Путин Пригожин бүлігінен ұшқыштардың қаза болғанын мойындады
Ресей президенті Владимир Путин "Вагнер" жеке әскери компаниясына қатысты жаңа мәлімдеме жасады.
Путин қарулы көтеріліс бәрібір басылатын еді деп мәлімдеді. «Пригожин мен басқа да бүлікшілер сатқындық жасады», - деп айыптады.
«Көтерілісті ұйымдастырушылар еліне, халқына опасыздық жасады. Дұшпандарымыз қоғамымыздың екіге бөлінуін қалады», - деді Ресей Федерациясының басшысы.
Владимир Путин көтерілісшілердің жолына түскендердің барлығына алғыс айтып, Беларусь президенті Александр Лукашенкоға «Вагнер» ЖӘК-на қатысты жағдайды реттеуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Өз сөзінде ол 24 маусымдағы көтеріліс кезінде Ресей Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерінің "Вагнермен" қақтығысы кезінде ұшқыштардың қаза тапқанын мойындады. Десе де Путин қайтыс болғандардың санын және басқа мәліметтерді нақтыламады.
Ресей президенті "Вагнер" ЖӘК жауынгерлеріне Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруды және үйлеріне қайтуды немесе Беларуське баруды ұсынды.
Еске салайық, 24 маусымға қараған түні "Вагнер" ЖӘК басшысы Евгений Пригожин «әділет маршын» бастап, Мәскеуге аттанған, бірақ астанаға аз қалғанда Белорусь президентінің арағайындығымен әскерін кері қайтарған. Путин «Вагнер» басшысының әрекетін «арқадан пышақ сұғу» деді. Ресей Федерациясының Федералды қауіпсіздік қызметі қарулы көтеріліске қатысты қылмыстық іс қозғады.
Кейін Кремль Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылатынын, оның Беларуське кететінін хабарлады. Ал билік көтеріліске қатысқан «Вагнер» жасағын қудаламайтынын айтты.
Abai.kz