Бейсенбі, 3 Қазан 2024
Билік 3613 12 пікір 25 Мамыр, 2023 сағат 11:27

Өз аяғына өзі оқ атқан одақ...

Кеше ғана Мәскеуде кезекті Еуразиялық экономикалық форум өтті.

Өз басым бұл қатардағы оқиғаны соңғы күндері жиілеп кеткен халықаралық жиындар, самиттерінің бірі ретінде қабылдаймын. Бұл іс-шараның проресейлік астары тағы бар, яғни Украинаға қарсы соғыс ашып, әлем алдында қарабет болып, ортадан аластатылған Кремль осындай жасанды һәм формальды жиындар арқылы өзінің сыртқы алаңдағы легитимдігін, өз қолдаушыларының әлі де бар екенін басқа жұртқа паш еткісі келеді. Өкінішке орай, осындай шоуда біздің ел де қатысуға мәжбүр...

Өткен жылдың ақпанынан бері Путиннің сөзі негізінен соғыс ашқан өзінің неоимпериялық пиғылын ақтау, бүкіл әлемнің Ресейге қарсы майдан ашуы, соған төтеп беру қажеттілігі секілді жасанды тезистерден тұратынын көкірегі ояу, көзі ашық ағайын байқап жүрген болар. Бұл жолы да сол таптаурын тезистерін қайталап шықты.

Соның бірі – бірполярлық әлемді (Путиннің түсінігіне сай ол – ұжымдық Батыс диктат еткен әлем) қолдайтындарды «өз аяқтарына өздері оқ атқандармен» теңеп, саяси лексиконға тағы бір соны теңеу қосуы. Сонда сол «полюсқа» қарсы шыққан басқа елдердің көшбасшысы Ресей болғысы келсе, ол басқа елдерге диктат жасамай ма? Сол диктаттың көкесін басқаларды мақтамен бауыздап отырып, ЕАЭО аясында көрсетіп жатқан жоқ па?!

Өз басыма президентіміздің ЕАЭО аясындағы қарым-қатынастарды реттейтін құжаттарға қатысты сыни пікірі сақталып қана қоймай, одан сайын тереңдей түскені ұнады. Төбеден төніп тұрған Кремль ұйымдастырған осынау форумда сондай сөз айту үшін де мінез керек болар. Әйтпесе, ЕАЭО-ға мүше елдердің басқа басшылары ондай ащы шындық айта қоймады.

Керісінше, беларусь, қырғыз жағынан ЕАЭО ішіндегі интеграцияны одан сайын тереңдету, тіпті мемлекеттік саясатты бір орталықтан реттеу секілді оғаш ойлар айтылып қалды. Мәселен, қырғыз президенті Жапаров ЕАЭО-ны «экономикалық дамудың дербес полюсі» ретінде танып, «ұлттық деңгейден жоғары тұратын органдардың өкілеттігін күшейтуді» ұсынды.

Осы жиында президент Тоқаев ЕАЭО үшін аса маңызды бір проблеманы қозғады. Ол – ЕАЭО қатарындағы екі ел – Ресей мен Беларусьтың – басқалардан бөлек, бірегей одақтық мемлекет құруының экономикалық және саяси салдары (оның бұл сөзі, әсіресе, «екі елде бір ядролық қару» деген әзіл-шыны аралас тезисі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде хит болып кетті!). Және де отау ішінен отау тігіп, бөлек мемлекет құрғалы жатқан бауырлас қос ел мен ЕАЭО құрамындағы басқа елдер (Армения, Қазақстан, Қырғызстан) арасындағы қарым-қатынастарды осы бастан анықтап алу қажеттігі туралы сөз қозғауы әбден дұрыс деп ойлаймын.

Мәселен, ЕАЭО аясында кедендік баж салығынан түскен қаржының 85,065 проценті Ресей қалтасына түссе, 4,860 проценті Беларусь еншісінде. Одақтық мемлекет құрса, олар ендігі жерде екі квота емес, бір ғана квотаға ие болуы тиіс емес пе? Яғни, ендігі жерде 2019 жылы қол қойылған келісім-шарт қайта қаралуы шарт. Бәлкім сол кезде Қазақстанға тиесілі 6,955 процент те біршама өзгерер.

Өз сөзінде президентіміз ЕАЭО үшін басым бағыт одақтың шешуші саяси және экономикалық әріптесі – Қытаймен тиімді қарым-қатынас орнату болуы тиіс» екенін айтты.

Әрине, жоғарыдан айтылған «полюстік» теория тұрғысынан бұл дұрыс та болар, яғни ЕАЭО-да үстемдік етіп отырған Ресейге балама ел ЕАЭО-мен бірлесе қимыл-әрекет ете бастайды. Және де мұндай ынтымақтастыққа Қытайдың өзі мүдделі болуы тиіс. Өйткені Қытайдан басталатын Жібек жолы дәл осы ЕАЭО елдері арқылы өтіп жатыр.

Бірақ бұндай ұсыныстың көлеңкелі жағы да жоқ емес.

Өйткені ЕАЭО-ны күшейтуге Қытай секілді алпауыт кіріссе, онда ол одақтың ғұмыры қысқа бола қоймайды. Ол дегеніңіз – Қазақстан секілді әлеуеті Қытай мен Ресейден анағұрлым әлсіз ел осы екі гегемонның қолбаласы боп қала береді деген сөз!

Бұдан асқан қауіп, бұдан асқан қатер жоқ шығар!

Әміржан Қосан

Abai.kz

12 пікір