Асқар Жакулин: «Атажұртқа ғасырға барабар жолмен жеттік»
Сәрсенбі күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада Жәкула Күшікұлының туғанына 150 жыл толуына орай дайындалған екі бірдей кітаптың тұсаукесері өтті. Оған Қазақстанның Халық жазушысы Қ.Жұмаділов, тарихшы-профессор М.Қойгелдиев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдерімен бірге Жәкула Күшікұлының ұрпақтары да қатысты. Осы ретте оның немересі Асқар Жакулинмен сұхбат жасаған едік.
- Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романындағы Әлібек пен Айтолқын сіздің әке-шешеңіз деген рас сөз бе, әлде солардың өміріне ұқсас эпизодтарға қарап, елдің шығарған әңгімесі ме?
- Иә, рас. Қажығұмар ағамыздың «Қылмыс» романының алтыншы томында әкем Әнуардың (романда Әлібек) қазасынан соң, Қажығұмар ағамыздың шешеме көңіл айтып келетіні жазылған. Сол романда әкемнің Қытай түрмесінде жатып қайтыс болған кезі де суреттелген. Бірақ әкем менің есімде деп айта алмаймын, әкемді ұстағанда мен тәй-тәй басқан бала екенмін. Ал қуғын-сүргін заманда әкеммен бірге болған уақытым бір күнге де толмайды екен! Бәрін кейін білдік қой. Әкемді Қытайда «мәдениет төңкерісі» кезінде басына «қалпақ кигізіп» (жала жауып деген мағынада), мәңгібақи түрмеге қамап тастайды. Шешем де «халық жауының» әйелі болып шыға келеді. Отбасымыз кадрларға арналған тұрғын үйден қуылып, кезінде Шың Шысайдың ат қорасы болған лашыққа көшіріледі.
Сәрсенбі күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада Жәкула Күшікұлының туғанына 150 жыл толуына орай дайындалған екі бірдей кітаптың тұсаукесері өтті. Оған Қазақстанның Халық жазушысы Қ.Жұмаділов, тарихшы-профессор М.Қойгелдиев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдерімен бірге Жәкула Күшікұлының ұрпақтары да қатысты. Осы ретте оның немересі Асқар Жакулинмен сұхбат жасаған едік.
- Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романындағы Әлібек пен Айтолқын сіздің әке-шешеңіз деген рас сөз бе, әлде солардың өміріне ұқсас эпизодтарға қарап, елдің шығарған әңгімесі ме?
- Иә, рас. Қажығұмар ағамыздың «Қылмыс» романының алтыншы томында әкем Әнуардың (романда Әлібек) қазасынан соң, Қажығұмар ағамыздың шешеме көңіл айтып келетіні жазылған. Сол романда әкемнің Қытай түрмесінде жатып қайтыс болған кезі де суреттелген. Бірақ әкем менің есімде деп айта алмаймын, әкемді ұстағанда мен тәй-тәй басқан бала екенмін. Ал қуғын-сүргін заманда әкеммен бірге болған уақытым бір күнге де толмайды екен! Бәрін кейін білдік қой. Әкемді Қытайда «мәдениет төңкерісі» кезінде басына «қалпақ кигізіп» (жала жауып деген мағынада), мәңгібақи түрмеге қамап тастайды. Шешем де «халық жауының» әйелі болып шыға келеді. Отбасымыз кадрларға арналған тұрғын үйден қуылып, кезінде Шың Шысайдың ат қорасы болған лашыққа көшіріледі.
Әкем түрмеде он жылдай жатып, қайтыс болады. Бірақ өкімет сүйегін бермей, түрмеде жерленеді. Тек кейіннен, 4 жылдан кейін әкемнің атағын «қайта қалпына келтіріп», Үрімжі қаласындағы сол кездегі Халық Сарайында салтанатты қоштасу рәсімін өткізіп, әкемнің сүйегін түрме маңындағы зираттан Үрімжідегі құрбандар зиратына көшіретін болды. Бұл Шыңжаң көлемінде «мәдениет төңкерісінен» кейінгі осы «төңкерістің» кесірінен өмірінен айырылған өлке дәрежелі басшыға арналып өткізген тұңғыш азалы жиын еді. Сол кезде маған ерекше әсер еткені анамның жоқтау айтқаны болды. Отбасымыз марқұм әкемнің сүйегімен бірге сарайға кіргенімізде, анам қытайы, ұйғыры, қазағы аралас залға дауыс шығарып жоқтау айтып кірді. Анамның зарлы үні түсінген адамның ғана емес, тіпті қазақшаны мүлде түсінбейтін басқа ұлт өкілдерінің де көзіне жас үйірді. Сол тұста 14-15 жас шамасындағы мен алғаш рет қазақтың өлім-жітім салтының да осындай салтанатты болатынын білдім. Қажығұмар ағамыз да осы жоқтауды естіген соң, «Мынадай жоқталған өлімнің, дәл қазіргі шақта арманы аз шығар» деп жазады ғой романында.
- Сіз де біразға дейін «халық жауының» баласы болып өсіпсіз ғой...
- Әкем Әнуар, ағасы Мағауия мен Мерғазы, әкемнің немере ағасы Әбілмәжін, атамыз Жәкула - барлығы да империяның қуғынын көрген адамдар. Нағашы жағым да бұл сүргіннен аман қалмапты.
- Қай империяның?
- Үш империяның. Атам Жәкула патшалық Ресейдің де, советтік империяның да қуғынын көрді. Әкем арғы беттің «мәдениет төңкерісінің» құрбанына айналды. Сонда біздің әулеттің тағдыры екі империяның арасында жатып, езгіге түскен қазақ халқының шағын тарихына ұқсай-ды. Атамның інісі Әбілмәжінді 1937-жылы НКВД «Қытайға ауған ақ эмигрант Жәкуламен байланыста» деп атса, әкеме «сыртпен астасқан элемент» деген айып тағылған. Қазақ осылайша екі оттың ортасында күйген ғой.
- Жәкула атаңыздың туғанына биыл 150 жыл толады екен, туған жерінде ас бермек екенсіздер. Ол кісі алғашқы дәрігерлердің бірі болған ба?
- Жәкула атамыз 1885 жылы Омбының фельдшерлік мектебін бітіріпті. Оны павлодарлық зерттеуші ағамыз Мүсәйіп Сыдықов деген кісі былтыр Омбының мұрағатынан құжаттарын тапқанда білдік. Оған дейін бала күнімізде «атаң орыс елінде оқыған адам екен, көсем болған екен, тіптен өзінің тауы болған екен, атаң өкіметке қарсы шығып, «құйыршық» болған екен деген сарындағы әңгімелерді ғана еститінбіз.
Омбы ол кезде қылышынан қан тамған Колпаковский басқарып тұрған Дала генерал-губернаторлығының орталығы. Университет, институт әлі жоқ, қазақ балалары Омбыдағы кадет корпусында, училище мен мектептерде интернатта жатып оқиды. Ресей патшалығы өзіне қызмет еткізу мақсатында оларды көбіне әскери, заңгерлік, дәрігерлік мамандықтарға дайындапты. Жәкула атамыз да «дала дәрігері - әскери фельдшер» мамандығын алыпты. Өзімен бір сыныпта М.Тынышбаевтың қайын атасы Бақи Шалымбеков, қатарлас М.Дулатовтың жары Ғайнижамалдың әкесі Баймұрат Досымбеков, генерал М.Қалматаевтың әкесі Дүйсенбі Қалматаев, Ш.Аймановтардың немере ағасы Аббас Айманов сияқты қазақтың алғашқы дәрігерлері оқыпты. Оларды сүзек, қорасан, шешек, қызылша секілді індеттердің алдын-алуға, екпе жасауға, қажет болса соқырішекті алып тастауға үйреткен екен. Атамыз сонымен болыс болғанша Жетісу өңірінде 25 жыл дәрігерлік қызмет атқарыпты.
- 25 жыл қай жерде дәрігер болған?
- Қазіргі Қырғызстандағы Қарақолда, ол кезде Пржевальск қаласы Жетісу облысына қарап тұрған уезд орталығы болған. Тіпті, сол атақты саяхатшы қаладағы фельдшерлік пунктте қайтыс болып, қаланың аты Пржевальск аталған. Кім біледі, мүмкін, атамыз саяхатшының ақырғы минуттарында жанында болды ма? Өйткені, ол заманда бүкіл қырғыз жерінде дәрігерлік пункттерді саусақпен санайсыз. Онға да жетпейді. Және губернатор Таубе ол жерде қазақ пен қырғыздан гөрі казак әскерін бірінші кезекте емдеу керек деп, қысым көрсете бастаған. Осының бәрі қазақ оқығандарына оңай әсер ете ме? Ұлттық қозғалыс осындай намысқа тиетін жағдайлардан барып тумай ма?
- Атаңыз сосын туған жері Семей өңіріне келіп, болыс болған...
- Қалталықұлақ қариялар айтады: болыстыққа түсуге аталас ағайындары арнайы шақыртыпты дейді. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ екі нәрсені ескеру қажет сияқты. Біріншіден, ол заманда қазақтың қолы жеткен ең биік мәнсабы - болыстық. Атам 1911 жылдан бастап он жылдай болыс болған. Хандық билік, аға сұлтандық тарағаннан кейін қазақты тіпті «уезд начальнигі» - ояз қылып та қоймады. Екіншіден, болыстың бәрі шардың тасын сатып алып болмаған. Алматының мұрағатынан атамның өз қолы қойылған жер дауына қатысты бірнеше том материалды таптық. Соның бәрінде ол кісінің бұра тартып кеткен жері жоқ. Қайткенде әділетті болуға тырысқаны, «әділеттілік» деген категорияны терең түсінгені көрініп тұр. Өйткені, «Ресей мен Қытай соғыса қалған жағдайда, барлық әділетсіз орыс шенеуніктерін қуып шығып, қазақ халқы өзінің үкіметін құра алатын ұлттық партияның төңірегіне топтасуы керек!» депті. Жай ғана басшыларды демейді, «әділетсіз орыс басшыларын» дейді. 1913 жылы, өзі болыс - өзі айтып отырған орыс империясының жергілікті шенеунігі! Бұл аңыз емес, дақпырт емес - Омбы архивінде сақталған тарихи құжат. Осы сөзді шаршы топта айтқаны үшін Зайсан мен Семейдің ротмистрлері мен прокурорлары Омбыға хат жазып, Омбының сот палатасы атама қылмыстық іс қозғапты. Таққан айыптары 130-бап: «мемлекеттік төңкеріске қарсы ашық үндеу» деген бап екен. Егер, кінәсі толық дәлелденсе, өмірбақи итжеккенге айдалып кетеді екен. Бұл «Айқап» пен «Қазақтың» қатар шыққан жылы, ұлт зиялыларының «Бас қосайық» деп пікір таластырып жатқан кезеңі. Мүмкін, сол оқиға да әсер етті ме екен? Атамның патшалық заманның қуғынын көрді дегенім осы.
- Кейін Алаш қозғалысына қосылды ма?
- Онысын нақты айта алмаймын, бірақ ниеттес болғаны анық. Өйткені, НКВД «ақ эмигрант, алашордашы Жәкула Күшіков» деп жазады. Бұған қоса, інісі Әбілмәжін «Қапланбек Алашордасының» көсемі ретінде атылған.
- Жаңа Советтік қуғынды да көрді дедіңіз емес пе?
- Ол Сталин мен Голощекин заманында кәмпескеге ұшырағаны. 1928 жылы Семейде Қызылтас (қазіргі Тарбағатай ауданы) деген аудан құрылып, сол ауданның ең ірі 7 байы ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, Әулиеатаға жер аударылыпты. Сосын, ол жақтан қашып шығып, туған жеріне келіп, ауыл-аймағымен Қытайға ауады. Соның алдында Семей гимназиясында оқитын ұлы Мерғазыны алуға барғанда, досы Ережеп Итбаевпен ақылдасыпты. Өзінің көтеріліс ұйымдастырмақ екенін айтыпты. Бірақ, Ережеп ағамыз тоқтатыпты. Ал, шекараны өте бергенде, ұлы Мерғазы қызылдардың қолына түсіп, ол Семей түрмесінде қайтыс болады. Атамның өзі де көп ұзамай, 1933 жылы Шәуешекте оқ тиіп дүниеден қайтыпты. Дүнген көтерілісі кезінде жараланған дүнгенді емдеп жатқанда, қызылдардың оғынан сағаты тоқтапты.
- Інісі Әбілмәжін қалай «Қапланбек Алашордасының» көсемі атанып жүр? Сондай ұйым болып па еді?
- Ол енді НКВД ойлап шығарған ұйым ғой. Бірақ тарихи негізі жоқ емес. Әбілмәжінді атамыз Жәкула осы Алматыдағы, ол кездегі Верный гимназиясында, кейіннен 1909 жылдан бастап Семей гимназиясында оқытыпты. Верныйда Садық Аманжолов, Әшірбек Шалымбеков, Ораз Жандосовтармен қатарлас оқыса, Семейде Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасовтар оқып жүргенде білім алыпты. Сосын, болыс болған атамыз інісін Польшаға, Варшава институтына оқуға жіберіпті. Және ақшасын өзі төлеп тұрғанға ұқсайды. Ғұмар Қараш «Қазақ» газетіне 1915 жылы жазған мақаласында «Варшавада 4 қазақ студенті бар. Ішінде Ә.Шалымбеков, Сағынаев пен Әбілмәжін Күшіков өз қаржысымен оқиды, А.Тұнғашин стипендия алады» деп жазыпты. Ол заманда Польшада 5 жыл бойы студент оқыту оңай емес. Сосын, Әбілмәжін Алашорданың астанасы болған Семейге келіп, ұлт-азаттық күреске араласыпты. Міржақыппен, Кәрім Тоқтыбаевпен, Ыдырыс Мұстамбаевпен жақсы қарым-қатынаста болған. Өзі ғылыммен, ағартушылықпен айналысқан. Бірақ 1933 жылы Сарыағаштағы Қапланбек ауыл шаруашылығы институтында доцент болып жүргенде ұсталып, Алматының түрмесіне қамалады. Сол жерде оған Файзолла Ғалымжанов (ІІ жалпықазақ съезін ұйымдастырушының бірі), Мүслім Ермеков (Ә.Ермековтің інісі), Мұхтар Бірімжановтермен (А.Бірімжановтың немере інісі) «Қапланбек Алашордасын» құрған деген айып тағылып, 3 жылға Қарлагқа айдайды.
- Сонда ол ұйымға қандай кінә тағады?
- Ол кез Ахаңдар бастаған 34 адамға үкім шыққан кез ғой. Бұл кісілер «екінші толқын» ретінде тазалау науқанының құрбаны болған. Барлығы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар емес пе? Барлығы ұлтшыл. Голощекиндік саясатты, аштықтың қолдан ұйымдастырылып отырғанын айтыпты. Байтұрсынов, Дулатов бастаған ұлт көсемдерін құртқан үкімет қазақ халқын да құртады депті. Соның бәрін жансыздар жазып алып, сыбырлап отырған. Бұған қоса, Әбілмәжін ағамызға «туыстары Қытайға қашқан, ақ эмигрант Жәкуламен, Райымжан Мәрсековпен байланыста болған» деген де айыптар тағылған. Империяның қолында тұр емес пе, қандай кінә тағамын десе де. Сөйтіп, Әбілмәжін Күшіковті 1937 жылы Семей түрмесінде ату жазасына кеседі. НКВД үкімді кешіктірмейді ғой, сол күні түнгі сағат екіде үкім орындалған екен.
Қазір бұл кісілердің барлығы саяси жағынан ақталды. Бірақ осы қуғын-сүргін біздің әулетке орны толмастай жара салып кетті. Өзіңіз ойлаңыз: атам Жәкула, інісі Әбілмәжін оқтан қайтты. Сол Әбілмәжін ағамыздың, інісі Мерғазының, менің әкемнің ғұмыры түрмеде үзілді. Мағауия ағамызды қосқанда, әулетіміздің бес бірдей арысы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Олардың туған-туыстарының үркіншіліктен бастап өмірлері азаппен, қорқынышпен өтті. Сонда не үшін? Кім үшін? Неге? Отбасымыздың тағдыры қазақ тарихының қиын-қыстау кезеңіне ұқсас деп отырғаным осы. Барлығының арманы, аңсары - азаттық еді.
- Өзіңіз енді атажұртыңызға келіп, тәубе деп отырсыз ғой...
- «Бейбарыс сұлтан» фильмінде Бейбарыс бір түп жусанның иісін сағынады ғой. Біреулер бұл тым жаттанды бейне деуі мүмкін. Бірақ ол рас, сондай дүние. Атамның туған жері Тарбағатай тауында Жәкуланың Қызылтасы деген тау бар. Қыстақ-жұртының орны ғой. Біздің тұқым-жұрағатымыз арғы бетке кетсе де, сол жердің аты сақталыпты.
Әлем қазір алақандай ғана болып қалды ғой. Оңтүстік Африканың Үміт мүйісіне барам десең де, бір-ақ күнде жетіп барасыз. Бірақ мен сол атажұртқа барар жолды тұп-тура он жыл жүріп өттім. Ал, атам мен әкем туған жерінен қол үзгеннен кейін, біздің әулет бұл жолды тұп-тура сексен жыл жүрді. Қасымда екі жолдасым бар, Алланың атымен бастайық деп дұға жасап, жолға шықтық. Баратын жаққа бет алуымыз сол екен, көз жасым көкірегімді жуып кетті. Қымсынған, именісімді жасырғаныма да, іштегі ашу-ызаның бұлқынысына да бой бермей төгіліп кеткен көздің жасы менің өзімдікі ме, жоқ әлде, күл төккен қара қыстауын аңсап өткен атамның көз жасы ма, жоқ әлде, сол топырақты сағынумен күндерін өткізген әкелерімнің көз жасы ма, оған да жіп тағып жете алмай қалдым. Алыс жолды артқа тастап, атамның ізі қалған сол қара жолмен Жәкула тауының баурайына келгенде мен арманымның орындалғандығын, аңсаумен өткен атамның, сағыныш өзегін өртеген әкемнің арманы орындалып, аруақтары бір аунап түскендігін жан-дүнием сезінгендей болды. Міне, осы сәттен бастап менің де ата мекенім бар, ол мына тұрған «Жәкуланың Қызылтасы» деп жалтақтамай айта алатын болдым!
- Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Жансая Кенжебек
«Қазақ әдебиеті» газеті