Жұма, 22 Қараша 2024
Жаһан жаңғырығы 4765 21 пікір 1 Маусым, 2023 сағат 12:20

Әскери державаның дәурені біткен күн...

Әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Жауынгердің ұлымын ғой, жанын қиған Мәскеуге», деген өлең жолдары бар. Кеңес адамдарының әне, сондай жанқиярлық ерлігінің арқасында Сталин екінші дүниежүзілік соғыстың жеңімпазы атанып, Кеңес одағы мұхиттың арғы бетіндегі Америкамен терезе теңестірген әскери державаға айналды. Кеңес одағы құласа да «держава кездері» Кремль үшін идеологиялық маңызын жоғалтқан жоқ. Путиннің былтыр Украинаға бастаған аталмыш «арнаулы операциясын» қолдаушылардың қарасының көп болуы соның нақты көрінісі іспетті.

Қазір әрине, қарша бораған оқты кеудемен жабатын заман емес. Технология заманы. Бүгінгі сағат сайын жаңаланып отырған ғылым-техника бәсекесінде бір кездері айға адам ұшырған орыс ғылымының бәсекеге ілесе алмай қалғаны анық білінуде. Мамыр айының басынан бері орыс билігінің жүрегі саналатын Мәскеудің саяси элитасы орналасқан Қызыл алаңы мен бизнес элитасы орналасқан қымбат аудандарын бұлт емес, дрондар (ұшқыссыз ұшақтар) иектеп алды. Ай басындағы Кремль төбесінде атып түсірілген екі дронға қарағанда, сейсенбі мамырдың 30-ы күні орыс астанасының көгінде ойнақ салған дрондардың саны да, салмағы да ересен болды.

Қызыл алаңға шабуылдан өш алу, жеңіс күнінің айбынын асыру мақсатында мамыр айының басынан бері орыс тарабы Киевпен өзге Украина жеріне 17 рет қуатты әуе шабуылын жасаған. Бір жылдан астам соғыс зардабын шеккен Киев тұрғындарының құлағы әуе қорғаныс дабылына үйренгелі қашан?! Олармен салыстырғанда қарғадай қаптаған дрондардың шабуылын видеоға түсірген Мәукеу тұрғындарының қандай күйде болғаны айтпаса да түсінікті. Путиннің «арнаулы операциясының» бір реткі жәй әскери қимыл емес, нағыз соғыс екеніне, оның зардабының ауыр боларына көздері жеткені анық.

Соққы қуаты әлсіз Мәскеуге жасалған дрондар шабуылын әр тарап әр түрлі түсіндіргенімен символдық мәні өте жоғары болып тұр. Шабуылдың Мәукеу халқы мен элитасын тіксіндіріп, билік араздығын ұлғайтып, қай жағынан болса да Украина тарабының пайдасына жазылып тұр. «Вагнер» атаманы Пригожин әдеттегідей «айтпадым ба?!» деп Путиннің қолбасшыларына шүйлікті. Ресей президенті де «алда істелетін жұмыстар көп» деп, Мәукеудің әуе қорғанысының қазіргі жүйеге бейімделмегенін мойындағандай болды. Әскери мамандар Ресейдің радар жүйесінің «қырғи қабақ» соғысы кезіндегідей бомбылаушы ұшақтар мен ауыр оқтұмсықтарды ғана назарға алып отырғанын айтуда. Дрондар құстың көлеміндей көрінген де, радар бір топ торғай ұшып жүргендей қабылдаған.

Былтыр күзде Украинаның қару өндіретін «Ukroboronprom» мемлекеттік компаниясы отандық дрондарды сынақтан өткізгенін айтқан еді. Украинада жасалған дрондардың сағатына 160 км жылдамдықпен 800 шақырымға дейін ұша алатыны, 20 кг-ға дейін жарылғыш зат көтере алатыны жайлы  ақпарат бар.

АҚШ пен НАТО елдерінің Украинаға қаруларды Ресей жеріне шабуылдамау шартымен беріп жатқаны белгілі. Мәскеудегі кезекті дрон шабуылын олар қорғанысқа балап отыр. Англия мен Неміс сыртқы істер министрі Украинаның Ресейдің әлеуетін әлсірету үшін, қорғаныс мақсатында шабуылдауға қақы бар десе, Еуроодақ парламент төрағасы: «Орыс астанасындағы дрон шабуылына бола Украинаны қолдауды тоқтатпайтындарын», жеткізді. Америка сәрсенбі күні Украинаға берілетін құны 300 миллион долларлық әскери көмектің нақты тізімін жариялады. Басым бөлігі «Патриот» әуе қорғаныс жүйесінің оқ тұмсықтарынан құралған.

Ақпан айында алып мұхиттарды ендей өткен Қытайдың тыңшы әуе шарлары АҚШ әуе кеңістігінде бой көрсетіп, артынан атып түсірілген еді. Орыс әскерінің қазіргі күні Қытайдың арзан қол өнімдерінен құрастырылған Иранның «шаһид» дронына қарап қалғаны белгілі. Мәскеудегі дрондар шабуылы бір кездегі әскери державаның дәуренінің аяқталғанын, орынын Қытай басқанын анық көрсетті.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282