Бұған дейін Қазақстаннан Түркияға ұшып барған Қайрат Ерлібек өзін әуежайдан әрі қарай өткізбей тұрғанын хабарлап, көмек сұраған еді.
Айна Шорманбаеваның айтуынша, Қайрат Тұрлыбек БҰҰ-ның араласуымен шекарадан аман-есен өткен.
– Қазір ол қолындағы құжатына штамп басқызып, шекарадан өтті. Енді оған Түркиядан босқын мәртебесін алып беруге көмектесетін адвокат іздеп жатырмын. Бұл іс менің тікелей араласуыммен шешілді, – деді 14 маусымда түсте Айна Шорманбаева Азаттық тілшісіне.
Бір күн бұрын әлеуметтік желіде жарияланған видеода Қайрат Ерлібек "Мен Қытайдан келген қазақпын. Ұлтым да – қазақ. Президентім де – қазақ. Бірақ Қазақстаннан ешқандай мәртебе ала алмадым. Пана іздеп Түркияға келіп едім, ары қарай кетіп қалуға мүмкіндік болмады" деп мәлімдеген еді. Ол Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрағанын құқық қорғаушылар да растаған.
Қайрат Ерлібектің Алматы облысында тұратын әпкесі Мақпал Тұрлыбектің айтуынша, інісі Түркия арқылы Канадаға барып, сол жерден босқын мәртебесін алмақ болған.
Қайрат Ерлібек 1989 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген. 2009 жылы Қазақстанға көшіп келген.
Ол былтыр күзде Азаттыққа хабарласып, "2009 жылы құжаттарын жоғалтып алғанын, қолында Қытайдың Алматыдағы консулдығы берген жол жүру билеті мен Алматы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген "пана іздеуші тұлға" куәлігінің ғана бар екенін, соңғы құжатты екі мәрте ұзартқанын айтқан" болатын. Оның "пана іздеуші тұлға" куәлігінің мерзімі биыл шілденің аяғында бітеді.
Азаттық Қайрат Ерлібекке қатысты ақпаратты Қазақстан ішкі істер министрлігінен алуға тырысып жатыр.
2016 жылдан бері Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым көрсетіле бастағаны хабарланған. Сол кезде бірнеше қазақ Қазақстанға бас сауғалап қашып келген болатын. Солардың арасынан Сайрагүл Сауытбай Швециядан босқын мәртебесін алса, Қазақстан билігі Қайша Ақан, Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлім мен Бағашар Мәлікұлына босқын мәртебесін берген.
Abai.kz