Бейжіңде коммунист, Мәскеуде КГБ болған Әбен ақсақал
– Әбен аға, әңгімеңіздің тиегін ағытыңыз.
– Менің атым – Әбен, тегім – Омаров, 1936 жылы Шәуешек қаласында туғам. 1953 жылы Шәуешектегі қазақ мектебінің 7-сыныбын бітірдім. 1953 жылы тамыз айында Шәуешектен Бейжіңге оқуға жіберетін жағдай болыпты. Аймақтық әкімшіліктің талдауы ма, әлде мектептің таныстыруы ма, мен және Қоңыртай деген сыныптасым екеуімізді Бейжіңге жіберетін болып шешіпті. Екеуіміз артынып-тартынып 1953 жылдың қыркүйек айында Үрімжіге бардық. Шынжаңның әр өңірінен келген оқушыларды бір жерге жинап жатыр екен. Алтай, Іле, Тарбағатай аймағынан келген алты қазақ баласынан басқасының бәрі ұйғыр балалар болды. Отызға тарта баланыны қазан айында жүк көлігіне отырғызып Ланжуға аттандырды.
– Ол кезде Үрімжі мен Ланжуға баратын пойыз болмаған ғой, солай ма?
– Ол заманда пойыз тұрмақ, автобус жүрментін. Шынжаңмен шекаралас өлке Гансудың орталығы Ланжудан ары қарай Бейжіңге пойыз бар екен. Біз Үрімжіден Ланжуға дейін бір айдай жүрдік.
– Үрімжі мен Ланжудың арасы ұзаса мың жарым шақырым болар, сіздер арбамен жүрдіңіздер ме?
– Жүк көлігімен (қытайдағы қазақтар қара мәшине деп атайды) жүрдік. Осы екі аралықта Жыңжыша деген тау бар, сонда Оспан батырдың жасақтары әрекет жасап жол торуылдайды екен. «Опанның әскерлері осы арадан ары-бері өткен жолаушыны тосады екен. Егер қарсылық көрсетсе, қару қолданып шабуыл жасайды екен» дегенді естігенбіз. Содан болар ол кезде бірлі-жарымды жүк көлігі ішкі қытайға бармайды екен. Көліктердің саны біразға жеткеннен кейін барып аттандырады екен. Тұрпанның Құмыл қаласында бір жетідей жаттық, одан Юминь деген жерге барып біраз күн аялдадық. Біз келе жатқан 20-30 көліктің арасында ішкі қытайға көшіп бара жатқан отбасылар мен Қытайдың халық азаттық армиясы болды. Олар алыңғы жақтағы үш көлік пен артқы жақтағы үш көлікте мұздай қаруланып жүрді.
Оның үстіне күндіз жүрмейді, түн қатып жүреміз. Сонымен қойшы, бір айдай жүріп Ланжуға жеттік. Ланжудағы Ұлттар институтына апарып түсірді. Онда бір аптадай жаттық. Кейін олар бізді Ланжудан Бейжіңге пойызға отырғызып жіберді. Пойызбен үш сөткедей жүріп Бейжіңге бардық.
– Оспан батыр коммунистер жағынан тұтқындалып, 1951 жылы атылып кеткен жоқ па?
– Оспан батыр атылып кеткенімен, оның соңынан ерген жасақтар Қытайдың коммунистік билігіне берілмей қарсылық көрсетіп келген секілді.
– Жолда түн қатып бір ай жүргенде ас-суды не істедіңіздер?
– Қоржынымызға салып алған нанымыз бен торсыққа құйып алған суымыз болды. Одан басқа қандай жөнді тамақ болсын. Саған Жынжыша тауының асуында болған бір қызықты айтып берейін. Түн жамылып кетіп бара жатқанбыз, алдыңғы жақтағы көліктен айғай-шу көтерілді. Оны естіген басқаларымыз Оспан жасақтары шабуыл жасаған екен деп ойлап, көліктен қарғып, қарғып түсіп жан-жаққа қаша жөнелдік. Бір қызығы алты қазақтың баласы бір жаққа қашыптық. Біздің көңілімізде Оспанның адамдары қазақ екенімізді білсе бізді атпайтын шығар деген ой болды ғой. Сөйтсек, алдыңғы жақтағы ханзулар темекі тартамыз деп, темекінің шоғын жүгіне түсіріп алыпты. Біраздан кейін астына басып отырған жүгі өртене бастайды. Жүк өртенгеннен кейін айғай-шу басталып кеткен екен. Бұдан біз хабар тапқан соң алаң көңіліміз орнына түсіп, қайта келіп көлігімізге отырған едік.
– Бейжіңге барғаннан кейін сіздерді қай жерге апарды?
– Бейжіңге барғаннан кейін бізді Орталық ұлттар институтына апарды. Қазір бұл институт Орталық ұлттар университеті деп аталады. Біз Ұлттар институтының дайындық курсында бір жылдан аса қытай тілін оқыдық. Біз толық орта мектепті бітірмей бардық қой, сол себептен олар Ұлттар институтының жанындағы ханзу орта мектебіне бізді орналастырып оқытты.
– Мектепте сабақты қытай тілінде оқыдыңыздар ма?
– Бейжіңде қытай мектебінен басқа мектеп жоқ қой. Бұл мектепте екі жыл оқып, толық орта мектептің аттестатын алдық. Одан соң Қытайдың әртүрлі жоғары оқу орындарына бөліп жіберді. Мен Орталық ұлттар институтының тіл-әдебиет факультетіне түстім. Онда екі жыл оқығаннан кейін оқуымды ары қарай жалғастырмай, бірден оқытушылыққа ауыстым. Неге дейсіз ғой? Өйткені ол кезде институтта ханзу студенттеріне қазақ тілін үйрететін арнаулы курс ашқан еді. Кейін оған ұйғыр тілі қосылды. Қазақ курсында Іледен келген Аман, Бағашар деген екі жігіт мұғалім болып, сабақ беретін. Кейін Бағашар мен Аман аяқ астынан Құлжаға қайтатын болды. Сөйтсек, екеуі де Кеңес одағынның азаматы екен, Аманның ұлты қырғыз болатын. Олардың орнында сабақ беретін мұғалім болмай қалған соң институт басшылығы мені мұғалімдікке ауыстырды. Менен басқа да мұғалімдер болды, мені Бағашардың орнына алды. Бұл курсқа екі жылдай сабақ бердім.
Институтта «Қазақ тілін тексеру, зерттеу тобы» құрылған болатын, жаз айында мені осы топтың құрамына қосты. Оларға аудармашы болдым. Бұл экспедициямен Шынжаңның барлық жерін араладық. Қазақтың тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына және фольклорына қатысты материалдар жинадық.
1959 жыл Қытай Ғылым академияныңның жанынан Аз ұлттар тілін тексеру, зерттеу институты құрылды. Аз ұлттардың ішінде қазақтің тілі де бар ғой, мені соған ауыстырды. Бұған келген соң мен институттың кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істедім.
– Дипломды не ітедіңіз, алдыңыз ба?
– Дипломды Ұлттар институтында ханзу студенттерге сабақ беріп жүріп алып алдым ғой. 1960 жылы әкем қайтыс болып кетті. Шешем мен қарындасым отағасыз қалды. Оларды Бейжіңге алып келу қиын болды. Сонда шешем жергілікті коммуна арқылы хат жаздырып жіберіпті, «Әбеннің әкесі қайтыс болды, шешеші мен қарындасына қарайтын адам жоқ» деген мазмұнда. Мен сол қағазды Қытай Ғылым академияның басшысына көрсетіп, жағдайымды айтып, қызметімді Шынжаңға ауыстырып беруін өтіндім. Сонымен қойшы, басшылық 1961 жылдың ақпан айының соңын ала менің Шынжаңға қайтуыма рұқсатын берді. Бейжіңнен аттанып, Шынжаңға келдім.
Мен 1956 жылы студент кезімде Қытай коммунистік партиясына мүше болдым. Шыны керек, ол кезде өте белсенді едім. Үрімжідегі ШҰАР партия комитетінің Ұйымдастыру меңгермесінің (қытайлар зы-жы-бу дейді) бардым. Ғылым академиясы менің даңанымды (деламды) осы меңгермеге тікелей жіберген екен. Олар: «Сен партия мүшесі екенсің, Қытай Ғылым академиясы мінездемеңе өте жақсы баға беріпті, партияға адал екеніңді жазыпты. Енді сен біздің меңгермеде қалып жұмыс жасауыңа болады. Мұны партияның талабы деп түсін», – деді. Мен оларға: «Менің әкем қайтыс болып, шешем мен қарындасыма қарайтын адам болмаған соң амалсыз Бейжіңнен ауысып келе жатырмын. Ең жақсысы мені Шәуешетегі жергілікті партия комитетіне жұмысқа жіберіңіздер», – дедім. Олар менің жағдайымды білгеннен кейін, өтінішім бойынша Тарбағатай аймақтық партия комитетіне жіберді. Мұнда келген соң аудармашы болдым. Партияның хатшысы мен үкімет басшысы аудан, ауылдарға барса мені бірге ертіп алатын болды. Жиналыстарда олардың баяндамаларын қазақ тіліне аударып отырамын. Орталықтан келген партия мен үкіметтің құжаттарын, жарлықтарын қазақ тіліне аударамын. Аударма бөлімінде 5-6 адам ітедік, қазақтан жалғыз мен ғана. Қалғандары сібе, дағұр, татар, моңғол, ұйғыр дегендей.
1961 жылдың жаз айында мені Үрімжіге қызметке шақырған бұйрық келіпті. Тарбағатай аймақтық партия комитетінің екінші хатшысы мені шақырып алып, «Әбен, сені ШҰАР партия комитеті жұмысқа шақырып жатыр. Бізге де керек кадр едің, бірақ бұйрық солай, Үрімжіге баруың керек. Партия сені қайда жіберсе, сонда баруың керек», – деді, арқамнан қағып. Мен шемем мен қарындасымды Шәуешекке тастап, Үрімжіге сыбай-салтаң аттанып кеттім.
– Үрімжіге барған соң не болды?
– Үрімжіге барсам, Ұйымдастыр меңгермесінің Ху фамилиялы бастығы бар екен, сол кісі мені қабылдап, «Бізге бір коммунист кадр керек болып, жер-жерге іздеу салдық, содан сенен ыңғайлы адам таппай Шәуешектен сені шақырып отырмыз. Енді сен осында қалып жұмыс істейсің. Баспана мәселесін шешіп берміз, Шәуешектегі шешең мен қарындасыңды Үрімжіге көшіріп келуіңе болады», – деді.
– Бұл мекемеде істейтін жұмысыңыз не болды?
– Бұл мекемеде ауданнан жоғары ұлттық кадрлардың даңаны (деласы) сақталған. Біз олалардың деласын тексеріп, оның отбасы жағдайы, білімі мен мінездемесін біліп отырамыз. Менің қарауымда екі ұйғыр жігіт істеді. Егер бір жерге ұттық кадр немесе басшы керек болса, бізге тапсырыс келеді. Біз олардың тапсырысы, талабы бойынша ұлттық кадрды талдап, көрсетіп отырамыз. Олар пәлен облыстың, түглен аймақтың, пәлен ауданның әкіміне немесе партия хатшылығына жіберіп отырады. Бұл өте жауапты жұмыс болғандықтан, оны өте сенімді адамға жүктейді. Мен ол жерде өте сенімді адам болдым.
1962 жылы сәуір айында маған екі бөлмелі үй берді. Оған қоса Шәуешекке барып шешеңді көшіріп алып кел деп рұқсат берді. Тарбағатай аймақтық партия комитеті хатшысының көлігі Үрімжіге келген екен. Мені соған таныстырып, «Мына көлік сені Шәуешекке апарады, жергілікті партия комитетіне тапсырма бердік, олар саған жүк көлігін тауып береді, үйіңді сол көлікпен көшіріп алып келесің», – деді де көлікке отырғызып жіберді.
Сәуірдің 28-29 дары Шәуешеке келсем үйде ешкім жоқ, қара құлып тұр. Көрші-қөлемдер де көрінбейді. Сөйтсем, шешем мен қарындасым елмен бірге Қазақстанға көшіп кетіпті. Содан бірге оқыған Дәкен деген курстасым Бейжіңде қызмет жасайтын. Оның әке-шешесі кетпеген болар деп іздеп барсым, бар екен. Олар: «Әбен балам, біз амал жоқ кете алмай отырмыз, елдің бәрі көшіп кетіп жатыр. Сенің шешең де көшіп кетті. Егер арғы бетке кететін ойың болса, бүгін-ертеңнен қалмай кетіп қал. Әйтпесе қазір ұстап жатыр», – деді. Сонымен осы үйге қонып, таң бозара шешемді іздеп шекараға қарай жаяу тарттым. Келе жатыр едім, ат жетектеген екі-үш қазақ кездесті, әлгілер қасыма келіп, «Ой, жігітім! Қайда бара жатырсың?» – деді. «Шешем мен қарындасым шекараға қарай кеткен екен, соларды іздеп келе жатырмын» – деп едім, оның біреуі: «Әй, сен Советке кетіп бара жатырсың ғой, иә. Мә, мына атқа мін, жаяу жүріп жете алмайсың, шаршайсың», – деп жетектеген атты маған беріп, өздері жөніне кетті. Мен атқа міндім де желдірмелетіп шекарадан өте шықтым.
– Алдыңыздан тосқан біреу болды ма?
– Тосқан ешкімді көрмедім. Шекарадан біраз ұзағанан кейін барып Кеңес одағынның шекара күзетіне кезіктім, олар мені бекетке (заставаға) алып келді. Шәуешектен көшіп өткендерді осы жерден жан-жаққа аттандырып жатыр екен. Кейбіреулері «бізді туыстарымыз келіп алып кетеді» деп иіріліп жатыр. Бақтыда Каз ССР КГБ-ның орынбасар бастығы Тілеулиев деген генарал кездесіп қалды. Әлгі кісі менің жағдайымның бәрін сұрады, мен Бейжіңде оқығанымды, қандай орындарда қызмет істегенімнің бәрін жасырмай айтып бердім. Ол: «Сен онда қытай тілін жақсы біледі екенсің ғой», – деді. «Жақсы білемін», – дедім. «Онда сен бізге бір-екі күн аудармашы болсаң қайтеді», – деді. Мен келісім бердім.
Сөйтсем, Шәуешектен қашып өткен 50-60 тай қытай бар екен. Олар ішкі Қытайдан келген екен. Соларға аудармашы болдым. Шекарашылар қытайларға: «Сендердің бізбен ешқандай қатыстарың жоқ, бәрің Қытай азаматысың. Біз сендерді қабылдай алмаймыз. Ең жақсысы өз елдеріңе қайтыңдар», – деп үгіт жүргізді. Қытайлардың кейбіреуі келісім берсе, кейбіреулері: «Біз қытайға қайтып барсақ, бізді олар атып тастайды», – деп жылап отырды. Сонымен көбін қайтарды, қайтпағандарын заставаның шекаршылары көлікке отырғызып алып кетті. Қайда алып кеткенін білмедім.
Бұл жұмыс біткеннен кейін заставаның бір офицері маған бір қазақ жігітін қосып беріп, «Мына жігіт сіздің шешеңіз бен қарындасыңызды тауып береді», – деп көлігіне отырғызып жіберді. Ол мені Аякөзге алып келді. Сол кезде шекарадан кім өтті, қайда кетті, олар қайда орналасқандардың тізімдері бар екен. Сол тізім арқылы менің шешімді тауып берді.
– Шешеңіз қайда барыпты?
– Шешем Аякөздің маңындағы Шынқожа деген жерге барыпты. Шешем совхозда сиыр сауып жүр екен. Ал қарындасым мектепкете оқып жатыпты.
– Шешеңіз сізден қанша ай бұрын өтіп кеткен екен?
– Арасы жиырма күндей болу керек.
– Соған дейін бұл жағдайды білмедіңіз бе?
– Елдің өтіп жатқанын білгемін, бірақ шешемді олармен бірге өтіп кетеді деп ойламадым. Шешеммен күнде хабарласып, сөйлесіп тұратын қазіргедей телефон болған жоқ қой. Жазған хатың айлап жүріп әзер жететін.
– Өте салып, бірден жұмысқа кіріп кеткен бе?
– Келген адамдарды бірден жұмысқа орналастырған ғой. Қазақстанның соғыстан кейінгі жағдайы өте қиын болыпты, еңбек күштері жетпейді екен. Егін егетін, мал бағатын, құрлыста істейтін адам өте тапшы екен.
Содан совхоздың төрағасы мені шақырып алып: «Кеңес одағының тәртібінде еңбек етпеген адам ішіп-жемейді. Тәртіп солай, бос жүруге болмайды. Бос жүрген адамды соттайды, сол үшін сен бізде жұмыс істейсің», – деді. «Жарайды істесем, істейін», – дедім.
– Совхоз төрағасы сізге қандай жұмыс берді?
– Маған «жылқышы бол» деді. «Жылқы бағуға ебім жоқ, бара алмаймын» дедім. «Онда не істейсің?» – деді. «Құрлысқа барайын», – дедім. Содан не керек, құрлыс бригедасына барып кірпіш құйдым. Кірпіш құйып біраз ақша таптым, күз болды. Менің аңсарым оқуды жалғастыру болды. Бірге жұмыс істейтін жергілікті адамдардан сұрап едім, «Семей деген қала бар, онда оқытатын институт бар», – деді. Содан совхоз төрағасынан: «Семейге барып келетін бір шаруам бар еді, маған рұқсат беріңіз», – дедім. Ол қарсы болған жоқ, екі-үш күнге рұқсатын берді. Семейге келдім, қыркүйек айның бас кезі болатын, Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына барып, ректорына тікелей кірдім. Аманов деген прафессер екен. Сол кісіге бар жағдайымды айттым. «Аға мен Қытай астанасы Бежіңде оқып едім, қытай тілінің бұл жақта ешқандай қажеті жоқ екен. Мен қазақтың баласымын, қазақ тілін жақсы білемін, орыс тілін аз білемін, мені осы инститтқа оқуға қабылдаңыз», – дедім.
Әлгі кісінің маған мейірімі түсті-ау деймін, жағдайымды білгеннен кейін, «Сен бір болайын деп тұрған жігіт екенсің, бағыңды байламайын. Сенің айтқаның болсын», – деп мені емтихансыз қазақ тіл-әдебиет факультетінің екінші курсына қабылдап жіберді. Қытайда бітірген институымды, істеген қызметімді ескерген болу керек. Бір жағынан жасым да үлкейіп қалды дегендей. Осылайша мен қайта студент атандым, жатақхана берді. Институтта бір қыс оқып, екінші курсты бітірдім. Сол кезде жатпай, тұрмай орыс тілін үйрендім.
– Орысша білмесем, қиын болады деп ойладыңыз ғой.
– Ол кезде орысша білмесең жұмыс жасауың қиын болды. Оның үстіне орысша білмеген адамды кем санайтын. Менімен бірге оқып жүрген шыбартаулық бір жігіт болды, оның ағасы Шыбартаудағы бір орта мектептің директоры екен. Оның директер ағасы бір шаруамен Семейге келіпті. Курстасым ағасына жолығатын болып, мені қасына ертіп алды. Ағасы Семей қонақ үйінде жатыр екен. Мектеп директоры деген ол кездегі жоғары мәнсап қой. Содан не керек, мектеп директорымен танысып, әңгімелесіп отыр едік. Ол: «Е е Қытайдан келдім де. Сенің сабағың қалай, әке-шешең бар ма?», – деді. Мен сол баяғы әдетіме салып Қытайдан келгенімді аңыз ғып айтып бердім. «Онда саған кім көмектесіп жүр?», – деді. «Ешкім де көмектеспейді, шешем совхозда сауыншы болып жұмыс істеп жүр, анда-санда май, талқан жіберіп тұрады», – дедім. «Сен үйтіп босқа қиналма, сенің жасың да ұлғайып қалған екен. Қытайда бір институт бітіріпсің сол да жетеді саған. Мына Кеңес одағында сырттай оқитын тәртіп бар, сен сырттай оқуға ауысып ал. Мен сені Шыбартауға апарып мұғалімдік жұмысқа орналастырайын», – деді.
Сонмен не керек, сол мектеп директорының айтқаны болып, мен Шыбартауға кеттім. Шыбартаудың Сарықамыс деген жеріндегі мектепке барып мұғалім болдым. Бастауыш сыныпқа сабақ беремін, оған қоса қойшылардың балалары жатып оқитын энтрнатқа қараймын. Маған тұруға біреудің бір бөлмелі үйін берді. Шешем мен қарындасымды көшіріп алдым. Бір сиыр берді, көп көрім ес жиып, оң-солымызды біліп қалдық.
Сарықамыс мектебінде екі жылдай жұмыс істедім. Сырттай оқып жүріп 1966 жылы институтты бітіріп алдым. Күз мезгілі болатын, Сарықамысқа КГБ-нің екі жігіті іздеп келіп, менімен оңаша әңгімелесті. «Сізді Семейге шақырып жатыр, неге шақырып жатқанын біз де білмейміз. Сізді Семейге алып баруға міндеттіміз. Соған сіз дайындалыңыз, бұл туралы ешкімге тіс жармаңыз, ешқандай артық ауыз сөз болмасын», – деді. «Жарайды» деп келісім бердім.
– Сол кезде сізде қорқыныш болған жоқ па?
– Неге болмасын, болды ғой. Жаман жағын ойладым, бұлар мені бір пәлеге ұшыратып кетеме деп ойладым. Шешеме де айтқаным жоқ, ол кісіге айтқаным: «Мектептің Семейде бір жұмысы бар екен, соны бітіріп келуге мені жіберді», – дедім.
– Сізге келген КГБ-ның екі жігіті қазақ па?
– Екеуі де қазақ. Оларды біздің ауылдың халқы жақсы таниды екен. Шыбартау аудандық КГБ бөлімінде істейтін жігіттер кекен. Содан мені Ан-2 деген ұшаққа отырғызып Семейге жіберді.
– Шыбартау мен Семейдің арасы қанша шақырым?
– Алыс қой. Шамамен 500 шақырымдай. Ұшақ Семейдің аэропортына келіп қонғанда мені екі жігіт қарсы алды. Олар жеңіл көлікке отырғызып бір қонақ үйге орналастырып: «Осы жерде жатасыз, тамағыңызды мына жерден ішесіз, еш жерге шықпаңыз. Бір жерге барғыңыз келсе бізге айтыңыз», – деді. Қайда барамын, баратын танысым да жоқ. Сонымен бір күн жатқан соң, ертеңінде әлгі жігіттер Семейдің КГБ-ның бастығы Жангенлдин деген полковниктің қабылдауына алып барды. Ол кісі мені қабылдап, бәрін сұрады. Онысыз да менің кім екенімді біліп отыр ғой. Содан ол: «Біз сені жұмысқа аламыз, бізге қытай тілін білетін бір адам керек болып тұр. Біздің жұмысымыз өте құпия жұмыс, сен КГБ-да жұмыс істеймін деп ешкімге айтпайсың. Саған әскери киім бермейміз, жоғары еңбек ақың болады. Үй береміз, барлық жағдайыңды жасаймыз», – деді. Содан келісім беріп, Семейдің КГБ-да қызмет істедім, жұмыс өте құпия. Таңертең жұмысқа барамын, кеште қарай қайтамын. Содан 20 күн өткен жоқ-ау деймін, үш бөлмелі пәтердің кілтін қолыма ұстатты. Жаныма шешем мен қарындасымды көшіріп алдым. Баспана бар, жұмыс бар, бір жырғап қалдық.
– Сонда сіз КГБ-да немен айналыстыңыз?
– Ол мәңгі құпия, оны қазір айтуға болмайды. Екі жылдан кейін КГБ-ның бастығы мені шақырады, барсам: «Қал-жағдайың қалай?», – деді. «Бәрі жақсы», – дедім. «Жақсы болса, жақсылыққа жақсылық, сені Мәскеуге шақырып жатыр. Сен Мәускеуге барасың, бізге керек кадр едің, бірақ оған амалымыз жоқ. Біздің міндетіміз сені аман-есен Мәскеуге жеткізу», – деді. Сонымен қойшы мені ұшаққа мінгізіп Мәскеуге жіберді.
– Сіздің жолыңыз ылғый болғыш екен.
– Иә, солай болды. Сонымен Мәскеуге келіп едім аэропорта екі орыс жігіті мені күтіп алды. Олар мені Алтайская деген қонақ үйіне апарып, бір бөлмесіне жатқызды. «Сіз осында жатып демалыңыз, арасында өзіміз келіп хал-жағдайыңызды біліп тұрамыз», – деді. Ақша беріп кетті, тамағымды өзім сатып алып жеп тұрдым. Бір екі күн өткеннен кейін бөтен екі адам келіп, «Сіз конкурсқа қатнасасыз», – деп, маған Қытайдың «Халық газеті» мен тағы басқа журналдарын әкеліп берді. Сонымен олар газеттерді оқытты, қаншалық оқи алатынымды жазып алды, қытайшадан орысшаға ауызша аудартты. Содан орыс тіліне жазбаша аударуымды өтінді, мен жазбаша аударуға шорқақ екенімді айттым. «Егер «Қытайша-орысша» сөздік болса, соған сүйеніп аударып көрейін», – дедім. «Қытайша-орысша» сөздік әкеліп берді. Олардың аудар дегенін түгел аударып бердім. Қойшы әйтеуір, қытайша оқытты, сөйлетті, қытай тілін білетін орыстар келіп әңгімелесті. 5-6 күннен кейін мені аэропорттан күтіп алған жігіттің біреуі келіп, «Сіз енді Семейге қайтасыз. Конкурстан өттіңіз бе, өтпедіңіз бе оны кейін хабарлаймыз», – деп, ұшақтың белетін беріп, мені Семейге қайтарып жіберді.
– Сіз қайтып келгенде Семейдегі әріптестеріңіз қуанған шығар.
– Олар: «Келгенің жақсы болды, өзіңнің үйреншікті жұмысыңды істей бер», – деді. Жұмысымды істеп жүр едім, арада он бес күн өткеннен кейін, Мәскеуден хабар келіпті. «Сен конкурстан өтіпсің, енді біржолаты Мәскеуге барасың», – деді. Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Егеубай Қашағанов мені шақырыпты. Мәскеу шақырып жатқан бұл қандай адам, көрейінші деген болу керек. Генарал мені өзі ертіп барды, хатшы менің жағдайымды сұрап, «Сенің қандай өтінішің бар?» – деді. Мен сонда: «Мына облыстық КГБ берген үш бөлмелі пәтерім бар. Шешем орысша білмейді, кәрі адым. Ол кісінің Мәскеуге барғысы жоқ. Менің Мәскеуде қанша тұратыным белгісіз. Онда біраз жыл жұмыс істеп Семейге қайтып келетін шығармын, сол үшін үш бөлмелі пәтерді шешемнің атына аударып беріңіз», – дедім. Ол кіші өтінішімді екі еткен жоқ, бір күннің ішінде пәтерді шешемнің атына аударып, құжаттарын қолына берді.
– Сіз оған дейін отбасын құрып алдыңыз ба?
– Семейдің бір қызымен көңіл жарастырып, үйленіп алғам. Мәскеуге көшіп барып жұмысқа орналастым, маған екі бөлмелі үй берді. Жұмыс ітедім. Мәскеуде 7-8 жыл тұрдым, 1978 жылы Қазақстанға ауысып бару туралы өтініш жаздым. Олар келісті.
– Сізде қанша бала бар еді?
– Ол кезде екі қызым бар болды. Олар Мәскеуде туылды. Олар мектеп пен институты Алматыда оқыды.
– Мәскеудегі екі бөлмелі үйді сатып кеттіңіз бе?
– Жоқ. Оны осы үш бөлмелі үйге ауыстырып алдым. Мына пәтерде бір полковник турған екен. Бұл пәтердің көлік қоятын тұрағы мен саяжайы бар. Содан бері осында тұры келемін. Бұрынғы жұбайым қайтыс болғаннан кейін, екінші әйелмен отастым. Одан бір ұлым бар, ол қытай тілін біледі. Ана жылдары Қазақстан Республикасының ҚХР-ғы елшілігінде біраз жыл істеп келді.
Ғылым академиясының Тіл білімі институтына келіп жұмысқа тұрдым. Ісмет Кеңесбаев басқаратын мекемеге барып жұмыс жасадым. 1978 жылы «Отан қоғамы» деген құрылды ғой, шетелдегі қазақтармен мәденит байланыс жасайтын. Соған жұмысқа шақырды, шақырған жоқ мені «соған барасың» деді. Бұл қоғам негізінен КГБ-ның бақылауындағы жұмыс еді қой. Сонда істедім, оның сыртында КГБ-де жарты ставкімен қытай тілі сабағын бердім. Менің өмірім осы.
– Сіз анау-мынау емес Мәскеуде СССР-дің әлемге аты шулы үш әрпінде қызмет істепсіз. 1962 жылы Шәуешектен Қазақстанға жаяулатып өткеніңізді айттыңыз. Сол кездегі Шәуешек қазақтарының Кеңес одағына қарай қалай өткені туралы сізден артық білетін адам жоқ шығар.
– Жаңа өзіңе айттым ғой, ШҰАР партия комитетінің Ұйымдастыру меңгермесінде қызмет істедім деп. Сондықтан мен Қытайдағы билік тарапынан істеліп жатқан көп құпияларды білетінмін. 1962 жылы Шәуешектегі халықтың жаппай Кеңес одағына қотарыла көшуі, шындығына келсек екі мемлекет арасындағы келісіммен болған.
– Сонда екі ел үкіметі астыртын өзара келісімге келген болды ғой.
– Бұл екі елдің мемлекет құпиясы есептелетін шаруа ғой. Менің білуімше солай болған. Сол кезде Н.С.Хрущев басқарған Кеңес одағы мен Мау Зыдоң (Мао Цзэдун) басқарған ҚХР арасындағы қарым-қатынас бұзылды. Кеңес одағындағы жағдайды айтсақ еңбек күш өте тапшы болады. Көп адам соғыста мерт болған, тірі қалғандарының көбі мүгедек болып қалған. Қара жамылып жесір қалған аналар мен жетім балалар көп болды. Сол кездегі Қазақстандағы жағдай да дәл осындай еді. Мал бағатын, егін егетін, құрлысқа істейтін еңбек күш жетіспейтін. Мұны Кеңес одағының Мәскеудегі басшылары білмейді дейсің бе, әрине жақсы білді. Мұны қалай өзгерту керек, қалай шешу керек деген мәселе мемлекет басшыларын толғандырғаны анық. Осы орайдан пайдаланып, Кеңес одағының ішкі саясаты бойынша, ерте кезде тарихи себептермен Қытайға ауып кеткен қазақстарды елге қайтарып алуды мемлекеттің жоспарына алады.
– Сонда Хрущев Қытайға өтіп кеткен қазақтарды өз елінің азаматтары санаған болды ғой.
– Солай болғаны анық. Осы жоспарды орындау үшін Шынжаңда әсіресе Құлжағадғы Кеңес одағынның Консулы аянбай жұмыс істейді. Консулдың Шәуешек қаласында бөлімшесі болды. Бұл бөлімшені «Совет обществосы» деп атайтын. Бұлар қауырт қимылдап ерте кезде Қазақстаннан ауып барған қазақтарға Кеңес одағынның төлқұжатын таратты. Ол кезде екінің бірі төлқұжат алды. Бұл науқан Кеңес одағынның мақсатты жоспарымен іске асқаны ақиқат. Олардың ел аралап жүріп төлқұжат таратуы, Қытайға ауып барған қазақтарды түбегейлі елге қайтарып алу еді. Міне осы келісім бойынша Кеңес одағының азаматтары көшетін болды, Құлжадан да, Шәуешектен де көшті. Алтайдан көшкендер аз болды.
– Кеңес одағының төлқұжатын ала алмай қалғандар не істеді?
– Ал Кеңес одағынның төлқұжатын ала алмай қалғандар, төлқұжаты барларға тіркеліп, соларға қосылып бірге өтті. Оған Қытай үкіметі қарсылық білдірген жоқ. Кеңес одағына кеңшілік жасағаны соншалық жүк көліктерін Шәуешек пен Дөрбілжіңге дейін апарып, елдің жүгін тиеп кетіп жатты. Оны Қытайдың үкіметі білмей ме, әрине біледі. Бұған екі ел келісімі бойынша рұқсат етілген. Іле аймағында да солай болды. Кеңес одағының көліктері шекарадан өтеді, көшетін елдің есік алдына апарып қояды, жүгі мен адамдарын алып кетеді.
– Қытай үкіметі неге рұқсат еткен деп ойлайсыз?
– 1960 жылдан бастап Қытайда ашаршылық басталды. Шынжаңда да ашаршылық болды, бірақ ішкі Қытайдағыдай қатты болған жоқ. Мен 1960 жылы Бейжіңде оқып жүргенде ашаршылықтың кесірінен біз ағашттың жапырағаын жедік. Таңертең орнымыздан тұрғанда маңдайымызды саусақпен басамыз, маңдайымыз шұңқыр болып қалса сабаққа да, жұмысқа да бармаймыз. Готу деген жапырақтан жасаған бір тамақ береді. Одан басқа беретін тамағы жоқ. Ішікі Қытайдағы ханзулар көп тұратын Сышуан, Жаңсу, Хыби, Хунан секілді өлкелерінде өте қатты ашаршылық болды. Аштықтан қырылғандар көп болды. Сол кезде Қытай үкіметі ішкі қытайдағы халық жиі орналасқан, ашаршылық жайлаған жерлердегі халықты Шынжаңға көшіруді жоспарлайды.
Оларды Хихуку (қара напостар) дейді. Соларды жүк көліктеріне тиеп Шынжаңға қарай тасыды ғой. Осы қара напостар Шынжаңның жер-жеріне, түкпір-түкпіріне апарылды. Әсіресе Кеңес одағымен шекарлас өңірлерге көп әкелінді. Бұларды жергілікті адамдар жақсы көрген жоқ. Мүмкіндігі бар адамдар Кеңес одағына кеткісі келді. Қытайлармен бірге тұрғысы келмеді. Ашаршылықтың зардабын көп тартқан ханзулар қазақтардың үйіне кіріп алып тамағын тартып жеп, малын ұрлап әкеттіп мазасын қашыра бастайды. Содан барып халық амалы бар бері қарай өтіп кеткісі келді. Шәуешекке өзім бір келгенде алты мәшине қытайдың келгеннін көрдім. Оларды әкелді де қазақтың ауылдарына бөліп, бөліп орналастырды. Сол кездегі Қытай билігінің мақсаты – мүмкін болса қазақтар Кеңес одағына кетсе, босаған жерге өз халқын орналастыру болды. Дәл осындай жағдайда Қытай үкіметі қарсы болған жоқ, Кеңес одағына кететін адамдарға.
– Өзіңіздің замандасыңыз, жерлесіңіз, халық жазушысы, марқұм Қабдеш Жұмаділов: «Мен Шәуешектен 200 мың қазақты бастап, шекара бұзып Қазақстанға өткенмін» деп айтқанын естіп едім.
– Оны ешкім де ұйымдастырған жоқ. 200 мың қазақты бастап көшіріп, шекараны ешкім де бұзып өткен жоқ. Оның бәрі бос сөз. Жаңа айттым ғой, бұл екі мемлекетің келісімімен болған ішкі дүние. Қытай үкіметі көшемін деген қазаққа қарсы болмады, ал Кеңес одағы оларды қабылдап алуға дайын болды. Содан шекараны айқара ашып қойды, қысқасы кетемін десең жолың міне деп көрсетіп қойды ғой. Шәшектегі Тарбағатай аймақтық партия комитетінің жиналысында Суң Жыңтау деген бірінші хатшы сөз сөйлеп: «Сіздер Кеңес одағына кетемін десеңіздер ерік өздеріңде, ешқандай қарсылығымыз жоқ. Егер ондай ниеттеріңіз болса үіметтің жұмысын жақсылап тапсырып беріңдер. Банкті тонамаңдар, мемлекеттің мүлкін бүлдірмеңдер. Жолдарың ашық», – депті. Жергілікті партия комитетнің бірші хатшысының баяндама жасап қол астындағы кадрларға мұны айтып отырудың өзі осының айқын дәлелі.
– Жазушы Қ.Жұмаділовтың «Мен Қытайдағы қазақтарды Кеңес одағына көшіру туралы Хрущев хат жаздым» деп айтқанын бір сухбатынан естіп қалып едім.
– Қабеңнің осы айтқанына мен сенбеймін. Сенбейтінім, «Мәскеудегі Н.С.Хрущевқа хат жаздым, ол кісі шекараны ашамын деп уәде берді. Мен халықты ұйымдастырдым» дегені шындыққа жараспайды. Өйткені Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жұмысын мен жақсы білемін. Олар өте сақ. Олар кім шетелмен байланыс жасап жатыр, кім шетелге хат жазып жатыр, хат алып жатыр, оның бәрін бақылап отыр, ешқашан оны бос жібермейді. Мысалы, шетелге кім хат жазады, сол хат міндетті түрде тексеруден өтеді. Не жазылды, оны кім жазды, қайда барады деген секілді. Орысша емес, қазақша жазсын оларға бәрібір.
Менің бір білетінім ананың үгіттеуі, мынаның бастауымен Қытайдың көші басталған жоқ, бұл екі елдің ішкі келісімімен болған әңгіме. Қолына Кеңес одағының төлқұжатын ұстап, жүгін буып-түйіп көшуге дайын отырған халққа үгіт-насихаттың не керегі бар. Көшпеңдер, деп қытайлар үгіт жүргізуі мүмкін еді. Бірақ қытайларға құнарлы, шұрайлы, суат жердің босағаны тиімді болып тұрған жақ па?! Өткені, олар ішкі қытайдағы аш-жалаңаш халқын әкеліп орналастыруға мүдделі болды. Ал Кеңес одағына еңбек күші керек болды. Сондықтан біз Мәскеуге хат жаздық, Қонаевқа телефон бердік дегеннің бәрі әншейін айтылған сөз ғана.
– Сіз жазушы Қ.Мұмаділовтың тірі кезінде «Қабе, мұнауың енді ұят қой» деп бір ауыз айтып, ескертпеліңіз бе?
– Мен Қабдешпен бір мектепте оқыдым, бірге өстік, бірге жүрдік. Қабеңнің мінезін мен жақсы білемін. Қабе, сенің айтып отырғаның шылғи өтірік қой десем оны қатты ренжіткен болар едім. Қайшылық тудырмау үшін оған ешнәрсе айтпадым. Бүгін сен осы туралы сұрақ қойып отырған соң айтып отырмын. Бәрібір тарихи шындықты кейінгі ұрпақтар іздеп табады ғой. Егер Қабең Н.С.Хрущевқа хат жазған болса, Мәскеудегі партия комитетінің архивінде сақтаулы жатқан болар.
– 1962 жылы Құлжада «Май оқиғасы» деген оқиға болған екен. Осы оқиғадан хабарыңыз бар ма?
– Сламхан дегенді естуің бар ма?
– Жоқ.
– Сол Сламхан деген менің сабақтасым болған, Құлжада Іле облыстық тиатрдың бастығы болған. Соның Нұрлан деген баласы ана жылдары Алматыға келген екен, «Әкең қалай қайтыс болды?» деп сұрап, білдім.
Бұл оқиға 1962 жылы Шәуешектегі халық Кеңес одағына жаппай көшіп кеткеннен кейін болған. Сламхан өзі Шәуешектің жігіті болатын, Шеуешектегі туыс-туғаны Кеңес одағына көшіп кеткенінен хабары бар. Осы аралықта шекара жабылып қалады, Сламхан айналасындағы адамдарды ұйымдастырып Қазақстанға кету талабын қояды, бірақ жергілікті билік рұқсат етпейді. Содан барып Сламхан Құлжадағы халықты көтеріліске шақырады. Құлжадағы қазағы бар, ұйғыры бар алаңға жиналады. Қытай полициялері оларды тосады, Сламхан бір топ адамды бастап Іле қазақ автономиялы облысың әкімшілігіне басып кіреді. Сол кезде күзет оқ жаудырады, Сламханға оқ тиіп, сол жерде қайтыс болады. Осы оқиғадан кейін дүрмекпен Құлжадағы біраз қазағы мен ұйғыры, Қорғас маңындағы біраз ұйғыры мен қазағы қосылып шекарадан өте шығады.
– Сіз Кеңес одағының үш әрпінде қандай қызметтер істедіңіз?
– Мен Мәскеуге жұмысқа тұрған кезде өзімнің қолыммен жазып берген қағазым бар. Мемлекеттік құпияларды қатаң сақтаймын деп. Сол үшін сол тәртіпті әлі де сақтаймын. Кеңес одағынның заңында он жылдан кейін ешқандай құпия болмайды деген сөз бар. Бірақ құпияның аты құпия ғой.
– Сіз Қытай азаматарының Қазақстанға визасыз кіруіне қалай қарайсыз.
– Ол туралы ақпараттан оқыдым, естідім. Менің білуіміше қытай азаматтарының Қазақстанға визасыз келуі алғашында үш күн болатын, кейін оны 14 күнге ұзартты. Ал жақыннан бері оны бір айға ұзарту туралы айтылып жатыр. Бұған экономикалық жақтан қарасаң, бұл өте пайдалы нәрсе. Бізге қытайлар келеді, олар жәй келмейді, қалтасына юань сала келеді. Елдің ішкі саудасы мен сыртқы саудасы қыза түседі. Туризм дамып, елдің қоржынына қаржы түсе бастайды. Бұл Қазақ елі үшін пайдалы. Бірақ бір «но» дейтін қиын жері бар. Қытай миллирд халық, ал қазақ оннеше миллион халық. Егер қытайға бір айлық визасыз келуге руқсат берсеңіз Қытайдың 30 өлкесінен күніне 30 ұшақ Қазақстанға ұшып келу мүмкін.
Қазақ қоғамы парақорлықтан айырылмаған қоғам, біздің парақорларға 200 доллар берші оларға азаматтық бере салады. Егер мың қытай Қазақстан азаматтығын алса, олар ертең Конституциядағы белгілеме бойынша пәленбай туысын шақырады, сонымен қойшы қытайлар көбейе бастайды. Қытайлар 10-20 пайызға жетсінші, содан кейін Қазақстанның не болғанын сонда көресің. Сондықтан бұл саяси жақтан өте қауіпті жағдай. Экономикалық жақтан пайдалы. Жеме-жемге келгенде экономика керек пе, әлде мемлекеттің, ұттың қауіпсіздігі керек пе дегенге келу керек қой. Әрине мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігі бірінші орында тұру керек. Пайданы ойлап мемлекет пен халықтың болашағына балта шабуға болмайды. Халықтың, көзі ашық азаматтардың қытайдың визасыз келуіне қарсы болып жатқаны өте дұрыс.
– Сізбен байланыс жасап, әңгімелесіп тұратын әріптестеріңіз, жора-жолдастарыңыз бар ма?
– Көбі қайтыс болып кетті ғой. «Картайганда шал жетім» деген рас екен. Қазір сөйлесетін адам жоқ. Мен көп жыл Мәскеуде тұрдым, ол жақтағы орыстармен қарым-қатынасым жоқ.
– Ұрпақтарыма бір тарихи естелік жазып кетсем деген ойыңыз жоқ па?
– Бір кезе ойдан ой болған. Менің үлкен әкем Жақсыбай деген кісі осы жақта қайтыс болған екен. Керей мен Найманның ортасында 1885 жылдары соғыс болады. Әуезовтың «Абай жолы» романында осы оқиға туралы бір эпизот бар, оқыған боларсың. Менің үлкен әкем сол эпизотта жазылған кейіпкердің бірі. Сол Жақсыбай атамыз сыбанның бір кісісін өлтіріп қойыпты, ол кез барымташылардың заманы ғой. Сол оқиға туралы ақсақалдардан сұрап білгем, соны жазу ойымда болған. Сыбанға біздің ру құн төлейді, бірақ ары қарай татуласу үшін бала беру керек екен. Сонда атамның кіші қарындасы Биғайша әкпемізді сыбанға берген екен. Сол сыбан руына берген әкпеміз біз Қытайдан келгенде қарсы алды ғой.
Мен кереймін, нағашым найман. Қазақстанда 1930 жылы ашаршылық басталып ел Қытайға өтер кезінде Бақтыда соғыс болып нағашы атама оқ тиіп қайтыс болыпты. Марқұм шешем: «Мына иттер әкемді менің көз алдымда атып өлтірген», – деп отыратын. Орыстарды өте жек көретін. Сол кезде шешемнің 15-16 жас кезі екен. Шыңғыстаудың солтүстігі, Шыбартау ауданы. Соның Алғабас деген жерінде Жақсыбай қыстауы деген қыстау болған.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Аман-есен болыңыз!
Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz