Отбасылық дәстүрлерді қалыптастырудың маңызы
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ халқы. Отбасында қандай тәрбие көрсе, бала ержеткенде сол тәрбиені қоғамда, өзі жүрген ортасында қолданады. Ата-анасының мейіріміне бөленіп, жақсы мен жаманды ажыратуды үйреніп, санасына игі мақсаттарды, рухани құндылықтарды сіңіріп өскен баладан нағыз елін, жерін сүйген патриот, адамгершілігі мол азамат қалыптасатыны анық. Бала тәрбиесіндегі дәстүрлер, қалыптасқан әдет-ғұрыптар әр отбасында әртүрлі. Жеткіншектің азамат болып өсуіне отбасындағы өзара қарым-қатынастың әсері күшті.
Отбасындағы дәстүрлер жанұяның психологиялық жағдайының ажырамас бөлігі. Оның балаға деген әсері орасан. Отбасылық дәстүрлер заңмен, белгілі бір актілермен бекітілмейді, ол қоғамдық пікірдің күшімен сақталады және ежелгі ата-дәстүрдің жаңаша жалғасы болып табылады. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші, көне дәстүрлердің кейбірі өзінің маңызын жоғалтады, ал кейбірі заманына сай өзгеріп,маңызы артып, түрлене түседі. Бұл табиғи процесс. Ежелгі әдет-ғұрыптардің заманауи құбылуы оның тәрбиелік мағынасын жоғалтады деген сөз емес. Көптеген отбасылар өздерінің ережесіне сай, ата-бала дәртүрінен өнеге ала отырып, парасатты әдет-ғұрыптар қалыптастырған. Ол үшін қатты күш салудың қажеті де жоқ. Ол өздігінен атқарыла беретін дүние. Сонымен, бала тәрбиесінде маңызы жоғары отбасылық дәстүрлерге тоқталайық.
Соның бірі – отбасылық кеңес деп аталады. Отбасы мүшелері апта ішіндегі бір күнді белгілеп, үстел басына жиналып, жанұяда болып жатқан барлық мәселені ортаға салады. Шешімін табады. Екіншісі, отбасының табиғат аяғысан шығып тұруы. Балалрды табиғатқа алып шығып, қоршаған ортаны қорғау, таза ұстау, өсімдік пен жан-жануарларға құрметпен қарау, туған жерінің табиғатын сүюге баулу өте маңызды. Мәселен, қысты күні алғашқы қар жауғанда далаға шығып, аққала жасау, көңілді уақыт өткізу немесе көктем мезгілі туғанда айналаны тазартып, ағаш егу пайдалы, тәрбиелік маңызы жоғары дәстүрлер. Одан кейінгі әдеттің бірі – балаларды кітап оқуға баулу. Кітап оқудың жас ұрпақтың ойын түзу қалыстаптыруда атқарар қызметі ұшан-теңіз екені баршаға аян. Оқығанды талдап, миына тоқуды үйреткен абзал.
Оқылған кітаптан алатын әсер мен отбасындағы жақын адамдардан алатын тәрбие бала дүниетанымын қалыптастыруда аса маңызды фактор болып саналады. Бұл факторлардың бірігуінен баланың бойында тың, терең ақыл пайда болады. Мұның бәрі табиғи жүреді, кітап оқуды үйренген бала тағы кітап оқитын баланы табады не болмаса достарын кітап оқуға қызықтырады. Мұндай кезде баланың оқуға деген ынтасы ашылып, әуесқойлығын оянады. Кітап бетінен көрген әдеп нормаларын, моральдық нормаларды жақын адамдарының бойынан көріп, адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына негіз қаланады. Отбасындағы тәртіп мәселесі деп отбасылық дәстүрлердің бір түрі десек қателеспейміз. Оған отбасы мүшелерінің мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, сөйлеуі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы кіреді.
Баланың азамат болып қалыптасуында мәдени орындарға барып, танысуы көп әсерін тигізеді. Театр, кино, концерт, мәдени іс-шараларға барып көруі оның таным көкжиегін кеңейтеді. Көптеген отбасыларда мереке күндерін, отбасы мүшелеріне қатысы бар елеулі күндерді атап өту қалыпты жағдайға айналған. Бұл да отбасы үшін маңызды құндылықтың бірі. Ересектер мен балалар біргі мәз-мейрам болып дайындалып, бірге түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Қонақ күтеді, әр ересекке, әр балаға тапсырмалар беріледі. Мұның бәрі отбасы мүшелерін жақындастырып, ата-ана мен баланың қарым-қатынасын нығайтады. Жақын адамдардың бір-бірін жақсы көре түсуіне себепкер әрі санасында керемет естеліктер қалдыруға көмектеседі. Бала мұндай оқиғалардан өзіне белгісіз жаңа дәстүрлерді үйренеді, үлкендердің келелі әңгімелерінен тағлым алады. Ата-анасына жәрдемдесіп, жауапкершілік алған баланың бойында іскерлік қасиеті дамиды.
Жақсы дәстүрлер әрқашан отбасын біріктіруге жұмыс істейді. Отбасылық мерекелерде әулеттің үлкен-кішісі жиналып, бірліктің үлгісін, арқа-жарқа сөйлесуі бір-біріне бауырмалдықтың көірінісін беріп, өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге көрсетеді.
Осындай мағыналы дәстүрлер өскелең ұрпақтың дұрыс азамат болып қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Алайда, қазіргі заманда балаларына қарауға, отбасылық дәстүрлерді ұстануға уақыты жоқ, жұмысбасты ата-аналар көп. Жалпы ата-аналар бала тәрбиесінде мынадай қателіктерге жол беріп жатады:
Бала 5 жасқа толғанша, яғни мектеп жасына жеткенше оған тұрақты түрде көңіл бөле алмауы; баланы шамадан тыс қорғауына алу, осы орайда «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» деген қазақтың сөзі бар. Үйдегі барлық ересек адамдардың жалғыз кішкентай балаға қатты назар аударуы. Сондай-ақ, күнделікті тұрмыста көпшілік ата-ананың «балама өзім көрген қиындықты көрсетпеймін» деген ұстанымы болатынын байқаймыз. Осы ұстанымды шамадан тыс орындаймын деп балаға жауапкершілік бермеу – қате әрекет.
Ата-ананың рухани жұпыны болуы, ұлттық тәрбие мен этнопедагогика ілімінен мақұрым болуы, отбасы педагогикасы білімінің жеткіліксіз болуы ұрпақ тәрбиесіне кері әсер ететін факторлардың бірі. Бұл адамгершілік нормаларына қайшы ақпаратты тұтынатын, түрлі қатігездікке бейімдейтін контентті пайдаланатын, жан-дүниесі жадау жеткіншекті қалыптастырады. Психолог мамандар ата-аналардың көбіне бала тәрбиесінде жіберетін қателігі: материалдық жағынан қамтып, тәрбие беруді кейінге қалдыру, екінші орынға түсіру екенін айтады.
Баланың тәрбиесі отбасының материалдық жағдайымен өлшенбейді. Бала тәрбиесінде «бір шексіздіктен екінші шексіздікке кетуге болмайтынын» айтады сарапшалыр. Мәселен, соның біріншісі: тым еркінсітіп, өз бетіне қоя беру, қателіктерін түсіндірмеу, шара қолданбау, беталды мақтау болса, оған қарама-қайшы әдіс: аса қаталдық таныту, ұрып-соғу, орынсыз жазалау, баланың қателігін түсіндірмей, дүрсе қоя беру, қорқыту болып саналады. Өкінішке орай, осындай қателіктер орын ала бастаған кезде, баланың оқу үлгерімі төмендейді, қоғамдық жұмыстарға қызығушылы сөне бастайды. Ал отбасында бала тәрбиелеу жөнінде түрлі әдебиеттерден оқып, ізденген, бала тәрбиесінің дұрыс әдіс-тәсілдерін айқын түсінген ата-аналардың балаларының қоғамдық белсенділігі әлдеқайда ерте дамиды. Ауқатты отбасылардың баласының сөзін екі етпей, айтқанын істеуі, аламын деген дүниесін сөзге келмей алып беруі, үй тірлігіне араластырмауы, баланың болашақта өзімшіл, жалқау, инфантильді, тек басқаның есебінен өмір сүріп, өзі ештеңеге қол жеткізе алмайтын қоғамның бір мүшесіне айналдырады. Тура сол сияқты осы сипатталған әдіске қарама-қайшы әрекет еткен ата-аналар да балаларының тура жолдан тайқып кетуіне әсер етеді. Олар аса қаталдықпен тәрбиелеймін деп, әртүрлі қысым көрсетіп, тыйым салып, аздаған білместікке қатал түрде жазалап, ар-намысын қорлайтын әрекеттер жасау арқылы өз баласын жеккөрушілігіне ұшырайды. Мұндай жағдайда бала ата-анасын сыйламайды, қоғамға өшпенділігі болады.
Баланы тәрбиелеудегі отбасыларды үш топқа бөліп қарастырсақ болады: Біріншісі, баланы қалай тәрбиелудің парасатты жолын біледі, өзінің отбасылық дәстүрлері қалыптасқан, балаларына тек үйде жақсылықты үйретіп қана қоймай, олардың мектептегі қоғамдық жұмыстарына қызығушылық танытып, көмектесіп өзге ата-аналарға үлгі көрсететін топтағы отбасы. Екіншісі, қоғамның басым көпшілігін құрайтын топ – балаларына өнегелі тәрбие бергісі келеді, бірақ оның әдісін-тәсілін білмейді. Үшіншісі, балаға тәрбие беру жолын білмейді, білуге де тырыспайтын төменгі әлеуметтік топ. Көбіне осындай отбасылардан «қиын» балалар шығып жатады.
Бұл жердегі негізгі мәселе – ата-аналардың тәрбие беру беру жөнінде нақты әдістерге жүгінбеуі, оларды жете түсінбеуі. Мысалы, мектептің балалармен жұмыс істеуінің өз жүйесі қалыптасқан, сол сияқты үй ішінде де тәрбие берудің өзіндік формасы болуы керек.
Тәрбие беруде, адамның жоғары моральдық қасиеттерін дамытуда, адамгершілік сезімін, эстетикалық талғамын қалыптастыруда қоғамдық тәрбие институттарының алар орны ерекше. Отбасы тәрбиесі – бұл да қоғамдық тәрбиенің бір бөлшегі, дұрыс азамат қалыптастырудағы ата-ананың міндеті. Мемлекет тарапынан балалардың қоғамға пайдалы азамат болып өсуіне көптеген мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, аналарға жәрдемақы беру, балалардың еңбек, спорт лагерьлерінің, ғылыми техникалық және көркем шығармашылық үйірмелерге қатысуын қамтамасыз ету, әйелдердің халық шаруашылығына қатысуын үйлестіру. Ал отбасының міндеті, баланың өсіп-жетілуіне жағдай жасау, тәртібін қадағалау, еңбекке баулу, білім алуын қамтамасыз ету. Мектептің міндеті, ата-аналармен ұдайы қарым-қатынаста болу, бала тәрбиесіндегі олқылықтарды түзетуге үнемі ескерту жасап отыру, білім беру.
Педагогика ғылымдарының докторы Қалыбекова Асма Ахметқызы бала тәрбиесіндегі отбасы мен мектептің айырмашылығы туралы былай деген екен: «Біз ұзақ уақыттан бері балаға тәрбие беретін негізгі орын мектеп, ал отбасы соның көмекшісі, серіктесі деп келдік. Бірақ өмір өзі көрсеткендей, тұлғаны қалыптастырып, қоғамға қосатын ең негізгі тәрбиеші – отбасы. Бұдан біз қандай қорытындыға келеміз? Бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана мектептегі мұғалімдерден кем емес педагогикалық білімді, білікті болуы керек».
Сонымен, отбасындағы тәрбие баланың адам болып қалыптасудағы негізгі баспалдақ. Балада ұлттық таным жүйелі қаланып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын, елжанды азамат бола алады. Егер адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса, өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышымен, азаматтық парызына ұласатынын аңғарады.
Қазтай Аяна Серікқызы
Abai.kz