «Гежек баба» қорымын да біз нақты атағанымызға қарамастан, «Бірақ бүгінге дейінгі және соңғы кездегі көптеген (?) баспасөз материалдарында  Сырым сүйегінің Өзбекстан жерінде қалғандығы айтылып жүрді», - деп, бұл бір тиіп-қашты ұзынқұлақтың әңгімесі секілді, дерексіз нәрсеге айналдырғысы  келгендей сыңай  байқатты.

Жә, Жағыпаров Бақыт қария мен Абылай Елубаев қарттың айтқандарына қарай, Сырым бейіті «Ғайып баба» қорымында болуы мүмкін деген версияны  тұңғыш рет өзім айтсам да, мен мұны Өтепберген бауырыма ұқсап, үзілді-кесілді шындық осы»  деген жоқ едім. («...Бабамыздың орнын» көрдік... Бұл да болса көкейде жүрген  күпті сұрақтың түпкілікті бір жауабы  еді», - деу үшін, («Егемен Қазақстан»., 22 қаңтар 1993 жыл ), нақты дәлел, айғақ  боларлық материалдық жәдігерліктер  сияқты көп-көп нәрселер қажет екені  түсінікті ғой!  Қайта, Сырым жерленген қорымды да, қорым тұрған жер  атын да нақты көрсеткен екінші версия маған  сенімдірек секілді көрінген.
Бұған себеп те жоқ емес-ті. Өйткені, бірінші аталған қорымның «Ғайып баба» аталуы туралы аңызды менің де құлағым шалып еді. Сол аңызды Ө.Әлімгереев те Әріпбай атты ақсақалдың айтуымен баяндап шыққан екен. Сәл  ұзақтау болса да, мәселенің мәнісі оқырмандарға түсінікті болу үшін,  сол аңызды тағы бір баяндап өтелік.
«...Хиуадан Тайсойған, Жымпиты  бағытына бет түзеген Сырым, бойына  тараған удан әлсіреп, осы Нөкіс бағытындағы күре жол үстінде құлаған. Оны... үлкен медресенің ишаны алдын-ала сезіп, өз шәкірттеріне: «Ұзақ жолдан аруақты да айтулы адам ауырып келеді. Түстен кейін осы араға өлі денесі жетеді, соны  жерлеуіміз керек, кетпеңдер!» - дейді. Айтқандай, артынша қос найзаның үстіне  көлденең салған мәйіт жетеді.  Жерлер кезде ғайыптан жеті табыт түсіпті,  жеті шәкірт «мен мына табытты алып жерлеймін» деп бір-бірден бөліп алса,  жетеуінде де өлік бар екен. Олар осы  Шаңғы қышлағына қойылған». (Қараңыз: Ө. Әлімгереев., «Сырым денесі - Ғайып бабада»., «Е.Қ.»., 22.01.1993.)

Осы жерде маған үлкен күмән туғызған: «ғайыптан жеті табыт түсуі», «жетеуінде де өліктің бар болуы» Өтепбергенді неғып ойландырмағаны, күдіктендірмегені қайран қалдырады. «Ғайыптан тайып келген, ел  танымайтын әулие...» дегенде де, неге сол Әулиенің бір Өзі емес, «жеті табытта  жеті өлік»?

Көп ұзамай, осы мақалаға қарсы Ж.Мұратбаев пен Ө.Қойшиевтің  «Сырым батырдың сыры» атты материалы осы газетте тағы  жарияланды. (Қараңыз: «Е.Қ»., 8.05. 1993 ж.). Сөйтсек, әлгі Әулиенің де, жеті  табыттағы  жеті өліктің де жайы былай екен. Ертеректе... «Шамамен, 1500 жылдың екінші жартысының басында, қасындағы алты шәкіртімен Ғайып баба  Хорезм ойпатының Қарақалпақ жеріндегі Сұлтан  Уайыс бабаның мазарына  зиярат  жасауға шығады... Жолда тосыннан дертке душар болып, жол бойындағы  үлкен мешіттің қасына келгенде әлсіреп, жетеуі де құлайды. Ғайып баба,  оның қасындағы алты шәкірті, сол жерде Алланың  аманатын тапсырып, көз жұмады... Имам шәкірттеріне тапсырып, жетеуін  жерлетеді... Гурлен  ауданының «Зәріптер» колхозындағы Шаңғы қышлағында «Ғайып баба» қойымшылығы (қорымы - Қ.М.) осылай пайда болған деп  көрсетеді халық аузындағы шежіре». (Қараңыз: «Е.Қ.»., 8.05.1993 ж. Ж.Мұратбаев., Ө.Қойшиев., «Сырым батырдың сыры».)
Екіншіден, «Гежек баба» қойымшылығына жерлеңдер, - депті-міс Сырым сөзінің жаны бар. Өйткені,  ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Гежек батыр - өзіміздің қазақ. Қазақ болғанда да, Алшынның бір баласы, Әлім, Шекті, оның  ішінде Жақайым.  Жай қатардағы батырлардың да бірі емес, заманында  Хиуа ханының әскер басы болған деседі. Осы Гежек батыр: «Егер Сырым  орыс патшасына қарсы  аттаныс бастаса, 5 мың қарулы  нөкерімді бастап, жәрдемге барар ем» деп жүргенінде, дертті болып, көз жұмып кетеді... өз ажалының төркініне түсінген Сырым да  өлер алдында жолдастарына қарап:
- Маған аруақты батыр Гежектің  қасынан топырақ бұйырған шығар. Соның қасына жерлеңдер... - дейді. («Е.Қ». 8.05.1993. Аталған мақала.)
Қысқасы, мен Өтепберген Әлімгереев бауырыма айтқандай, «Ғайып баба» қорымы маңында тұратын қарттар қалайша «Сырым бабамыз осында  жатыр» десе, «Гежек баба» қорымына жақын маңда тұратын пәленбай  қарттар да «Сырым бабамыз осында жатыр» деп  өздеріне тартады.

Меніңше, қалай болғанда да, Сырым Датұлының, біріншіден, Хиуа  хандығы жерінде дүниеден өткені; екіншіден, жазымы - кісіден болғаны (Хиуа хандығында әлдекімнің оны улағаны); үшіншіден, сүйегі  де сол  жақта - осы аталған  қорымдардың бірінде жатқаны анық.

Сырым тағдырын да, ол бастаған күрес тарихын да егжей-тегжейлі зерттеген әйгілі ғалым М.П.Вяткин: «...Қаратай бастаған сұлтандар соңына түсіп, Сырым сол 1797 жылы Хиуа хандығының жеріне көшіп кетеді. Оның бұдан былайғы тағдыры не болғандығы туралы орталық архивтерде де, Чкалов архивтерінде де ешқандай мәліметтер сақталып қалмаған», - дей келіп, «Қаратай сұлтанмен шайқасқан жолының бірінде ол қаза  тауыпты деген ұзынқұлақ хабар ғана болған. Бірақ халық аңыздары  Сырымды сұлтандар Хиуада улатып өлтіріпті дегенді айтады», - деп қорытады ойын. (Қараңыз: М.П.Вяткин., «Сырым батыр»., Қаз мем бас., А-1951., 364-365 беттер).
Бұл жерде М.П.Вяткин: «Қаратай сұлтанмен шайқасқан жолының  бірінде ол қаза тауыпты» деген пікірді «ұзынқұлақ» деп тегін атап  отырған жоқ. Ондай пікірді А.Ф.Рязанов та атүсті айтып кеткен болатын. Бірақ айғақ боларлық еш мәлімет жоқ болғандықтан, М.П.Вяткин  осылай атап отыр. Екіншіден, Есім ханның өлімін Сырымнан көретін  сұлтандар, бауырларының қаны  қуусыз қалды демес үшін, Сырымды  Қаратай өз қолымен өлтіріп,  кегін алды деулері үшін, осындай аңыз таратқан.  Мұндай әңгімені біз Нұралының шөбересі, Қаратайдың немересі, Бейсәлі  ұлы Бақытжанның жазбаларынан да анық көріп отырмыз. Ол былай дейді:  «Хан Нуралий по  ложным доносам  Сырыма был признан русским  правительством неблагонадежным и сослан в г. Уфу.., где и умер. Сын его,  Ишим (Есім. - Қ.М.), избранный (?) ханом народным (?) после смерти хана Иралия (брата Нуралия), был убит приверженцами Сырыма... Сам Сырым был убит в Хиве, куда он бежал, Каратаем - братом Ишима...Являясь внуком Каратая, я подтверждаю слова покойных стариков Андижана Джубаналиева и Кенесары Отарова, так как я знаю события, о которых они говорили, по семейным преданиям» (Қараңыз: Б.Б.Қаратаев., «Обзор материалов по истории колонизации  казахского края» (1869-70 г.г). Ұлттық кітапхананың қолжазбалар қоры., инв. №257.)

Бұл жерде біз Бақытжан Қаратаевтың пікірін де неге аңыз деп отырмыз? Біріншіден, Сырымның Хиуада өлтірілгенін бұл да мойындайды. Бірақ  сөйте тұра, атасы Қаратай сұлтанның Хиуаға қашан, не үшін, қандай себеп айтып  барғанын жазбайды. Екіншіден, елдің есінде  де, аңыз әңгімелерде де Сырым  мен Қаратай шайқасқан  екен деген әңгіме жоқ. Үшіншіден, ондай оқиға бола қалған жағдайда, Сырымның да, Қаратайдың да (әсіресе хандыққа таласып  жүрген Қаратай сұлтанның) әрбір ізін аңдып  отырған патша өкіметі оның  Хиуаға кеткенін  жанамалап болса да естір еді ғой. Сырымның Хиуаға  ауып кеткенін біледі, қағазға түсіреді. Ал, оның артынан іздеп барған;  барып қана қоймай, «бір  шайқаста Сырымды өлтірген» Қаратайдың ізін  неғып қағазға  түсірмейді?! Және  Сырым  секілді кісіні өлтіруге барған  адам жалғыз-жарым  жүрер ме еді?! Көзге түспеуі мүмкін емес жайт! Сондықтан, «Сырымның өзі Хиуада Есімнің туған інісі Қаратайдың қолынан қаза  тапты» дегенді біз аңыз әңгіме деп қараймыз. Бәлкім,  «Хиуаға Қаратай сұлтан жіберген жансыздардың қолынан уланып өлді», - десе, қисынға соғар... М.П.Вяткин: «...Халық аңыздары Сырымды сұлтандар Хиуада улатып өлтіріпті дегенді айтады», - дегенде, осыған меңзеген  сияқты. «...Бірақ қандай жағдайларда қаза тапты - ол мәлімсіз» дегені - күні бүгінге дейін сол күйі, жұмбақ.
Тарихта шешімі белгісіз жұмбақ аз ба?! Бұл да соның бірі дегеніміз жөн болар.

Мұханбетқалиев Қажығали Мұханбетқалиұлы - жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407