Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 3540 3 пікір 12 Шілде, 2023 сағат 14:01

Шәкәрімнің кейбір әулиелік қасиеттері...

Рухани жолда әулиелік деңгейге жеткендердің қарапайым адамның бойында кездеспейтін ерекше қасиеттері болатыны белгілі. Сондай қасиеттерге көпшіліктен дараланған жалғыздық, Алла тағала нұрына бөленуі және ешкімді бөлектемей, барлық жан иелеріне тең қараушылық жатады. Шәкәрім де сондай биік дәрежеде, яғни әулие деңгейінде болған. Оған дәлел ретінде оның өзінің шығармалары бойынша осы қасиеттеріне көз жіберіп көрелік.

Жалғыздық. Бұл фәни әлемде жалғыздық барлық әулиелердің несібесі. Себебі, олардың рухани қасиетін қарапайым адамдар түсіне алмайтындықтан, лайықты құрмет көрсетпек түгілі, тіпті қатарынан шығарып, жауласып та кетуі мүмкін. Осылай әулиелер жиі қуғынға ұшырап, тіпті өлім жазасын алғандар да болды. Мысалы, әулие әл-Халладжды фанатик діншілдер денесін кескілеп, ал Джалел-ад-дин Румидің рухани ұстазы Шамс-ад-дин Табризді қинап өлтірген. Сонымен бірге, Аллаға сүйіспеншілікке жеткен рухани адамдар бұл фәни әлемнің жылтырағына қызықпай, өздері бас тартып, өмір қызығымен жүргендерден шеттеліп, оларға керексіз болып қалады. Рухани жолдағылар --бұл фәни әлем ықпалынан алыстап, бақи әлемге бет бұрғандар. Бұл жағдай кейбір кездерде оларды жалғыздыққа ұрынып, елден шет кетуге мәжбүр етеді. Жалғыздықты қарапайым адам қасірет деп қабылдаса, ал рухани адам Алланың берген шапағаты деп қабылдайды. Елден бөлектеніп, жалғыздыққа берілу Шәкәрім өмірінде ғана емес, Л.Толстой, Ахмед Яссауи тәрізді әулиелердің өмірінде де болған.

Шәкәрім өзінің жалғыздығы туралы Сәкен Қасиманұлы деген адамға былай деп айтқан екен: «...Жалғыздықтың тағы бір түрі – сөзіне құптаушы болмай, өз заманында тұрғыластарының сөзіне қосыла алмай, жалғыз қалғанды айтады. Осының бәрі менің басымда бар іс... Мен өзім қажы болып молдаларға жақпадым. Яғни, олардың шариғатына теріс болып, жалғыз қалдым,.. Шәкәрім қажы емес, дінсіз азғырушы деп жалғыздады молдалар. Мен болыс пен билердің елдегі көп ережелеріне қарсымын, олар да мені жек көрді. Алашорда қызметке шақырды, «уез бол, болмаса дін басқар» деді. Мен бармадым, олар да жақтырмады, «қажысың» деп совет өкіметі де мені жек көреді. Ең аяғы ғылым мен философияда да мен жалғызбын».

Өзінің жалғыздығын ақын өлеңмен былай деп білдіреді:

Дінің шатақ, әдетің арсыздық деп,
Жақпадың молдалар мен халқыңа да.
Ендігі жас: «Ескі иісің шығады» деп,
Олар да келмей отыр қартыңа да...
...Жалғанда сендей жалғыз адам бар ма,
Ешкім баға бермейді нарқыңа да,
Сені көрсе, бәрі де сырт береді,
Қарағысы келмейді қалпыңа да.

(«Жасыңда араластың малтымаға»)

Өзінің жалғыздық себебін ол былай деп түсіндіреді:

Көрген соң ел жарасын анық сезіп,
Аңдайын айдалаға кеттім кезіп,
Ел емес, елге істеген қылығынан,
Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безіп.

Елсізде неге жалғыз қалғанымды,
Қырық жыл нені жинап алғанымды
Сезбейсің тартпаған соң көп қайғысын,
Сен емес ұғатұғын арманымды.

Арманым байлық, мансап, мақтан емес,
Ойлы адам оны әсте олай демес.
Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы
Итше талап өз елін, жырып жемес...

...Айтамын, сөзімді ұқсаң, кейінгі жас,
Қиянатсыз адамға емеспін қас.
Жүректегі дертімді білер едің,
Өсекке ермей, менімен болсаң сырлас.

(«Кейбіреу безді дейді елден мені»)

Шәкәрім бұл фәни әлемнің сырын толық түсіндім дегендей «Ел емес, елге істеген қылығынан, Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безіп» деп оның жалғыздығына ел кінәлі емес, надандардың жасаған қылығы кінәлі екенін білдіреді. «Қиянатсыз адамға емеспін қас» деп өзінің адалдығын көрсетіп, кейінгі жастарды өзінің жалғыздығын дұрыс түсініп, оның әрекетін дұрыс қабылдауға шақырады.

Шәкәрім өзінің жалғыздық сырын «Қырықтан соңғы қырымды», «Кейбіреу безді дейді қатынынан» атты өлеңдерінде де толықтырып айтып кеткен.

Алла тағала нұрына бөленуі. Әулиелердің негізгі сипаттарының бірі –Аллаға ғашықтығы (асықтығы) екені белгілі. Нәтижесінде олар Алла тағала нұрына бөленіп, үнемі рухани экстаз ықпалында (Шәкәрімше – мас) болып, ләззат мұхитында шомылып жүреді. Себебі, Алла тағала нұры шексіз ләззатқа толы. Әулиелер жүрегі осындай балдай тәтті сезімге толы, сондықтан олар бұл әлемнің ләззатынан зардабы көп әдет-ғұрып, мораль-этика ықпалынан шығып, фәни әлемнің сырқатын елемей, үнемі рахат сезімінде болады. Ләйліге ғашық болған Мәжнүндей, олар тек қана өздерінің Асықтарын (Алла тағаланы) ғана сөз қылып, Сол туралы ғана ойлап, Оны ешуақытта естерінен шығармауға ұмтылады. Олар рухани әлемнің есігін ашып, кейбірі ішіне кірген, ал кейбірі Алланың шапағат нұрын сезіп, енді соған жақындауды армандап есік табалдырығында отырғандар. Осылай әулиелерден құралған қауым Алла тағала маңында Оны дәріптеп, дұға оқып, жалбарынып, кейбіреулері достық сезіммен, ал кейбіреулері ғашықтық («асығым» деп) сезіммен, жүректерінен қан (сүйіспеншілік сезімін) ағызып зар жылап жүреді. Бірақ бұл жылау мен фәни әлемнің жылауының арасында жер мен көктей алшақтық бар. Біріншісі – шексіз ләззатқа толы болса, ал екіншісі – қайғы-қасіретке толы. Біріншісі – жан мен тәнді барлық сырқаттан арылтып, нағыз өмірге бағыттаса, ал екіншісі – жан мен тәнді зардапқа бөлеп, өлімге тартады. Бұл деңгейде адам Алла тағаланың ләззат қуатына шомылып, рахат алады. Ол енді бұл дүниемен байланысын үзеді. Оған өмірдің барлық кемшіліктері ашылып, жүрегін бұл фәни өмірден айныта түседі. Тіршіліктің сорақыларын көргенде ақын «астапралла» деп шошынып, Тәңірге толық бой ұрып, тағзым етеді.

Бәріне тең қарайды. Шәкәрім барлық жан иелеріне, өмірдің ыстық-суық тәрізді екіұдай, қарама-қарсы құбылыс көріністеріне бірдей қарап, олардың айырмашылықтарын елемей, бәрін біртұтас болмыс көрінісі ретінде қараған. Ол да фәни әлемнің екіұдайылығынан шыққан.

Аллаға ғашық болу жолында жанын қиып жүргендерге заттық әлемнің құндылықтары жоғалады. Бұндай дәрежеге жеткен әулиелер үшін алтын мен темірдің құндылығы бірдей. Әулиелерге қай жерде өмір сүрсе де – мейлі жұмақта, мейлі дозақта – бәрі бір бәс, айырмасы шамалы. Бүкіл өмір құбылыстарына бірдей қарайды. Олар қай жерде, қандай жағдайда болса да, өздерінің сүйікті Жарымен бірге, Оған үздіксіз құлшылықта. Жарының толық қарамағында екенін сезінгендіктен олар ештеңеден қорықпайды, ештеңеге абыржымайды да. Уақыт ықпалынан толық шыққан, сондықтан оларға күн-түн, қыс-жаз бірдей, олардың әсерін сезінбеуі де мүмкін. Шәкәрім өзінің осындай хал-жайын былай деп білдіреді:

Дүние ісінен шошыман,
Басы жоқта сана жоқ.
Қорықпан дозақ отынан,
Санасызға жаза жоқ.

Енді маған, ойласам,
Дұспан да бір, дос та бір.
Терең ойға бойласам,
Адам менен шошқа – бір.

Екеуі де боқ жейді,
Адамы да, шошқа да,
Алдамшыны дос дейді,
Жауша қара досқа да.

Пайда, зиян бәрі бір,
Осы күнде өзіме.
Бас кесіліп, денем тұр,
Не көрінсін көзіме?

Мендей болам десеңіз,
Уайымсыз азат жан.
Жар тап-тағы бас кескіз,
Сөйтіп құтыл азаптан.

Толы рөмке арақ бер,
Тағы айтайын сырымды.
Мас қыл-дағы алдап көр.
Ұрлап айыл-жырымды...

...Мына көзді қалдырып,
Көңіл көзін көзің қыл.
Бас көзімен қаңғырып,
Ұқпай қойсаң, өзің біл.

(«Жан денеден жалықты»)

Әулиенің бұл сөздерінен оның бұл әлемнің ықпалынан толық шыққан жағдайын көреміз. Осы жолдарды жазып отырғанда ол дүниенің ықпалын сезбей отырған тәрізді. Жар құйған шараптан, яғни шарапат нұрынан шексіз ләззат алып, нәпсіні қуып шығып, өзі рухани сезімнен мас болып отыр. Нәпсіден толық арылдым деген сөз, өлімнен бұрын өліп, тәнді тәрік етіп, Жарға басты шапқызып, тәнді өлтіріп, жанға Жарын тапқызған сәт. Жан мен оның Жары бетпе-бет қалды. Жан толық руғани болмыстың ықпалында, сондықтан оған бұл фәни әлемнің ықпалы жоқ. «Басы жоқта сана жоқ», яғни басы жоқта ақыл да, сана да жоқ, дене өлі. «Санасызға жаза жоқ», яғни ақылы жоқ мәжнүнге жаза да жоқ, ол ауру, ауруға жаза кесілмейді. Мұндай мәжнүнге бұл фәни дүние боққа тән, сондықтан бұл дүниедегілердің қылып жүргендері бос әурешілік. Осылай дүниенің зардабынан шығып, азат жан болу керек. Бірақ азаптан шығу үшін «Жар тап-тағы бас кескіз», яғни ақылдан шығатын нәпсіні билеу керек. Сөзін жалғастыру үшін ол Жардан тағы да рухани арақты, Шапағат Нұрын сұрап мас қылуды өтінеді. Бұл халге жетудің бірақ жолы бар. Ол – бас алғызу, яғни нәпсінің ықпалынан құтылу. Ол үшін «Жар тап-тағы бас кескіз, Сөйтіп құтыл азаптан». Бірақ бұл сырлы сөздердің мағынасын түсіну оңай емес. Түсіну үшін «Мына көзді қалдырып, Көңіл көзін көзің қыл». Сонда сөздің рухани мағынасын естисің. Ал бұл айтқандарды ұқпасаң, не болмаса көнбесең, онда «Бас көзімен қаңғырып, Ұқпай қойсаң, өзің біл» дейді.

Шәкәрім сөзінен, міне, осындай ғибрат алуға болады.  Абай да «Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл, егер сәулең болмаса, мейлің тіріл, мейлің өл» деді емес пе? Әркімнің өз несібесі өзіне. Бақи әлемнің жандары фәни әлемнің жандарына барлық рухани білімді беруге ұмтылады, бірақ оларды зорламайды.

Шәкәрімнің ішкі дүниесінен шыққан осындай сырлы сөздер оның әулиелік деңгейін, қарапайым адамның бойында кездеспейтін оның ерекше қасиеттерін жақсы көрсетеді. Оның сөздерінің зәредей бөлігін түсінудің өзі ғана жүрек көзін ашып, өмір тұңғиығының терең сырын айқара ашатын жол болып табылады.

Досым Омаров,

шәкәрімтанушы ғалым, философ

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381