Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4727 0 пікір 2 Маусым, 2013 сағат 21:50

Мырзан Кенжебай. Телеарналардағы сауатсыздыққа тоқтау бола ма?

Көзіміз жеткені мынау: отаршыл елдің тілі өзі отарлап алған елдің тілін байытпайды да, құлпыртпайды да керісінше ол – отарланушы, езгідегі ұлттың тілінің тазалығына келтірер залалы мен кесапаты шексіз. Қазақ тілін, отарлаушы тіл – Кеңес заманында орыс тілі болды. Ал ол Қазақстанда бұл «қызметінен» әлі түсе қойған жоқ.

Кейінгі кезде 2020-жылы қазақстандықтардың 90%-ы қазақша сөйлейді дегенді жиі айтатын болдық.  Бірақ 2020 жылы ондай жетістікке жету үшін, жалпы қандай ниетті де жүзеге асыру үшін оның белгілі бір алғышарттарын, жұмыс жоспарын, нақты-нақты  іс-шараларды қолға алуымыз керек емес пе? Алайда, бізде дәл бүгін соның бірде-бірі жоқ қой? Жоқ! Ендеше, қалай? Әлде 2020 жылы 1-ші қаңтар күні таңертең ұйқыдан ояна сала қазақстандықтардың 90 пайызы бір-біріне қарап, қазақша сайрай жөнеле ме? Бұл туралы да ләм деп жатқан не жоғарыдағылар, не төмендегілер жоқ. Өйтпек түгіл...

Көзіміз жеткені мынау: отаршыл елдің тілі өзі отарлап алған елдің тілін байытпайды да, құлпыртпайды да керісінше ол – отарланушы, езгідегі ұлттың тілінің тазалығына келтірер залалы мен кесапаты шексіз. Қазақ тілін, отарлаушы тіл – Кеңес заманында орыс тілі болды. Ал ол Қазақстанда бұл «қызметінен» әлі түсе қойған жоқ.

Кейінгі кезде 2020-жылы қазақстандықтардың 90%-ы қазақша сөйлейді дегенді жиі айтатын болдық.  Бірақ 2020 жылы ондай жетістікке жету үшін, жалпы қандай ниетті де жүзеге асыру үшін оның белгілі бір алғышарттарын, жұмыс жоспарын, нақты-нақты  іс-шараларды қолға алуымыз керек емес пе? Алайда, бізде дәл бүгін соның бірде-бірі жоқ қой? Жоқ! Ендеше, қалай? Әлде 2020 жылы 1-ші қаңтар күні таңертең ұйқыдан ояна сала қазақстандықтардың 90 пайызы бір-біріне қарап, қазақша сайрай жөнеле ме? Бұл туралы да ләм деп жатқан не жоғарыдағылар, не төмендегілер жоқ. Өйтпек түгіл...

Ау, өйтпек түгіл біз тілімізді күннен күнге жусанға түскен жұлдызқұрттай шұбарала бірнәрсеге, дәлірек айтсақ, орысшаның тұп-тура аудармасына айналдырып бара жатқан телеарналарға тыйым сала алмай отырмыз ғой. Тіпті, Құдай оңдап бере салған саясаткерлігі де, түр-тұрпаты да бұрынғыдан гөрі Мемхатшы деуге әбден лайықты Марат Тәжиннің осы телеарналарға байланысты салихалы да сындарлы сөз айтқанына да біраз болды ғой. Не одан шығып жатқан қорытынды көрінбейді. Иә, «Жаманға айтқан сөзің босқа кетер, мылтықты оқтап алып құмға атқандай»–депті өткен ғасырдың 70 жылдары Арал-Шалқар өңірінде дүниеден өткен Рамбердіұлы Құлжан ақын. Сол айтқандай, бүгінгі Қазақстан телеарналарының журналистері қазақтың теңдессіз де теңеусіз, көркем де қазыналы тілін  орысшадан тәржімалап қана айтатын тақыл-тұқыл, тақ-тұқ тілге айналдырғанын, соған қарап бүкіл қазақ солай сөйлеуге дағдыланып баратқанын айтудай-ақ айттық, жазудай-ақ жаздық. Амал не, жаңағы Құлжан ақын айтқандай бүгінде қазақ тілінің осы бір ойранға түскен тағдыры туралы айтылған сөздің бәрі қай жаққа қарай ұшып кеткенін де білмейсің. Ол айтқандарыңа не сол телеарналарды басқарып отырған ханымдардан, не олардың хандарынан, не тілдерді дамыту, тіл басқармалары деп аталатындардан сыңар езу болса да жауап сөз естілген емес. Жалпы, тіл басқармасы деп аталатын мекемеде қызмет істеп мемлекеттен ақша алып, бала-шаға асырап отырғандар  әртүрлі ойын-сауық, фестиваль, байқау деп аталатын іс-шаралардан басқа не тындырып отырғаны әлде түсініксіз, әлде соған біздің «басымыз жетпейді». Ал бүгінгі теледидар тілі қазақ халқының  сөз саптауын да, екі қазақтың бір-бірімен тілдік қарым-қатынасын да тек орысшаның тікелей көшірмесіне айналдырып қойды. Бұдан бірер жыл бұрын телеарналарды «деп күтілуде», «орын алды» деп орысша «ожидается», «имели место» дан тікелей тәржімалап сөйлейді деп кінәлайтынбыз. Қазір қазақ тележурналистерінің бұл «аудармашылық ауруы» мүлде асқынып, бұратола айықпауға бет алған сыңайлы. Телеарнадан сөйленген сөз адамның миына тікелей әсер етіп, сол күйінде аққа қара жаққандай жазылып қалатынын бұрын да айтқанбыз. Соның айқын дәлелі, қазір жәй қазақтардың өздерінің сөйлескеніне бір сәт құлақ түрсеңіз, олар да дәл телеарнадағылардың орысшадан аудармасын қайталап тұрғанын бірден аңғарасыз. Қазір қазақтың тілін алапес адамның терісіндей ала-құла, шұп-шұбар ету үшін телеарна журналистері қолданып жүрген сөздердің басты-басты бес-алтауын мысалға келтірейік. Олар мыналар:

Бағындырды, бағындыра алады

Құрайды, құрады, құрауда

Сәттілік тілейміз

Орын алды

Бөлісті

Сыйлайды

Тоғытылды

Жалғасын тапты

Жеңіліс тапты

Әуелі «бағындыру»-ды қолданатын тележурналистер қазақтың ғажайып сөйлеу мәнерін, яғни, сөз саптауын қалай бұзып жүргеніне көз салыңыз. Қай ұлттікі екенін кім білсін, әйтеуір «ұлттық» деп аталатын «Қазақстан» журналисі былай дейді:

«Ұшқыштар шынайы шеберлік шыңын бағындырды». (10.05.2013)

Осыдан не ұқтыңыз? Бұл өзі не сөйлеп тұрғанына жауап бермейтін, өзі көріп тұрған уақиғаны, болып жатқан жағдаятты жұртшылыққа жеткізіп айтып беру қабілетінен айрылған, не әу баста ондай қабілеттен мақұрым адамның сөзі. Солай бола тұра,  осы бір-ақ ауыз сөздің өзі-ақ қазақ сөзін басқа арнаға бұрып та, бұзып та жіберуге мол жетіп тұр. Басқа арна дейтін себебіміз Аллатағала әр ұлттың, әр халықтың сөйлеу мәнерін яғни, сөз саптауын да, қуануы мен ренжуін де әртүрлі етіп жаратқан. Ал ақыл-есі, парық-парасаты дұрыс адам осы сөйлемді тыңдап болғасын «Мынау не деп тұр? «Шеберлікті бағындырды», «шыңды бағындырды» деген не сөз деп таңданары сөзсіз. Бұл – орысшаның тұп-тура көшірмесі. Осы бүкіл сөйлемнің «туғызушы әкесі» – орыстың «покорил» деген сөзі ғана. Қазір қазақтар демалыс күні таудың басына шығып келсе, сол тауды «бағындырып», өзеннің арғы бетіне өтсе, өзенді «бағындырып» келдік дейтін болды. Біз бүйте берсек, үйленіп жатқан баламызды келіншек алды немесе үйленді демей, ол бір қызды «бағындырды» дейтін шығармыз. Өйткені, орыстар «он покорил ее сердце» дейді ғой (әзіл ғой, бірақ шындық!). Қазір тележурналистер 300 метр жүгіріп келген адамды «Ол 300 метрді бағындырды» дейтін болды. Ал «Алматы» телеарнасының «жаңалықшысы» желаяқтар туралы хабарында:

«Әркім өзі шамасы жететін қашықтықты бағындыра алады»,–деді (24.04.2013)

Күлкі арсыз ғой, теледидардан осыны  естіп отырып: «олар сол қашықтықты бағындырғанда не істеп келеді? Әлде өзі жүгіріп барып келген жердің шөп-шалаңын жапырып, құрт-құмырсқасын тәртіпке салып келе ме?–деп тағы күлеміз. Күліп болғасын:  Құдай бүйтіп өз тілін өзіне де, өзгеге де күлкі қып қоюды қазақтан өзге ұлтқа берді ме екен, ә?»–деп тағы қынжыласың.

Қай ұлттың да өзін-өзі жоюының басты белгісінің бірі – өз тілін өзін ұзақ жыл  құлдықта, езгіде ұстап келген ұлттың тіліне бейімдеп сөйлеу екені баяғыда дәлелденген. Әсіресе, отарлаушы үстем ұлт осыны жақсы біледі де өзінің қарамағындағы ұлттың тілін жоюға кіріседі. Бұл әдісті, әсіресе Ресей мемлекеті көп қолданады. Патшалық Ресей де, Кеңестік Ресей де ең әуелі қазақты тілінен айыруды қолға алды. Қазір телеарналарда «құрайды», «құрауда», «құрады» деген сөздер қазақ тілін сұрқай, аударма тілге айналдырып барады. Оның «мал таппас жігіт болмас – құралғанын айт, ұл таппас қатын болмас – тұра алғанын айт», «Құдай құраса, құр қалмассың», «Жоқтан-бардан құрастырып», «құрақ көрпе», «қырық құрау» деген сияқты өз орнымен қолданылатын жері болатын. Тіпті, кейінгі заманда шыққан «вагон құрастырушы», «Қазақстанда құрастырылған аутокөлік» дегендер де құлаққа сіңісті, өз «орнын тапқан» сөз тіркестері. Бүгінде телеарна тілшілері бұны орыстың «составить», «составил», «составляет»ының ғана бірыңғай аудармасына айналдырып, тілімізді берекесінен айрылған қойыртпаққа айналдырды. Сенбесеңіз қараңыз:

«Алматы» телеарнасы: Жүргізушілердің киімі 18000-нан бастап, 22000 теңгені құрайды (11.05.2013)

Бұл осы «Алматы» арнасындағы Б. Күмісбайқызы деген қыздың «құрауы». Егер бұл арнаның басында  қазақ қасқаның тілін мемлекеттік деген аты бар болғаны үшін-ақ құрметтейтін адам отырса, Б. Күмісбайқызына әуелі «айналайын, журналист түгіл жәй қазақ бұлай сөйлемейді, анау «құрайдыңды» құрт деп бір ескертіп қояр еді де, одан нәтиже шықпаса жұмыстан шығарып жіберер еді. Осыны ата-анасы қазақ, қазақ мектебінде, университетте қазақша оқыған, өзінің көкірегінде аз да болса сәулесі бар адам «құрайды» деп құраулап жатпай-ақ «... Жүргізуші киімінің бағасы 18000 мен 22000 теңге аралығында», дей салар еді ғой. Теледидардан естілген осындай шатты-бұтты сөз саптаулар адамның құлағынан өтіп, миына сіңіп қалатыны сондай, қазір ата-сақалы аузына шыққан әп-әйдік қазақтар да солай сөйлеуге көшті. Әсіресе, аудан, қала әкімшіліктеріндегі азаматтар өткен жылы жылу жүйелерін жөндеуге пәленбай «миллион теңгені құрайтын» ақша бөлінді, ауруханадағы бос орын пәленбай «төсекті құрайды» деп отырғанда шынында да бұл қазақ осылайша «құрып кетпесе» болар еді дегің келеді. Ау, есі түзу қазақ соны жөндеуге  осынша «миллион теңге жұмсалды», «ауруханада осынша бос орын бар» деп цифрды көрсете салар еді ғой. Жақында «Қазақфильм» студиясында редактор болып істейтін Е. Төлеутай әлдебір фильм түсіру жұмысына қатысқандар мыңнан астам адамды құрағанын айтып отырғанда (теледидардан)  редакторы бұлай сөйлесе, бұл жердің актерлері мен режиссерларының тілі қандай екеніне бас ауыртпай-ақ қойсақ-шы дегіміз келді. «Таң»телеарнасының журналисі «суперлото» хабарын жүргізіп тұрып: «Байқап тұрғанымыздай» деді де 1-ші, 2-ші, 3-ші дәрежелі ұтыстардың әрқайсысын 1000 теңгені құрайды, 5000 теңгені құрайды, деп «құрап» шықты. Бұл кәдімгі «1-ші дәрежелі сыйлық –1000, 2-ші–5000, 3-ші дәрежелі 10000 теңге» дей салатын оп-оңай-ақ сөз. Ал телеарна қазақтары осыны орысшаға бейімдеп оңай сөзді қиындататып, «құрау-құрау» қылатыны еш ақылға симайды. Әлде біз еуропашыл, өркениетшіл боламыз деп, шынымен не сөйлеп тұрғанына жауап бермейтін мәңгүрт ұлтқа айналып барамыз ба? Әйтпесе, осы журналист  «Байқап тұрғанымыздай» деп яғни, «как, мы видим» деген орыс сөзін аудармай-ақ қойса да болар  еді ғой.

«Алматы» арнасының тағы бір журналисі «Жаңалықтарда» «Жоғалған автокөліктің» жалпы құны 12 миллион теңгені құраған»–деп соқты. Осыны «... жалпы құны  12 млн. теңге» немесе «...12 миллион теңге екен» десе жетіп жатыр ғой. Әлде сауатсыздық па, әлде қазақ тілінің қолданыстан шығып бара жатқанының кесірі ме, әлде орыс қалай сөйлесе, дәл солай тәржімалап сөйлеу керек деген құлмінезден құтыла алмаудың кесірі ме қайдам, әйтеуір бүгінгі қазақ тележурналистері осындай  айықпас кеселге душар болды.                                                                                  

Қазір қайран қазақ тілін  былғауға қазақ тележурналистері оңды-солды қолданып жүрген «тоғытылды»-ның да кесірі аз тиіп тұрған жоқ. Бұл көбіне көпше түрде айтылатын сөз еді. Мысалы, қоралы қойды кір-қоңынан тазартып жуындыратын жерді «Тоғыт» деп атайды. Сол ондаған, жүздеген малды айдап әкеліп суға түсіруді тоғыту дейді. Ал телеарналар бір адам түрмеге түссе «оны темір торға тоғытты» дегенді шығарды. Осы «Алматы» арнасындағы «Куәгерден» «Жүргізушінің көлігі айып тұрағына тоғытылды» дегенді де естідік. 21.05.13. Бұл нағыз сөз парқын білмейтін, әйтеуір естіп қалған сөзді пайдалануға асыққан нағыз біліксіздің сөзі.

 Ал журналистика факультеттерінің ұстаздары мен белгілі-белгілі журналистика саласында қызмет істеп жүргендерге осындай дәлелдерді келтіріп тұрып-ақ «бұл қалай болды?» десең, қазақ журналистикасы керемет, мін іздеудің, сын айта берудің қажеті не деп өзіңді күстаналайды. Тіпті, тырнақ астынан кір іздеуші атанасың! Бұл – тырнақтан кір іздеу емес, бұл тілі құрыған ұлттың өзі, тілі бұзылған ұлттың өзі бұзылып, жойылып кетуінің алдын-алу ескерту ғой. Ол аз болғандай қазір кейбір  жазушы атанып жүргендердің сөйлемдеріне қарап отырсаң, өз тіліңнен өзің безіп кеткің келеді. Бірақ соларды үп-үлкен кісілер модернист, постмодернист, жаңашыл шығарманы өзгеше ақыл-ойға құрушы деп алғысөз жазып немесе солардың өздері жазып әкелгендеріне қол қойып бере салатын ауру тіпті, асқынып кетті. Реті келгенде айта кетейік, қазір біздің ақын-жазушылар біріне-бірі жарыса мақтаудан жарыс өткізіп жатқан сияқты. Әсіресе, ақындар бірін-бірі 50-ге, 60-қа, 65-ке толуына байланысты жазған мақтаулары мен өлеңдерінен керемет деп көрсеткен үзінділерді оқысаң, күлесің де қоя саласың. Құдай қаласа бұған да өз алдына бір тоқталармыз...

Ал, Әуесхан Қодар деген әрі аудармашы, әрі ақын, әрі мәдениеттанушы, әрі философ атанып жүрген әрі тенгрист:  «кейбіреу өлең жазса, мақала жаза алмайды, мақала жазса, өлең жаза алмайды, мен соның бәрін жазамын, яғни, билингвистпін» деді теледидардан. Біз білетін Әуесхан Қодар сол айтылған мамандықтардың қайсысының маманы екеніне менің өз басым әлі тоқтала алмай жүрмін.

Ал журналистер ше? Олар қазір қазақ тілін әлгіндей қып, орысшаның аудармасына айналдырғаны аз болғандай, ұлтымыздың ықылым заманнан бері қолданып келе жатқан мақал-мәтелін де әлде білместікпен, әлде әдейі бұрып, бұзып айтатын болды. Мысал керек десеңіз, міне: Атам қазақ қазақ болғалы «ауыс-күйіс» дейтін еді. Тіпті, Қытай мен Ираннан келген қазақтар да солай дейді. Ал бүгінгі телеарналар мен кейбір баспасөзші журналистер оны «ауыс-түйіс» қып өзгертіп алды. Бұл жерде «ауыс» сөзінің де «күйіс» сөзінің де үлкен мағынамен айтылып тұрғанын, түсіндіріп жатпай-ақ қоялық. Қазақта «орнында бар оңалар» деген мәтел бар. Оны жақында теледидар журналисі қайтыс болған белгілі азаматтың баласы туралы айтып тұрып: «Артында бар оңалар» деп өзгерте салды.

«Кітап оқуды қойған адам–ойлануды қойған адам» депті М. Горький. Сол айтқандай, бүгінде көркем әдебиетті оқымай-ақ телеарналарға басшы болғандар мен солар сияқты жадағай журналистер қазақ сөзінің мән-мағынасын әбден бұзып, басқа арнаға салып жібергенін шындықты ұнатпайтын және сын айтқанды мін айтқан деп өзіңе бәле салатын ниеті таза емес адам ғана мойындамайтын шығар. Әйтпесе, аты-жөні белгілі бір жазушымызды мақтаймын деп теледидаршының: «қазақтың ортақол жазушысы» деп  абройын айрандай төгуін не дер едіңіз? Сөз қадірін білетін қазақ көріп тұрған бұйымға, оқыған кітабына, көңілі толмаса «ортақолдау» деп, одан да нашар дегісі келсе «төменқолдау» дүние екен дер еді. Сонда әдебиетімізге әжептәуір олжа салған қаламгерімізді бұл сөзбілместің «ортақол» дегені несі? Ал «ортаңқолдай» деген қалыптасқан көркем сын есім бар. Бұл жерде ортаңқолдай деп бақандай ортаңғы саусаққа ишара жасалып тұр. Мысалы: бұл іске кілең бір ортаңқолдай-ортаңқолдай сүйекті жігіттер таңдап алынды: немесе , «Ол соғымға ортаңқолдай құнан атанын таңдап сойды». Сөздің қақ ортасындағы «ң» деген жалғыз дыбыстың өзі оны «қалай көкке көтеріп, тұрғанын көрдіңіз бе? Сөз киесін білетін, ана тілін қадірлейтін, санасы да, ойы да, өзі де, сөзі де баяғы құлмінезден арылып, азаттық алған ұлттың ұрпағы ана тілінің әр дыбысына мән берер еді. Әттең, дүние! Бүгінгі қазекемнен, әсіресе, теледидардағы басшылар мен қосшылардан бұндай сана, бұндай намыс  алыстап, ғайып боп кетті ме деп қорқамыз. Өйткені, телеарналарда бүгінгі қазақ тілінің қиын жағдайы, шығарылған заңдардың орындалмай жатқаны, 2020 жылы 90% тұрғынымыз қазақша сөйлейді деп айта салғанымыз ал айтылған сөз орындалуы үшін ешқандай алғышарттар жасалып, ешқандай шаралар қолданылмай жатқаны туралы не бірде-бір арнаулы жоба, не бірде-бір хабар жоқ. «Алматы» телеарнасында «Тіл сақшысы» деген бағдарлама бар еді. Оны алапат өртке қанатымен су сеппек болған қарлығашша шыр-шыр етіп жүретін жалғыз қыз жүргізер еді. Алматы әкімшілігінің баспасөз хатшысы Куянов (Қоянов десеңіз сотталып кетуіңіз мүмкін) пен осындағы қазақ журналистері арасында болған шекеқызбайдан кейін ол қыз да зым-қайым болды. Кетпейтін қыз бар ма, қыз кетсе кеткен шығар, бірақ «қазақ тіліне шыр-пыры шығып араша түсетін «Тіл сақшысы» бағдарламасы не себепті жабылды? Оған кім жауап береді? Біле-білсе, сол «тіл сақшысы» Алматыдағы тіл басқармасы деп аталатын басқармадан жалақы алып, бала-шаға асырап отырғандардың бір қаруы емес пе еді? Қазақ тілінің қайткенде шырайын шығармауға тырысатын, сол қара ниетін әртүрлі  жымысқы жолмен, сыныққа сылтау тауып жүзеге асыратындар «тіл сақшысына» да қатер төндіріп, басына бұлт үйіріліп тұрғанда осы тіл басқармасы неғып тілсіз қалды? Қазақ тілі қоғамы ше? Әшейінде, елімізде өйтіп жатырмыз да, бүйтіп жатырмыз деп ұрандатып, шалапты-шұбат, қойыртпақты-қымыз деп күмпілдетіп пісетін қазақша аға басылым, «іні басылымдар» мұндайда бұтаға бұққан торғайдай бола қалатыны несі? Ренжісеңіз, ренжіңіз, енді мәселені осылай қоймасақ болмайын деп тұр! Өйткені...

Өйткені, бүгінгі қазақ тілі не Өзбекстанда, не Қытайда емес өз елінде жанына батқан ауруын жасырып жүрген адамның кейпіне түсті. Оны енді ашық айтуымыз керек. «Қайталап айтудың залалы жоқ»-дейді екен М. Әуезов. (Мұрат емес!) Сол айтқандай  біз ең құрығанда 2020 жылы Қазақстан халқының 90% қазақша сөйлейді дегенді утопия деп күлетіндерге қарсы қару етіп қолданудың,  соны жүзеге асырудың жолдарын жасап, тиісті орындарға талаптар қоюымыз керек. Әйтпесе, өз елімізде   қолданысқа қажеті болмай бара жатқан тіліміздің қолданыстағы мына түріне тағы бір көз салыңызшы? «Төтенше жағдай орын алған. «Алматы» 11.05.2013 Гауһар Омарбекова

...Мереке өз жалғасын Бостандық ауданында тапты. «Алматы» телеарнасы 11.05.13

Қазақстан халқының бірлігі күні бірлігі жарасқан... ұлт өкілдері өнер көрсетті. Алматы 1.05.2013.

Өткен апта осындай жаңалықтармен қорытындыланды. Алматы. 11.05.2013.

...Еңбек өтілі 36 жылды құрайды.

...Өз кезегінде Н. Назарбаев... ризашылығын білдірді. «Хабар» 23.05.2013

Ұйым өкілдері Қазақстанның бұл бастамасына қолғабыс болғалы отыр.         «Хабар(. 23.05.2013.

Сыртқы экономикаға қызығушылық өздігінен оянады. «Хабар» 23.05.2013.

Ө. Өзбеков темір торға тоғытылды. Астана 27.04.2013.

Жұмыссыздар саны 12 адамға тартатынын алға тартады.

Демігі басыла қоюы екіталай А. Асқарбекұлы.

Лифтінің аналогтары тек Париж бен Лас Вегаста бар. «Қазақстан» 1.05.2013.

Сізге жақсы ауа райын тілейді.

Борышкерлердің алдын кесуге банктегілердің ешбірі шешілмеді. «31» канал. Мақсат Толықбай.

«Бета чай» Сізге жақсы ауа райын тілейді. «31» арна.

Өз тілінде дәл осылайша ақыл-есі толыспаған адамша, не орыстың аударма тіліне айналдырып қана сөйлейтін, өзінің туған қазақи тілін осыншама мазақ тілге айналдырып сөйлейтін мәңгүрттік жер бетінде қазақтан басқа ұлтта бар ма екен?  Әйтпесе, «біз қара әріптермен берген» жалғасын Бостандық ауданында тапты», «бірлігі күні бірлігі жарасқан», «осындай жаңалықтармен қорытыланды», «36 жылды» құрайды», «Өз кезегінде Н. Назарбаев», «қолғабыс болғалы отыр», деп ойлау, түйсіну қабілеті дұрыс адам сөйлей ме? Айтыңызшы! Қазақ «қолғабыс болды» демейді, «қолғабысын тигізді»–дейді.

Тілін қадірлемейтін ұлттың ұл-қызынан небір сорақылықты күтуге болады. Қазір  теледидарға шыққан қазақ атаулы «жаңағы»,  деген сөзді кекеш адамша  қайта-қайта айта бергенімен қоймай, қайткенде қазақша «ң» дыбысын «н» қып айтуға тырысып, «жәнегі», «жанағы» деп қайталай беретін болды. Ол да «ң»-ды айтпай «н» десем орысшаға, орысқа бір табан жақын болам ба деген құлдық мінездің бір сарқыншағы екеніне сөз жоқ. Қазір бүкіл теледидар журналистері «пікір бөлісті». «ой бөлісті», «қуаныш бөлісті» десе, сол көркеуделік бүкіл қазаққа жайылып, қазақ атаулы солай сөйлейтін болды. Ал атам қазақ ықылымнан бері «пікірлесті», «пікір таластырды», «пікірін ортаға салды», «ойласты», «ақылдасты», «кеңесті» дейтін еді ғой. Керісінше, атам қазақ: «Туһ, ойымды бөліп жібердің ғой!», «ойымды бөлмеші» деп ренжитін еді ғой! Бұл да орыстың «поделились мнением»-ының заңсыз, некесіз туса да түр-түсі айнымай туған баласындай сөз деуге болады. Ал «31» дегі Мақсат Толықбайдың жоғарыда біз келтірген «банктегілердің ешбірі шешілмеді»-сі қазақ тілін ғана емес қазақты қорлау десеңіз де артық болмас еді. Ол бұл жерде орыстың «банковские... (банкиры) не решились» дегенінің қазақшасын айтуға әлде сауаты жетпей тұр ма, әлде қазақша тілі дұрыс шықпаған ба біз оны білмейміз. Бірақ осының алдында оттегінің қазақшасын білмей «балықтар кислород жетіспегендіктен қырылып жатыр» десе, бүгін «шешілмеді» деп не айтып не қойғанына жауап бермей аузына келгенін соға беретін М. Толықбай бір күні «банктегілер решаться еткен жоқ» демесіне кепілдік бар ма?

Иә, туған тілін қадірлемейтін ұл-қыздан небір сорақылықты күтуге болады. Ондайлардың сорақылығы кейде ұлттық жағымпаздыққа, ұлттық мәймөңкелікке ұласып жатады. Ол кейде сауатсыздықтан да болады. Мысалы «Қазақстан» телеарнасынан:

«Сан ғасырлар бойы түрлі ұлыстардың діндерімен байыған Қазақстан» дегенді де естідік. («Қазақстан». 1-мамыр.2013). Егер бұл барып тұрған жағымпаздық, барып тұрған сауатсыздық, қайтсем жоғарыдағы кейбіреулердің көңілінен шығамын деген жылтыңкөздік болмаса, оны айтып тұрған адам Қазақстанда сан ғасырлар бойы түрлі ұлыстардың діндері болды дегенді қайдан тауып алды? Қазақстанға қасиетті ислам діні алғаш 7-ші ғасырда-ақ келе бастады. Демек, 14 ғасырға, яғни, 1400 жылға жуық уақыт болды. Ал, христиан діні одан кейін негізінен Ресей 1592 жылы казачество дегенді құрып, қазақ жерін қанға бөктіріп жаулап ала бастағасын орыстармен келе бастады. Бірақ қазақтар қанша қанға бөгіп жатса да христиан дінін қабылдаған жоқ. Ал найман тайпасы бұрын христиан дінінде (несториан) болған дегеннің расынан өтірігі көбірек. Бұның аржағында да үлкен саяси жымысқылық, қазақты бөлшектеу саясаты жатуы әбден ықтимал. Өйткені, ол кезде сонау күншығыста жатқан наймандар түгіл Еуропамен етектес жатқан орыстардың өзі христиан дінін 10-шы ғасырда ғана қабылдап еді ғой. Бұл бір. Екіншіден, Қазақстан әртүрлі ұлыстардың дінімен байыды деген не сандырақ? Әлде, ертеде әртүрлі ұлттар мен ұлыстар қазақ жеріне әкеліп түрлі-түсті металл егіп пе, әлде қазақ  даласына мұнаймен газ құбырын тартып па? Бұл не еліру?

Үшіншіден, қазақ жеріне әртүрлі дін келсе, олар қазақтар тәуелсіздік алдық деп улап-шулап жүрген соңғы 20 жылдың ішінде ғана қара шыбындай қаптап келе бастады. Бұрын яғни, Ресей басып алғанға дейін Қазақстанда негізінен қазақтар, сосын өзбек, татар, ұйғырлар ғана мекендеген. Қазақстан халқының қазір де 70%-дан астамы мұсылмандар («құрайды» емес»). Сондықтан телеарнадағы сауаты аз кейбіреулер қазақ тілін әлгіндей мипалауға айналдырғанымен қоймай, мұнда сан ғасырлар бойы толып жатқан ұлыстар мен олардың діндері болған, біз  содан байығанбыз деп жұртты адастыруына жол беруге болмайды!

Иә, бұның бәрін бұған шейін де талай-талай  айтқанбыз да, жазғанбыз. Телеарналардағы небір қолапайсыздықтар мен оспадарсыздыққа, арзанқол, ортақол, төменқол көрсетілімдерге тоқтау салар сөзді Мемлекеттік хатшы, көрнекті де, білгір саясаткер Марат Тәжин де айтудай-ақ айтып берді. Бірақ әзір соның бәрінен нәтиже шығарып жатқан телеарналарды да көре алмай отырмыз. Қайтпек керек?

Abai.kz     

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270