Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 3176 0 пікір 28 Мамыр, 2023 сағат 21:13

Нұрдәулет Ақыш: Жыл сайын жаңа есімдер алдымыздан шығып жатыр...

Ғылым мен қалаламгерлікті қатар алып жүрген санаулы шығармашылық тұлғалардың арасында орны бөлек қаламгер Нұрдәулет Ақыш. Автордың қаламынан жас оқырмандарға арнап жазылған "Жұмбақ іздер", "Әбдіреден шыққан қылыш", "Қиырдан келген көгершін", "Киелі көлдің қарақшылары", "Бейуақытта жанған от"  т.б. шығармалары жол тартып, өз тылсымының құдіретімен балғын жүректерді жаулап алған болатын. Ұлттық балалар әдебиетінде өзіндік ізбен, өзіндік ерек қолтаңбасын таныта алған танымал қаламгерге қазіргі балалар әдебиетінің жай-күйі жайлы сауалдар қойған едік. Енді екеуара сұхбатты Abai.kz оқырмандары назарына ұсынып отырмыз.–

Балалар кітабының еліміздегі нарыққа шықпай жатқанына не кедергі?

– Нарыққа мүлде шықпай жатыр деуге болмайды. Ересек оқырмандарға арналған кітаптардың  нарық жолындағы сапары қандай болса, жас оқырмандарға арналған кітаптарымыздың ахуалы да соған ұқсас. Кеңестік дәуірмен бірге кітап таратудың  қалыптасқан жүйесі күйрегеннен кейін, тізесін құшақтаған дәрменсіз жандай авторлардың басым бөлігі өз еңбектерін құшақтап отырып қалды. Кейінгі буын өкілдерін былай қойғанда, танымал жазушыларымыз да осындай жағдайларды бастан кешіргені рас.

Республика аумағы бойыншы жұмыс істейтін кітап тарату жүйесін жолға қою керек. Бұл жұмыспен мемлекеттік ұйымдар да, жеке компаниялар да айналысуларына болар еді. Әрине, бұл индустрияның маркетингтік табиғатын зерттей отырып. Оны жолға қоюдың тетіктері көп болуы да мүмкін.

Қазіргі жастар арасында балалар әдебиетіне ден қойғандардың арасынан кімдерді бөле-жара айтар едіңіз?

– Әдебиетке бет бұрған жас қаламгерлердің едәуір бөлігі ең алдымен балаларға арнап жазудан бастайтыны жазылмаған дәстүр ғой. Базбір кісілер айтып жүргендей, әдебиетіміздің бұл саласындағы жастар қатаын сан адғынан тым олқы деуге болмайды. Бұрын жастар деп жүргендеріміз қазір жасамыс тартып барады. Жыл сайын жаңадан бірнеше жаңа есімдер алдымыздан шығып жатады. Олай болуы табиғи. Сондықтан өзімнің назарыма ілігіп қалғандар арасынан Серікбол Хасан, Нұрлан Құмар, Ернұр Сейдахмет, Зәуре Төреханова, Әлібек Байбол,  Айзат Рақыш,  Елдос Тоқтарбай, Мейіржан Жылқыбай, Олжас Қасым, Мерей Қарт, Тілеген Аслан, Алтыншаш Құрманаева, Әбді Ержеңіс, Асан Мирас, Кәмшат Әбілғазинова, Еділбек Дүйсен, Гүлсім Исаева, Нұрбек Нұржанұлы есімдерін атай аламын.

Сонымен бірге Алпысбай Әбділұлы, Айбол Абашов, Аршын Нұрбақыт, Біржан Ахмер, Ақерке Бегелиева, Ерболат Дамир, Рауан Қабдолданов, Рақат Тамаша, Досхан Жылқыбай, Эльмира Назирова, Салтанат Бодықова, Құралай Жылтықаева, Еркежан Арын, Арайлым Диханбай, Абай Қомар, Еламан Сарқыт, Сара Бекжанова, Айсұлу Съезхан, Бахтияр Тұрсынов сынды жас қаламгерлердің өлең-әңгімелері жинақтарға еніп жүр.

Драма жанры бойынша еңбек ете бастаған жас буын өкілдері бар. Республиканың түпкір түпкіріндегі үлкенді-кішілі театрларда Аридаш Оспанбаева, Айгөлек Өмірбек, Айжан Изимова, Қарлығаш Қашқынбай, Шыңғыс Маман, Гүлжайнар Қалдина, Жәнібек Әлікен, Әлішер Айтуар тәрізді авторлардың пьесалары бойынша сахналанған қойылымдар жүруде. Өзім жеке танымағандықтан, аталған қаламгерлердің кейбірінің жас мөлшерлерін толық ажырата алмай  да қалуым мүмкін.

– Елімізде балалар жазушыларының шығармармалары ғалымдар тарапынан қалай зерттеліп жүр?

– Қазіргі балалар әдебиетін зерттеу жұмыстары жоқ деп айтсақ, ақпаратты жете  білмегендік болып шығады. Құлбек Ергөбек, Бекен Ыбырайым, Кенжехан Матыжанов тәрізді балалар әдебиетін зерттеуші алдыңғы буын өкілдерінің еңбектерін былай қойғанда, олардың ізін ала шыққан, тіпті кейін келіп қосылған әдебиеттанушылардың арасында бұл бағытта жұмыс істеп жүргендер көп болмаса да, кездеседі. Олардың ішінен Еркінгүл Солтанаева, Гүлжаһан Орда, Жаңагүл Сәметова,  Нұрбол Құдайбергенов, Ерқанат Қуатбек есімдерін атай аламын.

– Қазіргі еліміздегі қазақ тілінде балаларға арнап шығарылып жатқан газет-журналдар мен сайттарға көңіліңіз тола ма?

– Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жанданып келеді. Жарияланып жатқан туындылардың ішінде әлсіздері кездесіп жатса да, көбінің көркемдік-эстетикалық сипаты тым олқы емес. Бірнеше буын ұрпақ өкілдеріне рухани азық болып келе жатқан «Балдырған» журналы өз биігінен бүгін де түсе қойған жоқ. Бүлдіршіндерге арналған «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ», «Бала би» тәрізді журналдарды шығарушылардың ізденіс үстінде екендігі байқалады. Сонымен бірге бүгінгі таңдағы балаларымыздың өмірінен жазылған реалистік шығармаларды көбірек жариялап отырса деген базынам да жоқ емес.

– Ең алғашқы балаларға арнап жазған туындыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Жоғарыда айтқанымдай, алғашқы туындыларым балаларға арналған болатын. Мектепте оқып жүргенде-ақ жазуға талпынғаным рас. Олардың тақырыбы, әрине,  оқушылар өміріне байланысты еді. Ешқайсысын жариялауға ұсынған жоқпын.  Ал мені жазушы, соның ішінде балалар жазушысы ретінде республикаға алғаш танытқан – жабық бәйгеде жүлделі орынға ие болған «Жұмбақ іздер» повесі. Қайта басылып жүргеніне қарағанда, бұл шығармам жаман шықпаған сияқты болып көрінеді өзіме.
8.Әлемдік балалар әдебиетінен кімдердің шығармасын ана тілімізде сөйлеткізің келеді?

Әлемдік деңгейде алып қарасақ, балаларға арналған туындылардың саны ұшан-теңіз. Бірақ солардың бірін қазақшаға аудару қажет пе? Меніңше, міндетті емес. Басқа ұлттың түсінігінде қалыпты норма болып көрінетін моральдық ұстанымдардың барлығы қазақи салт-дәстүрімізге келе бермейді. Сондықтан атақты классиктердің балаларға арналған туындыларының өзін іріктеп аудару керек  деген ұстанымдамын.

Мәселен, Д.Дэфоның «Робинзон Крузо» деп аталатын авантюралық романы дүниежүзіне ең көп араған, ең көп оқылатын балалар шығармасының алдыңғы сапында. Бірақ сол романның екі кітаптан тұратынын көбіміз біле бермейміз. Екінші кітабында бас қаһарманның дүниежүзін аралаған сапарлары, соның ішінде Азия континентінің орталық бөлігінде  басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Осыны аударса деп ойлаймын.

Сонымен бірге менің өзімді Шығыс Еуропа мен Оңтүстік Азия жазушыларының балаларға арналған  кейбір поэзиялық туындылары қызықтырады.

Қазір Кеңес дәуірінде аударылған дүниелердің кейбірі қайтадан тәржімаланып жатыр. Өйткені бұрынғыдай тек орыс тілінен емес, түпнұсқадан аударатын мамандар лек-легімен қатарға қосылуда. Бірақ есесіне көркемдік талап тұрғысынан қарағанда, кейбірі бұрынғы аудармалардың деңгейінен төмен. Өйткені аудармашы маман шет тілін жақсы білсе де, қазақ әдеби тілінің мәйегінен жетекілікті нәр алмаған.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5652