Әрін Хақназар. Қазақ жастары: «шегірткеше» «тіршілік» ететіндер және «құмырсқаша» «өмір» сүретіндер
Қазақ халқында «Уайым түбі жез қайық, батасың да кетесің. Тәуекел түбі жел қайық, жүзесің де кетесің» деген мақал барын бәріміз білеміз. Уайым-қайғы адамды өзеннің, көлдің, я болмаса теңіздің тереңіне батыратын «жез қайық» болғанымен, оған үрке қарап, «жез қайықтан» «жел қайық» артық деп санау дұрыс болмас. «Жел қайықтың» (уайым-қайғысыздық) да адамды теңіздің талай буырқанған асау толқынына соғатыны бар.
Абайдың «уайым-қайғысыздығына қайғылан» деген сөзін қолдана отырып айтсам, қазіргі замандастарымның (қазақ жастарының) басым көпшілігінің «уайым-қайғысыздығы» маған мүлдем ұнамайды. «Уайым-қайғысыздығы» дегенім ұлтының болашағына салғырттығы, ұлттық тіліне деген «күл болмасан, бүл бол» психологиясы, немқұрайлылығы. Студент жастардың арасында көп жүргендігімнен жастардың бұл «уайым-қайғысыздығын» жақсы білемін... Менің уайым-қайғымның мәні де осында.
Қазақ халқында «Уайым түбі жез қайық, батасың да кетесің. Тәуекел түбі жел қайық, жүзесің де кетесің» деген мақал барын бәріміз білеміз. Уайым-қайғы адамды өзеннің, көлдің, я болмаса теңіздің тереңіне батыратын «жез қайық» болғанымен, оған үрке қарап, «жез қайықтан» «жел қайық» артық деп санау дұрыс болмас. «Жел қайықтың» (уайым-қайғысыздық) да адамды теңіздің талай буырқанған асау толқынына соғатыны бар.
Абайдың «уайым-қайғысыздығына қайғылан» деген сөзін қолдана отырып айтсам, қазіргі замандастарымның (қазақ жастарының) басым көпшілігінің «уайым-қайғысыздығы» маған мүлдем ұнамайды. «Уайым-қайғысыздығы» дегенім ұлтының болашағына салғырттығы, ұлттық тіліне деген «күл болмасан, бүл бол» психологиясы, немқұрайлылығы. Студент жастардың арасында көп жүргендігімнен жастардың бұл «уайым-қайғысыздығын» жақсы білемін... Менің уайым-қайғымның мәні де осында.
Кейінгі кездері мен жастарды екіге бөліп қарайтын болдым. Біріншілері шырылдауық «шегірткеше» «тіршілік» ететіндер, екіншілері «құмырсқаша» «өмір» сүретіндер. Шегірткелердің өзін екіге бөліп қараймын: бірі, ұлттың, халықтың қамын, мүддесін ойламақ түгілі өздерінің де болашағын ойлап бас қатырмайтындар болса, екіншілері, «шолақ белсенділер». Бұл белсенді шегірткелер «ТЖ»-лық («ТЖ» - «Туфли жалау», Мұхтар Шахановтың сөзі) өнерді өте жақсы меңгеріп алғандығының және өздерінің көптігінің арқасында «құмырсқа» жастардың көрінуіне қатты кедергі келтіруде. Ел «ағаларына» керегі де осы белсенді пысықайлар. Оларға айтқандарын екі етпей, тіпті артығымен орындайтын, жастардың арасында қоғамдық пікір тудыруға ат салысатын «өз шегірткелерінің» болғаны керек. Бүгінгі жастар еліміздің ертеңі екені белгілі. «Ат тұяғын тай басар» демекші егер қазіргі ел «ағаларының» орнын осы белсенділер басса, еліміздің болашағы не болмақ?!
Елімізде, өкінішке орай, «халыққа бір тиын пайдасы жоқ, ай сайын бас қосқан жиындары» (Мөңке би) көп, «ел ағаларын» мақтау мен қорғауды басты мақсатым деп білетін, ана тілінің тағдырына пысқырып та қарамай, бөгде тілде сөйлегенде бөгде ұлттың өзін жолда қалдыратын шолақ белсенділер арқылы барлық қазақ жастарының көзқарасын, талап-тілегін, мұң-мұқтажың анықтау орын алуда. Алайда, бұл пысықайлар қазақ жастарының баршасы емес. «Шегірткелік» пен «ТЖ»-лықтан аман қазақ жастары да бар. Рухы, санасы азат, қылыштың өткір жүзіндей намысы бар, ұлтының болашағына бей-жай қарамайтын қазақтың ұл-қыздары («құмырсқа» жастар) жоқ емес. Бірақ бұлар тым аз. Олар қоғамымыздағы мәңгүрттік пен жағымпаздықтың батпағынан асып шыға алмауда.
«Моласыңдай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» (Абай). Қарағандының орыс тілді ортасы ауылдың қазақи ортасында өскен мен үшін жат. Бұл қалада ештеңе де «менікі» емес. Құдды жат жерде, бөгде ортада жүргендеймін. Тәуелсіз өз елімде жүріп, тәуелді өмір сүремін (Парадокс)... Орыс тіліне тәуелдімін.
Мен өзімді неге жалғыз сезінемін? Маңайымда толып жатқан адамдар, араласатын жолдас-жоралар, студент жастар жетерлік. Бірақ мен жалғызбын (Тағы да парадокс). Бөгде тілді орта. Бөгде тілді адамдар. Солардың арасында өзімді жатсынамын. Өмір сүріп жатқан қоғамым бөгде тілді болғандығынан мен оны қабыл ала алмаймын. Осындай жағдайда жатсынуым орынды үдеріс. Себебі тілді адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы немесе талап-тілектерін, мұң-мұқтаждарын жеткізуші құрал ғана емес, тілді адамның, халықтың болмысының көрінісі деп білемін. Халықтың санасының тәуелсіздігі тілінің қоғамдағы мәртебесінен көрінетінін ескерсек, бөгде тілді мәңгүрт «шегірткелердің» арасында бақсының моласындай неге жалғыз қалғандығым түсінікті бола түседі.
«Кеудеңде шыбын жанын болса егер, Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын» (Қожаберген жырау). Қазақ халқының басынан осы уақытқа дейін қилы-қилы кезеңдер өтті. Жау қолынан қаза болып жатса да, батыр ұлдары сатқындықтың, жауыздықтың құрбаны болып жатса да, ашаршылықтан жартысына жуығы қырылып жатса да, тірі қалғандары тоз-тоз болып, бірі шекара асып жан сауғалап, бірі өз жерінде тағдырдың талқысында иленіп жатса да қазақ ұлттық болмысын, ұлттық намысын, ұлттық санасын, ұлттық рухын сақтап қалуға деген ұмтылысын еш уақытта жоймаған. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жерінде өмір сүрген біздің арғы ата-бабаларымыз саналатын хұндар, сақтар, үйсіндер, қаңлылар т.б., одан берідегі көк түркілер елдігін, бірлігін сақтауды мұрат қылған. Қазақ халық болып тарих сахнасына шыққаннан бергі кезде де осы мұрат өзгерместен халықтың бойынан көрініс тапты. Асан Сәбитұлының болашақта халықтың басына орнайтын «Қилы заманды» болжап, халықтың болашағына қам жеп «Қайғы» атануы, «Жер Ұйық» идеясын елдік сана деңгейіне көтеруі, Қазтуған, Ақтамберді, Доспамбет, Шалкиіз... Бұқар жыраулардың «Ел» мен «Жер» үшін қам жеуі, қазақ саяси тәуелсіздігінен айрыла бастаған тұстағы «Зар заман» ойшылдарының зары, қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш Ордашылардың елдік мүдде жолындағы арпалысы, М. Әуезов, Е. Бекмаханов, Қ. Сәтпаев сынды тағдыры тауқыметке толы қазақ ұлдарының тәуелсіздікке деген аңсары, қазақ халқы тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңдегі қазақтың тілін, дінін, ұлттық болмысын сақтатудағы қазақшыл азаматтардың жан-айқайлары қазақ халқының тәуелсіздікке деген мұратының бір сәтке де ұмытылмағанын дәлелдейді, сөзімнің шын екендігін көрсетеді.
«Ай, заман - ай, заман - ай, Түсті мынау тұман – ай. Істің бәрі күмән –ай» (Бұқар жырау). ХХІ ғасыр қазақ үшін тағы бір сынын тағайындады. Бұл сын – қазақтың тілінен айырылу, қисапсыз көп діндердің ішінен дәстүрлі дінін таппай адасу, басқа халықтарда кездесе бермейтін тәрбие даналығынан қол үзу, талай ғасырлар бойы атадан ұрпаққа мұра болып келе жатқан өмір сүру салты – дәстүрін ұмыту, ұлттық құндылықтарынан безініп, батыстану мен орыстанудың «жалаңаштанған» «тәни» құндылығымен улану, яғни ұлтсыздану сыны. Қазақстанның «ұлттар» зертханасында көп ұлттардың қоспасынан тұратын жаңа қазақстандық ұлттың жасалып жатқандығы бұл ұлтсыздану үдерісін жеделдетіп отыр. Бұл ұлттың жасалуына қазақшыл азаматтар қарсылық білдіруде және барынша тежеп жатыр. Бірақ болашақта олардан кейін қазақтың халі қалай болмақ? Тек бүгінгімен өмір сүретін, өз қара басынан басқаны ойламайтын, болашақтың керемет болатындығына сеніп алып, ән айтып, би билеп, уайым-қайғысыз «тіршілік» ететін, жағымпаздану пен мақтаудан басқаны білмейтін шегірткелер заманы болғанда қазақ замана сынынан қалай өтпек?
«Харекетің бар болғаны әрекет...»(Аттар. Бұлбұлнама. Бұлбұлдың байғызға жауабы). Ойымды гректің мына бір аңызымен сабақтасам. Грек даласы көп құдайлық дүниетанымның шырмауында болған бағзы заманда Коринф елінде Сизиф дейтін патша өмір сүріпті. Ол өзінің айлакерлігінің, қулығының арқасында аса мықты патшалық құрады. Өте бай, әрі күш-қуаты мығым патшалықтың тізгінін берік ұстаған Сизиф пендешілікке бой алдырып, масаттана бастайды. Өзін Құдайлардың қатарына қояды, тіпті Құдайлардың патшасы Зевске де бағынбайды. Оған арнап құрбандық шалудан, діни рәсімдерді орындаудан бас тартады. Мұны біліп қойған Зевс қаһарланып, жан алғыш құдай Танатосқа айтып Сизифтің жанын алғызады. Содан ашуға булыққан Зевс Сизифті соттап, қатал үкім кеседі. Үкім бойынша Сизиф үлкен биік таудың ұшар басына дәу қара тасты домалатып шығаруы керек екен. Бірақ Сизиф қанша тырысқанымен, ол тасты ешқашан таудың басына шығара алмайды. Себебі тасты домалатып шыңына жете бергенде, ол төмен қарай домалап кетіп отырады. Бұл осылайша мәңгі бақи жалғаса береді.
Бұл аңыздың астарында абсурд (далбаса) мәселесі жатыр дейді А.Камю. Қазақта далбаса деген сөз бар. Далбаса жасалатын істің күткен нәтиже бермейтінін біліп тұрып, қайта-қайта сол істі жасай берушілік. Сизиф тасты таудың ұшар басына шығара алмайтынын біледі, бірақ мұны білсе де тасты тауға шығаруға ұмтылады. Алайда, мен бұл аңызды басқа мәнде қолданғанды жөн көремін.
Сизиф пен қазақтың тағдырының арасында ұқсастық бар сияқты көрінеді маған. Ұқсастығы біріншіден, екеуінде де ұмтылыс бар. Сизиф тасты тауға шығару үшін ұмтылса, қазақ халқы шынайы тәуелсіздікке жету үшін ұмтылады. Бірақ екеуі де ұмтылыстарынан күткен нәтижелерін ала алмайды. Бұл ешқандай да далбасалық емес. Бұл – тәуелсіздікке деген, азаттыққа деген ұмтылыс. «Қазақ халқының азаттыққа ұмтылысын далбаса деп атауға ешкімнің де қақы жоқ».
Сизифтің тағдыры азапты, ол үнемі тасты тауға шығара алмай қиналады. Қазақ халқының тағдыры да азапты. Ресейдің боданы болған заманнан бастап басынан бағы тайған. Үнемі тәуелсіздік үшін ұмтылыс, арпалыс, өкініштісі, қазақ сол заманнан бері ешқашан түбегейлі тәуелсіздікке жеткен емес. Сизифтің таспен таудың басына шыға алмағаны секілді, қазақ экономикалық та, саяси да, рухани да тәуелсіздікке жете алмай отыр. Бұл қанша ащы болса да, уақыттың шындығы.
Екіншіден, Сизифтің де, қазақ халқының да азапты тағдырының себепшісі айқын, белгілі. Сизифтің азапты тағдырының себепшісі – оған үкім шығарған Құдайлар. Ал Қазақтың тағдырына үкім шығарған – Ресей, дәлірек айтсам, әлі күнге жалғасып келе жатқан Ресей отаршылығы.
«Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» (Абайдың 37-қара сөзі). Бұ дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Уақыттың қазақты қатал сынға сала беруі тыйылар. Үмітім зор...
«Ұра берсең шайтан да өледі». Егер Құдайлардың үкімін өзгертсе, Сизифтің тағдыры да өзгереді. Ойымды осыдан өрбітсем, қазақтың тағдырына да өзгеріс әкелуге болады. Ол үшін Ресейдің отаршыл ықпалынан босану керек. Осы жерде мәселе билікке келіп тіреледі. Егер билік қаласа, Ресейдің ықпалынан босану харекетін жасауға болады. Өкінішке орай, қазіргі билік өкілдері тұрғанда бұл ойым утопия болып қалатын сияқты.
Билік – күш. Билікте күш бар. Бар күшті жеке бастың мүддесі үшін емес, қазақ халқының мүддесі үшін жұмсаса, біраз іс тындыруға болар еді.
«Жақсыдан үйрен...». Қазыбек би бірде Әнет бабадан «Дүниедегі жамандық атаулы неден болады?» деп сұраған екен. Сонда Әнет баба: «Арабша «Хакім», қазақша «Әкім» деген сөз бар. Бұл сөз үш әріптен құралады. А, к, м. Сол бір ауыз сөзді екі рет айтсақ акм-акм болып, алты әріп болады. Екі «а», екі «к», екі «м». Осы алты әріп алты ауыз сөздің бас әріптері. Міне, осы алты ауыз сөз бар жамандықтың шығатын көздері. Адам баласын ардан кетіріп, қиянат-зорлық, мансап-мақтан, талас туғызатын да, дүниені бұзып, тыншытпайтындар да осылар. Басқы екі «а»-ның бірі – алтын. Алтын, пұл байлыққа көрсе қызықпайтын, оған ар-иманын сатпайтын адам аз. Екінші «а» – «айел». Айелге қызығу, қырқысу, таласу, әйел туралы теңсіздік бәрі осыдан шығады. Екі «к»-нің бірі – кек. Кек қуған адам оңбайды. Біреу шықса кегімді аламын деп қуасың, сен қусаң ол кек қуады. Осы кек қуу дүниені тыншытпайды. Кек қуған, кек сақтаған оңбас деген осы. Екінші «к» – кежір-қисықтық. Кежірлік – адамның қасиетсіз мінезінің бірі. Кежір-қисық адам өзі білмейді, біреудің таза ақыл кеңесін алмайды. өз дегенімді істеймін деп таласады, жағаласады. Екі «м»-ның бірі – мақтан. Мақтанбайтын, мақтанға мастанбайтын адам аз. Мақтанда тазалық, әділдік болмайды. Мақтаншақ – байысам, басқадан ассам дегізіп, арсыздыққа шейін апарады. Екінші «м» – мансап. Мансапқорлық, әкім болсам, барлығына өзім қожа болсам, бар адамды бір шыбықпен айдасам деген ең айуандық пиғылға апаратын, дүниені бұзатын кеселдердің бірі. Бұлар адам баласының басын да қоспайды, адалдықты, адамгершілікті істетпейді. Сұрағанның түбі «әкім» деген сөзде болды ғой. Әлің келсе «әкімді» дұрыс ұстап, сақтанып жүргейсің» – депті.
«Адамдық борышың, халқына қызмет қыл» (Шәкәрім). «Әкімді» билік мәнінде түсінсек, әкімдікті халықтың қамы үшін, халықтың мұқтаждығы үшін жұмсай білу адамның бойындағы ең асыл қасиет деп білемін. Билік – жеке бастың қамы үшін емес, халық үшін пайдалы іс жасау тетігі болғаны лазым. Биліксіз-ақ, халыққа қызмет етуге болады, әрине. Бірақ биліксіз қазақ үшін үлкен іс жасау Сизифтің дәу қара тасты таудың басына шығару ұмтылысымен бірдей. Сондықтан қазақшыл, халықшыл азаматтарға билік керек деп санаймын. Мәселен, егер қазақшыл адам билікте болса, Ата заңдағы тілге қатысты «былықтардан» тазартар еді, мектепте бастауыш сыныптан бастап үш тілде оқытуды доғартар еді, тағы да басқа қазақ үшін көптеген пайдалы іргелі істерді атқарар еді... Халықшыл азаматтарға билік ауадай қажет-ақ.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні». Сіздерге қояр сауалдарым:
1) «Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!» – деп Абай айтпақшы, уайым-қайғымды азайтарлық орынды харекетім не болмақ?
2) Билікке жету үшін не істеуім керек?
P.S.
Кез келген адам ойланады. Ойланбайтын адам жоқ. Тіпті, біздің басқа тіршілік иелерінен ерекшелігіміз ойлана алатындығымызда және сол ойымызды шамамызша жеткізе алуымызда. «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады»(Абай). Ақын да емеспін, жазушы да емеспін, Қазақ Елі «Мәңгілік Ел» болсын деп тілеуші «аз» қазақтың бірімін. Ойымды шама-шарқымша жеткізуге тырыстым. Ағалар, көргенінен көрмегені көп, өмірден түйгенінен түймегені көп жас інілеріңізді орынсыз айтқан сөздері болса, кешіріңіздер.
Қарағанды қаласы
Abai.kz