Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 2855 7 пікір 5 Мамыр, 2023 сағат 13:17

Қазақстанда 2030-жылы қазақ қанша болады?

«Abai.kz» сайтына:

Бүгінде жұртшылығымызды қатты алаңдата бастаған бір жәйт қытайлардың бізе визасыз келіп жүруіне ресми түрде жол ашылғаны болса, оның «бісмілләсін» президент Н.Назарбаев бұдан 14 жыл бұрын айтқан. Сонда жазылған, «Жас алаш» гәзетінде шықан мына мақаламды ықшамдап, сайттың қазіргі оқырмандарына ұсынсам, орынсыз бола қоймас деген оймен ұсындым.

Сәлеммен, Ғаббас Қабышұлы.


Осы бір «2030»  деген сиқырлы сан шыққан бетте арзан сөзге  әуелден бай біз шіркін не демедік?!. Экономикамыз арамшөптен бетер қаулап жөнелетінін, мәдениетіміз май жаққан қоныштай жалтырайтынын, біліміміз білектіге мыңды жығып бере салатынын, ғылымымыз ғарыштың төбесіне ту тігетінін, демократиямыз ұзатылатын қыздай көркемделетінін, төрт түлік малымыз даламызға симай жататынын, шөбіміз шабылмай шіритінін, астығымыз жинап алуға бой бермей қар астында қалатынын... не керек, сол 2030-жылы Қазақстан әнеу әлгі Хрущев уәде еткен коммунизмнің төріне жайғасатынын жарыса айттық та, жағаласа  жаздық та. Әлі де айтып, жазып жүрміз. Ал жарыс пен жағалас  парлап жегілген кезде ме, ә, онда... биыл неше мың тонна астықтың қар астында қалғанын есептеп шығаруға кісіміз жетпеді. Біз кісіміз жетпей қалу деген бұл пәледен құтылуға тиіспіз бе? Әрине! Сонда  «пәледен машайық қашудың» неше жолы бар?  Меніңше, екі жолы бар!

Біріншісі – жанар-жағармай атаулыны жекеменшіктеп алған алпауыттардың қас-қабағы қарай  бидайды аз себу, ол бидайды сыртқа сатуды көбейту, өзімізге нанды қымбаттату. Жыл сайын!

Екінші жол – шіритін шөпті, қар астында қалатын астықты, өзге де кем-кетігімізді, жыртық-тесігімізді, миллионер-миллиардерлерімізді шотқа салып санайтын кісі санын көбейту. Жыл сайын!

Бірінші жолдың әуселесі ауыр емес, іске асырылып, тәжірибе жинақталып жатыр.

Екінші жолдың әуселесі 2010-жылдан бастап шешіліп, 2030-жылы аяқталар деп сенемін. Бүгінде: «Бүкіл әлемнің Қазақстанға қызыға қарап отырғаны», «Бүкіл әлемнің Қазақстаннан үлгі алып отырғаны», «Бүкіл әлемнің қазақстандық даму жолына түсетіні», «Бүкіл әлем діндерінің орталығы Қазақстан болатыны» (Мырзатай Жолдасбеков), әне, сонда айдай айғақталады! Себебі: біздің қойдан қоңыр қосшатырлы парламентіміз «бүкіл әлем» алдында тағы бір «тарихи қадам» жасады. «Халық қапысыз жасап ұсынған ғажап заңдардың» тағы біреуін көрпе бүлкілдеткендей ыстық ықыласпен ың-шыңсыз қабылдады. «БОСҚЫНДАР  ТУРАЛЫ  ЗАҢДЫ»!  Ал біздің бәріміздің мәңгі-бақилық президентіміз Н.Назарбаев мырза, «парламенттің шешімінен ешқашан ауа жайылмайтын әдет-әдебін» тағы сақтап, ол  заңды заңдастыра қол қойып берді. Онда бізге босқындардың қашан, нешеуі, қалай келуі тиіс, олардың келу себебін қарау, құжаттарын қандай мерзімде және қалай дайындау, қанша төлеу түсінікті айтылған. Десем де, бізде шарт-келісім, бару-келу, алу-беру дегендердің көбі «бармақ басты, көз қыстымен» іске асып жататыны, яғни заң шіркіннің себеп ретінде ғана керек болатыны мәлім.

Сонымен, иә, не болды?..

Сонымен, иә, Қазақстанда «қазақтың санын көбейту проблемасы» мәңгі-бақиға шешілді. Шешілмегенде ше?!

Ресми дерекке жүгінсек, биыл қазан айына дейін бізге – Қазақстанға алыс-жақыннан 243 отбасы көшіп келіпті. Тәжігі, өзбегі, пуштуны, хазары бар, жиыны – 622 кісі. «Босқындар туралы заңның»  исі шыға жеткен. Енді  бұрынғы ойқы-шойқы көшеміз тақтайдай тегіс даңғылға айналады да, босқындар құмша құйылып: қора-қопсымызға, құшағымызға, қойын-қоншымызға сықа толады.

Ресми дерекке және бір жүгінсек: бүгінде қазақ жерін түпкілікті мекеніне айналдырған қытай туыстарымыздың саны бес жүз мыңға жетіпті. «Туыстарымыз» деп отырғаным, егер ресми дерек жаңылмаса, қазекемнің 15 мыңға жуық қызы қытекеңдерге келін болып, бізге жиен силай бастапты.  Олардың саны 2030-жылы қанша боларын бір құдай біледі. Е, айтпақшы, президетіміз қытайлықтарға ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысу үшін жалға 1 000 000 гектар жер беру керектігін мәлімдеді. Кеше ғана. Ол кісінің ойы өз-өзінен орындалып жататынын ескерсек, ертең ол жерді игеруге мыңдаған қытекең келе қалады да, анау әлгі Хрущевтің «Тың және тыңайған жерді игеруі» жалғасын табады. Арғы жағы - әләуләй!

Сонымен сөйтіп...  2030-жылы Қазақстанда қазақтың саны қанша болар екен? «Қой аузынан шөп алмас» парламентіміз, оның әлде нағашысы, әлде жиені  Халықтар ассамблеямыз соны анықтауға жалпы ден қояр ма екен, қоймас па екен? Беу, халайық, мұны кімнен, қайдан білмек керек?

Әлде бүгінгі билік жүйесінің, «Ел бірлігі» делінген доктринаның, «Босқындар туралы заңның» күшімен Қазақстан көпұлтты, көптілді, көпдінді, көпбірдеңелі мемлекетке айналып, мемлекеттік тіл мәселесі жайына қалар, үштұғырлы тіл, қазақстандық ұлт саясаты атқа мінер, қойымыз алынып, қорамыз қоса кетер күнді күте тұрайық па?

Ғаббас Қабышұлы

2009 жыл

Abai.kz

7 пікір