Батьканың Назарбаевқа телефон соғуы...
Әлдеқашан саудасы біткен Назарбаев әулетінің саяси сахнаға қайта оралуынан қауіптенетін кейбір оқырман Батьканың Әбішұлына телефон соққанынан секем алып қалды, - деп жазады Dala Inside арнасы.
Пригожин бүлігін басуға дәнекер болған Лукашенко бүгін түс ауа Әбішұлына қоңырау шалып, кешегі дүрбелеңді майын тамызып әңгімелеп бергенге ұқсайды.
Пенсиядағы адамға ермек керек. Ескі доспен есі кетіп сырласқан Назарбаев «Путин мен Пригожиннің арасындағы жанжалға» қатысты біраз инсайд ақпаратқа қаныққаны анық.
Экс-президентті елеп-ескеретін жалғыз адам - Лукашенко. Беларусь президенті саясаттың кәрі сырттанымен Назарбаев отставкаға кеткелі хат-хабар алмасып тұрады.
Есесіне, ресейлік пропаганда алақанын ысқылап отыр. Бүгінгі жағдай «путиншіл» медиа үшін бірталайға дейін азық болмақ.
Кремль идеологтары «Пригожин бунты Ресейдің ішкі шаруасы екенін» шегелеп айтқан Тоқаевтың кешегі мәлімдемесін таразылау үстінде.
Президент осы арқылы ОДКБ-ның Ресейге бармайтынын аңғартқан еді.
Бірқатар пропагандистер мұны сатқындыққа балап, «Кемелұлы Путиннің жон арқасына қанжар қадады» деген сарында сарнай бастады.
Тоқ етерін айтқанда, Тоқаевқа тісін қайрап жүргендер үшін бүгінгі инфа іздегенге сұраған болды.
Алдағы 24-48 сағатта:
«Лукашенко қиын сәтте теріс айналған Тоқаевқа қыр көрсетті»; «Назарбаевтың абыройы қазіргі президенттен асып тұр»; «Қос билік ешқайда жоғалған жоқ»; «Экс-президентке хабарласуды Путин бұйырды, оның Тоқаевтан көңілі қалды...» деген сыңайдағы провокациялық контент күрт көбейеді.
Abai.kz