ҚМА Арман Шораевтың ізіне неге түсті?
Осыдан бірнеше күн бұрын Қаржылық мониторинг агенттігі «Қазақстан барысы» жобасына қатысты тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.
«ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу аясында «Қазақстан барысы» қазақ күресінен турнир өткізуге бөлінген 1,075 млрд теңге бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексеріп жатыр», - делінген агенттік ақпаратында.
«Басшылардан, мердігер өкілдерінен жауап алу, тінту және құжаттарды алуды қамтитын тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесін көздейтін басқа ақпарат жария етуге жатпайды» - деп жазылған.
Айта кетері, «Қазақстан Барысы» жобасы танымал қоғам қайраткері, журналист, «КТК» телеарнасының бас директоры болған Арман Шораевтың бастамасымен қолға алынған.
Осыдан кейін Арман Шораев мырза әлеуметтік желідегі парақшасында өзі мен әріптестеріне қатысты қысым жасалып жатқанын жазды.
Арман Шораев:
Жап-жаңа Қазақстанның жаңашыл билігі менің айналамдағы адамдарға, әріптестеріме, жақтастарыма түрлі себептермен қысым жасауды бастап кетті. Журналист ретінде жасаған жұмыстарымнан мін іздеп, архив ақтаруға көшті. Көптеген жобаларды бірге жүзеге асырған пікірлестерімді заңсыз тергеп-тексеруде. Кейбіреуін тіпті заңсыз шетелге шығармай, заңсыз тінтулер жасауда.
Сондағы көздегендері менің аузымды жабу! Мен осы азаматтық ашық ұстанымға көшкенде алдымнан не шығатынын біліп келген адаммын, шырақтарым! Менің ұстанымымнан айнытам деп текке терлемеңдер!
Менің айналамды заңсыз тіміскілеп, адвокаттардан «Арман билікке келсін, жолықсын, анаусын қойсын, мынаусын қойсын» деген сәлемдеме жолдағаннан түк шықпайды!
Мен жүзеге асырған «Қазақстан Барысы» жобасын да тілге тиек етіпсіңдер, айналайындар, идея менікі болғанымен, бұл жоба қазір халықтың қазынасына айналған. Аталарыңның асы мен наурызда ғана естеріңе түсетін қазақ күресін, түйе балуандарды елге танытып, сондай жоба жасасаңдар, сендерге кім «қой» деді?!
Мені қаралап, жемқор қылып, халықтың алдында қарабет қылуды көздеген екенсіңдер, ақ жол! Бір қуанатыны - қазір халық өзгерген, көзі ашық, билік не айтса соған құлдық ұрмайтын қоғам қалыптасып келе жатыр! Сол үшін де сендердің сапарларың қысқа!
Типа әділ өткізген сайлауда әділдіктің көзін ойып тұрып дауысымды ұрлап алдыңдар, бірақ менің азаматтық көзқарасым мен сөз бостандығымды ұрлай алмайсыңдар!
Құрметті дос-жаран, ниеттес-пікірлестер, биліктің жаңа стильдегі қуғын-сүргіні мен советский шаң басқан қысымына қынжылатын мен емес, мен ақпын!
Abai.kz