Сенбі, 23 Қараша 2024
2657 7 пікір 16 Маусым, 2023 сағат 17:35

Жердегі жұмақ немесе бір сапардың баяны

Әлқисса, бұл сапардың хабары сәуірде шыққан-ды. Бакуда тұратын Әзірбайжан ақыны Айда Эйвазлы апамыз хабарласып, "Алмас джан, мен сені Анталияға бір жақсы пресс турға жаздырып қойдым. Ұсындым, барып, көріп, демалып келгейсің" деген. Елең ете қалғанмен қатты құлап сене қоймадым. "Қазақта мықты журналист те, блогер де көп қой, бізді таңдай қоймас сірә" деп ойлаған болуымыз керек.

Сәуірдің соңында Түркиядан Осман Құрт есімді жігіт хабарласқан кезде әжептәуір таңғалдық. Осман дәл сол Айда ханым хабарлаған пресс тур жөнінде байланысқа шыққан екен. "Маусымның басында теңіз әбден жылынған кезде келіп, қонақ болып, керметті көзбен көріп кетіңіз, барлық шығынды өзіміз көтереміз" деді...

Біз енді шынымен сене бастағандай болдық. Мамырда Астана Анталия бағытына бару, қайту билеттерін жолдады.

Сонымен басыңды ауыртып не керек, маусымның сегізінші жұлдызы күні таңертең Астана әуежайынан "Анталия, қайдасың" деп ұша жөнелдік.

Стамбұлға барғанымыз бар еді, Анталияның ажарына қанық емес ек. Маусымның басындағы ауа райы мақпалдай жұмсақ қала құшақ жайды: сүңги бердік.

Әуежайдан шыға берісте аты-жөнім жазылған қағазды ұстаған жүргізушіге таяндым, "Мерһаба, Алмас бей" деп көлігіне бастады. Жерорта теңізін жағалап жиырма минут жүрдік пе, жүрмедік пе... жердегі Жұмақтың қақпасынан аттадық!

Bayou Villas - біз жұмаққа теңеп отырған жауһардай демалыс орыны осылай аталады!

Lara Barut Collection қонақүйлер тізбегіне кіретін ғажап вилла - Ісләм Жарылғаповтың аудармасымен айтсақ, жаннатжай биыл ғана ашылған! Алғашқы қонақтары әлемнің әр елінен келген әнші, актер, блогер, журналистер екен, солардың қатарында Қазақ елінен біз де бармыз.

Қонақүй кешеніне кірген жерде Осман Құрт бауырымыз қарсы алды. Менің ұмытыңқырап қалған ағылшыным тіліме оралып, біраз сөйлестік. Анталияда таңғы тоғыздан енді кеткен шақ, күн ыси қоймаған, Bayouдың елгезек қызметкерлері асты-үстіме түсіп елпілдеп жүр, Османым баяғыдан таныс адамдай іштесіп әңгіме айтады, ғажап еді сол бір сәт.

Анталияның Лара жағалау аймағы халықаралық әуежайға ең жақын орналасқан демалыс зонасы. Бұл жердегі қонақүйлер салыстырмалы түрде арзан болмайтынын бұрын да білетінбіз. Ал, Bayou Villasтың нөмірі 205 вилласына кіріп, орналасқан кезде өзімнің қандай әлемге тап болғанымды сездім...

Көзім көргенді тілім жеткенше баяндап көрейін...
Үш қабатты жаннатжай. Төменде бір қабат, мұнда сауна, түрік хамамы, екі адамға арналған арнайы массаж бөлмесі, шағын жаттығу залы мен бильярд үстелі орналасқан.

Жер бетіндегі бірінші қабат - негізгі қабат. Мұнда үлкен қонақ бөлмесі. Кіріп келгенде алдыңнан кең зал ашылғанда қазақтың үйіне кіргендей әсер аласың. Үстел үстінде иісі бұрқырап жаңа үзілген гүлдер толы себет, оның жанында жеміс пен жидектің неше түріне тола үлкен себет.

Бірінші қабаттағы екінші бөлмеде екі бір кісілік төсек тұр, сірә, балаларға арналған бөлме. Осы төсектердің біріне мен жайғастым. Жеке жуынатын бөлме, әжетхана, гардероб, жаныңа не керектің бәрі бар.

Ең ғажабы - осы бірінші қабаттан біз өзіміздің вилламыздың ауласына шыға аламыз. Аулада не бар дейсіз бе? Аулада сыңсыған жатаған ағаш, ырғала өскен бойшаң гүлдер, ең бастысы - бассейн бар! Біреу емес! Екеу! Иә, бір виллаға екі бассейн. Кең аула, бірнеше шатыр, жағалай қойылған жұмсақ диван, бассейннен шық та аунай кет, ешкім "неге үйттің" демейді. Рахат! Жаннат демей көр енді!

Осылайша, бірінші қабатқа таңғалып болып екінші қабатқа көтерілдік. Екінші қабаттағы үлкен залдың ортасында екі адамға арналған кең төсек. Күн барынша мол түсетін үлкен терезе, балконын ашып екінші қабаттағы террассаға шықсаңыз алдыңыздан ертегідей ғажап көрініс ашылады. Көрші виллаларда шулаған балалар, демалып жатқан шетелдіктердің әр тілдегі дауыстары араласып Анталия сәскесін алуан бояуға толтырып жіберді. Көзбен көргеннің бәріне тамсанып, сөз жоқ тек эмоциямен бас шайқай бергенім есімде қалыпты.

Османның айтуынша, біз бірінші күнімізде таза демаламыз, кешкі ас үстінде ғана жолығуымыз керек болған. Алайда, Анталияның желігі жатқыза ма, ұшақтағы аз ұйқының орыны тола жатар деп, Лара Баруттың айлапат аумағын аралауға шықтық. Жолбасшым сол Осман.

Осман - стамбұлдық түрік. Көзі көгілдір, бидай өңді, жиренге жақын сары шашы сиректеу, ағылшыншаны әдемілеп, баяу дауыспен сөйлейтін жігіт.

- Алмас бей, виллаға орналасқан қонақтарға Ларадағы барлық игілік тегін, тез жеткізіледі. Сіз виллаңыздан шықпасаңыз да осы кешендегі барлық қызмет, барлық сусын, барлық тамақ түрлері алдыңызға апарылады. Теңізді алыс десеңіз, көлік шақырыңыз. Түрік тәттілерімен шәй ішкіңіз келсе, бұйырыңыз. Балмұздақ қалайсыз ба, телефон шалыңыз. Таңғы асты төсегіңізге әкеліп берейік пе, оны айтыңыз...

Анталияның аспанында теңгедей бұлт жоқ. Қаз-қатар егілген зәулім пальмалардың көлеңкесімен Жерорта теңізіне жақындап келе жаттық.

- Төбесі қамыспен жабылған мынау үйшіктер - гавана деп аталады. Бұл да сіздердің игіліктеріңіз. Қалаған гаванаңызға орналасып, таңғы, түскі немесе кешкі асыңызды осында ішкіңіз келсе, теңізге қарап отырып ауқаттанғыңыз келсе, Алмас бей, айтыңыз.

Мен ішпей мас, жемей тоқпын. Көк шалғынды тіліп салған асфальт бітіп, құмдауыт жағалау басталды. Ашық айдынның жағасына келгенде оң жағымнан ғаламат көрініс ашылды - Жерорта теңізінің кекжиген көгілдір таулардың етегін шайып жатқанын көріп тілім байланып қалыпты. Османның бір сөзін естісем, бір сөзін естімеймін, о тоба✅

Күніміз тұтас серуенмен, Лара Барут кешенімен танысуға кетті. Тоғыз ресторан, жеті бар тамақты да, сусынды да есепсіз таратып жатыр. Өтіп бара жатып көз алдыңда сығылған апельсин шырынын іш, кетіп бара жатыр дәмі тіл үйірген түрік кебабын тістей кет, қабақ шытқан кісі болсашы...

Кешкі салқынмен тағы да теңіз жағалауына тарттық. Ыңырана күрсініп Жерорта теңізі жатыр. Күн батып, ымырт енді үйірілген шақ. Түрік туризмінің таңғажайыбын, Анталия кереметінің тағы бірін осы кезде байқадым. Біз тұрған тұстан 20 шақырымдай жерде ғана тұрған Анталия әуежайына алып ұшақтар әр отыз секунд сайын ұшып қонып жатты. Бір ұшақ жер бауырлай берген кезде енді бір ұшақ көзге анық көрініп қанаты дірілдеп келе жатады. Ал, бұл кезде үшінші ұшақтың жылт жылт еткен жарығы бұлт арасынан көрініп қап келе жатады. Сол ұшақтың бәрінде Түріктің тамаша демалысына, керемет қызметіне асығып келе жатқан жолаушы толы екеніне күмән жоқ-ты.

Екінші күні біз таңғы астан соң Lara Barut Collection бас директорының орынбасары, Анталия кешенінің басшысы Онур Чанкаямен кездестік. Өз жұмысын қатты жақсы көретін һәм өте жетік білетін Онур мырза бас аяғы жиырма минуттың ішінде бізге бүкіл кешеннің жұмысын толық баяндап шықты.

- Дәл қазір біздің корпорацияда 8 000 адам жұмыс істеп жатыр. Жазға дейін ұдайы өсу үстінде болады және тамыздың соңында он мың адамнан астам қызметкерге жұмыс табылады.
- Bayou Villas кешені іске биыл қосылды. Бізді таңдаған демалушылардың комфорты үшін біз барымызды салдық. Виллалар ең соңғы үлгідегі құрылыс материалдарымен салынды, ішіндегі детальдарға қаражат аялған жоқ.
- Біз қазір Түркиядағы таңдаулы қонақүйлер қатарындамыз. Ал, біздің виллаларымыз стильіндегі демалыс орындары өте сирек, тіпті жоқ десек те болады.
- Түрік сервисі - бүкіл әлем мойындаған "бәрі қамтылған" - "all inclusive" стильімен танымал. Біздің бес жұлдызды виллаларда "ultra all inclusive" дәрежесінде қызмет көрсетіледі. Мұнда сіз өз виллаңыздан шықпай-ақ барлық қызмет түрлеріне ие бола аласыз!
- Тамақ пен сусын туралы Сіздер өте жақсы білесіздер деп сенем. Десек те, сіздерге беймәлім тағы бір ақпаратым бар. Бізде "Тирмис" атты ресторан бар. Бұл дәмханада дәл қазір біз отырған жерден 100 шақырым қашық айналадан ғана әкелінген өнімдер ұсынылады. Ет те, көкөніс те, сүт те, бәрі бәрі осы Анталия аймағының төл дәмі. Біз ол ресторанға бүгін кешке бірге барып кешкі ас ішеміз-, деді Онур Чанкая мырза.

Чанкая шапшаң сөйлеп, шалт қимылдайтын азамат екен. Мүмкін, қызметі де уақытты тиімді пайдалануға міндейттін шығар, әр минутын ақпаратқа толтырып, сұрақтарға да нақты қысқа жауап беріп, мәслихатты аяқтады.

Осылайша екінші күнге жоспарланған жұмыстар да мәреге жетті, біз таңғы он кезінде азат болдық. Алдымызда теңіз, түрлі сусындар, төрт қабат үйдей аттракциондар мен дәмі тіл үйірер түріктің бай асханасы тұр еді.

Вилламызға келіп ресмилеу киімдерімізді сыпырып тастап жағажай демалысына арналған киімдерімізді киіп атып шығыстық. Өмір біздікі!!!

Келесі күні Астана уақытымен бір ояндым, телефоныма үңіліп жатып тағы ұйықтап кетіппін, Анталия уақытымен тағы бір ояндым да төсектен тұра сала ауладағы бассейнге күмп секірдім. Мен бұндай ләззатты енді қашан сезінерімді Құдай білсін, сол сәт "Құдайдың берген нығметі ғой" деп шексіз шүкір еттім. Расында бұндай демалысқа әр қазақ журналисі немесе блогері лайық еді, солардың бірі келуі әбден мүмкін-ді, бірақ, шебер Құдай Алмас Алтайды жарылқап тұр ғой.

Таңғы астан соң біз Осман Құрттың бастауымен Анталияның ескі бөлігі - Кале ичи - Қала іші ауданына тарттық. Бакудың ортасындағы көне Бакуды әзірбайжан ағайындар "Ічері шеир" - Ішкері шахар дейді ғой. Бұл да тап сол секілді Анталияның көне бөлігі, қазіргі Анталия сол Калеичи ауданын қоршай салынған.

Әсері ғажап болды. Әсіресе, Жерорта теңізінің аурасы ғажап, көгілдір таулары қол созымда тұрғандай, ақ желкенді қайықтары мен сүйріктер сұлу яхталары мамыражай түрік демалысының белгісіндей...

Анталияның ескі бөлігін жаяу кезіп, әбден шаршаппыз, түсқайта вилла келе құладым. "Душқа түсем бе" деп ойлағам, виллаға кіріп келе жатқанда менде бір емес, екі бассейн бар екені есіме түсті. Екеуіне бір бірден сүңгіп шыққанда құр аттай боп жайнап шыға келдім. Дегенмен, төсегіме жатуым мұң екен аңдыған "дұшпан" алып жықты.

Тура кешкі асқа барар кезге дейін ұйықтаппын. Уәде бойынша бүгінгі кешкі ас Онур Чанкая мырзамен бірге ғой, "Тирмиске" келсек ақсия күліп күтіп тұр екее азаматым.

Үстелге жайғасқан соң Онурдың бірінші сұрағы "Анталияда Сізге ең қатты әсер қалдырған не" деген сұрақ болды. Құдай да шебер ғой, салып тұр ғой ауызға: - Bayou Villas -, дедім жұлып алғандай. Онурдың қуанғанын көрсеңіз сол кезде, орнынан тұрып билеп жіберуге қаптаған қызметкерлерінен қысылды білем, қатты риза болғанын ерекше жайнап кеткен жанарынан байқадым. Негізі, Онур біз аралаған Анталияны айтты ғой, алайда, менің берген жауабым оны шексіз қуантты.

"Тирмисте" өткен кешкі ас үстінде Онур Чанкаяның да, Осман Құрттың да Түркияны шексіз жақсы көретінін, "түрік боп туғаны үшін бек бақытты" екенін байқадым. "Тирмиске" Анталияның жүз шақырым аумағынан таза, балғын, дәмі бұзылмаған табиғи күйде кеп жатқан әр тағамына тоқталып, әр жүгерінің дәніне дейін жаны қалмай мақтағанда Түрік жұртына деген махаббаттары үшін мынау екі азаматқа шексіз құрмет сезімі биледі.

Кешкі астан соң Осман екеуіміз шулап жатқан кешкі кешенді кесіп өтіп амфитеатрға беттедік. Мұнда жылдың ең таңдаулы матчы - Стамбұлдағы Ататүрік стадионында Чемпиондар Лигасы турнирінің финалы үлкен экранда көрсетіліп жатқан. Бірінші таймнан соң ұйқым келді, виллама қайттым, өйткені, ертең Астанаға ұшуым керек-ті.

Келесі күннің таңында өмірімнің әдемі үш күні сүрілген Bayou Villas кешеніне шығып, Осман бауырымды құшағыма қысып, қоштасып, әуежайға беттедім.

P.S. Эйр Астананың Airbus A 320 NEO лайнері шассиін Анадолы топырағынан көтергенде "биыл тағы бір келіп кетерміз" деп ойлап үлгердім.

Аздан соң борттағы планшеттен фильм іздеп, жол қысқартпаққа ниет еттім. Таңдауым маэстро Гай Ричидің "Фортуна" Операциясы: Жеңу өнері" атты картинасына түспей ме? Сүйтсем, басты рөлде Жейсон Стейтем ойнайтын әйгілі фильм Анталияда түсіріліпті. Дәл кеше өзім аралаған Калеичи ауданын фильмнен тағы бір көріп мәз боп қалдым. Тамаша сезім екен бұл бір!

Осылайша, үш күнге созылған "жердегі жұмаққа" жасалған сапар мәресіне жетті. Анталиядан алған айуан әсер алты айға жетері анық. Оған дейін мүмкін Анадолыға тағы бір кеп қалармыз, ә?!

 

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450