Қайыржан ТӨРЕЖАН. Экологияға да инвестиция керек.
Бүгінде шетелдік инвесторлар қаржыларын Қазақстанның мұнай өңдеу секторына ғана емес, «жасыл экономикаға», экологияға да салып жатыр.
Бүгінде шетелдік инвесторлар қаржыларын Қазақстанның мұнай өңдеу секторына ғана емес, «жасыл экономикаға», экологияға да салып жатыр.
Бұл – желден қуат беретін генераторлар мен күн модульдары ғана емес, сондай-ақ жылуды сақтайтын технологияға және отандық ТЭЦ-дан атмосфераға шығатын зиянды заттардың азайтуға бағытталған инвестициялар.
Өткен аптада «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» («ОАЭК» АҚ) акционерлік қоғамы және Еуропалық Қалпына келтіру және Дамыту банкі (ЕҚҚДБ банкі) арасында Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпорындарының активтерін жаңартуға бағытталған 138 млн АҚШ доллар көлеміндегі инвестицияға Кепілдік келісімі жасалды. Бұл бізге не береді? Жаңартуға және реконструкция жасауға бағытталған 138 миллион доллар (немесе 106 млн еуро) Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы электр қуатын өндіретін кәсіпорындарға бөлінеді. Қазақстандағы инвестициялық сектордың жұмыс істегеніне жиырма жыл болды. Еуропалық Қалпына келтіру және Дамыту банкінің біздің республикадағы инвестициялық бағдарламасы өте ауқымды. Бүгінде «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ бұл банктің клиенті ғана емес, сенімді серіктеске айналған.
Қаржыландыру Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының бас активтерінің күшін арттыру, зиянды заттардың шығарылуын төмендету арқылы өндірістің экологиялық өлшемдерін жақсарту, электр қуатын тарату кезінде шығынды төмендету үшін тораптық активтерді қалпына келтіру және жаңарту бойынша «ОАЭК» АҚ еншілес компанияларының инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталатын болады. Бағдарламаның басты мақсаты – энергетика саласында зиянды заттардың шығарылуын жылына 500 тоннаға дейін азайту болып табылады. Жалпы қаржыландыру аясындағы қарыздың 80 миллион доллары «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» акционерлік қоғамына, 40 миллион доллары «СЕВКАЗЭНЕРГО» акционерлік қоғамына, сондай-ақ «Павлодар ЭТК» АҚ мен «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ әрқайсысына 9 миллион АҚШ доллары көлемінде бөлінеді. ЕҚҚДБ банкі инвестицияларымен бірге компания инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға өзінің қаржысын да салады.
Қазақстанның энергетика секторына инвестиция тартыла бастағаннан бері елімізде шектеулі тариф бағдарламасы пайда болды. «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» акционерлік қоғамы – генерациялау, тасымалдау, тарату сияқты барлық энергиямен қамтамасыз ету салаларын қамтитын «СЕВКАЗЭНЕРГО» және «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» еншілес кәсіпорындары бар, вертикалдық-интегралдық энергетикалық компания болып табылады. Электр тарату желілерінің жалпы ұзындығы – 30 мың шақырым, жылу тораптары – 985 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнде бұл компания екі миллионнан астам адамды электр қуатымын қамтамасыз етеді.
Павлодар 3-ЖЭО және Петропавл 2-ЖЭО – да жоғарыда аталған барлық инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» акционерлік қоғамы стансаларының электр қуаты 1157 МВт өседі, деп жоспарлануда. Бұл тұрмыстық тұтынушылар үшін тиімді болмақ, сондай-ақ Қазақстандағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес құрылған өндірістік объектілерге қажетті электр және жылу қуаттарын өндіруді арттырады.
– 2018 жылға қарай ОАЭК энергия стансалары бас активтерінің толықтай жаңартылған үлесі 62 пайызды құрайтын болады. Инвестициялық бағдарлама аясында экология мен жылу және электр энергияларын тарату кезінденгі шығынды төмендету мәселелеріне ерекше назар аударылмақ, — дейді «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің мүшесі, президент Еркін Әмірханов. Оның айтуынша, ЕҚҚДБ қазақстандық электрэнергетикасына инвестицияны бірінші рет салып отырған жоқ, алайда осы жолғы инвестиция банк пен компания арасындағы серіктестік тарихындағы ең ірі несие болып табылады. Еуропалық Қалпына келтіру және Дамыту банкінің президенті Сэр Сума Чакрабартидің мәлімдеуінше, соңғы он жылдың ішінде банк энергия тиімділігін арттыру жобасына 11 млрд еуро инвестиция салыпты.