Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 3107 3 пікір 30 Маусым, 2023 сағат 12:54

Шәкәрімнің адамгершілік қасиеттері

Шәкәрім рухани жетілудің шыңына, яғни әулиелік деңгейге жеткен адам. Өзінің жүрегін толық тазартқан әулие көптеген керемет қасиеттерге ие болады. Ол фәни әлемнің ықпалынан толық шыққан. Қарапайым адамның бойынан кездеспейтін сондай ерекше қасиеттер Шәкәрімде де  болған. Солардың арасында оның шексіз мейірімділігі мен еркінділігін атап өтуге болады. Оның бұл жоғары адамгершілік қасиеттері бүгінгі қоғам үшін үлгі болатын рухани құндылықтар ғана емес, сонымен бірге, Шәкәрімнің жеткен рухани деңгейін де көрсетеді. Сондықтан, әулие бабамыздың сол қасиеттеріне қысқаша тоқталайық.

Шексіз мейірімділігі. Шәкәрімнің әулиелік қасиеттерінің бірі – оның шексіз мейірімділігі. Күнделікті өмірде сирек кездесетін ерекше мейірімділігі туралы оның баласы Ахаттың жазғандарынан, сонымен бірге, оның өзінің еңбектерінен де біле аламыз. Ахаттың өз әкесі туралы жазғандарынан Шәкәрімнің өте биік адамгершілік қасиеттерін көре аламыз.

Шәкәрім өзінің балаларын дұрыс тәрбиелеуге ұмтылып, сонымен бірге, туыстарына, маңындағы руластарына үнемі қамқор-мейірімділік көрсетіп, көмегін аямаған. Халық қамы үшін атқамінер болып, болыс болып та сайланды. Тіпті, революцияның алғашқы жылдарында Алаш партиясына мүше болып, ел үшін күресіп, бостандыққа арнап өлең де жазды. Сол жылдары бір-біріне ғашық болған екі жасты ескі ғұрыптың шырмауына бермей, бүкіл қауымның еркіне қарсы тұрып, оларды әділет жолымен бір-біріне қосып, махаббаттарын аман алып қалғанын да білеміз. Ол өзі көп оқып, көп білгенімен қоймай, ол білгендерін басқаларға жеткізуге ұмтылып, елге үлгі көрсетіп, ақылшы болып отырған. Тіпті, сол кездегі жергілікті коммунист үкімет басшыларының кейбірі одан ақыл-кеңес сұрап отырған екен. Ал шығармашылығына  келетін болсақ, ол келешек ұрпақ қамын ойлап, жазғандарын соларға арнайды. Міне, бұл Шәкәрім мейірімділігінің кейбір көріністері ғана.

Адамгершілік қасиеттер жүректен шығады. Жүректің тазару барысында адамгершілік қасиеттер түрлі деңгейлерден өтеді. Сондықтан мейірімділіктің де түрлі  деңгейлері бар. Бірінші деңгейге – сана-сезімнің тән деңгейіндегі адамның тіршілігін қамтамасыз ету үшін жасалатын мейірімділік. Бұған тамақ, киім, жатар орын тәрізді адамның тәнін сақтау үшін қажеттіліктерін қамтамасыз ету жатса, ал одан жоғары екінші деңгейге – білім беріп, ой-өрісін өсіру, өнер-білім үйренуге көмектесу тәрізді оның интеллектуалдық қабылеттерін өсіру жатады. Бірақ ең жоғары мейірімділік бар. Бұл мейірімділік – жан иесіне бұл фәни әлемнің зардабынан толық құтылуға  көмектесу. Міне, бұл – ең жоғарғы, қарапайым адамдардың қолынан келмейтін, сирек мейірімділік. Әулиелердің мейірімділігі, міне, осы деңгейде. Олар бір адамның, бір топтың, не болмаса бір халықтың ғана қамын ойламай, бүкіл адамзаттың қамын ойлап, солар үшін еңбек етеді. Сондықтан, олар бүкіл адамзат ұстаздары. Шәкәрімнің рухани деңгейін, міне, осы деңгейден көре аламыз. Бұған көзімізді жеткізу үшін мысал ретінде оның жүрегінен шыққан төменгі өлеңіне тоқталайық.

Неге жандың, сұм жүрегім,
Өзгелердің дерті үшін.
Жарды сүй деп, бар тілегің,
Мен сияқты басқалар.

Өзге асықтар қызғанады,
Басқалардан өз Жарын.
Қызғаныштан кім танады,
Бұл сөзіңе кім нанар?

Мен жомартпын Жар нұрына,
Алса екен деп барша жан.
Жетсе көзің бұл сырыма,
Ой өрісін қылма тар.

(«Сорлы бұлбұл Жарға асық боп»)

Шәкәрім өзінің жан құмарын «Жарды сүй деп, бар тілегің, Мен сияқты басқалар» деп, яғни басқалар да Жарды (Алланы) мен сияқты сүйсе екен деп тілейді. Себебі, фәни әлемде көпшілік қауым рухани білімсіз, тіршіліктің шырғалаңынан шыға алмай зардап шегуде. Олардың бұл аянышты халін көріп отырған ақын жаны ашып, күйінеді. «Неге жандың, сұм жүрегім, өзгелердің дерті үшін» деп жүрегінің от боп жанған кезін білдіріп, зар жылайды. Не себептен ол осынша қатты күйінеді? Оның себебі – басқалардың оның өзі сүйгендей Жарды қатты сүйе алмауы екен! Міне мұндай мейірімділік тек қана таза жаннан шығатын өте сирек сезім. Өзге асықтар дінге бөлініп, басқалардан өз Жарын қызғанып жүргенде Шәкәрім «Мен жомартпын Жар нұрына, алса екен деп барша жан» деп өзінің рухани байлығын бүкіл адамзатқа шашқысы келіп, өзінің шын әулиелік қасиетін паш етеді. Бұл рухани болмыстың шыңында тұрған адамның түсінігі. Ол енді Жардың көп емес, Бір екенін біліп қана қоймай, оны анық сезініп, Оның баршаға ортақ екенін толық түсінген. Ол жұрттың көпшілігі қабылдайтын діннің сыртқы бейнесінен, енді діннің ішкі мәніне үңіледі. Осылай, Құдайдың баршаға ортақ Жаратушы екенін түсініп, қалтқысыз қабылдаған таза рухани деңгейге көтеріледі. Егер осыны түсінсең соңыма ер дегендей «Жетсе көзің бұл сырыма, ой өрісін қылма тар» деп нұсқап, Алланы танудың жолын береді. Бұл ой өрісін кеңітіп, шексіз бақыт беретін жол.

Осындай рухани нұрға толы тағы бір шығармасы «Шын асықтың әрбірі» атты өлеңіне көз жіберіп көрелік.

Бұл сәлемді есіңе ал,
Егер жетсең тілекке.
Жар қанжары маған бал,
Сұқсын сорлы жүрекке.

Талай асық жаралсын,
Жар ағызған қанымнан,
Жер жүзіне таралсын,
Жүрегі таза есті жан.

Сайтан қашып асықтан,
Асыл озып жасықтан,
Бейіс болсын бұл жалған,
Кеудеден  кетіп сасық қан.

(«Шын асықтың әрбірі»)

Шәкәрім рухани жолда оған ешнәрсе кедергі бола алмайтынын білдіре келіп, «Талай асық жаралсын, Жар ағызған қанымнан» деп басқалар үшін өзін рухани құрбан еткендей болады. Асықтар Жарға өздерінің ғашықтық сезімдерін паш етіп, Алла тағаладан Өзінің нұрын беруді сұрап, тілек айтып отырады. Жардың берген рухани азабын қанжар деп атап, «Жар қанжары маған бал» дейді. Себебі, рухани деңгейдегі азап пен фәни әлемнің азабы екеуі екі басқа. Фәни әдемде азап пен ләззаттың арасындағы айырмашылық үлкен, ал бақи (рухани) әлемде бұл айырмашылық жойылады. Рухани әлемде азап жоқ, барлығы да ләззатты. Сондықтан Шәкәрім «Жар қанжары маған бал» дейді. Ал ол қанжардан ағатын қан дегеніміз – Алла тағалаға деген махаббат сезімі. Бұл сезімді асықтар бәйіт ретінде айтып, өлең ретінде қағазға түсіреді. Міне соларды оқып «Талай асық жаралсын», яғни үлгі алып, тағы асықтар пайда болып, пайдасы тисін дейді. Осылай «Жер жүзіне таралсын, жүрегі таза есті жан» деп Шәкәрім бүкіл адамзаттың қамын ойлап, өзінің Жарға деген махаббаты жер жүзіне таралып, пайдасы тисін деп тілейді. Бүкіл болмысты өзгерткісі келгендей «Бейіс болсын бұ жалған, Кеудеден кетіп сасық қан» деп өзінің рухани күші фәни әлемдегі барлық жан иелерін рухани науқастан сауықтырсын деп тілейді. Осы қысқаша шолудың өзі Шәкәрімнің мейірімділік биігін, ол биіктің бүкіл адамзат қоғамын қамтитынын көрсеткендей болады.

Шәкәрімнің еркіндігі. Еркіндік жан қасиеті. Сондықтан Шәкәрім әулиелік деңгейге жеткеннен кейін бұл әлемнің ықпалына берілмейтін еркіндікті сезінген. Бұған оның өмірінен мысалдар көп. Соның бірі – оны Алматыға үкімет қызметіне шақыру сәті. Алматыға барып, үкімет қызметіне орналасатын болса, алдағы болатын аштықтан, қудаланудан құтылатынын және оның барлық туыстарына да жақсы әсері болатынын Шәкәрім, әрине, жақсы білген. Солай бола тұрса да, ол өзінің өмірлік принципін берік ұстанып, бұл пайдалы ұсыныстан бас тартады.

Әулиеліктің бір сипаты осылай көрінеді. Жоғары рухани дәрежеде жан күшейіп, оның ықпалы өсіп, енді тәнді жан билей бастайды. Бұл деңгейде фәни әлемнің ықпалы азайып, адам өзінің құдыреттілігін сезініп, еркіндігі өсе береді. Еркіндік таза жүректен шығатындықтан, ондай адам тіршілік шырғалаңына бой бермейтін қасиет алады. Оның рухани білімі тіршілік құбылыстарын дұрыс түсініп, ал жанның қуаттылығы дүниенің сергелдеңін елемеуге мүмкіндік береді. Осылай жан иесі Алла тағала жолында барлық қайғы-қасыреттен арылып, өзіне бөгет болатын тіршілік байланыстарынан қол үзіп, толық бостандықта еркіндік алады.

Ондай жоғары жетілген адам бүкіл болмыс көріністерін жақсы мен жаманға бөлмейтін тұрақты және сабырлы. Барлық жан иелеріне бірдей қарайды. Өзімен қатарласпен дос болып, жоғары тұрғанға ізетпен, ал төмен тұрғандарға көмектесуге ұмтылады. Осылай әулие нағыз еркіндікке жетеді.

Ол дос пен дұшпанды бөлмейді. Бұл туралы ол былай деп білдіреді:

Дұспаным атса маған тас –
Жар жіберген көз бен қас.
Ұстап сүйіп болам мас,
Бал ғой мені сөккен тіл.

(«Жүректен аққан қанымнан»)

Осылай әулие адамның тіршіліктің шырғалаңына берілмейтін еркін қасиетін көре аламыз. Ол  – толық еркін адам. Ондай адам барлық тіршілік иелері мәңгілікті жан екенін, ал олардың денелері киген уақытша киімдер тәрізді екенін жақсы біледі. Бұл білім олардың рухани болмысын көріп, барлығына бірдей жан ретінде қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан оларға патша мен құл, әйел мен еркек, түрлі діндегі адамдардың барлығы бірдей жан.

Шәкәрімнің осындай халін білдіретін тағы бір өлеңін келтіре кетейік.

Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын, бер арақ!
Қайғы, рахат бәрі бір бәс,
Ешбірінде жоқ тұрақ.

Келсе бейнет – келді, кетті,
Болса уайым – болды не?
Ақ жолыңнан бұрма бетті,
Бас нығыздап мықтырақ.

Мен мешітке келмеді-ау деп,
Сөкпе сопы, молдалар.
Еркін аяқ кетті билеп,
Шын хақиқат жол ұнап.

(«Тура жолда қайғы тұрмас»)

Бұл өлеңінде Шәкәрім фәни әлемнің тұрақсыз екенін, ал рухани әлемнің мәңгілікті екенін сезген кезін жазып отыр. Фәни әлем өткінші, уайым-бейнетке толы, ал одан құтылу үшін «Ақ жолыңнан бұрма бетті» деп Құдай жолынан шықпауды ескертеді. Ол еркіндікке жеткен адам, сондықтан «Мен мешітке келмеді-ау деп сөкпе сопы, молдалар» деп ескертіп, себебі, «Еркін аяқ кетті билеп, шын хақиқат жол ұнап» дейді. Осылай Шәкәрімнің таза рухани жолға түскенін білеміз.

Осы қысқаша жолудан Шәкәрімнің рухани жетілу барысында Хақиқатқа жетіп, қандай биік деңгейге, шексіз мейірімділік пен еркіндікке жеткенін көреміз.

Досым Омаров,

шәкәрімтанушы ғалым, философ

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052