Қазақтың қауіпсіздігі бәрімізге ортақ!
Кейде уақытым болғанда, еліміздің, айналадағы республикалардың, сондай-ақ солтүстіктегі көршіміз Ресейдің сайттарын асықпай, арнайы қарап шығатын әдетім бар. Осы сайттардың кейбірінен, әсіресе, орыс порталдарынан елімізге бағытталған, қоқан-лоқы көрсеткен, дөңайбат сөздердің талайын оқисың. Мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қаратып айтқандары көңіліңе күдік келтіріп, еріксіз ойланасың, ел тәуелсіздігіне алаңдайсың.
Біз, қазақтар, түркі тілдес халық болғандықтан, осыдан біраз жылдар бұрын, экс-президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі мемлекеттері ұйымының құрамына кіреміз. Оған Қазақстаннан өзге, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік мемлекеттері мүше болып саналса, мажар мен түркімен және Солтүстік Кипр елдері әзірше бақылаушы елдер болып қатысуда. Дегенмен, ( әрине, бұл менің өз пікірім ) осы түркі елдеріне іргелес орналасқан Пәкістан мемлекетін де қосуға болар ма еді. Неге десеңіз, бұл елдің мемлекеттік тілі Орда тілі, яғни, түркі-қыпшақ тілі. Осы елде бүкіл мемлекеттік іс жүргізу – қыпшақ тілінде. Сонымен қатар, Пәкістан жұртында ядролық қару бар. Әрине, бұл қару түркі елдеріне, әсіресе, соның ішінде біздің Орталық Азия мемлекеттеріне, (дәп қасымызда күші үстем елдер тұрғанда) қалқан болар еді. Осы пікірімізді, алдағы уақытта ел билігі ойластыра жүрсе дейміз.
Сондай-ақ, Ресей Федерациясының құрамындағы Саха республикасын да (Якутия) Ресей билігін иліктіріп, осы Түркі мемлекетері ұйымына толық мүшелікке алмай-ақ, бақылаушы, тіпті болмаса тыңдаушы қылып қойса, қалай болар еді. Өйткені, солтүстіктегі көршіміздің алдағы кездегі тағдыры не боларын кім білсін, егер, тарап кететіндей болса, башқұрт пен татардан бұрын, осы Саха жұртын ұйымға қосып алу біздер үшін, айтарлықтай маңызы зор. Саха өзендерінің суы мол. Біздің Қазақстанда болашақ тұрмақ, қазірдің өзінде егін суғаруға және өңірлерімізді суландыруға су тапшы екендігін көріп жүрміз. Кезінде, Кеңес Одағы тұсында, Сібір өзендерін Орталық Азия елдеріне бұру жөнінде арнайы жоба болған. Дегенмен, кейін орыстар келісімін бермей, тайып кеткен еді. Сондықтан Ресей құрамындағы, әсіресе, осы түркі республикасын қалай да өз жағымызға шығарып, қазірден бауырымызға тартуымыз керек-ақ секілді.
Өскемен мемлекеттік тілде ғана аталса!
Еліміздің шығысында орналасқан Өскемен (Усть-Каменогорск) қаласын бір тілде жазу және айту қашан іс жүзіне асар екен?! Сонау 2007 жылдың 21 маусымында экс-президент Н.Назарбаев орысшасы «Семипалатинск» деп аталатын, қазіргі Абай атамыздың атындағы облыс орталығы – Семей қаласын тек қана мемлекеттік тілде атауға жарлық шығарып, ұлттық мәртебемізді бір көтерген еді.
Әрине, ол кезде Өскеменнің көпшілік бөлігі славян тұрғындары болатын. Қазіргі күндері қазақтардың көрсеткіші елу пайызға жақындады. Бұрындары осы қаладағы автобус, трамвайға отырғанда көпшіліктің ішінен бір-екі қазақты ғана көретінбіз. Қазір жағдай мүлде басқаша. Сондай-ақ, қаладағы салалық жүйеде жұмыс істейтіндердің көбі қазақтар және осыларды басқарып отырғандар да өз ұлтымыздың өкілдері. Сондықтан, алдағы кезеңде Өскемен қаласының атауын тек қана мемлекеттік тілде жазуға, айтуға биліктің пәрмені керек-ақ. Бұған өзге ұлт өкілдері қарсы болмас деп ойлаймыз және бұл қазақ елі болған соң, солай болуы да қажет деген пікірдеміз. Қазір Шығыс Қазақстан облысына жаңа әкім келді. Мүмкін, осыған көңіл аударып, ескерер. Бұдан қорқатындай ештеңе жоқ.
Сонымен қатар, орыстың облыс сөзінің орнына,Ұлыс (көнеден келе жатқан қазақтың сөзі. Ресейдің құрамындағы Саха-Якутия республикасы, осыдан отыз жыл бұрын облыс сөзін, Ұлыс деп өзгерткен.) немесе өңір, өлке сөздерін пайдаланса құба-құп болар еді.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz