Жексенбі, 13 Қазан 2024
Әне, көрдің бе? 2948 6 пікір 7 Маусым, 2023 сағат 13:13

Сарсаңға салған сайлау

Көзіміз көрген шындық

«...Мен, мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін. Бұл менің берік ұстанымым».

Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қазақстан Республикасының  Президенті

 Осыдан 3-4 жыл бұрын Мемлекет басшысы елге арнаған Үндеуінде осылай деді. Біз бұл сөзге Құдайдай сеніп, имандай ұйыдық. Президент алдымызда зор міндеттер тұрғанын, Қазақстан халқына сенім артатынын тағы  айтты. Тіптен, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», - дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты», - деген сөзін миымызға құйып алғанымыз сондай, 4 маусым күні Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында өтетін ауыл әкімін сайлауға сенімді өкіл болып қатысуға қуана келістік.

Басқұдық - ауданда халқы ең тығыз орналасқан ауыл, 40 мыңға жуық тұрғыны бар.  Мұнда кәсіпкерлік те қарқынды дамыған, ауылды қақ жарып өтетін күре жолды жағалай бизнес нысандары қаз қатар орналасқан. Сондықтан ауыл тұрғындары ешкімге алақан жаймай, өз күндерін өздері көріп жатыр деп айтуға әбден болады. Осындай еңбекқор ауылдың адамдары да ақжарқын, бір біріне көмектесіп, қолда барын бөлісуге дайын.

Бұл ауылдың мен де қарапайым тұрғынымын. Соңғы 10 жылда осы жерден баспана тұрғызып, құтты мекен еттім. Осында ұрпақ өсіріп, жастары 80-нен асқан әке-шешемді бағып отырмын. Ауылдағы әрбір өзгеріс, салынып жатқан құрылыстар,  тіптен, шөп-шөңгесіне дейін көз алдымызда. Кем-кетіктері де көкіректе сайрап тұр.  Жасыратын несі бар, соңғы жылдары ауыл әбден тозып кетті. Ауыз судың тапшылығы, жиналып қалған күл-қоқыс, көше шамдарының жоқтығы, бей-берекет салынып жатқан құрылыстар, мектеп, балабақша мәселесі, асфалтталған жолдың жоқтығы, тағы басқа мәселелер бәрімізді мезі етті, айтыла айтыла әбден жауыр болды. Осы шаруаларды ыждағаттап, күрмеуі көп мәселені ретімен қолға алатын жаңа әкімнің болғанын іштей қалап, армандап көксейтінбіз. «Бақсақ, бақа екен» дегендей елге қызмет жасайтын әкімді сайлау біздің өз қолымызда екен, соған қуандық.

Бірақ, ауыл үшін бел шешіп кім жұмыс жасайды? Ондай адамды қайдан табамыз? Бар екен. Табылды. Ондай Азамат өзі келді. Асылжан Шауенов. Мұнайлы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы екен. Жасы 40-тан асқан, ақыл тоқтатқан. Мамандығы – заңгер болып шықты. Жұмыс жоспарын көрсетті. Біз айтып жүрген мәселелер толық қамтылыпты. Іздегенге сұраған. Ауылдың белсенді мүшелері бар, бәріміз  бір кісідей қолдадық. Қолымыздан келгенше үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік.

Сонымен Басқұдық ауылының әкімі болу үшін сайлауға 5 үміткер тіркелді. Олар:

1. Нұралы Джумаев – Басқұдық ауылдық әкімдік округі аппараты ММ-нің бас маманы,

2. Айбек Жангелдин – Басқұдық ауылдық әкімдік округі аппараты ММ-нің бас маманы,

3. Ануар Қалымов – Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары,

4. Анет Кемежанов – Басқұдық ауылдық әкімдік округі аппараты ММ-нің бас маманы,

5. Асылжан Шауенов – Мұнайлы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы.

Енді мына қызықты қараңыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, жоғарыдағы төртеуі де әкімдік қызметкерлері. Соның үшеуін халықтың арасынан «бөтен» біреулер кіріп кетпесін деп, сайлауға әдейі кіргізіп қойған, әйтеуір аты бар адамдар. Оның үстіне ауыл әкімін сайлауға 5 адамнан артық үміткер болмауы керек-мыс, сонда бұл лас технология айтпаса да өзін ақтап тұр. Әйтпесе, айдаладағы Ануар Қалымовты ауылдан кім таниды? Ешкім. Мұны бір деп қойыңыз. Бұл жерде бөтен адам жалғыз А.Шауенов болып тұр. Обалы не керек, оны сайлаудан аластау үшін құжатың дұрыс емес деп, билік бұтағындағы белгілі адамдар жеке шығарып алып та біраз әуреледі. Онысынан еш нәтиже болмады. Сайлауға санаулы күндер қалғанда Ануар Қалымов пен Анет Кемежанов өз кандидатураларын сайлаудан алып тастады. Неге? Өйткені өздерінің көздеген адамына дауыс бөлініп кетіп, дымсыз қалуы мүмкін. Негізгі айқас – Нұралы Джумаев пен Асылжан Шауеновтің арасында болуы керек. Сонда дауыс ұрлау оңай, әрі жеңіл болады. Мұны екі деп қойыңыз. Ал Айбек Жангелдинге берілген дауыс ештеңе шешпейді деген болуы керек, қосақ арасында қалдырылды. Біз бұған сайлау барысында көз жеткіздік.

Бұрын сайлаудың мұндай қызығы мен шыжығын көрмеген маған бәрі таңсық, әрі оғаш болып көрінді. Журналистік жұмыс барысында сайлау туралы комиссия берген мәліметтерді ғана пайдаланып, солар берген ақпарға кәміл сеніп келіппіз. Онымен қоймай, сайлаудың әділ, адал өтетіндігін  баспасөзбен телеарналарда тынбай жарнамалаппыз. Бірен-саран наразылар болса, оларға үрке қарап, «Әйкәпір» аттандырыппыз. Шын мәнінде сайлаудың  ішкі сырына мүлдем үңілмейді екенбіз. Енді бармақ тістеп отырмыз. Азғантай билік үшін соншалықты төмен құлдырап, ар-ұяттан жұрдай, құлдық санамен азғындағанымызға сенгім келмеді.

Сөйтсек, бұл «қызықтың» басы екен. Сонымен өткен жексенбі күні Басқұдық ауылының №14 мектебінде орналасқан 260 сайлау учаскесіне бет алдым. Келе сала төрайыммен келіспей қалдық. Бір сайлау учаскесінде бір ғана сенімді өкіл болуы керек екен. Біз екеуміз. Былай қарасаң, түкке тұрмайтын нәрсе. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Сүлейменовке жүгіндік. Заңда солай көрсетілген дейді. Сонда ол кісі әр сайлау учаскесіне 2 сенімді өкілден неге өз қолымен бекітіп берді? Түсініксіз. Меніңше, сағаттап жалғыз отырған адам әжетханаға барады, қалғып кетіп қырағылығын жоғалтуы да мүмкін. Бұл да керек адамға ұрымтал сәт. Бармағыңызды бүгіп үш деңіз.

Төртінші – барлық сайлауда «Карусел» деген бар екен. Яғни үміткер өзінің адамдарын бір немесе бірнеше көлікке тиеп алып, барлық сайлау учаскелерін айналдырып, дауыс бергізіп шығады. Тізімде болмаса, қосымша тізім жасатады. Бұл жағдай осы сайлауда да болды. Сенімде өкілдер оларды суретке түсіріп алып, қанша дабыл қақса да жауапты адамдар селт етпеді.

Сонымен сағат кешкі 20.00. Мен бақылаушы болған №260 сайлау учаскесіндегі 1235 сайлаушының тек 105-і ғана дауыс беріпті. Жәшіктегі блютеннің 4-і жарамсыз. Н.Джұмаев – 71, А.Шауенов – 29, А.Жангелдин – 1 дауыс алыпты.  Бірақ аяқ астынан дау шықты. Даудың басы – дауыс ұрлаудан басталды.

Мұрат ЖЕТЕКБАЙ – «Мұнайлы » аудандық газетінің редакторы:

-Біздің елдегі қай деңгейдегі сайлау болсын дау-дамайсыз бітпейтінін бәріміз де білеміз. Өйткені, әділетсіздікке, көзапара заңбұзушылыққа жол беріледі, халықтың құқы тапталады. Ақиқатын айтсақ, қазақ халқы соңғы рет қашан әділетті сайлау өткенін ұмытып қалуға айналды. Шырылдаған шындығы сол.

Басқасы басқа, өзіміз сенімді өкіл ретінде бақылаушы болып қатысқан, кешегі жексенбіде өткен Басқұдық ауылы әкімінің сайлауын сөз етейін. Мектепке жеткенге дейінгі асфальтсіз талқаны шыққан тар жолдың машақаты бөлек әңгіме. Іштей «Халық сайлаған әкім осы жолды жөндеуден бастаса ғой жұмысын» деп қиялдап келемін...

Таңғы алтыда Басқұдықтағы №16 мектепте орналасқан №245 сайлау учаскесінің алдында тұрдым. Ішке кіріп, заңға сәйкес хатшыға әкімдіктен үміткер Асылжан Шауеновтың сенімді өкілі ретінде тіркелдім. Учаскелік комиссия төрағасы Анар Туляевамен танысып, сайлауды әділ өткізу, заңбұзушылықтар жасамау туралы бір ауыз ескертуімді айттым. Учаскедегі сайлаушылардың жалпы саны 2509 адам екен.

Сағат таңғы жетіде Әнұран орындалып, сайлау учаскесі ашылды. Сағат он бірге дейін отыз үш  адам дауыс берді... Кешкі сегізге дейін барлығы 93 адам бюллетень алып, дауыс бергені сенімді өкілдердің фотобейнетүсірілімі арқылы анықталды.

Қызықтың көкесі дауысты санау кезінде болды! Бақылаушыдан көз таса қылып комиссия құрамындағы төрт жігіт бюллетеньдер салынған жәшікті иық тіресіп тұрып столдың үстіне төкті. Қағаздардың бір бөлегі лықсып жерге төгілді. Дәл осы жерде бүктелмеген, сытырлаған бума ақша секілді жаңа бюллетеньдер топқа қосылды деп күмәнданамыз. Әбден үйретілген әккі жігіттер бәрін жымын білдірмей жасады. Содан санап келіп кетсе, 230 адам дауыс беріпті! Сонда, сайлауға мүлдем келмеген, біз көрмеген 137 адам аспаннан түсті ме, жерден шықты ма? Ондай болса бейнекамераға түсер еді. Жоқ! Хаттама солай толтырылды: үміткер Н.Джумаев – 176 дауыс, үміткер А.Шауенов – 48 дауыс! Үшінші үміткерге бір дауыс та берілмеген.

Әрине, әділетсіздіктің арты наразылыққа ұласады. Түнде, сағат 12-ге жақын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Сүлейменовке арызымды жазып тапсырып, көшірмесін белгі соқтырып алдым. Біздің қолдан келгені сол болды. А.Шауеновтың сенімді өкілдері, бақылаушылары мен жақтастары аудандық сайлау комиссиясы орналасқан аудандық мәдениет үйі алдына жиналып, наразылығын білдірді, бейнеүндеу жасады.

Егер, біздің сөзіміз жалған болды, жала жапты десе, сайлау комиссиясы 137 адамның кімдер екенін фотобейнетүсірілім арқылы дәлелдеуі керек. Ол үшін сол күні ішінде екі сайлау учаскесі жұмыс жасаған мектептің сыртындағы, ішіндегі бейнебақылау камераларын (егер істейтін болса) тексерсе жетіп жатыр. Заң, құқыққорғау орындары бұл жағдайды мұқият тергеп, тексеріп, заңсыздыққа жол берген комиссия төрағасы мен мүшелерін тиісті жауапкершілікке тартады, сайлау нәтижесін қайта қарайды деген сенімдеміз.

Осылай, «сиқыршы» сайлау комиссиясының қитұрқылығымен жоқтан пайда болған дауыстар арқылы сайлауда заңсыздыққа жол берілді, ескі Қазақстанның елді түңілткен ескі әдеті тағы қолданылды. Халықтың сенімі ұрланды, үміткерге қиянат жасалды деп санаймыз.

Мемлекет басшысы елге ұран етіп жолдаған Әділетті Қазақстанды құру үшін сайлаулар әділ, ашық бәсекелестікте өтуі керек!

Нұрлан ҚАРАМЫРЗА – Қоғам белсендісі, сенімді өкіл

-Ең бірінші сорақылық – сайлау комиссиясын әкім-қаралар өздері тағайындап, олармен алдын ала  «түсінік» жұмыстарын жүргізіп, кім сайланатынын белгілеп  қояды. Алдымен осыны жою керек. Комиссия мүшелерін халықтың ішінен, белсенділердің арасынан алу керек. Біз осы ұсынысты сайлау басталмастан бұрын Мұнайлы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Бейімбет Сүлейменовке кіріп айттық. Алайда, ол кісі бұлай болмайды, комиссия мүшелері жоғарыдан тағайындалады деді, демек сайлау туралы еліміздің Заңы биліктің ыңғайына қарай жасалады деп ой түюге әбден болады.

Бұдан кейін қаншама үгіт-насихат жұмысын жүргізе бер, бақылаушылар мен сенімді өкілдер мың жерден сайлаудың әділ өтуін қадағаласын, нәтиже нөл, бар пайда билік жағында болады.  Билік тағайындаған комиссия мүшелері көзіңді бақырайтып қойып, заңсыз іс-әрекеттерге баратыны сондықтан, көз алдыңда көзге көрінбейтін қылмыстар жасалып жатады. Қарсы шығып көр, учаскелік инспектор шақырады, хаттама толтырады, керек десең, сені сыртқа шығарып та жібереді. Қысқасы билік беріп қойған барлық құзыретті пайдаланады. Бұл енді айдай ақиқат!

Осының бәріне прокуратура көз жұма қарайды? Себебі олар бір шәйнектен шәй ішіп отырған адамдар. Оған біз талай мәрте көз жеткіздік. Менің ұсынысым – комиссия мүшелерін халық тағайындасын, сонда ғана бір нәтиже болуы мүмкін.

 

Сонымен Мұнайлы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б. Сүлейменов өзіне түн ішінде келген сенімді өкілдер мен белсенді топтарды барлық мәселені Сайлау туралы Заң аясында шешеміз деп, арыздарын қабылдап, жыллы шығарып салды. Бірақ, наразы топ мұнымен тоқтамады. Аудан әкімі Е.Күмісқалиевқа кіріп, болған мән-жайды баяндады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Әбілевке де арыз хат жазылып, орын алған олқылықтар айтылды. Нәтижесінде, сайлау шешімін шығару бірнеше күнге кейін шегерілді.

Біз бұл сайлаудан журналист ретінде ойымызға не түйдік? Біріншіден, кез келген дәрежедегі сайлаудың әділ, ашық, әрі адал өтуіне Президентіміздің өзі кепілдік беріп отырғандығына жергілікті биліктің пысқырмайтындығын, оны қолдан келгенше жемқорлықтың көзіне айналдырып алғандығын білдік. Демек, еліміздің Сайлау туралы Заңы әбден ескірген, бүгінгі күн талабына жауап бере алмайды. Заңды жедел жаңғыртып, электронды түрге көшіру қажет. Ауыл әкімін сайлауда осыншама заңсыздықтарға жол берілді, қитұрқы амал-айлаларға куә болдық. Ал алда аудан, облыс әкімдерін сайлау келе жатыр, онда қайтеміз?!

Екінші, Басқұдық ауылы әкімін сайлауда дауыс беруге құқылы 16 мың сайлаушының 1 пайызға жетер жетпесі дауыс берді, оның өзі ұрланып, жырым жырым болды. Демек, жергілікті билік сайлау өткізуге сүлесоқ қараған, халықты сайлауға қатысуға шақырмаған. БАҚ құралдарында және белгіленген жерлерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбеген. Мемлекеттің халықтың әл-ауқатын көтерміз, ол үшін білікті де білімді, істің көзін білетін кадрларды халықтың ішінен сайлаймыз, жастарды бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелейміз деген сөзі қайда?  Әлде әлдебір ұйымдасқан топ облыс басшысының, одан әрі ҚР Президенті саясатына саботаж жасап отыр ма?!

Ол жағын анықтауды құқық қорғау орындарына тапсырайық.

 

Сағындық Рзахметов

Abai.kz

6 пікір