Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3018 0 пікір 23 Маусым, 2023 сағат 12:51

Жұмабай Біләлұлы. Қоңыр таудың күңгірі

Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz

(хикаят)

1

Аңғал арқардан тартып құба құздың барып тұрған тақбезері – құлан шіркінді, тіпті көзіңнің қиығында тұрмайтын көктің құсын, бүкіл он сегіз мың ғаламды қойып екі аяқты әулиенің өзін жаратқан панасына, Жер атты керемет құдіреттің ұлы денесіне жазылмас сойдақ-сойдақ тыртық түсіп жаралап, өзегін үңгіп, ішкі дүниесін, өкпе-бауырын құрт болып кемірген, тұлымын жұлып іскектеген, осы бір шырқы бұзылмаған ежелгі пәк, еркін дүниені енді қайтып әуелгі жаралмышына келе қоймайтын есіл ғаламды, Хауа Ана мен Хауа Атадан қалған соңғы шөберенің бас салып құртып тауысуға сұғын қадағалы қай заман?!

Шариғатта солай жазылған: жер үстіндегі үлкенді-кішілі мақұлықат атаулының қай-қайсысынан бұрын періштелер жаралған. Әуелде олардың қанша екендігін бір Жаратушының өзі ғана білетін сол әмір әкелушілердің «Аятқа» түскендері төртеу болды.

Әзірейіл – шыр етіп дүние көргеннің дәм-тұзы таусылған тұста жанын алуға, Жәбірейіл – күнәйіңді тергеуге, Исрафил – тың тыңдап дүниежүзін кезуге, Микайл – ғаламды теңшеп тұруға, осы төртеуінің несібесіне қызғаныш білдіргені себепті бір ауық міндет өтеп болған соң тұлан тұта қалған Әзірейіл соңында періштеліктен ет пен терінің арасындағы шайтанға айналып көзден ғайып болған.

Төртеуінің берекесі бұзылмаған тұста, өз иесінен, жер жүзінің аралары соншалық алшақ күнгей-теріскей бетінен, әлі ешкім естіп көрмеген, бұрын-соңды жаралмаған, «адамзат» атты нәрсенің екі бірдей бейнесін, бірін әйелге, енді біреуін еркекке порымдап мүсін жасау туралы оларға аса жасырын пәрмен түсіреді.

Төрт періште құрлық пен мұхитқа, ешбір патшалық атаулыға бөлінбеген, сұраусыз, тектеусіз сәби денелі жер қыртысын тінтіп жүріп, сондағы бес түрлі топырақтың қоспасынан кәдімгі адам пендесінің ақ, қара, сары, күлгін күңгірт реңді, кристалл түстес көк топырақтан, осы бір күрдегі қоспадан құйылған керіш денесін жасады, сонан соң төрт періште көздерін жұмды. Сол-ақ екен әлгі екі бірдей аралары дөйдала алыс, жат мүсіндерге әуелде жайымен қимылдаған қозғалыс пайда болды да, бара-бара бүкіл денеге жеке-жеке жан кіріп үлгерді. Жаһан жердің арғы бетінен бергі бетіндегі бірін-бірі өмір бойы жүздеспеген, күнәға да батпаған, жалаңаш уыз етттердің бүлкілдеген ойымшалары қарадай қызынып-суынған, өн бойын өздері де біліп болмайтын бөтенше тағатсыз, дәрусіз құмарлық билеген, қазіргі бар айырмыш мосқалдығы мен көз тұнытқан сүйкімділігінен басқа қиылыса кетуге ыңғайлы тұрған абыроттарында қалған сол екі пақырдың ұзақ сандалып, өзара ынтызар тұрде дидар көруін кімнің батылы барып шімірікпей қаз–қалпында айта алсын.

Иә, сол екі ғазиз ұзамай-ақ қайдағы бір көлеміне көз жеткісіз көк жалтыр мұз үстінде ұшырасты ғой шіркіндер, әуелде бірінен-бірі шошынған шығар, аздан соң ақылы кіріп таңданған болар, қымсынып-қымтырылып ұялған да болар, сонан соң оймақтай қалған езулерінен күлкі көрініп, көздерінен қуаныш жасын үздіріп барып бірін-бірі соншалық сабырсыздықпен құшақтарын айқастырып қауышқан шығар. Төтенше әлсіз діріл араласқан, үзіліп-үзіліп шыққан кейінгіге мұра болған махаббат демін бұрқ еткізіп тілдескен болар, сонан соң ұзақ әуреге түсіп мастанған шығар. Бүкіл буын сіңірлері былқылдап босаған тежемі жоқ адамзаттың алғашқы ләпсіні тұсында, Хауа Ата жарықтық тоғыз тараудың қоспасына біткен томардай ғана тобығының, иінтек етсіз тізесінің, ал Хауа Ана аталған ана жарықтық жаядан төменгі екі жамбастың қалың еттерінің қалай мұздағанын елең құрлы көрмей-ақ, ендігі адам тұқымының ғана сөлін жасағандарын байқады деймісің, тіпті өзінен соңғылардың, дәл сондай екі нәсілдің тізе, құйрығы сұп-суық тастай қалыпта мұз болып мәңгілікке кететінін барлады деймісің байқұстар, ондай ұрпаққа қалатын сұмдықты әуелде сезген болса ғой көкшегенек мұз үсті емес, көпірген көк жапырақты көңірсіген бұта түбін төсеніш етпес пе еді?!

Аспанның алты қабатын түгел шарпыған перілерден бұрын жер үстіне адам ұрпағының қожалығын жүргізу үшін өсімтал жаралған сол тұқымнан бір ер, бір әйел ылғи егіз туылған қырық пар ұл мен қыздың емшек аттап барып қосылуынан күллі ғаламға таралған бөлекше тұқым жеті ықылым дүниені шырқ иірді. Қырық пар ұл мен қызға қырық түрлі мінез, ұқсамаған бейімдік бітті. Адал ойлы момындар, алаяқтар, алдындағы асын қорып іше алмайтын, өзгенің ғана илеуінде жүруге дән риза ынжықтар, обыр көзді үйірлі жауыздар, нелер сұрқия қанішерлер мен күнәдан аулақ жүретін машайықтар, ғажайып болжамшы әулиелер сол қырықтың ішінен шықты.

Әуелі айта берсең сол ағайындылар әпке-қарындасының өңі сұлуына таласып қырқыса бастады. Өздерінің порымдары да басқаша болды. Қара нәсіл, ақ нәсіл, өңкей бозғылдар, сұрғылтым жиендер жаралды. Ала-құла қарашықтар, аспан түсті көк көздер, сол әуелгі ұқсамаған бес түрлі топырақтың нілі пенде баласының көз аясы болып, адам пендесінің төре мүшесі жұмыр бастағы маңдайда жұздызша жанып жарқырап тұрды. Ей, пенденің ұрқы, шариғат заңының осы тәпсіріне сенбейтін де жөнің бар, өйткені сен әу бастың өзінде періште болғаныңмен соңында азғындыққа ұшыраған ет пен терінің арасындағы әзәзілдің азғыруына жолықтың. Күні бүгін де бөтен дұғаның арбауындасың, алайда бір ауық болса да ойлана қалатын жөнің де бар шығар. Бүкіл бойыңдағы оттегі мен су құрамын, темір мен алтын ертіндісін, кальций мен хлордың қоспасын, мырыш пен тұзды...қойшы әйтеуір қазір таңбалары қойылған әлемдегі жүзден артық элементтің барлығын қайсы бір әкең өз қолымен бақыршаға ерітіп қоспалап тегістеп, соншалық ептілікпен қан тамырыңа құя қойды дейсің.

Хауа Ана мен Хауа Ата жарықтықтар тән ләззатына дәніккен соң жан ләззатының қызығын көрмесе бұл дүниеде жасай алмайтын болды да, өздерінен бұрын жаралған үлкенді-кішілі тірлік атаулыға көзінің құртын түсірді. Бірақ қолына өсімдік атаулыдан басқа тірі жан-жануардың түсуі мұң болды, құс атаулыға қол созып еді ұшып тынды. Аң атаулыға ұмтылып еді, алды өзін жаралап, арты қайдағы бір жынысқа яки құба түзге көз талдырып боса жөнелді.

Сондай тарыққан, жүрегі қарайған, әл-дәрмені құрыған тұста екі әулиеге алдымен, іштей жанашырлық білдірген ит шіркін болды. Күннің қайдағы бір шыжыған ыстығында, айнала ақжалын құм ортасында, кітірлеген шикі өсімдік әбден қалжыратқан, сонан соң тынышы кеткен екеудің бұта түбіндегі көлеңке астында күйсіз жатқан тұсында, өзіне ие таппай жалғыз жүрген ақ қаншық келіп алдымен анадай жерде сілейіп аз тұрды. Бұта түбіндегі әлемінен заурат күткен екеуден шерлестік сезді, аяқтарын ақырын басып келіп аңтарыла қарап отырған Хауа Ананы иіскеді, құйрығын бұлғап мүләйім тұз көздерін тұндырып еркеледі. Дәл сол минутта әлемдегі адам анасының тек Хауа Атаның ғана қасаң етін сипаған ақ саусағы тұңғыш рет төрт аяқтының төресі болып көрінген ит тұқымына тиді. Тегінде ит байқұстың бұл дүниеде құрметке ие болуы да содан шығар. Ақ қаншықтың сезімталдығы, арбап байқағыштығы өзгеше болған соң ғаламға енді жаралған екі жынысты пенденің ішіндегі әйел атаулыда өзгеше бір мейірім, басқаша жұмсақтық барлығын сезген шығар. Бірақ дәл сол тұста өзінен басқаға иісін жұқтырып көрмеген серігінің сескеніп, әлде қалай ұшынып түсуіне шошыған, іш тартқан Хауа Атаның өңінен зәр төгілді, итке кәрленді. Болжал ақыл түскен Хауа Ана аузынан араша білдірген кесім шықты: «Тиіспе жануарға, дәмелі жанарында бір түрлі мүләйімдік, жақындық бар секілді, екеуміздің әзірше жат дүниеден таба алған жанашырымыз, адамзаттың алғашқы тұқымының күнкөріс ермегі осыдан басталатын шығар».

Өзге төрт аяқтылар үрке жөнелгенде құйрығын бұлаңдатып, меруертше құбылған көздерінен өзінше еркелік жақындық байқатқан жануарға серігінің сөзіне ерй қалған Хауа Ата жақын барды. Иттің түбі тікше, ұштары қайқиған шайыр иісті жүзін сыртылдатқан дауыс шығарып сипады. Оның да іші жылыды, әлгіндегідей емес, дос көрді.

Жаратушының Хауа Ана мен Хауа Атаны оңдағаны сол болды, итпен бірге ырыс қонды, содан тартып ептеп жүріп өзге хайуанды үйреткеннің сыртында оң мен солы үйіріп-шұбырған ылғи егіздің ортасында қалды. Бірақ бақ артынан сор туды, аз ғана жыл өткен соң алдынғы егіздің бірі Әділге атастырылған, өзі де өзгесінен өңді жаралған қызға, бір шаранадан жуылып тазартылған Ғадыл ғашық болып сойқанның үлкенін тудырды, ата мен ананың ақылын алмағанның үстіне ағасын «жекпе-жекке» шақырды.

Ардан безген соң Құдайдан қорықпайтын сол азғындыны ата қарғысы оңдырған жоқ, бар қаһарын жиып тұрып ішкі қапия өксігін бұрқ еткізіп еді, зәр түкірік аралас лағынет оқылған дем түңіліктей ғана қара дауылға өзгерген кие қарғыс Ғадылды қалпақша ұшырып ала жөнелді. Дәлірек айтқанда, сол бір шөкім кесепат бұлт ішінде Ғадыл, қара теңбіл жапырақша қалықтаған бойы көз ұшындағы көлденең тұрған кермал қара жартасқа барып соғылды, жайымен тұрған ежелгі жер шормалы қақ жарылып қайта жабылды. Ғадыл сонда кіріп жоқ болды, ал өзгелер арлы-берлі тімтініп жүрді, беті бөлек жатқанымен жасырын жер астында бедері жалғасқан жер жүзіндегі жартас атаулыға содан тартып аса жасырын ызыңмен қоса жарыса шыққан жаңғырық бітті.

2

Содан бері санап тауысқысыз жылдар өтті, әуелгі екеуден өскен пенденің ұрқы, өз қылыбын сан өзгерткен, мың жасарып мың түлеген, ұлтқа, нәсілге, кінәсіздікке, тайпа мен руға ыдырап жер үстінде қоңызша өрді. Әуелгі кілең шапағаттың салмағын қара дүрсіндеп барып әдісін өзгерткен жауыздық басты.

Хайуан атаулының ішінде алдымен адам ықыласын алған, ата мен балаға серіктес-мирас болған ит тұқымының бірі, әр жағынан ат ағызатын үлкен өзен сай тағанын сойғылап келіп көлденең кезіккен үлкен бір жартасқа келгенде, көлемі шағын болғанымен асты шыңырау көл құраған, аса бір елеусіз бейнеде бұрынғы ернеуден біртіндеп молайып өсе бастаған қасиетті мекенде мынаны көрді.

Жаралмышы бөгде ит тұқымдастың ішінде басқашалау жауыздығына естілігі мен көнімпаздығы жасырынған, бой тұрқы да жүгіріске жаралған сидам, тырна порымына таяу келетін, етсіздеу дене тұрқының өзі тым ықшам, тамағы кінәздау, қызыл құрым жанарында бейуаздық тұныған қаншық тазы аяқ астынан қаңғылестеп бөтен бір ауылдың арланымен адам назарынан, қызғаныш білдіре қоятын өзге хайуан көзінен аулақ бір қырқаға барып емін-еркін үйігіп қайтты. Күйіті келіп мазасы келген тұста керегінен шыға кеткен арлан тазымен қырық инесін қосақтап маталып ұзақ жүрді, бірін-бірі кезек сүйрелеп бастарын теріс қаратқан беті іздерін таптап қысқа қызықтың жарым күндік сандалыс бейнетін көрді. Жіпсіз матаудан босаған соң жүндері жылтырап түлежімдеп сала берді, аяқ астынан өңденді, біртүрлі тыныш тағатты мауқын басқан сол аз ғана күннің артында, ойыстау тұратын қабысыңқы жапырақ бүйірлері оқтауланып қалды. Сонан соң бауыр тұсы білеу тартып, бармақшасы қызараң тартып торсия бастаған сегіз бүртік емшек шығарды, тіпті соңғы күндері бұрынғы сидам сұлу сиқы өзгерді де балық қарындап, өзі де жүдең тартты, ақыры үш ай дегенде өңкей қызыл шақа күшік туды.

Ит тұқымының да күн көрер иесі, өсіп-өрбитін жері болады ғой.

Бұл өзі айналасында ауызға түсер жемтігі молаң, арқа тұсында қанша қар жауса да үңірейіп, күңіресіп жататын киелі шормал нән жартастың етегіндегі, әйтеуір сол Хауа Ана-Хауа Аталардың әлдеқандай бір тұқымының ауласы болатын.

Басы бұдыр көстек жазықта үйілген шөп, қалқиған отын, түтіні будақтаған өңкей жантық моржалы тамның іргесіндегі, үстіне қалыңдап шөп тастаған соң қатты қиыршық топырақпен мықтып бүркеулі жерден қазылған таяз қуыстағы, әлі кебе қоймаған жалқағы жалбырша шұбалған бес күшіктің ортасында өзгесінен ересек көрінген денесі кесек тағы бір ақ күшік жатты.

Әуелде олардың бәрі де үздік-создық етіп аса жіңішке әрі аяулы жұмсақ қана салғырт қыңсылаған құлаққа жағымсыз, кейде сыбызғының сарынына ұқсап кететін үн шығарысты. Дымқыл борсыған иісі бар таранша борсыған үңгір ішінде сүйектері қата қоймаған шеміршек денелерін былқылдатып қойып, тұс-тұсқа өрмелеп, кейде аласалау тік қабырғадан құлап түсіп, бақырысып жатты. Сонан соң тағы да әлденеге аңсарланды. Бейберекет аунап түсіп сілкініп те қойысты. Білтесі жазылмаған ұсақ ұлпа бөкебайының ұшындағы қоспақталып қата бастаған саршүкір шараналарын қабартып сүйменнің ұшындай көк шулан тұмсықтарымен айналаны, қасындағы ұяласының іріңше көлкілдеген жұмсақ денесін бейберекет түрткіледі. Сөйтіп жүріп төтенше жылы әрі біртүрлі жағымды иісін бұрқыратқан ене бауырына ұзақ жабысты. Қырынан жатқанымен үстінгі екі аяғын көсіліп тастаған алақандай ойқылы бар шайырлы тар қолтықта ұзақ адаса жүріп әрең дегенде алғашқы уыз шерткен емшекті тапты. Сөйтті де қобысы бозарыңқы үшіл тілімен қарта таңдайдың арасына салып жұтқыншағы бүлкілдеп сора бастады, сонан соң тосын тапқан ләззаттан дене таппай айырылып қалды да бажылдап қоя берді. Тағы тіміскіленді, тақырша төсін ін табанындағы жасыңқы сағдарға тырнатып ұзақ сенделді, дөйдала адасты, әлі де сол қалпынан айнымаған сірескен ене бауырын, құрғақ қылшықты алдынғы қолтықты, қайта шалқып артқы тақыр шаптың ұзын, тіпті жүндері тебеншілеген астынғы арық қабырғаны – осының барлығын сабырын тауысып баспалап болған соң айналасы шиқанша талаураған тезін біздемшенің бұрдырына ойысты. Таңдайы тағы да қылқ етті. Езулеріне ұсақ отау ойнатып қадала түсті, бір тәуірі, бұл жолы көпке дейін айырылған жоқ, әудемнің өзінде-ақ ішіне сөл түспеген аш қарын алғашқы қою уыз барған соң торсиып шыға келді. Қалай десек те ит болған соң құрсағы жібиді ғой, қайдан тыныш жатсын, ол өңкей ұяласының өзгеден беделі Ақтұйғын, өзі де сезбеген қалыппен бөлекше бір шәуіл шығарып үлгерді, дауысы жарқаштанып шаңқ ете түсті. Көздерін ашып бауырын көтермеген (өзгелер де солай істеген болу керек) бәрі де бір-бір емшекті сілекейлеп кергілеп болған соң қып-қысқа қыңсыл араластырып тұс-тұстан шулап сала берді. Сол мезетте ақбурыл жүнін терістікке берген, ін артындағы нән қоңыр сұп-суық шомбал тастан біртүрлі шәуілдеген үн шықты.

Он сегіз мың ғаламды құлдана барып құртуға айналған соң керемет өсімтал өз кіндігінің жер үстіне симай бара жатқан, ақ, қара, күлгін сары, күңгірт түсті қалың нөпір, бірінің қанын бірі соратын Хауа Ана мен Хауа Атаның соңғы ұрқы былай істеді.

Өзге қаракет атаулыны, күндік құлқынының қамын жөндестіріп болған сол тәкаппар екі аяқты мақұлық аяғын ақырын басып Ақтұйғын жатқан баяғы там түбіндегі жер үңгірге келді. Бояуы күлгін тартқан кішілеу көздерін енді ашып, салыңқы ғана бауырын көтерген күшіктерді, тарғалаң аузын дымқыл дем шарпыған аузынан үңіліп қызықтады. Сөйтті де минут сайын неше құбылған обырлық шарпулы көңілін бұзды, сонан соң сырттағы дабырға әлі көне қоймаған күшіктерді алдамалап шақырып жүріп өз бойына үйірлестіре бастады. Әуелі ін аузына үріп шығып ит ойнаққа ауысқан, борбаңдай жүгіріскен, арсалаңдап ойнай бастаған немелерді жиіркенбестен арлы-берлі аунатып қойды да желкесінен шымшып ұстап сілкіледі. Өзінше тағы бір түрлі айла істетті, енді олардың жіп-жіңішке сидым құйрығын қос саусағының сыртына бір шиыршықтап орап алды, білектерін тік көтеріп толғап-толғап жіберді. Сөйтті де солардың ішінен қалай мытуырласа да үн шығармаған, өзінің мазағына әбден көнген, жер соғары солыңқы, алдынғы аяқтары қысқалау, артқы қос сербегі көсіліңкі келген баяғы ақ күшікке төніп ұзақ тұрды. Жаяның үстіндегі қос саусақтың сырты қатар сиған екі жамбасының алшақ жатқан қоспасын өлшеп көрді, өзге бесеуіне бітпеген, қара құстан тартып алдынғы қос жауырынның ұшына тоқтаған қатты қылышты жалшаға сүйінді. Ойқыл тартқан тамақ астындағы су соғарға жалғыз біткен седеудей ұзын тебеншені ұстап көрді.

Мінеки айнала тірлік атаулының бар қызығын жалмауға жаралған сол екі аяқты мақұлықат, енді Ақтұйғынды екі бұтының арасына қысып тұрып байқұстың қата қоймаған ұсақ қабырғаларын ішіне қарай майыстырып қатты қысты. Сонан соң күшіктің сұп-суық сілекейлі тұмсығын жоғары көтеріп терісі босаң астыңғы иекті созды. Артынан ерсілі-қарсылы айқасып біткен түбі жуантық төрт сояуша тісін шолып болған соң үстінгі таңдайдың қаралтқым тартқан жеті қартасын санады.

Сөйтіп міне, жер атаулының жемір иесі ұзақ толғана келе Ақтұйғынға ғана сүйінді. Тек соның ғана үшкіл жылан порымды басының тағантақ сары сағал ұсақ қылшығы екіге жарылған, ортасы ойқыл маңдайын арамсынбай сипады да інге тастады. Өзгесіне біртүрлі төтенше тасбауырлық етті де бажылдатқан қалпы табанына мыжып тұрып өткір ұстарамен бауыздап тастады. Сонан соң әлдебір аулақтағы әңгекке апарып көміп қойды. Күшігіне ара түскен соң таяқтың астынан алып қуылып жіберілген қапылыс тұста зауал тапқан тұқымына қамыққан, алдына келген асқа да, кесектеп тастаған қызыл жемтікке де көңілі соқпаған сондай бір дел-сал күйде, ішін тартып қыңсылап қойып ұясына жуымай қанша тінтісе де, күшігінің иісін таппай күйзелген дел-сал ене бауырында Ақтұйғыны жалғыз қалды.

Бөтен өкшелер, ұқсамаған сірі аяқтар таптаған, қорысы шыққан, өзге төңіректі қойғанда ит тұяғы сызғылаған ін аузынан ұлыған ит даусы естілді.

Іргедегі ар жағы жайқын су атам заманғы зәулім тастан әлде бір ызың шығады, сарыны бұзыла бастаған су дауысы естіледі.

3

Қысқа қылшықты бауырынан білеуленіп бөлек шыққан қаншықтың ұзынша омырауы еттері талаураған қалпы астаушаланып, үш күн сыздады, өзі өз болып жаралғалы көрген бейнеті осы шығар. Ұяда жылғыз қалған қып-қысқа ұлпа мамығы уызға тойған соң денесі сүмбіле тартып қоюлана бастаған Ақтұйғын емін-еркін мол сүтті тауыса алмай, денесі салғырт тартып омырауы сыздаған ана қаншық ін аузына шығып арлы-берлі аунап алды да беткелді жорта жөнелді. Әуел анадай бір аулаққа барып, ағараң тартқан дымды тұмсығын көтеріп иек астындағы тақыраң жотаның құрғақ үрдесін көшірген ақ шаңыт желеміктің иісін сорды. Сөйтті де ерепайсыз секем жаралған қызыл қатпар кеужірі мол сораптан күшіктерінің таныс иісін сезді, сезді де, көмескі болымсыз сарынның сорабына қарай ескектей жөнелді. Тым ұзаған жоқ, атам заманғы ескі қораның түбіндегі түбін тараң шырмауық бүркеген әңгекке барып сенделіп аз тұрды да, артқы сербегін жазып жіберіп саржан бойы үңгірге ыршып түсті, топырағы дым тартқан ескі үңгіршенің бос қорығын ерсілі-қырсылы тарпып жібергені мұң екен, ар жағынан бауыздалған беті көміле салған жүндері ұйпалаң тартқан, денесі мүлдемге сіресіп қалған күшіктерін тапты. Иіскеп көрді, сонан соң екеуін қабатынан түйрей тістеп екі қайтара жол жүрді де ініне тасыды. Ол өзінің өлі күшіктерін сол баяғы дүние көрген апан түбіне әкеліп алған соң епті жаралған аяғымен түртіп арлы-берлі аунатып ұзақ әуреге түсті. Сыздаған омырауын қимылсыз күшіктерге төседі, бауырына қысты. Енді міне ана қаншықтың жан дүниесіне бір түрлі күңіренген қимыл пайда болды да, ішін тартып қыңсылай жөнелді.

Ін ішінен тағы да ұлыған созалаңқы сүйкімсіз дауыс шыққан соң сырты таптанды ін аузын тарпылдатқан, өзінен-өзі ата зіркіл салған қаһарлы бір қимыл байқалды. Ана қаншық әлгі бір ұлыған үнін қоя қойды да ін түбінде шөке түсіп жатып алған. Дыбыс берілген сыртқы алданышқа алдымен аңғал Ақтұйғын атып шықты. Сол-ақ екен, өзге өлі күшіктермен қоса әзірше аман тұрған жалғыз тұқымын қызғанған сорлы долданып барып өзінің ақыл иесін алып тастады. Гүрілдеген айбатты бір қимылмен кез келген жанды жерден қауып үлгерді.

Өзінен басқа өзге сыртқы дүние, әуелі қасындағы жалғыз тұқымының да түсінуіне жазбаған тарлан тазының қас-қабағы доға тартып өзгере қалған. Аз күннің ішінде аяқ астынан жүдең тартып қабырғасының білемдері көрінді, қырша жүнінің қылшықтары тікшеленіп түлеген, қос бүйірі солыңғы тартып аулақты, жотаны кезді. Аяқ астынан қағынды көрді. Өйткені хайуанның ықыласын алған арғы тегінің қарғысы тиген, өзін ойламаған жерден итке қапқызған ақы иесінің жарасы асқынып барып құтырыққа шапты. Иттің тісі тиген, адам денесінің қайдағы бір шетен жері бір күннің ішінде өзге мүсінге бүлік салды да зорокер пақырдың ажалы содан болды. Қорадағы уыл-шуылдың арасында, алысқа зиратқа шұбырған адамдардың қатулы бірі абайсызда ақ қаншықты қан қақсатты. Қолына түскен әлденені бар қатулы күшімен жіберіп қалды, сөйткенше болған жоқ, шырқ үйірілген қысқалау қатты кеспелтек ысылдаған қатты дауыс шығарды да тарлан қабырғаның тұсына келіп сарт ете түсті. Кәрі тазының қаңқылдаған үні жер жарды. Аяқ астындағы сартап іскеуік жасыңғы шөп үстінде бұрқыраған бір шоғыр қатты қылшық қалды.

Содан бастап адам ажалына себепкер болған ана қаншықтың соңына қалың қуғын түсті де, ұяда қалған Ақтұйғынды қайдағы бір түн ішінде ұрланып келіп емізіп тұрды. Ондайда тынымсыз қаперсіз Ақтұйғын енесінің жотасына шығып алып қаннен қаперсіз еркелеп жатты. Әуелі сегіз емшекті жалғыз сорып құтырына бастаған бір тұста өзінің енді ет жара бастаған шеміршек тісімен нарау көңілді ақ қаншықтың қайызғақ құлағын қыршып алғаны мұң екен, жаны жадау жануар, айналасы қыртыс тартқан аузын тез ашып өз мақұлығын өзі қаңқылдатты.

Тау түнінің тұнжыраған сондай бір сәтінің шырқы қатты бұзылды. Ұя ішінен Ақтұйғынның қан қақсаған дауысымен қалың дыбыр інді қоршап алды. Ажал түрткен ақ қаншықтың мойнына бұғалық түсті, қылқынып қырылдаған, аяқтарын бейберекет тыпырлатқан сол қол тарланды дырылдатқан беті аулаққа апарды, тағы да қаңқ еткен ең ақтық дыбыстың соңы созылып барып мүлдемге тынды.

Бірақ түнгі тау іші сілкініп сала берді, анадай жартастан түсініксіз жаңғырық, сақау шүлдір үн естілді, аңғарына қалың ашкөздер төнген сол бір дүние әлемнің ұлы қарауылы, бұдырша жүзін құс атаулының үлкенді-кішілі ақ томар саңғысы жапқан, ыстық пен суықтан, жел мен жаңбырдан, толассыз қаңқу шуылдан оның да ұлы денесіне жарақат түскен сүп-сүйір жер асылы сызаттанып тынды. Әлдекімдер бедірейген безеу тасты «мылқау» дейтін шығар, оның да ділі бар, ділі – оңайлыққа мұжылмайтын қаттылығы, жаңғырығы тағы сол арнаны соққан долданған су сарыны.

4

Бауырын көтергеніне алты ай болған, бой тұрқы да сергек, құстың түсі секілді көгеріңкі кеудеден тартып қысқалау алдынғы аяқтары тікше, ал артқы бақайы көсіліңкі келген, етсіздеу жылан мүйізгек жалшасы бар қаз мойын, құлақ жүні шашақты қысаң қабырға Ақтұйғынға сол иістің өзінен ие шықты. Ерекше баулысын көрді. Баяғы борсыған жер үңгірден кәдімгі екі аяқты әулиенің босағасына көшірілді. Алдына әдейіліп шығырықты шағын мыс елеген қойылды да, өзіне арнаулы тамақ істелетін болды. Бір тәуірі, енді ғана азу жарған айқыш-ұйқыш төрт бірдей қару тісінің мүжіліп доғалданбауы үшін шеміршектен басқа қатты сүйек берілмеді. Тары көже, шала пісірілген ет, іркінді сүтпен үш уақыт арнайы күтімге алынған соң-ақ қоян жондап сала берді де, ұзынша шұжық құйрығы аз күннің ішінде-ақ оқтауланып шыға келді. Құрғырдың өзі де тым ақылды болмасы бар ма? Арлы-берлі жүрген, мың сапырылған аяқтардың соқпасынан аулақтау кең босағаға тасталған жұмсақ бөстектің үстінде Ақтұйғын сирағын созып есінеп жатты. Кей күндері абажадай кең үйдің төріндегілердің асы ішіліп, өз несібесі келгенше көсіле тастаған жұп-жұмыр алдынғы аяғының үстіне қабақшасы доға тартқан қып-қызыл құрым көзін жаудыратып қана жылан басын созып тастап қыңқ етпестен сәнімен жататын.

Сондай бір ескерусіз қалған, әбден ашыққан тұста оқият бір себеппен буы бұрқыраған ыстық ас келтірілді. Ашыққан Ақтұйғын орнынан тез көтеріліп ұзыншалау етекті тілімен іліп-тартып зорланып ішті. Сол-ақ екен, тазының айдарша ұзын жүнді жұқа жалпақ құлағы солған жапырақша алақаны ойқыл тартып бүрісті де қалды. Бабымен бағылған ертеңгі ермектің нұқсанын көрген әлдекімнің байбаламын айтсаңшы, ит құмар байқұс бүкіл дүние, мал-мүлкі отқа түсіп шоқ болып кеткендей-ақ бүйірін таянып бажылдап сала берді. Мөлшері итке ыстық жақпайтынын ұқпайтын ас құюушыны мейлінше янаттаған секілді. Қалың әрі мосқал тақтайларының бетінде балтаның ізі бар ауыр есікті ептеп аяқтарымен өзі ашып өзі кіретін, үй ішінде қырылдап жөтелмейтін, тіпті буынтық-буынтық қиының өзін адам көрмес алысқа, қайдағы бір бұта түбіне тастап қайтатын Ақтұйғынды өзі атқа қонған ақыл иесі бір күні ертемен далаға ерте жөнелді. Ұзын қайың құрықтың жіңішке жіп тағылған солқылдақ ұшына, қайдағы бір ерте ауланған қарсақтың шолақ құйрығын байлап алып арт-артынан қылаңдатып алды да еріккен Ақтұйғынның назарын соған аударды. Сан түрлі тосын бұлтақ шығарып екпетінен түсіріп ұғындырды. Оң мен солға кезек ыршып, кейде желе жортқан ат алдына секіріп түскен өлі құйрықты Ақтұйғын ырылдап келіп бас салады да айырылып қалып ызаланады, бірге шоршиды. Жыра-жықпылдың қайдағы тікен түбінен анда-санда бұлаң етіп көріне қалатын сол алдауышты Ақтұйғын осылайша ұзақ қуды, қата бастаған мойын сүйегін жұмсартты, омыртқа білезікшесі арасындағы сіңірді босатты, ат жүйрік, қимыл айлалы болғанымен Ақтұйғын бәрібір оны құтқармады. Міне осылайша өз сілесі әбден құрығанымен, сонша жүгірсе де бүйірін соқпайтын, тіпті тілін салақтатып пәлендей ентікпейтін ит нәсілін көрген иесі мәз-мейрам еді ғой, шіркін!

Ит тұқымдас болғанымен мінезі бөлек жаралған мүләйім күшікті зордың тұқымы тағы бір қилы ұнасымды өнерге үйретті: Күздің бұлыңғыр таңы ата бере қаз мойнында әдемі күміс қарғы сылдырлаған балашықты сары қылтан жазықшаға алдамалап алып барды да, өзі атынан жерге түсіп жеп-жеңіл Ақтұйғынды сүйсініп тұрып қолтығына қысты, сөйте тұрып қоржыннан бір кесек нан шығарды да, онысын барлық қорлауға әбден көндіккен жуас мінезді жылқының жазық сауырына қойды, көзін қызықтырды. Сол-ақ екен жұлдызшаланған жанарын құбылтып, құлағын тіке қалған Ақтұйғын шегірткеше секіріп ат үстіне қарғып шықты. Енді құбылма айла иесі атқа өзі қонып артынан тағы да нан көрсетті, тағы да дәндендірді. Міне осылайша ат сауыры алақанмен қағылды болды, қағылез қандыкөз иесінің артына қона қалатынды тапты. Сол күні ана құрсағынан туылған беті айла мен азыққа қатар емінген Хауа Атаның ұрқы өзінің сол серігіне дұғалап тұрып бір шақпақ қант асатты. Өзіне мүлдем жадылады.

Көктемде басталған баяны қысқа табиғат жерігінің тоқтау шегі, салқын күздің керсамал түнінің бір тұсында күндізгі жан қызығына әбден мастана жүріп түнге тән лебінің сиқырына бойын алдырған қазіргі жер үстінің әулиесі бойын салқындатып далаға желбегей шықты. Қоңыр тауда тағы сол күздің сары желі, қарсыдағы қара барқын дәу жартастан елеусіз ғана ызың естіледі. Алыстан бұрынғыдай емес, молая бастаған су сарыны.

Ей, пенде нәсілі, әлем атаулыдағы өзіңнен өзге жан иесін сен солай жадылайсың, ермек етесің, әйтеуір қалай да ырқыңа көндіресің. Ал өзіңді тидаусыз санағаның астамшылық секілді. Өйткені бөтен бір төрт аяқты хайуан емес, өзің секілді, әуелі күні кеше дүниені неше сілкілеген мықтылардан өнері, бүлігі анағұрлым астам, анағұрлым айлалы екі аяқты мықтылар сені де дәл солай Ақтұйғын секілді аузыңа қант тастап, мықтап қарғыбаудан шыжымдап тұрып дедектетуге дайын тұр. Сен сондай зауалды көрмей оңбассың, сірә! Енді бар ынтызары алдыдағы аң қызығына ауған тәтті қиял ортасындағы әуелгі тағдыр ертеңін дұрыс болжауға жазбаған өр кеуде, жартасты соққан сол сарылды ұққан жоқ.

Су дауысы үдей түскен далада, тағы сол жартас ызыңы.

5

Екі қарысқа жетпейтін жіңішке сары сақтиянды жұмсақ былғарымен астарлап тұрып тарамыспен біркелкі жиілеп тепшіген соң, ұшарына үлкендігі жүзіктей ғана екі темір шығырық орнатқан күміс қарғының ортадағыұзынша тұйығына жеп-жеңіл сыптығыр қайыс шылбыр іліне кетті. Сөйтті де Ақтұйғынды өзге емес, өзінің таныс жадыгөйіатына мініп жетектей жөнелді. Байқұстың тумысындағы алғаш көрген қорлығы сол болды, әуелде аспанға тік шапшыды, тынысы тарайып қылқынған тұста, тіпті өзегі көкшіл тартқан ақ шұлан қармақ тұяғын жайып жіберген қалпы арғы көмейінен әлдеқалай үн байқатып төрт аяқтап табандап көрсе де тақымға салған қатуыр қол босамады, айта берсең буын-буыны әбден құрып, көзіне қан құйылып сылқ ете түсіп еді қабырғасын әлдеқашан қурап семген бұтаның тұмаршасына, бұдыр тасқа сыздыртып дырылдатқан беті алдыға қарай соза жөнелді. Өліп кетсе де рахым етер түрі болмаған соң Ақтұйғын есін тез жиды да, атып тұрып алдыға секірді. Сол-ақ екен, қыл мойынды қылқындырған қыспау босай бастады, желбезегін сыртына тептіріп дем тартты, қылшықтарының ұштары қайқиып, бүкіл денесі бусана қалған жан терге түскен Ақтұйғын, енді екі жаққа кезек теңселіп барып бұл баулысынға да үйренейін деді.

Бейуаз ғана жан иесіне осыны істеген жұлымыр не ойлады екен?! Жетекке жүрмесе яки аттың сауырына шоқиып отырмаса, есіл-дерті дала тағысына ауғанның аңдығанын үркітеді, артық жүріс тазының өзін шаршатады, тіпті болмаған да өзі тектес көлденең кезіккен тағы бір бұралқы жұлқылап әуре қылады, аяғын шайнайды. Ойланғанға ол дағы солай шығар-ау, шіркін, шолақ дүние-ай деші! Қандай бір жан иесінің жіпсіз-күрмеусіз өз бетімен қаңғуына, қабақ қағыстыруына, шектеусіз, зекусіз жүруіне не жетсін?! Екі аяқты мен төрт аяқты мақұлық атаулының барлығы, өз алдына әлгіндей шіркеу-матау түсе қалған сәтінде екі көзі алайып аспанға қарайды да көк жүзінде қанатын суылдатып, беткелді ұшып жүрген құс атаулыны арман қылады. Бұл ғаламда тек соны ғана бақытты санайды. Бірақ олар сол көк еркесінің тағы да өзінен шыққан әулетті бір у тырнаққа жем болып, оның да кеудесі бүлкілдеген тұста не ойлайтынын қайдан білсін? Ол мүмкін, жер үстінің жегіқұрттарын бақытты санайтын болар. Табиғат дүниесінің алдауыш жаралмышын біреудікін біреуге құштарлыққа бейімдеп қойған соң шараң не?!

Жіңішке мойыны талаурап, желке мен тамақ астының ұсақ қылшығын ауыр қарғы ұйпалаған Ақтұйғын зордан келгенге көнбесіне шарасы қалмады. Сөйтсе де оның ылғи ұсақ қызыл құм ойнаған тұп-тұнық жанарынан ыңыршақша доға тартып бүктеле қалатын қабағынан бір түрлі жабылық кеткен жоқ. Түбі кімде-кімнің жабы жүргені, оның желкесін жанышқан әлдебір аса ауыр сырын зіл-салмақтың үнсіз дедектете келе бүкіл жігерін құм қайрақтап тәубе түсіріп отырғанына не жетсін? Ол тек сонда ғана өзге дүниеге өшіге түседі.

Алғашқы күз ызғары біліне бастаған бұлыңғыр күннің алакеуім шағында Ақтұйғын сол ішкі құсаны қанмен жуды. Қалай екені белгісіз, осыдан бір күн бұрын ғана кешінде тарының қара көжесімен құрсағын жібіткен Ақтұйғынды таңертең ішегін шұрылдатып жел көбік шығарған беті есік алдындағы ойқылға қарай дедектетіп ала жөнелді.

Қара күз болатын, ертеңгі бұта басында ұсақ ашы түстес шаңыт тұниді, екі тараулары елеусіз ұсақ қараған бұталы ойпаң ортасындағы тілдей ғана алаңқыдан әлдебір ала бөтен иісті, қалай да өзі тім өшігір мысықтан аз-ақ қалған үлкен, тақырша денесінен шолақша жүндес құйрығы қомақты көрінген бір нәрсенің қылпын көрген Ақтұйғын оқша атылды, қарғы қоспасындағы сидам шылбырдың ұшы шығырықтан босап сала берді.

Бабына келген күшік әуелде аптығып қалды, бауырын толық жазған жоқ. Көз көрім жердегі қалың селеулі ақ танау тұмсыққа қарай сағымша жосыған ақ тарлан ана қарсақ ұзай берді. Мынау бір алдынан кезіккен ортасы тарлауыт жол секі тастың шұғыл айланбасынан өте бере керегелене қалған үшкір қырлау қысқа қабырғаның терісін сойдырып та алды, «қаңқ» еткен дауыс шығарды, албырт күшік арманда қалды. Әлгінде ғана осы соқпадан өткен ұшқыр қимылды қарсақ, ит тұмсығы астындағы болымсыз танаушаға барғанда артына оқыс бұрылды да жатаған үңгірге кіріп жоқ болды.

Ақтұйғын да қара ізбен келіп, аузын ақсағал мұрт басқан аузын інге тіреді. Ішінен қоңыз иісі бұрқыраған ақ шымды заманғы елеусіз үңгірді қолма-қол иіскеп үлгерді. Арыда әлдененің тынышы кетіп тықырлаған тақыр жер дауысы, жеңіл тартылған бөтен дем байқалып еді, тұмсығы бойлағанмен шығыңқы қос шықшытын тіреген қара тамырлы інді обыр, арынды күшік опыра бастады. Сол сәтте екі етегі далбаңдаған, тіпті жерге түскен бас киіміне де қарамаған сабырсыз әмір иесі атын ентіктіріп ін аузына жетті. Сөйтті де анадай бұта арасын тінтті, шермеңдеген қалыппен шамасы жеткен тас көтерді, інді мықтап тұрып бітеп тастады, Ақтұйғынды сонда қалдырды, өзі алыста бұлдыр сағым ішіндегі ауылға тартты.

Қожайын айналып келгенше күшіктің сабыры әбден кетті. Бірде келген ізді, болмаса, өзі тұрған аласа төбешіктің төңірегін иіскелеп алас ұрды. Әуелі ін аузына кептелген қынасыз, жарым бетінің дымқылы кеппеген тасты сүзгілеп бебеу күйге түсті. Бір қауым уақыт өткен соң әлгінде ауылдан әкелінген кетпеннің алақаны үстіне тоң жүрмеген таяз іннің дәл төбесін опырып түсті де, бауыр жүні әбден сұйқылдап таралып тозған, тек жүнінде ғана үкібастанған өлі білте жүні бар, өлер алдындағы жүзін теріс қаратқан қарсақты адуын қол сүйреп шықты. Алдымен өр тұмсықтың қанын саулатып әлсіретіп бір сирағын отынша опырған соң сабыры кеткен күшіктің алдына тастады. Ақтұйғын қашуға шамасы жоқ алғашқы өшігірін бас салып кез келген жерден арсылдап қауып жатты. Бір тұстағы жан дәрмен үстінде есіне тез келіп ауыз жұмсаған дала мүсәпірін тағы сол адам айласы шарғылады, тұмсығын қабыстырып буып үлгерді. Жауыздығы шегіне жеткен жер үстінің Хауа Атадан қалған жемірі бір бейуазды шімірікпестен осылай қинады. Ақыл-есінен әлі айырыла қоймаған шала-жансар жансебіл қимылды әлгінде ғана сайран салып шауып жүрген сағымнан жүйрік жон еркесін сенделтіп қана қоя беріп қызықтап отырды. Үш аяғымен екі қарғып барып сүрініп түскен тірі тұтқынды Ақтұйғын атып барып еркін сілкілеп жатты, шыңғыртты. Мойын түптен бір іліп жалманынан түсірген соң дәл қылқа тамақты қыршыған беті жиі толғап езе берді, езе берді...

Көзін ашқалы аса зілді бұғаудан, зекуден туған іш құста белгісіз құмарлықты Ақтұйғын алдындағы аяқтары сереңдеп басылған өзі тектес төрт аяқтыдан алды. Бүлкілдеген жіңішкелеу тұмсықтың демі таусылған бір сәтте өлі дүниені жұлмалауын тоқтата қойды. Әуелі енді одан жиіркенді, қоңырсыған бөтен бір иіс сарайын тітіретті, түршіктірді. Сонан соң қан-сөл жұққан сұп-суық танауымен ара тісті сыртқы ерніндегі, жер соғар тамақ астындағы қызараң сөлді жата қалып, жабағы шөпке үйкеді. Сөйтті де денесі сіресіп қата бастаған ұлпа жүнді қарсақты қайта бір иіскеп көріп тоят жасады. Біртүрлі бұлдылық байқатты, өз иесіне тұзша тұнған көз нұрын төгіп жіберіп, керіліп-созылып еркеледі. Сонан соң адымын серпіп тастап, анадай ақ ұлпа теріскен түбіне сыңар санын көлбей тастап сарып алды. Сабау құйрығын көтеріп тұрып, шоңқиып отыра кетіп үздік-создық томар тастады, сілекейі созылған таңдайынан қара белдеуін қылаң еткізіп есінеп қойды.

Айналасындағы қыбырлаған жан иесінің оппасы, ұлы таудың бір қуысындағы жер қыстаудың төбесінде сорайған қатар-қатар ағаш қаданың үстіндегі білеулеп сойылған, ішіне ескі жасық шөп тығылған, өзінің тірі күндегісінен де жуандап керілген, қырылып-жонылған алкүрең қарсақ ішікті киген соң құтырына қалған сол өңірдің етіне бөлекше жылу кірген әйел заты – Хауа Ананың қазіргі ұрқы мауыққан мысықша мәуілдеп жатты.

Сол түнгі күздің суық желі азынаған үрейлі кеште, есейе қалған соң тірлік іздеп қайдағы бір шырқаудан оралған ана қарсақтың үш күшігі жетімдік көрді. Ін аузында сойылып тастаған жалаңаш ет алдында көмейінен қайырып қарғаша шиқыл шығады. Сол сәтте көз көрім жердегі баяғы зіл жартастан шыққан әлсіз жаңғырық Ақтұйғын жатқан аулаға себілді.

- Ей, пенденің ұрқы, араны ашылған көңілге сап түсірмесең ғалам атаулыны құртасың да, өзіңе өзің жүгіретін күн туар, өзіңді уылдырық құрт қалпында бес жыл беліне сақтаған әкеңнің, он ай көтеріп омыртқасын үзген анаңның етіне аусарың ауар, өйткені араның ашылып, азып барасың емес пе?

Алыста, аяқ астынан көкжайық тартқан су сарыны.

6

Сол күннен бастап Ақтұйғынға ит атаулыда мың да бір кезігетін сергектік бітті. Есіл-дерті бүкіл аңсары өзі баулысын көрген далаға ауды, қан соқтаға тимесе тісі қышыды. Қайдан болса да өз әлі жететін яки жетпейтін әлдененің тірсегін бір жұлмаса бұл күндері өзін әбден бағындырған әміршінің көңілінен шықпайтын болды. Айтқандай айтулы сол кезеңге де жетті-ау әйтеуір.

Алғашқы ақ мамық сонардан бір күн бұрын ұзақ күндері өзінің ішкі сарайында аса бір жайсыз көңіл айнытар зіл салмақтың барлығын сезді. Ара-тұра қарадай лоқсыды. Мақсатсыз, бағдарсыз жота-жондарға желе жортып дөйдала қаңғитын, бөтен қорықтағы өзі тектестермен қысқа ғана уақыт ішінде сондай шапшаң жұлқып өтетін бір тұста, сонау аулақтағы өзен бойындағы, басы қырқылғанымен, түпкі ұсақ талшасы әлі сол жасаң қалпында тұрған бір топ шидің қияғын епсіз тістерімен тырсылдатып жұлды, желкесін кежірейткен қалпы көздерін жұмып тұрып зорланып шайнайды, көбік аққан сүйкімсіз езулерін ырсылдатып бөтен дәмінен қарадай жиіркенді, бауырын көтергелі аузына тиіп көрмеген дала желкегі бөтен дәм кінәз тамағынан әрең өтсе де, шала шайналған тарамыс секілді қасаң шөпті қиналып тұрып түбімен қылғыды.

Сол күні өз бабын өзі білуге Жаратушы сондай бір қасиет берген Ақтұйғынның әуелде тоғайрағы түйіліп аузынан аз-тола ащы су тамшылады да, бір аулақта, бұрын-соңды ыстық-суық берілген ас ішінде кеткен өлқая қыл-қыбыр, қайдағы жүн-жұрқаның жиындысы, оқ порымдалған ұзын бунақ қоя тастады, дене күйін теңшеп жеңілденіп алды.

Иесі де баптаған, иттің де күйіне әбден келген соң сол күздің алғашқы сонарында таңнан бұрын ат сауырына қонған беті ашкөзденген Ақтұйғын ақ қарлы даланы ат үстінде тінтті. Мөлшерлі жерге келген соң иесі оны жерге түсіріп еркінше қоя берді. Көп жетелеп зарықтырған жоқ.

Сөйтіп міне түлкісі қалың жортатын қатар түскен аласа үш жотаның тоғыспасы тұсында ерсілігі-қарсылы жосыған бірнеше із кезікті де, жортқанына ұзақ болмаған тіпті аңдып басатын теңгеше түлкі табанының қар үстіндегі жылымық дымы толық суымаған ұзақ жортақтың бірін Ақтұйғын әдейілеп тұрып тұмсық сүзе иіскеп алды да, бүрын қар бүркеген бақал бұтаны аластай жөнелді. Қым-қуыт бірнеше шиырдан өтті. Міне, әуелі әлгіндей емес, әлдененің жер үстіне тарала қалған иісін сезген де болар, артынан ысылдаған дауыс қалдырып ырши жөнелді. Сөйтті де анау аласа белегір үстінен арғы еңіске қарай сақпының тасынша зулаған баран ноқаттың соңынан мықтап түсті. Бар күшімен доғаша бүктетіле оқша атылды. Қайткенмен қыранның ұрқы ғой, әлгінде түлкі көрінген белегірге шыға бере сонау қиыс түскен күнгейге көлденең тартқан әлгі асығының тұсына өзі қуып келе жатқан ізді тастап төтелей жөнелді. Ақтұйғынның тағы да тісі қышыды, арандай ашылған аузының ұсақ ирегінен, созыла түскен тілінің ұшынан илеуіт қар үстіне шұбарлап түшы су тамды.

Кілки қалған көздегі кілегей таяған сайын сары сағым ноқат етіп көрсеткен бұлдыр қимыл әуелде ұзай жөнелген секілді болатын. Көлденең түскен өзге сан порымды адыршадан бөлекше биік көрінген қошқар тұмсық қара шоқыға таяғанда, арқан салым алдыдан одан басқаша жайымен тышқан аулаған тағы бір бөтен бейне ұшырай кетті. Әуелде аңғалдық істеген күшік басқа бір тұсқа жөнеп берген соның артынан ит сарым уақыт ерген соң, қалай екенін кім білсін, кілт бұрылып бұрынғы сорапқа қайта тартты, әлгіндей емес, денесі жеңілдеп серіппеше секірді. Көп ұзаған жоқ, баяғы таныс қарасынға қайта кезікті, мінеки тіпті түлкі жүнінің ысқырған дауысы естілді. Тағы сол қоңыз иіс тұмсық жарды. Өзін қайрай түскен, адымын саржан бойы тастаған тас мінез қыран, сасқалақ біткен түлкі жаза басып бір бұралаңнан өте бергенде төтелей соғып бір шалып өтті. Бірақ аңғалдық істеді, жаттықпаған қандыкөз Ақтұйғын таяй бергенде өзіне мүлде таныстығы жоқ дала тағысы кілт тоқтай қалды да, кішілеу көздерінен қулық ойнатып өзінің сабалақ құйрығын қоқитып алды, тісін сықырлатып тұра қалды. Оның да бар айбары жеңді білектей құйрық болған соң тазы алдымен аузын соған салып еді, түлкі соншалық тездікпен бір жағына бұрай тастады, күшік өз екпінімен тоңқалаң асты. Орнынан тұрғанша шылбыр салым ұзай жөнелді.

Жер соғары мен мойын түбіне өңкей ұсақ сықпа жабыса қалған Ақтұйғын бұл жолы өршелене тиісті. Алдымен ағындап барып түлкінің алдына шықты. Кейін артындағы аттыға қарай тықсырды, орағытып келіп бір шалып қалды, бұл жолы бұлтақ құмар айлалының тарлан қабырғасынан түбіт түбі ақ шулан болғанымен ұштары қызараң тартқан бір уыс ұлпа жұлынып қар үстінде қалды да, жұқалтаң ақ көбік жер үстін шұбарлап шеңбер тастаған үлкенді-кішілі сұр сойдақ із түсті. Енді өзі де ентігіп болдыра бастаған жас арлан бар күшін жиды да мойын түптен қапсыра тістеп алып ұрды. Өзінше ол дағы бір түкпірдің азулысы болған соң жеңіл арсыл байқатып Ақтұйғынның тұмсығынан бір қауып өтті. Ызасына от түскен, артындағы айғайшысын демеу тұтқан дүлей күш иесі, енді құлақ түпті қапсыра тістеді де екі сілкіп астына басты, гүрілдеп кеп алқымынан алды, арт жақтан ырсылдаған ат танауы мен айғайлаған адам дыбысы естілгенде қан сатала көстек тұмсығын түлкі жалбыратқан Ақтұйғын алар жауын жайратып болып күртілдеген сықпа қарды асап жатқан. Енді міне ол ұзынша сабау құйрығын бұлғап қойып солай ұшты, қуанған балаша арсалаң қағады, әуелі қыңқылдаған сыбызғы үндес қылық байқатып аттың танауына шапшып еді, әншейінде сауырына шықса да былқ етпейтін қазірдің өзінде жаны қиналып келе жатқан өн бойы ақ көбік ат құлағын жымыраңдатты. Ақтұйғын жылқының бір қырынан келіп әлі аттан түсіп үлгермеген иесінің үзеңгілігіне шапшыды. Сөйтті де ақ жұлық тартқан майжылтыр көн етіктің ұшын қас-қағым уақытта сулап үлгерді. Сол сәтте етектері далбырлап қол-аяғы қарадай ербеңдеген дал көңіл пенде, жырта қарыс еріндерін қайшылап жіберіп ат үстінен қарғып түсті.

Аң баласына бітпеген аса бір қағылездігін, әдісқойлығын, жүйріктігін Ақтұйғынның ақсиған төрт тісіне сорғызып тынған соң, өлі жүні білтеленіп қалған аса бағалы олжадан бұрын, қожайын тұмаршаланған қара қыртыс етінің қуысына сарысу іркіле қалған жаралы тұмсыққа алақан тигізді, артынан шығыңқы келген төбе сүйегінің қайратты қысқа жүндерін сытырлатып ерінбей-жалықпай сипап қояды, әлденелерді айтып кәукілдеді. Сөйтті де бір сирағын бүгіңкіреп барып шала керілген қалпы жан үзген, үлкендігі құнан итке жақын арлан түлкіге сеспен қарап алған соң бір түрлі сабырсыз бейнеде артына бұрылды. Қоржын ішінен бір кесек піскен ет шығарды, аузындағысын Ақтұйғынға тастап әлдеқандай еміренді.

Айналасындағы қыбырлаған жан иесінің оппасы, ұлы таудың бір қуысындағы жер қыстаудың төбесінде сорайған қаз-қатар ағаш қаданың үстінде, білеулеп сойылған, ішіне ескі жасық шөп тығылған, өзінің тірі күндегісінен де жуандап керілген, сонан соң иленіп уқаланып қырылып жонылған қызыл күрең түлкі тымақты киген соң сол өңірлдің жігіт атаулысы Хауа Атаның қазіргі ұрқы көктемдегі күйлі бұқаша сидаң қағып ауыл-ауылды кезіп жүрді.

Дәл сол бір алғашқы ақша тұсында, түлен тауының осынау бір тұғылында, сырттай қарағанда өзара отаспайтын екі аяқты мен төрт аяқты хайуан арасында бір түрлі жақындық сезім байқалды. бүкіл ішкі дүниесінің мол жартысын жауыздық, пайдакүнемдік, менмендік атаулының қалың бұжыр бездері сіреген пенде баласының бойынан төтенше бір тұрақсыз шалқыған от секілді мейірімділік бұрқ етті.

күздің түнгі суық ызғарына бойындағы ыстығын алдырған, далада тұрып әндеткен сол күнгі олжа иесінің жуан даысы іргеде тұрған жартасқа соғылды. еңкейістегі аулаға тағы бір жасырын леп себілді:

- Пендешім, сен дағы сондай бір әтуәрсіздің бірісің, өз құлқының үшін жүгірген хайуанды қызын алғанша иба тұтатын қайныңнан артық көресің. Алыста тосылған шүлдір өзен, тола бастаған су сарыны.

7

Ақтұйғын ауызданған алғашқы жыл алдында толассыз жауған жаңбыр суы әбден тереңдеп сіңген жер бетін тұтқиыл қауып өткен қатты суық шегенектеп тастады. Тоң қалың жүрді. Оның үстіне үскіріктеп екі жұма бойы торғай бастап қар жауды. Бүкіл дала ақсылау жылмағай болды да шыға келді. Бұта басы иіліп етектеп кеткен көк ырғақ мұз сықпанын көтере алмай майысып жерге қабысты. Әуелі тал басының өзі, ақ түңілік жамылып сай жылғалардағы үрдесін үстіне ат малтығып омбылап жатты. Ежелгі жасырын тіл жаңғырық иесі бұл күндері айналасы морланып тұмшаланған, ұшар басы буазып доғал тартқан сұр жартастың өн бойы торғай арбаған жыландай буынтықтап күп болып ісініп тұрды.

Бұл күндері дәулеті дәурендеген, киелі табиғат атаулының бір пұшпағын жалғыз кемірген таулық үшін осы бір үлкен қызық есептеледі.

Қар астынан қара түйір дән, қураған бұтаның бүршігі сырғасын таппай ашыққан соң тұла бойын суық алып еттері аяздаған сарбауыр кекілік пен керсағал шыл дегенің сол тау пайғамбарының шулаған ұрқы үйірімен ұстап, көпірген жүндерін дірілдетіп жұлып үйітіп жатты. Қызығы мынау болды.

Өзге аң атаулының бәрінен бұрын көзге түсетін, жыл сайын өзен бойындағы ақ ұлпа қар үстін теміреткілеп таптанды жол салғанның үстіне, кісі қызығарлық өңкей сары моншақ кебір қиларын өз сүрдегіне шашыратып тізіп тастайтын қоян атаулыны, осы бір әлсіз, жүрексіз момынды Ақтұйғын қынадый қырды. Қай-қайсысын екі атпайды, көпірген қар ішінде үш секіріп барып көміліп жатқан жерінен маядай бақыртып шайнайды да, оң мен солға кезек сілкіп баяғы сол содыр таулықтың көңілін тауып жатты.

Әттең қырсық-ай деші, әншейінде жаздың күні яки қар атаулы жұқалаң түскен заман болса өзіне әдейілеп сұғын қадаған құс атаулыдан басқаға шалдыртпай зымқар еді ғой, шіркіндер, зәудеғалам өзгелерден қуынды көрсе жынойнағының айналасындағы таныс жүлгеден бұлтақтай секіріп ашылған аранынан құтылып-ақ кетер еді ғой. Тіпті сондай бір ұшқыр қимылды зордам немелер тықсырып келе қалса, бір түп шеңгелді яки тікені түбіне біткен бақал долананы, ит тұмсығы өтпейтін сары ағашты болса да айнала қашып сүріндіруге, әуелі қайдағы бір шұғыл бұрмалы пышақ қырлы тасы бар әңгекке соғып бәлемнің өзін қаңқылдатып запылауға болады ғой. Бірақ бұл жолы бұл аумақтың қарадай қаусаған қояндарын Ақтұйғын түгелімен жүнше түтті.

Ірімшік исті қоян соқтасын аузына бұйыртпаған соң бір түндері Ақтұйғын ұрланып қана есіктен еппен шықты. Аяз ұршығын сіреген айғайшыл қалың мосқал тақтай есікті саңлаулап қана ашты, бйік табалдырықтан ырс еткен үйреншікті үнін де шығарған жоқ. Оқша зулап өзен бойына барды. Алыстағы биіктен құлай жортып ояңды сипаған қызыл үскірікке тұмсығын созып искеп көрді. Қайдағы бір түтіннің, көңірсіген қораның, әлде бір күйік байқатқан қалың қоспа ішінен үйреншікті үйеңкі жұпар леп бұрқ ете түскен соң сол сарынмен аз жүріп еді, айтқандай-ақ өзен бойынан қабық кемірген жалғыз дара ақсағым көзінің құртын қоздырды. Ырши жөнелді, байқаусызда ендеп қар жасырған тасқа соғылып аунап түсті, тағы зымқады, қоян кеше жүрген қызыл сең үстімен өрлей ұшты, бұттары жан-жаққа кетіп тайып түсті. тағы да тақымдай жөнелді, өзінің үйреншікті қалың иір жымымен қашқан дала періштесі кәрі бұтақтарының сырты қобыраған жуан ақ теректің түбіне келгенде адастырып кетті. Арлы-берлі айқайлап Ақтұйғын аз жүрді, сонан соң құйрығын қойқитып буазыған жым теректің шіріген өзегіне тұмсығын тықты. Сол-ақ екен, ұзыннан сұлай жабысқан қуыстағы зілдей ауыр көкше қоянды бажылдатып алып шықты, сілкіледі, жанын шығарып шайнады, қатырлатып сүйегін кемірді, тіпті әудемнің ішінде етсіз жұқа терісі жалбыраған қоқа басын қалдырып кекірелеп шыға келді.

Қайдағы бір күйік татыған қоңырсыған тышқан иісінен көңілі айнитын түлкі мен қарсақтың қара құрым етіндей емес, уызша үлбіреген мынау бір жұмсақ жасық Ақтұйғынға аса дәмді сезілді. Орман ішін желе жортып қарауытқан тұрағына беттеді. Тағы да әлгіндегі дабырдан, қоянның жан үзердегі сүйек қапқан бажылдаған үнінен, тынышты бұзған тосын қимылдан шошынды көрген түн құсының қоңқу аралас бөтен дыбысы, арасына қалың мұз қатқан соң үстіне су жүгіріп астауша сайды кернеген алды бөгеу алапты тітіретті, тағы сол жаяу жаңғырық, адам тұрған аулаға себіледі. Қорқақ болғанымен бауырымдағы құтымдай көруші ем, оны да құртуға айналдың, киелінің біріне соқтықпасаң еді, оның былбыраған торғын етіне құнықпағаның абзал, ақылы кем болғанымен арғы атаң алып еді ғой, нәпсіңді теже!

Алыста екі жақтағы биік жотаны мұз сіреулеген су сарыны.

8

Бұл күндері қасаң еттері іркінді бола бастаған, езулігі құлақ түпке созылып ұзарған, сыртқа тебіңкі көздерінің оймышы жарлауыт тартып, аузы қандана түскен Ақтұйғынды сол бір зордам күш, жаз болса жер тағысы емес, аспан серісінің өзгеше түріне, әлде қалай қанатын талдырып ұшып келіп бөгде бір елусіз аса қиын құсқа ауаша көлшік яки оңайлыққа жат иісі аяқ баса қоймайтын шымырлаған иірім ортасындағы аралшаға ұя салған көкқұтан мен тырнаға салып қызығын көрді.

Бәрінен қиыны, құс атулының келбеттісі, көк еркесінің ана түйесі, дала сәні болған осынау таулы өлкенің ара-тұра ұшырайтын жазықшасында маң-маң басқан бір топ қаз табан дуадақ болушы еді. Сол шіркіннің өзінде құртып тынды. Жұмыртқаның піскен сары жемігі іспетті бұлшық еттерін бүлкілдетіп көз көрім жерге дейін жер үстінде сынапша сырғитын тұрақсыз дала тобығына дәніккен озбыр, астындағы тоғы қашқан ұшқыр атын жанып жіберіп, елеусіз белегір астындағы жайылып жүрген дуадаққа бұғып келіп тап берді. Күміс қарғының қоспасындағы ұзынша шығырыққа ілулі сыптығыр қайыс шылбыр да босап сала берді. Жусанды жазықшада өшкін шаң көтерілді. Екеулей ұмтылды. Алдымен ат үстіндегі мақұлықтың өзі ауыр денелі жайқабыр, даланың ақтоғанағы, әуелде секектеп жорғалап алған соң баяу көтеріле берген дуадақтың бірін шалып өтті. Қолындағы шып еткен әлденемен жүнін додыратып ұрып түсірді. От орнындай жердің шөп басын алаулап ақ мамық ұсақ жүн шалды. Дәл сол сәтте араны ашылған Ақтұйғын да енді қалғанның екеуін бірдей анадай аулаққа іркес-тіркес жұмарлап жатты. Жалғыз ғана боз ноқаттанып ұзай берген сау қалған екеудің қаңқылдаған қазға да, үйректің быдық үніне де ұқсамайтын жуан қарым қаңқылы естілді. Алыста боз селеуін енді күлтелеген жуан түпті қылтанның ұсақ түкті шашағы елеусіз ғана сілкініп тұрды. Бар айланың атасы өз қолымен ұрып түсірген олжасын асығыс-үсігіс бауыздай салып қанжығасына байланып жатқанда, ұштары доғал кең етекті, жуан қауырсынды жүнше бұрқыратқан Ақтұйғын, екі дуадақтың соңғысын жұлмалап жатты. Табанымен тіреп тұрып, жауырын сүйектерін күрбитіп алып үш-ақ толғады, ұзақ қылғынды. Қол тумасын әдейілеп аш ұстағанына өкінген иесі ат ентіктіріп жеткенде, қанды езуін ұсақ мамық қауырсынын жүлгелеген Ақтұйғын ең соңғы бұжыр сірне жұмсақ сирақты, қалақша басын екі жаққа кезек төңкеріп кіртілдетіп шайнап жатты да, кәперсіз еркелеп үйренген мінез байқатып иесіне қыңсылап қойды. Бірақ кейіген бір түрлі зеку үн шықты. Сол-ақ мұң екен. Ит еңсесін түсіріп көзін жоғары төңкерді де, аяғын нарау тастап кейін шегінді.

Әлгінде ғана аса бір арсалаң мінез біте қалған кінәмшіл бейбақ осылай жаси берді де, бауыр жүндері білезіктеніп бұдыр белдеу тартқан жуан доғалша тартқан тұмсығын анда-санда көтеріп қойып тірі жатқан дуадақты иесі бауыздап болғанша, шылбыры шұбалған ат алдында наразы көзін қиыс төңкеріп ұзақ жатты, сәулесі сыныңқы көздерін жұмды.

Осыдан көп ұзамай Ақтұйғын аспан құсының тағы бір айтағына ұмтылды. Сол баяғы зіл қара дәу жартастан қиыс алыстағы ежелгі бір қырман басынан қашан да кетпейтін бір жұп тырна жүретін. Ат үсті бұға жүріп бір тасаны өрлей соққан желжұмыр, төңірегі инеше татыраңға жұмыртқа тастаған, көкшулан қарасағал түз керуеніне Ақтұйғынды тап бергізді. Тас лақтырым жерден сағымша жарқ еткен жүйрік «ә» дегенше біреуін іліп түсірд, серігінен айырылған сыңар тырна үш күн бойы ұзаққа дейін үй айланып шықпай қойды.

Айналасының ақ шаңытын шығарған он сегіз мың ғаламның тәңір солай жаратқан өңкей тажалды, құс етіне құныққан соң бір-бірімен торғайша шағылысты. Күндер өте келе бұл өңірде өздері де өңкей көк долы, дала безер, жемсауына темір түссе де елең ғұрлы көрмейтін, өзара қырқысқыш, қан шеңгел, құс таңдай қалың кемтар бір топ пенде қара құртша өріп жүрді.

Жаздың қоңыр самал тып-тынық түні мүлгиді. Қараңғылық қоюланып солайған сайын жайдақ қыстау артындағы төңірегі топырдан тозған, ұшар басы сидаланып жалаңаштана түскен қушық етек, аспан түйреген нән қара тас аласара түсті.

Сыңарының иісін қуған жалғыз тырна төбені қалқып тыраулап өтеді. Тағы бір жаңғырық жасырын күбір шығады. Іргеде іркілдеген су сарыны.

Алма кезек дүние, ертең адам сенің басың келер тым ұзамастан... аспан жүзін көк түтінге, жер қабатын қанға бояған бұрынғыдан жүз есе қатерлі көлемді қырсықтың тумасына, яки ауылдар-қалалар бойынша түтіні түгел өшкен өткір обаның таралмасына, сенде сөйтіп сыңарыңнан мүлдемге айырылып, ұрқың ұяда жусаған күн тумасына көзің жете ме, адамзат!

Іргедегі долылана көпірген, екі жақ жонның биік жақтауына күрт өрлеген су сарыны.

9

Қолына, көзіне көрінгенді қойып көлденең қырқаның астында, қайдағы бір лақтырған ине сіңбейтін самсыған ну ішіндегі иістен сезіп, үстінен жазбай басатын қыран түскен, өзіне жетерлік олжаны көрген соң қанағат тұтатын ата ниетінің азғындасы, сол ындынсыз бортиған қысқа сирақты, өңкей құж мойын сіреу, жондарының қылышы жалша таратылған бір үйір көк бөрте борсыққа жолықты.

Күндіз болатын, алдыдан ысқырынды бөтен дауыс байқалды да, астындағы ат үрікті, сөйткенше болған жоқ, үлкен-кішілі түйе кенеше тоқыраңдаған жайылыстағы борсықтар боз қараған ішінен ұйтқып шығып, ойыстағы астын су орған қуысқа қарай жосылды. фяғын аңдып басатын тау жылқысы қамшы тиген соң, кедір-бұдыр ұсақ оппадан сүрінген жоқ. тықсырып қуып жетті. Етекті қу тұяғымен әлдебіреудің май басқан денесін былқ еткізіп жаншып өтті. Таптандыға жолыққан жансебіл хайуан елең құрлы көрген жоқ. Сүйегі сынғанды қойып еттері де ауырмаған секілді. Ақ таңдақ салақ бауырын жарқ еткізді де, орнынан атып тұрып бұрынғы беталысына қарай құнжың қағып ұша жөнелді. Дәл осы тұста кесек денелі, қылшықтанған жалшасы бар арланша ысқырып арттағы дүбірге айбар жасады. Тіпті қып-қысқа ұруға да ебдейлі қайың сойыл жонына тигенде, кеңінен бұрылып алып тістерін ақситып ат бауырына шапшыды.

Иесінің қиналған және кейіген, намысы қозған, әуелі аздап жүрексінген, жалғызсыраған тұсында әлгінде ғана көз жаздырып кеткен Ақтұйғын жетті. Алдымен етекке ұршықша үйіріліп құлай соққан тас секілді екпінімен борсықты бір соғып өтті. Тісін дарыта алмады. сонан соң қайта қарпу көрсетті. Гүрілдеп келіп аузына түскен бақал сирақтан қапсыра тістеп алып ұрды. Бір тұста шошқа порымды шекене қорбаң дене де тазыны қаңқ еткізіп қауып тастап баяғы сол өзіне әбден қанық ін жаққа екі аттады. Ақтұйғын алдын орады. Соңында алды-арты қамауда тұрған борсықтың өзге емес, жан жері ең осал жұқа жаралған қауіпті мүшесі – қара тұмсыққа сойыл тиді. Есеңгіреп барып құлап түскен дүлейді Ақтұйғын еркін жұлмалады. Әдетінше өзге ұлы дененің терісін сызбастан қысқа сирағын қылтыңдатып ұзақ алқымдады. Міне осылайша, бұл өңірде Ақтұйғынның аяғы жетпейтін жүйрігі, аузы тимейтін аңы қалмады. Тау арасындағы сұр тақырдың қара құйрығы, жалама кердің арқары, мүйіздері арбиған тау текесі осының барлығы шарбысы ақтарылып шабынан жарылып жатты. Осыны көре қалған жемтіктің жасығына, ыстық қанға дәндеген сан-санақсыз өзге ит атаулы да солай істеді. Бүкіл дала қан сасыды. Күн көзін құңқылдаған қалың құзғын қаптады да, адам панасын қылған үй атаулының сөресі қара кемік аң етін көтере алмай майысып тұрды.

Су сарыны, іргеде тағы да сол сақау жаңғырық.

- Ал енді пендешім, санап тауысқысыз жылдар бойы еркіңе қойдым. Есею соңы ерігуге, төтенше бір ұшқыр дамуға, жер әлемнен басқа да қиырдағы жаралмышты бүлдіруге жетті.

Асықпа, айласы алдыңда... өз тентегімді өзім тиямын. Екі жақтағы тау өркеші алдындағы зәулім алып кер жартасты титықтаған көк долы су дауысы.

10

Ар жағынан алыстағы ақ қарлы таудан құлаған үлкен өзен, тау сүйегін қатырлатып мүжіп келіп алдынан көлденең тұра қалған етекті биік су жартасқа тосылған. Ұзақ жыл арпалыс көрген. Солайша сүті сорғалаған табиғат емшегінің көл құрғаған іркінді сөлі әуелде ұзақ тұнығанымен, соңында көпіршіп тасыған алапта күтпеген жерде мынадай оқиға туылды.

Түн болатын. Қасиетті жер мүйізінің кәдімгі ешкім түсініп болмайтын жасырын күңгірі шығып тұрған, өзге ботен дыбыс жоқ, мүлгіген түннің шырқы бұзылды, іле-шала өкірген сиыр мен пысқырып кісінеген жылқы шұрылы, озандап бақырған ешкінің бая дауысы шыға қалды.

Әуелгі жаралмышта солардың өзіне ғана бұйырған ырыздығы, қапталдың қоңыр аңы мен ойқылдың түлкі қарсағын, борсығы мен бұқпа суырын құртудың сыртында, өз үйіріндегі бір топ қаншықты, өзге қыранның арланшасын  тіпті ін ішіндегі бауырын көтермеген бөлтірікті, ежелгі тау перісінің тұқым-тұқиянын барлық есіл серігін бірден тауысқан Ақтұйғынның тұрағына бүкіл иістесінен жұда болған, оның да басы әбден қаңғырған құсаланған, сонан соң өз ажалын өзі тапқан айықпас дерттке жолыққан жалғыз көк шолақ, қаңғып келіп қан қақсатты. Айтарға тілі, жыларға көзінің жасы жоқ хайуан күйі қандай аянышты, ойдағы зарды тілімен төгіп, бойдағы дертті көзінің жасымен жуғанды жаратушы сол шыркіндерге неге жазбады екен?!

Әуелі мұқым үлкен бір қапталдың әр қуысқа ондап-бестеп күшік тастаған үйіршелері бөлтірігінен айырылды. сол иісқор Ақтұйғын жеті қырқаның қабатындағы қуысқа тімтініп келді де соңындағы жер үстінің жемірін үстінен түсірді, ін аузындағы өңкей терісі сыпырылған тыржалаңаш шала-жансар бөлтіріктер жусап жатады, ондайда озандап ұлиды, жер тарпиды. Бірінің аузын бірі жалап емін-еркін шулайды. Сөйте жүріп тағы да дала жортады, жорта жүріп аңдауға, ажалға жолығады, құрып бітеді. Алдымен сол Ақтұйғын қағуылдап келіп қайдағы бір жан жерден орып жібереді де, соңындағы аңдушының мылжасына тастайды. Тағы да солай бола береді. Әуелі өзгенің үйірі, онан соң өзінің тобы бірден-екіден азайды. Жылда көретін күні солай болған соң арлан соңында өзі жортып тауыспаған шетсіз жер үстінде жалғыз қалды. Оның басына солай бір зауал туды, әбден мазасы кетіп зерікті. Күнді түнге жалғап озандап тұрып толассыз ұлиды, шерге толы бүкіл ішін құса кернеп дөңбекшиді, арлы-берлі аунады, арсылдап тұрып айдалада жалғыз үрді. Сөйтті де соңында көзіне көрінгенге аузын салды, қатырлатып тас кемірді, орманның қабығын шайнады тіпті төбесінде ұшып жүрген құсқа шапшыды. Керек десе ызыңдаған шыбынды да сақ еткізіп қағып тастады. Солай ұзақ күн өтті, өзінің аш-тоғын да сезгеннен қалды, сөйтті де құлағы шулап көзіне қан құйылған, бүкіл жұлын-жүйкесі әбден салдырап қапалықта қара құсы іріңдеген сәтте құтырып тынды. Құлдай жортты, жорта жүріп Ақтұйғынның мекен-тұрағына алғаш ұйқыда келіп тиісті. Қимылында, бүкіл қозғалысында төтенше асқынған уыттан сырт бөлекше өлермен ширығу байқатқан долы, әудемнің өзінде оң мен солын жайратып салды. Төңіректің төрт бұрышы қан сасыды. Қоң еттері ойылып тасталған, көзі жәудіреген шалажансар жылқы, жұқа шаптан долдана үңгіген сол бір суық тұмсық ішкі өкпе-жүрегін суырып әкеткен сиыр, арқанша шұбатылған ішек-қарындары шұбыра шөпке былғанған ешкі мен қойдың буы бұрқыраған жемтіктері әр жерде серейіп жатты.

Сай-сайдың қуысынан әлдебір дауал түбінен қызыл өңештеп тотияйын түсті шөп нілі сорғақтаған, қырылдаған дауыстар шығады. Әуелде қаперсіз болғанымен артынан қалың қиқу шығарған үйреншікті долы күшке қаша жүріп жалтарыс жасаған дала жыртқышы арынын басып мұратына жеткен тұста тауға қарай жоси жөнелді. Артында сағымша құбылған ақ ноқат байқалды.

Бұл күндері бірнеше қарбасқан, баршындаған кезінде талай арланның соңына түскен қартаң тазы жай қозғалғанымен, қалың қансоқтаның ішінен шыққан шоңайдың соңына мықтап түсті, ұзатқан жоқ, бір қырқада қуып жетті. Әуелде өз ағынына ие бола алмаған Ақтұйғын сарғалаң тартқан бауыр жүнін бұта тарағанмен, көк тарғыл желке жүні үрбиген дүбір аяқтың алдына өтті. сөйтті де тез қайырылып көлденеңнен киіп әкетті. Жалғыз рет қана арс еткен дауыс шығарды да ырылдап қана тұра қалған жасқанған арланның жуандаған мойын түптен орай соғып жұлып өтті, ашулы тарланның өзі де соншалық тездік істеді. Ақтұйғынның тарлан қабырғасынан қауып үлгерді, қатты бір қаңқыл шығарған тазы да қайта қойған жоқ, арпақ-тұрпақ алыса түсті, әуелде екеуі артқы аяқтарын сергек ұстап тік түсті. Сыбағызып терлеген жүндері жасыңқы қолтықтарын жазып жіберіп бірін-бірі сойғылаған құлақ түптен кез келген жерден азу салысты, соншалық көз ілеспес шапшаңдықпен бірнеше рет алма-кезек аунасып тұрды. Сөйтіп олар инеге шыққан соң әп-сәттің өзінде бар қайратын бір-ақ жұмсады, сілесі қатып әбден шаршады, қимылдары барынша тартты, бір сәтте арлан Ақтұйғынды жұлқып тастап қаша жөнеліп еді, бүктеліп түскен жерінен тез тұрған Ақтұйғын шоңайды тірсектеп барды да қызыл асық тұсындағы мұрындық сіңірдің өзін әдетінше қапсыра тістеп қырылдатып шайнап үлгерді, тіпті қанын сорғалатып ойынды еттің ұшындағы доға тарамыстың өзін шорт қиып тастады. Ыңырсыған қорлыққа төзбеген аянышты үн естілді. Тағы да ет қызуымен арқан бойы сымп ете жөнелген жаралы дала жолбарысы көлденең кезіккен жансебіл секе тасқа жонын берді де өз жарасын өзі иіскеп шоңқиып аз тұрды.

Тып-тынық мылқау түн ішінде сол бір жартастың өкпе тұсында Ақтұйғынға бұрын-соңды кезікпеген үлкен бір өр кеуденің жан алып, жан берген дүбірлі жаугерлігі жүріп жатты. Бүкіл денеге бар ес қатар болған, кесек тамырларынан қан сорғалаған көк шолақ та тосын жолыққан мынау бір жан алғышпен мықты алысты. Әлде де кез келген жерден қауып үлгеріп сілкіп тастады.

Дегенмен бұрынғыдай емес, осы бір бөгде сұғанақтың сұрқы кете бастаған секілді. Қозғалысы барандай, денесі ауырлай түскен құрғақ айбарға көшті. Ұштары қаралтқым тақыр қылшықты жүні жандана қалған бет терісін күрбитіп өршелене тиіскен Ақтұйғынға ырылдап қойды. Қою сілекей торлаған қара ирек езуін созғылап, ұзынды-қысқалы тістерін беткелді сақ еткізді, бүкіл дене қуырылып бүрісе түскен өн бойы қан сілекей.

Бір тұста көкжал әбден қалжырады, болдырды. Ортасы ойқыл, сала құлаш, жалпақша тілін салып жіберіп сілкінді, құлағы шулады. Майқұлақтың тұсынан сойып түскен тазының тісі дүниенің бар сайраны екі көздің бірін, қабақ етін қоса сойып ағызып түсірген.

Аз аял жасағанымен қайраты барған сайын солғын тартқан арланның мойны қылжақтап босай берген тұсында денесі сыптығыр Ақтұйғын гүрілдеп келіп тап берді. Бұл жолы дәлдеп тұрып қоқа кеңірдектің өзін азулап орып тастады. Барлық тыныс буылды.

Ендігі сәтте жүктей ғана шоқы тас түбіндегі арлан бұлыңғыр тартқан жалғыз көзін өршелене жұлқылаған Ақтұйғынға ақырғы рет бір төңкеріп діріл басқан денесін баяу ғана құрыстыра берді.

Өзге аң атаулының бәрін қойғанда қасқыр атаулымен сан рет жұлқысқан Ақтұйғын өзіне сирек кезіккен мынау қанды азудың, әдетте түйенің қатты терісін пышақша сойғылаған аузынан өгіз соқса да ұшырып түсіретін апай төс кеудесінен қызылқұрым қан секірген айбарлы көздерінен әуелі сойылша тиетін шолақтау, салмақты құйрығының өзінен сескенген жоқ. Жүрек қанын да, еті мен терісін де өзге қасқырға ұқсамайтын бөтенше бір иіс бар, ол дағы назалы жалғыз қалған бұл өңірдегі ата жаудың ең соңғысын осылай кергіледі, жұлым-жұлымын шығарды.

Тағы сол тып-тынық түн, көк жүзін астарлаған сұйық буалдыр тұмша мұнар байқалды. Арыда тат сүңгісін ұстаған шегенің жылтыр ұшы секілді өңкей өшкін жұлдыз ортасында төңірегін қабат-қабат әртүрлі шеңбер сәуле қоршаған тұтылған ай алқиды да, мынау қым-қуыт тірлікке біртүрлі үрей байқатады.

11

Осыдан артық-кемі жоқ 40 күн өткен соң қырық бірінші күннің түнінде, дәлірек айтқанда, ақшулан арлан ойран салған сол минуттың толған сәтінде    бұл өңірде адам баласы бұрын-соңды естіп көрмеген сұмдық оқиға туылды.

Бүкіл даладағы ендігі қалған тірлік, жан-жануар түгелімен құтырып желікті, шетінен жынданды.

ең әуелі сол жолы құтырған ақшулан шоңайдың тісі денесін сойғылаған, бар уытын  ол дағы ата жауы Ақтұйғынға төккен, содан соң жаралы болып тез жазылған тазы оқыс мінез шығарды, алдына келген астан жеріді, бұрынғы құт бөстегінің үстінен жеріп далаға жүгірді. Мойнындағы қарғыны аяқтарымен кезек тырналады да, күштеп тұрып сыпырып тастады. Сонан соң жиі-жиі түшкіріп алды да албаты дала безіп аз жүрді, әйтсе де неге екені белгісіз, баяғы сол нән жартастың секе басына шығып табан астын искеледі, оның тереңінен, арғы қатпарынан әлденені сезгендей искелеп алды да, табанына түсіп биікке бой созды. Орайлығын жаралап сүзгіледі. Шәуілдеп үрді, соның өзінен де аздан соң тайқып шығып, өз ұяластарының күл-күміраны шығып әлдеқашан шіріген заманғы сүйегі жатқан шұңқыршаны тұмсығымен түрткіледі. Құшырланып тұрып иіскеді. Ішіне жылан түскендей дөңбекшіді.

Сенделген Ақтұйғын енді алдына ас, аузына қант тастап жадылаған ақы иесін іздеп барып көк балтырдан қатуланып тұрып орып-орып жіберді. Сол тұста өзіне бұрын-соңды байқалмаған долы күш біткендей болды, тіпті шынын айтқанда, бұрын-соңды тісі тигендерге бұлай қатуланбаған секілді қимыл байқатты.

Иесін сұлатқан Ақтұйғын үй ішінен, қайдағы бір харекет, қимыл маңынан іздеп жүріп үлкенді-кішілі екі аяқты машайық біткенді, өздері де шегінен шыққан есірік делқұлыларды шетінен қауып шықты. кез келген жерден орып тастады, беткелді талады. Соңында сол қожайын иесінің мал атаулысын да аман қойған жоқ, көз ілеспес шапшаңдықпен оларды да емін-еркін тістеледі. соңында дәрмені құрыды, көзіне көрінгенді бір-бір сүзгілеп барып соңғы тынысын тоқтатты.

Істің ақуеті былай болды:

Қасқыр болса да қасындағы қабақ сүзіскен қаншығынан, бөлтірігінен, қараң-құраң досынан, өзге үйірлесінен, қысқа бір бөктердегі барлық тұқымынан айырылып күні қараңғы соққан қапы көрген, ұйығып, уласып-шулайтын, ұзақ жортуыл сайран көретін төңірегіндегі бар қызығынан айырылған соң құтырып жынданған ақ шулан арлан бойындағы бар дертін, зарын, қарғысын Ақтұйғынға тастап берді. Өзіндік киесі бар, адамзаттың алғашқы серігі солай дерттенді. Арғы пірлерге жан ашырлық танытқаннан бергі итпекке түскен соңғы күнәнің есесін ол дағы қайырды да, солардың өзін де ажал сілекейімен бұлғады. Соңында сол өңірдің ұзақ дәурен көрген, әмірін әлемге жүргізген адам атаулысы да ақыл-естен айырылды. Әуелде олар да қызынып тітіренді, түсінде шошынды көрді, бүкіл тамырлары қарадай шаққылап, миларын көбік кернеді, көздеріне қан толды, ауыздарынан отаулап сілекей атқылады, ақырында жынданды бәлелер! Бірін-бірі кез келген жерде мылжалады, қасқырша таласты, ит болып ұлыды, түлкіше құбылып, қарсақша шәуілдеді. Әлі жеткенін алып ұрып малша бауыздады, алақан қуысын ыстық қанға толтырып тамшысын да жерге түсірместен құнығып тұрып ұрттады. Кеуде шеміршектерін сөккілеп өздерінің үлбіршегін өздері шайнап қылғынды. Жұп-жұмсақ адам сүйегін қатырлатып, қанды кемігін сорды. Әуелі өнер шығарып доп-домалақ төбе сүйекті ойып жіберді де бұжыр-бұжыр миларын шұқыды, мойын сүйек пен арық белдеменің жігін ашып ұзынша жұлындарын суырып алып қылғынды.

Адам деген немелер әншейінде ғана, қуыршақ киім ішінде, қалыпты тірлік тұсында ғана бұл дүниенің көркі болғанымен, мынадай заман ақыр тұсында бүкіл жаралмыштың барып тұрған сүйкімсізі боларын кім білген? Бір топ құтырықтың тыржалаңаш кейіптерін, қылығын айтсаңшы, әлем жиіркенеді, әлі жеткеннің қуатын сорған, күйленген құтырық иелерінің әйелдер мен ерлердің мауыққанын адамды қойып хайуан атаулыға жазбасын. Хайуан шіркіннің нәпсі заруатын басардағы қимылы, бұқа болғанда күйлеген құнажынның әукесіндегі кенені, қайызғақты, ұсақ бөрткенді мүйіз тілімен тарап тазартып беруі, айғыр болғанда бие байқұстың ұсақ шаң тұныған жалын тістелеуі, әтеш атаулының аузына түскен бір түйір дәнді алдымен мекиенге тастап беруі мына қояншықтардың қылығына қарағанда әбден орынды секілді.

Иә, жасырусыз өңкей жалаңаш сорақы тәнділердің махаббаттан, сезімнен, жұмсақ майда барлаудан там-тұм қалмай жұда болған ессіз қылықтарын көргеннің көзіне құм құйылсын! Міне осылайша ұзақ-ұзақ жылдар бой әулие көрінген, талай пәтуә, заң-закон, өлмейтін, өзгермейтін салт-сана шығарған бір өңірдің адам атаулысы аз-ақ күннің ішінде осылай құрыды. Адаммен бірге арланның, Ақтұйғынның тісі тиген мал атаулы да соны көрді. Мал атаулының сілекейі тиген қырқынды шөп басындағы құтырыңқы, бұзылған иіске уланған өзге мақұлық ұсақ-түйек хайуан да сол зауалға жолықты.

Ғалам тірлігінің сан қызығы бұрқылдаған сол өңірдегі аз күн ішінде оба тигендей шетінен жусаған адам, хайуанат атаулының өлігін шоқынған, иісі тиген құс, құрт-құмырсқа атаулы да сол аурумен тыным болды. Арғы-бергі зәурен иелері асқына барып осыны көрген алақандай бір қуыс, әлі ешкім біле қоймаған құтырық қойнау ұзақ жылғы азаптан, ауыр масылдан құтылды.

Әуелгі жаралмышта солай теңшелген, бірінің күн көрісін біріне жазғанымен белгілі шектеме қалыбы бар, гүлденіп-құлпырумен зауал атаулыны да бір көретін тірлік иелерінің трагедиясынан, өңкей бүліктен құтыла қалған сол аумақ келісіп тұрып сілкінді. Сол-ақ екен, ар жағындағы ақ қарлы таудан ағып келіп көлденең түскен нән жартасқа іркілген, көл құрғаған, ұзақтан бері жер астының таза мөлдіріне, жер үстінің, аспан астының сор тамшылары қосылып молығып өсіп отырған өлі су өз өнерін көрсетті. Аяқ астынан айға ұласқан толассыз жаңбыр жауды. Алып табиғаттың бір бұрышы қарадай балқып бусанды. Баяғы молая бастаған асау өзен ақ көбік бұрқыратып арнадан асты, сөйтті де үш жағын тосқан екі сілем жота мен көлденең жартасты, қарадай қысылған тебінді еркін толқындар қалпақша ұшырып еңіске қарай бір-ақ жосылды.

Заманғы нән жартастың құлағаны – омырылғаны мұң екен, жеті қабат жер астынан бұрқ етіп түңіліктей қара көлеңке, тірлігі зым-зия болған өңірді өңмендей жортып тінтініп жүрді.

Жер үстіне сылқылдап тұрып көкқасқа тұла толқындар жайылды. Санап тауысуға болмайтын әр қилы порымдағы қалың өлексені, қурап сасыған жемтікті, күн қақты қаңқаларды, енді керектен мүлдем қалған ұсақ шабыра өлексені ағызып тынды.

Бір кездегі паң денесін, қара қоңыр тәнін ұзақ кірлеткен, барған сайын қалыңдай түскен лат дүниеден тазара қалған табиғат, қалың мазасыз дабырдан, қан төгістен, күндіз-түні толассыз тобымен туылып жатқан жауыздықтан құтыла қалған әулие мекен енді ешбір қыбырсыз-қимылсыз ұзақ ұйқыға көшті, маужырады. Қайталап айтқанда жаралғалы жарадан көзін ашпаған, әбден мазасы кетіп тұралаған, тұнжыр ғалам кінәдан тазарды. Мың-миллион жылдық ұзақ ұйқыны күткен, көзіне тіреу қойған әлем аңғары осылайша рахат тыныштыққа көшті. Бірақ тірлік ұясының тосын ұшыраған бұл күйі де баянды болған емес. Енді ол өзгеше күйбең тірлікті басқаша бір даму соңындағы қайталана беретін тозғынды, жаңалануды өзінен басқа ерекше алыстағы әзірше тылсым көз ұшындағы бөгде дүниеден күтеді.

Жер-әлемге маза бер, адамзат!


Жұмабай Біләлұлы

ҚХР жазушылар одағы VIII-IX құрылтайының тұрақты жорасы, Орталық жазушылар одағы және Мәдениет министрі, мемлекеттік аз ұлттар әдебиет қоғамы, мемлекеттік ғылым академиясы сынды елеулі органдардың көп реткі марапатына ие болған, мемлекеттік еркеше степендия иегері. Қазақша онтомдық, қытайша алты томдық шығармасы жарық көрген. ҚХР-ның бірінші дәрежелі жазушысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351