Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3934 0 пікір 22 Мамыр, 2013 сағат 07:32

Интернет-конференция: Сұраған Рахметұлы (жалғасы)

- Шыңғыс ханды Талдықорғандағы бір зоотехник, бір пенсиядағы журналист, бір редактор, бір агроном, баяғыдағы бір әкім жалайыр етіп-жекешелендіріп, журнал шығарып жатыр. 12 ата Жалайырдың қайсысы екеніне келгенде өзара қырықпышақ болып, төбелесіп те қалыпты. Сіз қалай ойлайсыз, Шыңғыс хан жалайыр ма?

 

- Қытайдағы әйгілі жазушы Әкбар Мәжиттің Мухлай туралы жазған еңбектерін мен моңғол тіліне тәржімалап «Үндэсний мэдээ» газетіне жариялаған едім. Сол ірі еңбекте кімнің жалайыр, кімнің жалайыр еместігі туралы өте айқын деректер бар. Аталмыш еңбек қытай тілінде Бейжіңде жарық көрген.

- Моңғолия демократиялық құндылықтар қалыптаса бастаған елге айналып келеді. Естуімізше, бір үйде бірнеше партияға мүше адамдар: әкесі, шешесі, ұлы, келіні, т.б. тұрып өмір сүретін көрінеді. Осы қаншалықты шындық? Осындай партияшылдықтан, азаматтарының саяси белсенділігінен Моңғол өкіметі зардап шегіп жатқан жоқ па? Сұрақты бұлай қоюымының себебін Нұршұғылалы қазақстандық болғанымның салдарынан екенін түсінетін шығарсыз. Жуырда Моңғолияда тағы да президент сайлауы өтеді? Президенттіктен үміткерлер кімдер? Сіздерде сайлау қалай өтеді? Халық қалай дауыс береді?

 

- Шыңғыс ханды Талдықорғандағы бір зоотехник, бір пенсиядағы журналист, бір редактор, бір агроном, баяғыдағы бір әкім жалайыр етіп-жекешелендіріп, журнал шығарып жатыр. 12 ата Жалайырдың қайсысы екеніне келгенде өзара қырықпышақ болып, төбелесіп те қалыпты. Сіз қалай ойлайсыз, Шыңғыс хан жалайыр ма?

 

- Қытайдағы әйгілі жазушы Әкбар Мәжиттің Мухлай туралы жазған еңбектерін мен моңғол тіліне тәржімалап «Үндэсний мэдээ» газетіне жариялаған едім. Сол ірі еңбекте кімнің жалайыр, кімнің жалайыр еместігі туралы өте айқын деректер бар. Аталмыш еңбек қытай тілінде Бейжіңде жарық көрген.

- Моңғолия демократиялық құндылықтар қалыптаса бастаған елге айналып келеді. Естуімізше, бір үйде бірнеше партияға мүше адамдар: әкесі, шешесі, ұлы, келіні, т.б. тұрып өмір сүретін көрінеді. Осы қаншалықты шындық? Осындай партияшылдықтан, азаматтарының саяси белсенділігінен Моңғол өкіметі зардап шегіп жатқан жоқ па? Сұрақты бұлай қоюымының себебін Нұршұғылалы қазақстандық болғанымның салдарынан екенін түсінетін шығарсыз. Жуырда Моңғолияда тағы да президент сайлауы өтеді? Президенттіктен үміткерлер кімдер? Сіздерде сайлау қалай өтеді? Халық қалай дауыс береді?

 

-   Көп партиялылық жүйенің артықшылығы да, кемшілік тұстары да бар. Бір отбасында қанша партияның мүшелері тұратынын әзірге білмеймін. Ғафу өтінемін. Сайлау науқаны ашық, тура, демократиялық заңнамалар төңірегінде жүріледі. Президенттіктен үміткер - демократияның алғашқы қарлығаштарының бірі Цахиагийн Элбэгдорж.

 

- Баян-Өлгий қазақтары туралы теледидардан көрдім. Алдарында көк жалау, төбелерінде Моңғол туымен бірге Көк Туымыз желбіреп тұр. Балалар алаңсыз ойнап жүр. Барлығы қызыл шырайлы (жел көп соға ме?), көздерінен мұң байқалмайды, жайдары. Оқушы қыздар ақ шалғыш, қоңыр көйлек киіп алыпты, біздегі совет кезіндегідей. Моңғолияда екінші Қазақстан бар сияқты көрінді. Расымен солай ма, жоқ теледидарға арнайы солай түсірген бе?

 

- Төбесінде көк аспан, табанында қара жер - болашағы алаңсыз, шырайлы болса болғаны. Кеңестік жүйенің сарқыншағы әлі де бар. Дүниежүзінде бір ғана - Қазақ елі бар. Екеу, немесе үшеу болып көрінуі мүмкін емес. Қобда қойнауының қара желі сәуірден бастап азынап тұр. Қара өлеңде - «Қуалай соққан қоңыр жел...» деген керемет жолдар бар. Сол жел, самал дегендей.

 

- Ер Жәнібек батыр жайлы соңғы жазған ғылыми еңбектеріңіз бар ма?

 

-   Ер Жәнібек Бердәулетұлы туралы әлі де көп зерттеулер болғаны дұрыс. Мүмкін батырдың ақ туы да табылар. Керейдің әйгілі тұлғасы туралы деректерді Асқар Татанай еңбектерінен және Шәміс Құмар, Жәди Шәкен шығармаларынан табуға болар ма деп ойлаймын.

 

- Оспан батыр айналасына топтасқан билер, батырлар жайлы толық зерттеу еңбектері сізде бар ма? Жоспарладыңыз ба?

 

- Әрине, Есімхан Иманбайұлы, Мұса мерген Тұрықбайұлы, Сұлубай Сапиұлы, Бүркітбай батыр Тұяқұлы, Ақтеке би Қоңырұлы, Қапас Тіркесұлы, Қалел Нұртазаұлы, Сүлеймен Бектұрұлы, Рысхан Ноғайбайұлы қатарлы бір шоғыр ерлердің ғұмырнамасына қатысты деректі материалдар табылды. Шет жағалап жариялауға тырысамыз.

- Сұреке, 10 жылдан бері қазақ баспасөзінде әдебиетке қатысты ортаға салған ойларыңызбен біршама қанықпын. Сұрақ:

1. Өзіңіз қай шығармаңызды «өкілдік-бетке ұстар шығармам» деп атайсыз? Неге негіздеп солай деп қарайсыз?

2. Модернизм ағымы туралы жиі айтасыз. Әдетте ауыздағы теория мен нақты шығармашылықтың арасында парық болады. Сіз өз өлеңдеріңіз бен модернизмнің арасында нақты байланыс бар деп қарайсыз ба? Бар болса, осы туралы кеңірек айта кетсеңіз.

3. Шеттен келген ағайындар сияқты сіз де Қазақстандық кәсіптестеріңізді нақты дәлел көрсетпей-ақ жиі жоғары бағалап жатасыз. Ал олардың сіз туралы айтқандарын көп кездестірмейміз. Сіз әдебиеттің шындығына, өзіңізге қаншалық әділ қараймын деп ойлайсыз?

4. Қазақстанда қазір жағымпаз ақындар шоғыры қалыптасу үстінде. «Ақындық ар-намыс» дегенді қалай түсінесіз?

Құрметпен, Доспанбет.

-    Төрт-бес кітабым жарық көрді: «Жұлдыздың лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз», «Көгілдір шабыт». Бұл жинақтарымды саналы оқырман қалай қабылдағанын білмеймін. Жалпылама бағалады деп те айту қиын. Соңғы екі жинақтың түрені өзгешелеу болғанын сезінемін. Бағалану дегеніміз керісінше ұғым. Әдебиетшілерге емес, әдебиетке құрмет керек. Модернизм ағымы туралы айту да, айтпау да қиын. Қалайда біз осы ағымның дәуірінде рухани тірлік кешіп жүрміз. Кезінде Эзра Паундның өлеңдерінен күллі Европа «тітіркене» жатырқағаны бар. Соңынан Томас Элиот, Эдуард Камминс, Генри Миллер, Гертруда Стайн қатарлылар тағы да сондай «жадау» күй кешкен. Әлемдік поэзияның бояуын өзгерту жолында еңбек ететіндер көп. Томас Элиот 1921 жылы «Метафизикалық ақындар» атты туындысында «ақындардың санасы тәжірибе алаңы секілді» деп ащы мысқылды уәж айтқаны бар. Мейірхан Ақдәулеттің «...Өзегімде тұр бірақ оқ байланып, кетер ме едім шіркін-ай шөпке айналып...» деген жолдары есімде. Саналы оқырман барлығын өз дегенімен екшей алады. Кезінде Жан Поль Сартр өлеңді зердесіз тобырға арнап жазуға түбегейлі қарсы болғанын білеміз. Бұл туралы мен де біршама жерді шарлаған едім. Біреуге жақты, жақпады маған бәрібір. Қазақ әдебиетінің бау-бақшасында өскен еңселі бәйтеректердің бірнешеуі әлем поэзиясының алтын босағасында мәуеленуі тиіс. Жаңалықтардан, жаңашылдықтан безінуге болмас. Поэзиядан иісіну жақсылыққа апармайды. Дәстүрді жаңғырту деген ұғым бар. Бірақ жаңғырту дегеннің бәрін бұрынғыны қайталау деп түсінуге болмайтын іс. «Жаңашыл ақынбыз» дейтін жандарға аса кірпияздықпен қарауға шақырамын. Батыс жырларынан біз дәстүрді дәмете алмаймыз. Біздің ағымымыз мүлдемге басқа болуы шарт. Ағым дегеніміз басқа өзекпен ағу деген сөз. Поэзияны құртатын ең қатерлі фактор - ол әсіре жарнама, кештік, мақтау һәм даңғаза жарамсақ лебіздер. Поэзия - құдырет, кие. Ендеше құдырет пен киені жарнамалауға да, онымен ойнауға да болмас. Әр ғасыр өз поэзиясының өрендерін аяқтандырады. Бұл да тәңірдің рухани сыйы. Поэзияда түрлі стилдер, «жаңа жарылыстар» бола беретін құбылыс. Жаңалықтарға ұмтылу - ұлттық поэзияны дамытады. Мұндай «жарылыстар» модернизм дәуірінен бұрын да, кейін де болған. Меніңше ақын ойының ойлау шарықтау шегі - саналы оқырман ойымен ұштасқан тұста поэзияның дамуы басталады. Өлеңді жазған кезде сенікі - жарияланғаннан бастап өзгенікі. Поэзияны жүрекпен жазып, мимен сараптау жалғасып келе жатқан жаһандық үрдіс. Жүрегінде от жалыны, зердесінде сәулесі бар ақындар ғана ағартушылық міндетімен авангардта болады. Мағжан, Сұлтанмахмұт, Қасым т.с.с айтып отырмын. Ақсақалдар мен жас ақындар арасында бір кикілжің бар. «Шалдар жастарды оқымайды», «шалдардың өлеңі осы заманауи емес» т.с.с. Осындай дербез поэзиядан аулақ болған жөн. Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Омарғазылар түрені күллі қазақ әлемін сілкіндірді, оятты. Кешегі Қадыр, Тұманбайлар біздің рухани дәуіріміздің  көш басында тұр. Жас ақындар кейінгіге де, кедергіге де баға бергіш сезімтал келетіні бар. Поэзия кеңістігінде өзін «ұлы» санайтын жастар көп. Қазақ әлемінде һәм Астанада поэзия клубы болғанын қалар едім. «Мұқағали шарапханасы», «Төлеген мұнарасы», «Жұмекен жұлдыздары», «Өтеген өрендері» т.с.с әуесқойлардың клубтары жұмыс істесе. Бірнеше ғана өлеңімен көріне бастаған жас ақынды әсіре жарнамалау арқылы ұстанған бағытынан әдейі тайдыруға болмайды. Қазақ поэзия әлемінде қаншама ағымдар бола берсін, мейлі. Олардың құятын құйғаны - қазақ поэзиясының ұлы дариясы болуы керек. Поэзияда «теріс аққан» ешқашан болмасын. Поэзияның мәресі ұлт, жетер жері әлемдік санат.

 

- Сұраған аға, сізге Алла жар болсын!

Сол елдегі зиялы тұлғалардан бас көтерер алдыңғы қатарлы азаматсыз ғой. Сізге сұрағым: Кезінде Шыңжаңнан Моңғолияға өтіп, 3000 қазақ отбасынан тұратын жеке хошун құрған ақын Дөңтай Қожамбетұлы туралы білесіз бе? Сіздің елде ұрпақтары бар ма?

Алтайшы бауырыңыз

 

-   Дөңтай молла Қожамбетұлының руы Жәдік, Жанқара. Осы тұлға туралы біршама мәліметтер сақталған. Қобда бетіне өткеннен кейін мешіт салып, бала оқытқан діни ғұлама. Бірнеше дастандар жазған. Өкініштісі зерттелу жағы кемшін. Мемлекеттік V Ұлы Құрылтайға қатысқан. Моңғолияның алғашқы демократиялық радикал топтарымен үзеңгілес болған тұлға. 1938 жылы Улиастайда үлкен ұлы Мүкей екеуі бірдей ұсталып, атылған. Ақталған болуы мүмкін. Ақын, ғұлама, құрбан. Өз кезегінде аты шыққан жақсы адам.

 

- Сұраған аға, Өлгийде қазақ өнері мен мәдениеті ақсап қалды. Театр - анау: Не әнші, не күйші, не актер жоқ. Сізден кейін мынау дейтіндей ақын да жазушы да шықпады. Шерікбай марқұмнан кейін әнші де жоқ. Композитор деген емге жоқ. Жалпыұлттық идеология партиялардың саясаты мен бағдарламаларының тасасында қалып қойды. Моңғол ұлты өзінің ұлттық құндылықтары негізінде идеологиясын жасап алған. Ал аз қазақтың мәдениеті мен әдебиеті саясаттың суайт желінің өтінде қалды. Оған қарайтын басшы да қосшы да көрінбейді. Не істейміз? Ұлттық құндылықтарды өсіруді емес, Алладан сайлау тілеп отыра береміз бе? Осы мәселе сізді толғандыра ма?

Сәлеммен, Салтанат

 

-   Енді қайтейін. Жылайын ба, күлейін бе?!

 

- Сұраған мырза, екі-үш жыл бұрын жазушы Абай Мауқара (Абай Хамза) Алматыдағы жылы қонысын уақытша тастап, Моңғалияға кетіп еді. Жағдайы қалай, не бітіріп, не қойды дегендей ғой?..

 

-  Абай Мауқара Улаанбаатарда уақытша тұрды. Көп еңбектенді. Әрине, дін бағытында. Жуықта жайдары Алматысындағы үйіне қайтқан. «Шұғыла» журналында жақсы әңгімелері басылды. Абай Мауқара - досым, өте кіді, талантты азамат.

- Найзаменен түртсе де,

Жатырсың, қазақ, оянбай.

Мұнша қалың ұйқыны

Бердің бізге, ой, Алла-ай! -деп ХХ ғасырдың басында айтылған әңгіме ХХІ ғасырда да неге өзектілігін жоймай отыр. Осының сырын қалай түсіндірер едіңіз?

 

-   Сал ұйқылыны шала ұйқы етпей, ояту керек. Сұлтанмахмұт та, Міржақып та «Оян, Қазақ!» деп айқайлаған. Тарихта «Ұйықта, қазақ» деп ешкім айтпаған шығар. Бүгінгі жас қазақ қағылез, сергек күйімен күй кешуі керек. ХХІ ғасыр - технологиялар тоғысы, оқтай зулаған дамудың жүлгесіндегі қазақтарға тәуелсіздікті берді. Рухани бұғаудан құтылдық. Енді ерінбей-жалықпай еңбектенуімізге тура келеді. Жайбасарлыққа, жалқаулыққа, марғаулыққа орын жоқ.

 

- Сұреке, неге Қазақстанға көшіп келмедіңіз? Ол жақта сіз қимайтын қандай тылсым күш бар? Қазақша өлең жазатын адам әдеби ортаға жақын болмайтын ба еді?

Назым қарындасыңыз

 

-   Жақсы, жарайды.

 

- Келесі жылы Моңғолияға қазақтардың қоныстануына 150 жыл толады. Осыған байланысты қандай іс-шара ұйымдастырылмақ?

Шеруші баласы

 

-   Моңғолия жеріне қазақтардың қоныстануы тым әріден басталады. Бұл туралы бір ірі мақала жазылды. «Шұғыла» журналында жарияланды. www.baiolke.com порталына қойылды.

 

- Сұраған інім, сіздер Қытайдың Алтай аймағынан теріскей бетке ауған керейлердің ұрпағысыздар.  Моңғол еліне үлкен рахмет, қандастарымыздың алаңсыз ғұмыр өткізгеніне, көптен жәрдемдескеніне. Моңғол десе, Шыңғысхан еске түседі. Шыңғысханның тікелей ұрпағы тек Қазақстанда ғана төре, хан тұқымы болып сақталған. Қытай еліндегі төре шежіресінде 1,5 млн. қазақтың ішінде 30 мың төре бар екен. Қытай үкіметі бұны заңды түрде мойындайды. Моңғолияның қазақтары қоныстанған Баян өлкесінде де төре тұқымдары жасап жатыр. Шыңғысханның тікелей тұқымы, қандастық бойынша тек қазақта ғана сақталған. Бұған моңғолдар қалай қарайды? Қазаққа төрелік қандық түзім жамандық әкелмеген (үш жүздін басын қосқан Абылайды алайық). Моңғолға да, қазаққа да Батыс елдері де жатсынбайтын монархиялық хандық түзім керек сияқты. Өйткені бізді рушылдық, жүзге бөлушілік құртып барады. Бұған қалай қарайсыз?

 

- Рас. Барлық қазақтарға Мұхтар Мағауиннің «Ұлтсыздану ұраны» атты әйгілі шығармасын оқыса екен деген ниетімді жеткізейін. Бұдан артық қалай айту керек? Білмеймін.

 

- «Абай.кз» порталы Қазақстанда ең танымал сайт болды. Оқитын дүние өте көп. Өзіңіз «Абай.кз» порталын қарап тұрасыз ба? Ондағы жұрт бұл сайт туралы біле ме? Бұны сұрап отырған себебім, қазақ қайда жүрсе де өз тілінде ақпарат алып, өз елінен үздіксіз хабар алып отырғаны дұрыс қой. Солай емес пе, сіз қалай ойлайсыз?

 

- Рахмет. Абай.кз-ні оқитындар көп. Студент жастар да жақсы біледі. Етене таныс деп айтуға да болады.

- Моңғолиядағы «адай-төрелер» кімдер?

 

-   Бұл өте қызықты сұрақ. Мені мазалап жүрген - бір сауал да бар. Ол туралы кейінірек айта жатармын.

 

- Соңғы қазақ Баян-өлгейде бар ма?

 

-   Кешірім өтінемін, жұмбағыңызды шеше алмағаным үшін.

 

- Қайбір жылдары Мұхтар Мағауин Бай-Өлкеге барып, балбал тастарды көріпті. Тіпті, бір балбал тасты құшақтап жылапты деген аңызға бергісіз әңгіме бар. Сіз басы-қасында болыпсыз? Сол туралы айтып берсеңіз?

 

-   Ол өз алдына бір үлкен әңгіме. Баян-Өлгийден Шыңғыс ханның «Хөдөө аралына» дейін жол кешкен ұлы тұлға - Күлтегіннің басына түнеп, Білге қаған, Тоныкөк кесенелеріне барып мінәжат еткені бар. Керемет түс секілді күндер еді. Мұқаң бұл туралы әлі де бір нәрсе жазар деп үміттенемін. Мүмкін ол кісіден кейін мен де шама-шарқыма сай жаза жатармын.

- Сұраған аға, аман болыңыз! Жаңа өлеңдеріңізден бірнеше өлең салыңызшы? Сізді сағындық!

 

- Жарайды. Осы орайда бірнеше өлеңдерімді жолдап отырмын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Жан ғұмырым - Раушан» кітабынан

***

Таңменен, сәрімен, елеңмен,

Қаз өтті шаңырақтан

Мұңлы.

Еңкілдер - бұлт кешкен

жел емген.

Желпінді боз үйдің

Түңлігі.

 

Қаңқылдар ағады белеңнен

құбылтып.

Шыңылтыр қылаулы.

Бұтақтар күшіктер бүгін

Түн.

Безектеп бүрлері -

Бұлаулы.

 

Жанымның қаңқылы -

Мұңайып егіліп

жетеді, кетеді,

Жалқылық салқыны

шегініп.

 

Бұтақтар күшіктеп бұл

түні...

Жел сипап еңбегін,бұлт ұлып -

суланған кірпігі, ағады,

тамыры бұлқынып...

 

Жұлдыздар шашымда,

Жалғыз қаз -

күш берді

Жағама асылған.

Қалғыдым... ояумын...

Түс көрдім...

- Анашым қасымда...

Құс келді???

2013 01.10

 

***

Ойларым күрмеліп, шатысып,

оралып, ширығып.

Сағындым сағамды, сағымды  -  Қараөткел

иірімім.

Бұл, күміс шағымның  -  Ғарышы,

жақыным, алысым осы маң,

Қоп - қоңыр ұйығым.

Жылқының ізінде ұйыған өлеңдер,

Өлеңдер қиығы - жосыған.

Осылай, мен келдім, құмдағым,

Шағырым.

Мыңбұлақ  құндағым, кеудемнің күмбірі -

Май шалғын - майсалы қоң етім,

Үйректер үй салған - Жалғызтал,

Сырласым,

У - һі - іл-еп айтамын жанымның  сонетін,

халімнің «іңгәсін».

Тыңдашы құрдасым.

Өлеңім жылайды өзіңе бүрі көк,

Өтпелі ғасырдың  өтуі бір ғана -

Өкпелі тыраулар жыры,  де - е - п түсін.

Осылай орайды сыртымнан, ойлардың

жыртылған сынығы,

Балалық шағымды ұрлаған жұртымда...

Тынығып...

 

 

***

 

Таулардың тынысы - ендіктен

кең еді?

Себебін сеземін: тәңірге ұмтылған, бұлқынған алаң бұл.

Жартастар жарқасы - жан біткен ғаламның тамырын

кезеді.

Шыңдардың бүлкілі - тереңнен жұлқына аунаған,

Мұздақтар асты ызғар.

Ақ сақал заңғарлар атамның кейпінен аумаған,

Әз мұзарт әжемдей әжімді, жаулықты

әсем кіл жас құздар.

Кетілген шағылдар шетінен еңкілдеп ағады  бастаулар

даурыққан.

Астаудай  Көлдіаша,

Ән салған әлдилі шуақты уақыттай.

Беткейлер көлбеген, қабағы ашылған,

Жанымның салқынын сіңірген жақұттай - қарақат

сабағы, аршалар мойынға асылған. Бүрлердің түрімен

манаурап, таң аунап,тартылыс заңымен:

Тартылыс заңымен - бұлт желген бос аттай, жайлауым

малымен,

Балауса - жалынды ошақтай. Алаулы.

Қосақтың үстінде сүт иісі... ағылым???

Сайлардың гүлінің нілімен көркейдім,

Сағымым.

Сағымның шоғымен өзімді өртеймін. Киелі Бессала,

Көксерке - ауыр мұң,

Өткеннің барлығы өткінші - мұнардай,

Тау иісі жетіспей  - Бөктермен ауырдым, тұра алмай.

Ал, қазір тәуірмін, өлеңім жүзеді, толқыған көлменен,

Жайлауым, ғажабым, ең  Алып.

Кеше мен шөлдеп ем,

Өзегім - шөлменен дем алып.

Алтайым өксіген - шылау қар, саумалым.

Құлаймын кеудеңе.  Ып - ыстық  тасыңнан  өбем де.

Әлімді бұлаулап ағады жан терім көбемнен.

Баяғы дәуірдей күн сипап төбемнен,

алуан  ай - шық -т -а -а -р,

көзіме бөгелген. Ақынның кеудесін шөгерген,

көңілін босатқан көгеннен,

Өтінем сеңгірлер көк емген, жол нұсқа өлеңге...

« - Недеген көп өлгем??...»

2013.01.16

 

***

 

Ызалы шыңдар иығын басып - Ай мінген,

Ызғырық үрлеп ысқырып тұрған - қай күннен.

Үкілі түннің іргесін түрген жайлы үнмен,

Үзеңгі тепкен жалғыз аяқпен, қайғыммен.

Өртенген шыңның өрт шалған қызыл түсімен,

Заманың қиқым  қырық жамауының ішінен...

Қаңғырған оқтай қарсыға қанша қадалып,

Қамалған андыз - қуаттардың тілкім күшімен.

Қыл қалам ұшын жылғаға малып

жыр жазып...

Ғарышқа қарай ұшады ойларым нәзік.

Алыстаған сайын өшкіндеп іздер жүлгесі,

Иесіз қалған жүйесіз ділмен тілдесіп,-

Күн  кешіп солай адасып, тауып бір қазық,

Мінезге құл боп,  ілезге мүлде мінгесіп.

Өзекке сіңер самал желменен өрмелеп,

Жөргектен қашып,  өзімді берген көрге кеп...

Өң менен түске өртенген саңылау түнде өшіп,

Көк аспан жақтан көгілжім нұрлар үндесіп,

Желбегей қырлар қып-қызыл көлді жүр кешіп.

Көк жиек ұлпа мұнарларымен шыңға - тұнды ақ-көк,

Көктемнің әні құлады құмға  құлдап кеп.

Тыңдап мен солай, құмдақпен жорттым,

сылтыды Ай.

Құндақтың иісін бүркеді төстен бұлт ұдай.

Ырғайдың үнін сырнайдай шерткен жұртым-ай?!

Қунаймын саған жер аңсап келген жылқыдай.

 

***

Сізге көмес әуенді өз кеудемде көктетіп,

Көкірегімді қазатын ең қиямет - «жаза» бар...

Ауа көшкен ақ бөкен - уақыттың жоқ беті,

Көне күштер киесі - көңілімді мазалар.

Жатырында жылқының иесі бар - Әр ана,

Көрген түсі ішінен өрген ойын іздейді.

Жер еңбегін тырмалап іңәлаған шарана,

Төркін пірі - төрінен төл кіндігін үзбейді.

Үзілмейтін тамырдың қурағаны оңғаны,

Тобылғының діңіндей нәр себелеп торы анар.

Соның нілі  әлі де  топырақтың сорғаны.

Жол торабын саралап, ара қонды жоралар,

Оң, терісі басқа да, жон терісі - қорғаны...

Пәнидегі тосын сый  -  жалғанда әлі жарыс көп,

Жылап батты - ерке күн, бұлақ қатты - сең үзген.

Құлап жатқан шайырлар,  айқайлайды  - Ғарышта.

Кірпігімнің астында күрсінеді теңіздер,

Үрке қашқан жылдарым сілкінеді алыста.

Жаңбыр иісі - жылы әуен, ең етене, ең ізгі,

Күмбір - күмбір күй салып,  күндер жыла  қонады.

Сылдыр суға жұлдыздар күндіз түсіп, түнде өліп...

Өкініші, өңшең құл - өз ұйығын тонады,

Өз иығы өз басын өгейлейді күнделік.

Әжем айтқан аңыздың маңызы бір:  Он адым.

Құстың ұшар қанаты - жерде емес, тәңірде,

Тәңіріңнің қабаты - мол қасырет, тола дін!?

Қоңыр үйдің белдеуін күздің желі тағы үрлеп,

Қыл арқаным  қырқылып, қиық-қиық жұлынды.

Сағанақтан найзадай енуші еді Ай, - Кермелі,

Ай керменің астында арқырайтын құлын жыр.

Қыл шылбырдан жұлынды, құдыреті ықылымның...

Қайран кезім, қай кезім, арқан илеп, айыл өрген.

Жыра тартып барады жылғасы көп - жыл ындын,

Қайда кетіп барамыз, қайда адастық қай жермен?

Ит жейдесін иіскеймін ай кекілді ұлымның.

 

Қараөткел, қараша...

 

 

Күн қиығы - шетсіз, шексіз арайдың,

Тұңғиығы батырады түздің,

Қаймақ еріні  жайлақ нұрмен тарайды,

Қар бетіне шашыраған іздің.

Қылаулары қиқулаған кәрі айдың,

Қанатында қалтырайды құстың.

Қынарына алқа таққан  Шара - айдын,

Жалап жатыр шарана айдың үстін.

Қылқандардың жұлқынады  жетегі,

Қырдың қыратында қыш кіл.

Бұрқыраған бұлттың жайпап етегі,

Шырқыраған шағыл жаны мүшкіл.

Мекіренген меңіреу түз. Түнгі,

Көкірегі қақ айырылған мұздың.

Көксеркенің көк құзары қызғылт,

Көк жиегі өртенеді Күздің...

 

 

 

Үңгірдің міңгірі

 

Шошып оянам, ырықсыз күйі:  жындының,

Исінген сансыз тергеуге түскен миым дау.

Өзімді тыңдау - ғұмырдың заңды шындығы ...

Төзім мен болмыс шайқасқан үстем... Қиындау!!!

Өзгелер мені өзімдей аяп көрмеген...

Ө-ө-һ -ө!

Қинайтын өрлер,  қимыжық өңшең қияндар,

Қатерлі өскіндей қаперді өлшеп жөрмеген.

Қарсылық етем  осындай - сөлсіз зиянға әр,

Қырсықтан ылғи қорғаштап жүрген ұям бар.

Қырық жамаулар қиқымы шулап, Сиямда.

Өзгелер мені өзімдей аяп көрмесе,

Сырнайдың үнін, қурайдың үнін қиям да:

Жырлаймын құстың - қиқуларына өрмелеп.

Өлместей болам - өңсіз ойларға бойласам,

Дәміне елтіп ең соңғы әннің, сыңғырдың!?

Мен кеткеннен кейін иесіз қаларын ойласам:

Жазуы - өшкін, жабыққан бей - бір үңгірдің.

Кеше де барғам үңгірге сол бір , - Бүгін де:

Күңгір жел күлген, қылғынған солғын міңгір ме?!

Шыңғырған жырдың үгіні қалған түбінде,

Бір сыр ұлиды-ау -  түшкірген, иә сіңбірген.

Күмбір желменен, үңгірден үрей Үшкіріп,

Түйсінген мені арбайды апан  исініп.

Үйінді бұлттар - үйіріліп жиі, ысқырып:

Үн қысқан ұшқын - қиықтары жерге түсті іріп...

Аһ-а-й!

Ғажап соңғы, соңғы... алғашқы -  Ы-ы-м.

Құныққам мүлде сиренге  иіп, түйсініп.

Ісінген айқас: (ішімнен құлап қалмаспын!?)

Жұмбаққа піскен - қимылдың жылы қисыны,

Тыс пенен ішке тылсымдар сеуіп, жалғасты.

Қайдамын хошым,

қай жерде тұрмын - мәш Алла-ай!!!

Үһілейді үрей үздіккен  жүдеу албасты,

Жұмбақ ғұмырдың  жұмбақ есігін аша алмай.

Іңгәлі жырым құндақтан ағып алжасты.

Үскінім сен бе? Үңгірде тұрған ауасыз,

Үнің кетті де, уілдеп тұнған бітті әнім.

Шошып оянам, ырықсыз күйім, дауасыз,

Жылап-сықтама күнім -  ұттың, ұтпадың...

Сәлеметсіз бе?... О-о-о! Хауа - сы...

-Сіз кімсіз?

Кімнің ауасы жұтқаным?

Ұқпадым...

 

***

Жарықты еміп, көлеңкені кеміріп,

Көз ішінде көмілдік те... Мүлгідік.

Желкемізге жемсау мінді

жемі ірік,

Санамызды отап тағы, қылғыдық.

 

Жадыларға жұққан пайым,

шырағын,

Жатырлар-ай,  жыртып берген

таразға әр.

Тасқа салған басқа амалдар,

Сірә бұл?..

Аш қарында іртіктер мен араздар...

 

Зау биіктен ұшқын шашты

сараң қар,

Мөлдір кездің, өндір кездің

сөлі еді.

Өзін-өзі көрмей өткен жарандар,

Көз жасынан бұрын сөніп

Өледі.

 

Жарықты еміп, көлеңкені қымтанып,

Жақының бар өз бүйрегін

жалмаған.

Ұмыт қалған ұлылықтың ұнтағы -

Уа құртқа  ұртын сақтап,

Қалғаны...

 

Ой, ой тағы ойран болды,

жындылық...

Өзімізді сомдап соқтық, Шойынан.

Платформа тағанында - құндылық,

Тамырыңды тартып алды Сойыңнан.

 

 

***

Жан біткеннің қозғаушы

 

күші - сәуе...

Шопенгауер

 

Жүрегімде дық қалған егесіннен,

Мөрдей күйген таға ізі - уыстарда.

Өңіріңді қабасың

жебе сіңген,

Елесіңді табасың қуыстардан.

 

Өкшең көкпен өбісіп, сәл күдікпен,

Үміт көшіп, соңында - жылады іздер.

Ұлтарақтың үстінде әңгідік,

Мен...

Ұлы жолды сімірген құла түздер...

 

Жанымыздың су жайлап

жұртын жазғы,

Әніңіздің ақыры шықта үзілген,

Сұңқыл қаздың үнімен жыртылды

Әз күн.

Тұманыңмен, мұңыңмен,

Мұқтажыңмен.

 

Күн соңында Күн ұлып,

Үнің күйреп,

Зіл көшеді қайғымен

сұғын қадап,

Су бетінен түңіліп жұлынды үйрек,

Қанатымен айдынға сыбырлап ап.

 

Панасыз ой шырылдап

Парықты алдай,

Жап-жалаңаш тіндер жүр

Сағым кешіп.

Жалбыз қашып барады

жарық маңдай!?

Жан әуені - жылқының

шаңында өшіп...

 

 

2013.02.02

***

Жылқының құйрығынан жылы құмақ,

Жұлынды, жұлдыз құртты жұлығына ап.

Шымшық құс әбігерге түседі һәм,

шіліктің иығына тынығып ап.

 

Беу! Рай, бұйырмаған бізге үнемі,

Жаңбырдың жас қиығы сүзгіледі.

Шыршаның шынтағында шырай қалғып,

Жусанның бүршігінде түз күледі.

 

О, о-о! Мөрдей, жабағының ізін өптім,

Шегіртке таңдайынан ызың етті Үн.

Өткеннің сора-сора жасын кешіп,

Бөктердің боз мұнарын жүзіп өттім.

 

 

***

Оу!-

Есен бе, есерім, жұбанышым,

Обал-ай!

Тағы неге жылады ішім?..

Сенің бұл шалысыңа ұқсамайды,

Ұқпадым...

Ұнамады бұл - әдісің!?

 

Құладым,

жалманымнан  жар қауып - бір,

Құлқыңнан тұздығы зәр қар жауып тұр.

Бұзылған ескі тамның

етегінде,

Ызыңдап тағы ұлыды зарлауық қыр.

 

***

Ауырдым, ішкі ойымнан арыла алмай,

Сары ала қаз қаңқылы -

сары маңдай.

Тәуірмін,

О, құдырет!  - жарым Алла-ай.

Сәуірдің уызына жарығандай.

 

Көмейі көкшіл өрім,

сәл қайғылы...

Көк бөрі шөптің нілін жалмайды...

Ұлып.

Өткелдің өңменінде өрт  лаулайды,

Көк көңнің алақаны қандай жылы!

 

***

Тахқиқ ақылға,

Есімді тастадым.

Ешкімің шақырма,

Енді мен басқамын.

 

Тәңірім жанымды,

Тәнімді сыпырды  Ел.

Сорады қанымды,

Күңсіген күпірлер.

 

Осылай сүргінмен,

Сыбызғым қымсынып.

Құшақтап тұрмын мен,

Бұтаққа ұмсынып.

 

***

Түн жусап жатады әркез,

Таста қыналы.

Түстер нәркез суреттер, жылжиды,

бас  мағыналы.

Күмістер күлтесі - жасқанып ағып,

Бұлттар жөнкиді - алысқа лағып.

 

Құстар сорғалап жылайды,

Аспанында әні,

Жұлдыздар жылқымен бірге,-

Қасқақұмдағы...

Сенім көзінде - шәһар, өртенген кент,

Қашқан - «ымдарым».

Өзен қашады, бозқурай  қас - қағымда

Ұлып,

Сезем:  тағы да... Жасқа булығып...

Түн жусап жатады таста

Қыналы,

Таңның  басталу - Мұңы...

Моңғолия, Баян-Өлгий

(Соңы)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377