Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 3503 22 пікір 29 Мамыр, 2023 сағат 16:39

Еуропа қазақтары Президентке хат жолдады

Жуырда Германияның Көлн қаласында Еуропа қазақтарының кезекті құрылтайы (2023 жылғы құрылтай) өтті. Бұл туралы Дания мемлекетінде тұрып жатқан этникалық қазақ, экономика ғылымының кандидаты Қажы Акбар Аюби әлеуметтік желіде хабарлады.

«Еуропа қазақтарына көңіл бөліп, Президент кеңесшісі де келіпті. Бүгінгі Қазақстаннан үмітіміз кесілсе де «жаңа Қазақстанға» бір шанс беріп, Тоқаев мырзаға Отандастар Қоры арқалы 6 өтініште жолдадық», - деп жазды Аюби мырза.

Біз аталған үшбу хатты Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық.


Еуропа қазақтарының президент Тоқаевқа үшбу хаты

Қазақстан Республикасының

президенті Қ-Ж.Тоқаевқа

Құрметі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз Еуропада жасап жатқан бір қауым қазақтар, Өзіңізге осындағы ағайынның сәлемін жолдап, ризашылығымызды білдірмек мақсатта қолымызға қалам алдық. Сіздің Атажұрттан жырақтағы бізді елеп-ескеріп, Алманияның Көлн қаласында өткен Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайына кеңесшіңіз Мәлік Отарбаев мырзаны арнайы жіберіп, құттықтау жолдағаныңыз үшін қуанып қалдық. Артымызда арқа сүйер асқар таудай қалың еліміз барын сезіндік. Бұл Президенттің шеттегі қазаққа деген ыстық ықыласы мен ақеділ көңілі деп түсіндік. Осы үшін Сізге айтар алғысымыз шексіз.

Қазақ – қайда жүрсе де қазақ. Атамекеннен алыста жүрсе де жүрегіміз қазақ деп соғады. Қанымыз да, жанымыз да қазақ болған соң ана тілімізді, ата салтымызды сақтап қалу – бар мақсатымыз. Әйтсе де, ортаның әсері үлкен. Жастарымызды өзіне ілестіріп бара жатқаны жасырын емес.

Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Еуропа қазақтары атынан төмендегі мәселелерді Өзіңізге жеткізгіміз келеді.

1. Шеттегі этникалық қазақтардың Атажұртымызға визасыз болмаса да, оны алу рәсімдерін жеңілдетуге барынша мүмкіндік жасалса. Біздің басқа шетелдік азаматтардан кішігірім болса да артықшылығымыз болса.

2. 10 жылға берілетін Атажұрт картасының тек қана белгілі мамандық иелеріне ғана емес, әрбір қазаққа берілуі.

3. Қазақстанда Дүниежүзі қазақ жастарының өз құрбы-құрдастарымен ортақ жобаларда табыстыратын жоғарғы деңгейдегі форум өткізу.

4. Өзінің этникалық қазақ екенін дәлелдей алмай, Атажұртқа көшкісі келіп жүрген Ауғаныстан, Иран, Пәкістан сияқты елдердегі қазақтарға көңіл бөлу.

5. Қазақстанда болатын түрлі іс-шараларға шеттегі қазақ белсенділерін де ұмытпай шақырып отырсаңыздар. Осы ретте Сіздің Ұлттық Құрылтай бастамаңыздан да орын алғымыз келеді.

6. Қазақстанның Елшіліктері мен Отандастар қорының жұмысы және жобалары арқылы еліміздің нақты қолдауын сезіп те, көріп те келеміз. Бұл ретте, осы ұйымның әлеуеті мен күші арттырылса, біз де, ешкімге кіріптар болмай, қазақтың басын өзінің жаңа Қазақстан құру идеясы төңірегінде топтастырып, шеттегі белсенділігіміз артар еді.

Біздің осы мәселелерімізге көңіл аударып, шешетініңізге сенеміз. Әрдайым қазақ елінің әр басқан қадамын сырттан бақылап, тілеулес болып жүреміз. Жақсылығына сүйініп, амандығын, дамуын тілеп отырамыз. Сіздің әділетті Қазақстан құру мақсат-мұратыңыз бен реформаларыңызды қолдаймыз. Қазақ елінің демократиясын өрістетіп, экономикасын дамытумен қатар ұлттық құндылықтарына ерекше мән беріп, қазақ тілі мен қазақ мәдениеті өркендеген ел болғанын қалаймыз. Сіздің бастамаларыңыз осыған жеткізетініне сенеміз.

Құрметпен,

Еуропа қазақ ұйымдарының жетекшілері

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052