Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1959 0 пікір 13 Маусым, 2023 сағат 13:16

Абай облысындағы өрт: Қазіргі ахуал қандай?

Мемлекет Басшысы Абай облысына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көргенін бұған дейін баян еттік. Президент Үкіметті сынға алып, облыс әкіміне сөгіс жариялаған. Бұдан шыққан қорытынды қандай? Ақшейіт кеткен бейбіт күннің батырларының отбасына қандай жәрдем көрсетілмек?

11-маусым күні кешке жел тұрып, өрттің өрши бастағаны хабарланған, Аймақ басшылығы өртті сөндіру және оның зардаптарымен күресу жұмыстарын қалай жүргізіп жатыр? Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше,  төмендегідей жұмыстар атқарылып жатыр екен.

12 маусымда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді. Кеңес төтенше жағдай кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың баяндауынша, 11 маусым күні кешке жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетіп, өрт негізгі ошақтан оңтүстік бағытта таралған. Атап айтқанда, Талица ауылына қарай қалың түтін жүріп, орманның төменгі жағы өртенген. Елді мекенді қорғау үшін өрт сөндіру техникасы жедел іске қосылып, нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды. Өртті сөндіру жұмыстары үш бағытта жүрді: оңтүстік, батыс және солтүстік-шығыс. Осының арқасында негізгі ошақ іс жүзінде қоршауға алынды.

Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды.

Оған қоса Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетін болады.

Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.

Кеңесте Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады.

Бүгін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық бірлік техника жұмылдырылғанын хабарлады.

«Кеше өрт ошақтарына әуеден 546 рет көлемі 1 500 астам тонна су төгілді. Өртті сөндіру жұмыстары басталғалы бері өрт ошақтарына әуеден 1323 рет жалпы көлемі 4000 тоннаға жуық су төгілді», – деп жазылған хабарламада.

Техниканы отынмен қамтамасыз ету үшін әкімдік 20 тонна ЖЖМ жіберді, тағы 50 тонна Kaz Minerals компаниясы есебінен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта Бұлақ, Талица, Половинки елді мекендері эвакуацияланды (463 адам). Көшіру орындарында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Тұрғындар Семей қаласы мен Бородулиха ауылының эвакуациялық пункттерінде орналастырылды. Өрт сөндіруге тартылған және эвакуацияланған азаматтар үшін  азық-түлік жеткізіліп жатыр.

Жоғалған тракторшы С. Архиповты іздеу жалғасуда. Полиция қызметкерлері оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұған қоса, зардап шеккендерге көмек көрсету және өрт салдарын жою үшін арнайы «Ақ Ертіс» қайырымдылық қорында шот құрылды.

Сонымен қатар, аталған баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде қатты өрт жалынының кадрлары таралып жатқанын, бірақ қазіргі уақытта облыстың елді мекендеріне қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5449